Жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдеу жазамен ауыстыру босатудың шартсыз түрлерінің бірі болып табылады. Бұл сот ешқандай жағдайда бастапқы жаза түрін қайта қалпына келтіре алмайды деген сөз. Егер сотталған тұлға ауыстырылған неғұрлым жеңіл жазаны өтеу барысында жаңадан қылмыс істеген жағдайда, екінші айыптау үкімі бойынша тағайындалған жаза мөлшеріне осы ауыстырылған неғұрлым жеңіл жаза түрінің өтелмеген бөлігі толық немесе ішінара қосылады [3].
Қылмыстық кодекстің 74-бабы жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру тәртібін белгілейді.
Қылмыстық кодексте жазаны өтеуін кейінге қалдырудың келесі мерзімдері көрсетілген:
сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін;
жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын орындауды сот бес жылға дейін қалдыруы мүмкін (бірақ бала 14 жасқа толғаннан аспайтын мерзімге).
Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды.
Егер сотталған жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейінге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейін қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынуы бойынша жазаны өтеуді кейінге қалдырудың күшін жойып, сотталған адамды сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жібере алады. Сот осы аталған адамды сот үкіміне сәйкес тағайындалған жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жібереді.
Жазаны орындаудың кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген не жүктiлiгi үзілген жағдайларда, сот сотталған адамның мінезқұлқына қарай оны:
жазаны өтеуден босатуы;
немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруы;
не сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкін.
Ал егер сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.
Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату Қылмыстық кодекстің 75 бабында қарастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |