Желтоқсан: ақиқат пен аңыз
Қарсаңда
Тарихи тәжірибе көрсеткендей халықты уақытша алдауға болады, бірақ тарихты алдай алмайсың, уақыт сынынан өте алмайсың. Бітіспес қарама-қайшылық осында. Желтоқсан көтерілісіне жиырма жыл толып отыр. Алайда, оның төңірегіндегі әңгімелер мен қисындар таластамауда. Бірақ барлығына жер ошақ қазып, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Ақын М. Шаханов желтоқсан оқиғасына қатысты ерлікке толы азаматтық жұмыстар атқарды, қазір көркем роман жазу үстінде. Бір сөзінде О.Сүлейменов оқиғаға қатысты жазушылық сараптама талдау жүргізу керек деген еді. Шынында да желтоқсан көтерілісіне қатысты көптеген деректердің анық-қанығы белгілі болып қалды. Тек оларды жүйеге келтіріп, көтерілістің «пейзажын» дәл беру тарихшы-мамандардың парызы мен міндетін құрайды. А. Твардовский Айтқандай «өткенді жасырғаныңмен, болашақпен тіл табыса алмайсың» (1).
Қоғамдық ғылым өкілдері- тарихшылар, саясаткерлер, әлеуметтанушыларға бұл көтеріліске ғылыми тұрғыдан, демек, шындықтың бір бөлімі тұрғысынан қарау тән. Кейде тіпті деректердің өзі субъективті. Бұл кемшіліктерді тарихқа деген ақындық көзқарас толықтыратындай. Ұлы ақын қашанда байланыс және рух тұтастығы. Ұлы ақындарға, қайталап айту керек, тек ұлы ақындарға оқиғаға және шындыққа барынша жақын тұрғыдан қарау тән. Олардың фенкомені осында болса керек, өйткені шындықты айту А. Горькийдіңғ тілімен айтқанда «өнердің ішіндегі ең күрделісі» (2). Тарихқа деген ақын-жазушылық көзқарас туралы айтқаннан кейін оны ақындардың айтқаны Пушкиннен бастау керек. Пушкиннің тарихилығы өте жоғарыда әсерлі, поэтикалы әрі күрделі.
А. Пушкин белгілі бір оқиғаның бір қырын, белгісін ғана көріп, одан қорытынды жасауға асықпайды. Оның өте жиі қолданатын мағынасы жақын тіркестері: «уақыт рухы», «халық рухы», «нәрсенің күші», « орасан зор нәрсенің (заттың) күші», «жағдаяттардың тоғысуы» тұрғысынан қарап көрелік (3). Мәселен, жетпіс жыл бойы өмір сұрген кеңістік жүйені сырттай селқос сынай салу оңай, бірақ оның табиғатын, мінезін, «нәрсенің күшін» сезініп ескеру оңай шаруа емес.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Кеңес Одағында М.С. Горбачевтің инициативасымен басталған кеңестік жүйені реформациялау қарама-қайшылыққа жүрді. Өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси идеологиялық потенциаларын сарқыған кеңестік жүйеге «адами кейіп» беріп өркениеттендіруге СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюро мүшелерінің, МҚК-ның ең жоғарғы басшыларының интелектуальдық өресі мен адами қасиеті жетпей –ақ қойды. Жыртқыш жүйе – «Нәрсенің күші» өркениеттенгісі келгенмен, оның «тағылық» табиғаты оқыс мінез танытып жатты. Өз билігін нығайту үшін М. Гарбочев СОКП орталық комитеті мен күштеу құрылымдарында кадрлық өзгерістер жүргізіп, олар негізінен Брежневтік «ескі гвардияға» қарсы бағытталды. Мұнымен бір уақытта «төменнен» қозғалыстар жүріп жатты: «Жариялылық пен демократия», «жеделдету», т.б.
М. Гарбочевтің «ескі гвардия» өкілдерінің бірі Д. Қонаевқа күрт қырын қарауы өз алдына мәселе. Оқиғалар дамуының қарапайым логистикасы жасы келген Д. Қонаевты сәті келген уақытта дәстүрлі құрмет көрсетіп, марапаттап шығарып салу, сөйтіп орнына келетін адамды Республика жоғарғы активіне таныстыру еді. Алайда, «жағдаяттардың тоғысуы» басқаша қалыптасты. Бұл кеңестік тәжірибеден әбден орныққан жаңа биліктің өзіне дейінгі билікті сынау, « кінәлілерді іздеу» (тағыда «нәрсе күші») дәстүрінің инерциясымен түсіндірілсе керек.
Кейіннен 1997 жылдың 17-шілдесінде Бішкек қаласында өткен Ыстықкөл форумы кезінде М. Шахановтың М. Горбачевпен кездесуінің сәті түседі. М. Шахановтың желтоқсан оқиғасына қатысты сұрақтарына М. Горбачев : «Ия, ол Саяси-Бюро және менің қателігім... Бізді адастырды әрі шатастырды. Өзіңізге белгілі, онда қатал жүйе бар еді ғой... Иә, өкінемін» (4). деп жауап берді. М. Горбачевтің арада уақыт салып мойындауын түсіну үшін Қазақстандағы жағдаяттарды іштен бақылау керек болады.
1986 жылдың өн бойында Д. Қонаев биліктен кетуге іштей дайын еді, тіпті, мемуар жазуға дайындық жұмыстарын жүргізді. Кремльден естіліп жатқан романтикалық демагогия, жоғарғы биліктегі жалғыздық, қарттық, өзінен ұрпақтың болмауы, т.б. мәселелерде азиялық адам ретінде оның еңсесін төмендеткен болуы мүмкін. «Өзінің орнына кімді таңдау керек?» дейтін пендешілік сұрақтың да оны мазалағаны рас. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюро мүшелері мен облыстық партия комитеті бірінші хатшыларының барлығы дерлік оның өзі тәрбиелеген адамдары болды, көпшілігі оның баласындай еді. Д. Қонаев олардың әрқайсысын ой елегінен өткізіп, әкелі – балалыдай әңгіме құруы әбден мүмкін, әрі заңды. Алайда, 1986 жылдың күзінде астық жинау науқаны аяқталысымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелері арасында астыртын фракциялық күрес басталып кетті. М. Горбачевпен оның төңірегіндегілердің Д. Қонаевқа салқындық танытуы белгілі болысымен, әрбір фракция жетекшілері Мәскеумен дербес іс әрекетке көшті. Д. Қонаевты айналып өтіп өз каналдарымен Мәскеуге шыға бастады. Сондай-ақ, әрбір фракцияның зиялылар арасында, шығармашылық одақтарда, әсіресе, Жазушылар одағында, жоғары оқу орындарында, соған сәйкес студенттер арасында өз жақтастары болды. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығына Е.Н. Әуелбековтың, Л.П. Демиденконың, о.Ш. Мирошхиннің, Н.Б. Морозовтың, С.Мұқашевтың, Н.Ә. Назарбаевтың есімдерін атағаны белгілі (5).
Дегенмен оқиғаның алдындағы мемлекеттік-партиялық аппараттық ойындарға талдау жүргізу-Жоғарғы билікке жету мүмкіндігі тек З. Камалиденов, Н. Назарбаев, Е. Әуелбековте болғандығын көрсетеді. Д. Қонаев соңғы жылдары Н. Назарбаевты іш тартқанға ұқсайды. Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы Е. Әуелбеков халықтың алдында өте танымал болды, бірақ оның Орталық Комитет аппаратындағы қолдаушылары аз еді. Биліктің Нақты тұтқаларына барынша ықпал ете алатын мұмкіндік З. Камалиденовте болды.
З. Камалиденов республика комсомол ұйымына жетекшілік етті, ұзақ жылдар бойы республика мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарды, Орталық партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Соған қарамастан, оған халықтың арасында танымалдылық жетіспеді. Мәскеу арқылы болсын билікке өршілене ұмтылып, барлық өрескел тәсілдер пайдаланған нақты осы З. Камалиденов болды. Үміткер басқа кандидатуралардың үстінен қарсы материалдар түсіру мүмкіндігі де оның қолында еді. Алайда, 1986 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қараша Пленумында Д. Қонаевты қызметінен кетпей тұрып бірінші болып сынаған Е. Әуелбеков болды.
Қазақстанда болып жатқан оқиғалар « уақыт рухындағы» өзгерістерді көрсетті. «Халықтық рухта да»- қазақ халқының ұлттық сана сезімінде де өзгерістер болып жатты. Қазақ тілі мен мәдениетінің қолданыс аясының тарыла түсуі зиялы қауымның ең алдыңғы қатарлы өкілдерін мазасыздандырады. Қалаларда қоғамдық орындар мен жиналыстарда жұрт қазақша сөйлеуге арланатын жағдайға жетті. Қорланған ұлттық сана-сезім ақтарылуды, шерді тарқатуды, қанағаттандыруды талап етті.
Шекспирдің көзімен
А. Пушкин досы А. Дельвигке жазған хатында «франсуз трагиктері сияқты ырымшыл болмайық, біржақтылыққа жол бермейік, бірақ қасіретке Шекспирдің көзімен қарайықшы»-деп жазады да – Бір жақты болмайық, яғни бостандықтың ұлылығы мен тирандардың залымдығы туралы аһ ұрып таусылмайық, бостандықты сүюшілер мен оларды басып жаншушылардың (Шекспир бұйырғандай) күшті қасиеттерін бағалайық... Ырымшыл болмайық, яғни көтерілісшілердің сөзсіз мерт болғанын олардың маңдайының жазуы (жазмыш) деп қарамайық, бірақ тарихи себептерін іздестірейік, өжет жандардың мүмкіндіктері мен мінезін, іс-қимылын бағалайық» деп нақтылай түседі (6).
Алматыда билік маңайындағы болып жатқан айла-шарғылар мен құмарлықтар Мәскеудегілер үшін құпия емес еді. Әрбір топ, фракция тарапынан Мәскеуге ресми және биресми ақпараттар ағыны еселей түсті. Олардың барлығы республика басшысын айналып өтіп жетіп жатты. Д.Қонаев енді жағдайды анық бақылауда ұстай алмады. Республиканың жоғарғы билік эшалондарындағы астыртын күрестің тегеуріні Мәскеу үшін Қазақстанда айрықша жағдай қалыптасқандай әсер қалдырды. Бір уақытта Қонаевқа деген сенімсіздік күшейді. Осындай жағдайда Мәскеу республика басшылығына сырттан адам жіберуге шешім қабылдады. Сөйтіп, Қазақстандағы биліктен дәмелі барлық топтардың жоспары жүзеге аспай қалды. Дәл сол сәтте сырттан адамның келуіне Д. Қонаевтың қарсы болмауы мүмкін еді, бірақ одан ешкім ақыл сұраған жоқ.
Әрбір топ, әсіресе, З. Камалиденов тобының өкілдері ызалы еді. Сондықтан, олардың әрқайсысы өзіне қарасты адамдардың Брежнев алаңына баруына қарсы болған жоқ. Олар жағдайды «түзеуден» әлі де болса дәмелі болды. Мәскеу райынан қайтса жақсы, қайтпаса оқиғаны «ұлтшылдық» арнасына бұра салу мүмкіндіктері бар еді. Билікке ұмтылған топтар осылайша бірін-бірі таптап, қажет болған жағдайда ұлттық сезімді, жастардың максимализмін пайдаланды. Бірақ олар Мәскеудің барлық инициативаны батыл өз қолына алатынын білген жоқ. Мәскеудің де халықпен өркениетті сөйлесу мәдениеті жоқ еді.
Желтоқсан көтерілісіне қатысты ең күрделі мәселелердің бірі «арандатушылар» мәселесі. 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісіне түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның анықтамасында былай деп жазылған: «Желтоқсан оқиғасы кезінде « Метель» жоспарына сай «арандатқыш» топтар жұмыс істейді. Олар, негізінен, қазақ ұлтының өкілдерінен құралды. Қарапайым киінгеніне қарап жұмысшы не студент деп ойлауға әбден боларлық бұл «ағайындар» алаңдағы жастар ортасына келіп, «Неге мелшиіп тұрасыңдар?», «Алға» деп мұз кесектерді әскерлерге лақтыра бастайды» (7). Бұған қосарымыз құқық қорғау органдарының көмегімен жиналған тобырға арық толы көліктердің өткізіліп, ішімдіктердің үлестірілгені, сол көліктердің номерлерінің еш жерде тіркелмеуі, оған ешкімнің көзі түспегені қалай? Волга көліктерімен жастар жатақханаларын аралап, оларды республика алаңына үгіттегендер кімдер?
Бұл тек, мемлекеттік күштеу құрылымдарының ғана қолынан келетін іс. Ал «күштеу құрылымдарына нақты ықпал ете алатын кім»? деген сұраққа З. Камалиденовтің ғана есімі сұралып тұр. Басқа үміткерлерде ондай мүмкіндіктер жоқ болатын.
Республика мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В. Мирошник өз қызметкерлерінің және Мәскеуден келген әріптестерінің қолдауымен Г.В. Колбинге үш жорамал ұсынды.
Алаңдағы наразылықты Д. Қонаев және оның жақтастары – жоғарғы лауазым иелері А.Асқаров, Д. Бекежанов, В. Статенин, Ө. Жолдасбеков пен ақын О. Сүлейменов ұйымдастырды.
Қазақ КСР-і министрлер кеңесінің төрағасы Н. Назарбаев және оның жолдастары ұйымдастыруы мүмкін.
З. Камалиденов... Бірінші хатшының орындығынан дәмелі адамдардың бірі. Сол үшін де КОКП Орталық Комитетінің тапсырмаларын көз жұмып орындады. Кейбір тілектестері арқылы алаңдағы наразылықты ұйымдастыруға мұрындық болуы мүмкін екенін есептен шығармаған жөн. Үш жорамалдың алғашқысы сенімді түрде айтылса, қалған екі жорамал бірден алынып тасталды. Д. Қонаев – О.Сүлейменов жұбы ұзақ зерттелді.Жүйкесі сыр беріп көп күйгелектеген де З.Камалиденов болды.
2 Зиялылар сын үстінде
Желтоқсан көтерілісі қазақ зиялыларына үлкен сын болды.Зиялылардың шамамен 70-80 пайызы сыннан өтпей қалды. Қазақ зиялыларының көпшілігі әлі қорқыныш жетегінде жүргенін көрсетті. Жаңа басшымен болған кездесулерде олардың көпшілігі оны қолдап, республикадағы қадамына сәттілік тілеуден аспады.Д.Қонаевқа кітаптарын арнаумен сыйлап «ұлтымыздың дара басшысы», «ұлы саясаткер» «қазақ халқын биік тұғырға көтерген ұлы тұлға» деп «жүрекжарды» сөздерін бағыштаған жазушылардың аға буын өкілдері енді Г. Колбин жағына шығып оны қаралай бастады.Айрықша мінез танытып өздерін лайықты ұстаған зиялылардың алдыңғы қатарынан О. Сүлейменов, М.Шаханов, С.Шаймерденов, Ә. Нұршайықов,Д.Кішібеков көрінді.
Ел басына күн туған, жан қысылған сәтте, жиналған халықтың билік басындағылардыемес даңқты ұлдарын көргісі келгенінің символдық маңызы бар.1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері жиналған дүйім жұрттың «Олжас халықтың алдына шықсын» деген өтініштерін, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар да, КСРО МҚК төрағасының бірінші орынбасары Филип Бобков та мойындайды»(8). Жазушы С.Сматаевтың айтуынша, 17 желтоқсан күні О.Сүлейменовтің «жастарға басу айтсам қайтеді» деген өтінішіне З.Камалиденов «тек бюро мүшелері сөйлейді» деп тұрып алған.Қазақ теледидарының қызметкері Евгений Найко Олжастың оқиға жайлы ой-толғамдарын жазып алып,көрермендерге ұсынбақ болғанда, Орталық Партия комитетінен «көрсетпеңдер» деген тапсырма түседі. МҚК қызметкерлері Олжастың әрбір адымын аңдып жүрді. Билік басындағылардың өз жанын, өз мүддесін қорғаудағы жаны сірілігі таң қалдырады. Бұл орайда кеңестік шенеуніктік психологияның жеңгендігін айту керек: біздің қолымыздан келмеді, ал жиналған тобыр шынында да Олжасты тыңдап кетсе, біз жоғары жақтың бетіне қалай қараймыз?.. .»
19 желтоқсан күні О. Сүлейменов Каз МҰУ- дың студенттерімен кездесу өткізеді. Кездесуге келгендердің «Өткен оқиғаларға кім кінәлі?» деген басты сұрағына Олжас Сүлейменов «партия чиновниктері» деп жауап беріп, атақты «Қасқырдың бөлтірігі» өлеңін оқиды... Кездесуден кейін Қаз МҰУдың көптеген оқытушыларын «Кездесуде О. Сүлейменов не туралы айтты» - деп тергейді. Осы тұста Мәскеулік тергеушінің кездейсоқ «қатесі ( болашақ тарихи әділеттілікке қызмет етті». Оның «бір минөтке сыртқа шығып кеткенін жауап беріп отырған тәжірибелі профессор «ұтымды» пайдаланып, тергеушінің алдындағы парақтарды асығыс парақтайды. Көз жүгіртеді. Оның мазмұны «жастардың партияға қарсы ұлтшылдық көтетілісінің Бас ұйымдастырушысы - О. Сүлейменов» дегенге саяды. Астында белгі қазақ жазушыларының қолдары тұр (9). Қазақ билік басындағылары ғана емес, сондай-ақ, зиялылардың сұрқай топтары да Олжасты құлататын кез келді деп есептеген болу керек.
Алайда, Мәскеуліктер О. Сүлейменовке бейтарап қарым –қатынас ұстады. 1986 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың алғашқы айлары О. Сүлейменов өміріндегі ең ауыр сәррердің бірі болды. Тарихшы профессор В.М. Козьменконың айтуынша КСРО-ның көрнекті жазушылары Ш. Айтматов, А. Вознесенский, Ю. Семеновтардың М. Горбачевқа шығып, «Олжасты қозғамау» туралы өтініштері септігін тигізген болуы керек. 2006 жылдың мамыр айында О. Сүлейменовтің 70 жылдығы республика көлемінде зор тұлғасына сай аталып өтті. 15 мамыр күні Қаз МУ-дің жастар сарайында болған кездесуде желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерін бір сәт еске алған ақын, өзінің үстінен арыз жазған қөзі тірі жазушылардың атын атамай кешіріммен қарады. Бар болғаны «мен оларға қол беріп амандасуды қойдым» деумен шектелді. Г. Колбиндік Қазақстан жылдарындағы билік пен зиялылар арасындағы қарым-қатынас желісін өте мұқият қарау керек. Билік басындағылардың өздері де жапа шекті. Әртүрлі «істер»-« Асанбаевтың ісі» , « Д. Бекежановтың ісі», « А.Г. Статениннің ісі» дейтіндер жүріп жатты (10). Алайда, кең қоғамдық мазмұн алған З. Камалиденов пен О. Сүлейменовтің тартысы болды (11). Республикалық идеологиялық кеңестерде, пленум, жиналыстарда, мүшел тойларда бұл теке тірес айқын сезіліп тұрды. Биресми кездесулерден бөлек 1986 жылдың делтоқсаны мен 1987 жылдың наурызы аралығында Г. Колбин үш рет О. Сүлейменовті жеке қабылдады, арада мәмлегерлікте, өзара қошеметті сөздер де болды.
Мұнымен бір уақытта 1987 жылдың 14 наурызында өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ пленумында О. Сүлейменовке қатысты екі мәселе қаралды:
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі О. Сүлейменовтің қылмыскер Д.А. Ковинконы (Алматы ет өнімдерін шығару бірлестігінің директоры) қорғаудағы субъективтік көзқарастарының себептері туралы.
Д. Қонаевтың 70 жылдығына арналған кинофильмді шығарудың жағдайлары туралы.
Пленумда сөйлеген барлық шешендердің сөздері ертеңіне республикалық басылымдарда жарық көрді. Тек О. Сүлейменовтің пленумында сөйлеген сөзі жарияланбады. 1987 жылдың 16 наурызында бұл туралы СОКП Орталық Комитетінің органы бас газет болып саналатын «Правда» газеті жазды (12). Осы жылдың 26-наурызында республикалық «Казахстанская правда» газетіндегі «қоғамдық пікір» рубрикасымен оқырмандардың «наразылыққа толы» хаттарының топтамасы «О. Сүлейменов қашанға дейін Орталық Комитетті шыр айналдыра бермек?» сарынында берілді. Топтамада «пленумдағы О. Сүлейменовтің сөзі бұрынғы ескі әуендік сипатта болып, форумда салтанат құрған жалпы ашық атмосфераға керағар келді. Пленумға қатысқандардың көпшілігі оның көзқарастарын қолдаған жоқ. О. Сүлейменовтің сөздерінде идеялық-теориялық сипаттағы қате пікірлер болды. Оның өзі Орталық Комитетіне келіп, көңіл күйінің аурушаң жағдайда болғанын айтып сөздерін жарияламау туралы өтініш білдірді. Орталық Комитет оның өтінішін қанағаттандырды. Келесі Пленумда, мүмкін ол Орталық Комитет мүшелеріне өзінің бұл қылығын түсіндіретін болар» деген бопсаға, қайшылыққа солы түсінік берілді (13).
Айта кету қажет , бұл Пленумда О. Сүлейменов Д. Қонаевты қорғап керісінше Г. Колбинді «Қазақстанға білмей келген идеалист» - деген еді. Жағдай ушыға түсті. Осындай жағдайда СОКП Орталық Комитет Саяси Бюросының мүшесі, билік парасат иесі А.Н. Яковлев О. Сүлейменовке түсіністікпен қарады. О. Сүлейменов бұл күндері өзін өте сабырлы ұстап, оның есесіне М. Шаханов, С. Шәймерденов. Ә Нұршайықов, ғалымдар С. Зиманов, Д. Кішібеков, М. Жангелдиндер белсенділік көрсетіп, биліктің екпінін басып отырды. Г. Колбин республикадан кетпей тұрып М. Шаханов желтоқсан көтерілісіне әділ баға беру жөніндегі іс шараларды өрбітті (14). Д. Қонаев айтқандай: (Олжас пен Мұхтар ылғи бір-бірлерін қолдап, қуаттап ... Ізгілік пен зұлымдықтың ешқашан да бітім таппас күрестерінде дайым бірге жүреді. Мұндай дара қатынастар ұлтымыз үшін қажет болды. (15).
Желтоқсан көтерілісінің басты сабақтарының бірі- қазақ зиялыларының халық арасындағы шын танымалдылығына сын болды. Көптеген қазақ зиялыларының «абыройы мен беделі» сағым болып шықты. Ол ол ма, зиялылар бірін бірі көрсетіп опасыздыққа дейін төмендеді. 37-жылдан қалған әдетке, әлі де болса қазақ қоғамында иммунитеттің қалыптаспағанын көрсетті. Прокуратура, МҚК, ІІМ және басқа да атқарушы билік иелерінде орындаушылық мәденниеттің жоқтығы байқалды. Қазіргі таңда желтоқсан шындығын толық көрсету жиі-жиі айтылып жүр. Алайда, көтерілістің құпиялары толық ашылады деп айту қиын, өйткені алаңға жиналғандарды жазалағандар кейін де сол орындарда жұмыс істеді, сөйтіп қажетті құжаттардың жойылғаны сөзсіз....
Республика басшысы ретінде Г.В. Колбиннің қатесі желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ зиялыларына қарсы «жоспарлаған» іс шараларға ерік беріп, парасат пен рақымшылық биігінен көріне алмай «кінәлілерді іздеу» психологиясының тұтқынында қалу еді. Әділдік үшін айту керек , келе сала фракциялық күрестің улы ортасына түскен Г. Колбиннің жағдайды дұрыс бағамдай алмауы да мүмкін. Оған қазақ зиялыларынан болсын, биліктегі әріптестерінен болсын бір-біріне кер ағар, кейде бірін –бірі өзара жоққа шығаратын мәліметтер жетіп жатты. Оның үстіне ол да М. Горбачев сияқты жүйенің адамды бар болғаны Қазақстандағы «кіші дерожерлердің» бірі еді.
Резюме
В статье рассматривается общественно-политическая обстановка в Казахстане накануне декабрьских восстаний в Алмате 1986 года. Анализируется линия поведения казахской интеллигенции в дни испытания, отмечается что многие представители национальной интеллигенции в дни испытания, отмечается что многие представители национальной интелегенции оказались не подготовленным к событиям такого характера.
Әдебиеттер
1.В.Астафьев. Зрячных посах. М.,1991г.с375.
2.Бұл да сонда. 390-бет.
3.Н.Эйдельман. Пушкин:История и современность в художественном сознании поэта. М.,1984г.с.361.
4.М.Шаханов «Өркениеттің адасуы» А., 1999ж. «Желтоқсан алаңы немесе төрт ананы қорғау жолындағы көтеріліс» атты бөлімнен.
5.М.Шаханов. Желтоқсан эпопеясы. //Жалын.№7,2004 ж.165-бет.
6.Н.Эйделмен.Пушкин: История и современность в художественном сознании поэта. М.,1984г.с93.
7.М.Шаханов. Желтоқсан эпопеясы... 74-бет.
8.Ф.Бобков. КТБ и власть. М.,1995г.
9.М.Шаханов. Желтоқсан эпопеясы. 99-бет.
10.Казахстанская правда 5февраля,1987г. За что исключен из партии Д.Бекежанов, Казахстанская правда. 22февраля, 1987г., Т.Квятковская. «Отравления» вседозволенностью, как произашло перерождения комуниста А.Аскарова. Казахстанская правда. 5марта., 1987г.
11.Б.Тілегенов. Тұйық өмірдің құпиясы. А.,1992ж. 299-бет.
12.Г.Дильдяев, Т.Есильбаев. Правде в глаза. «Правда» газеті. 16марта,. 1987г.
13.Рубрика «общественное мнения». «Казахстанская правда».26марта.,1987г.
14.Қалдыбек Құрманәлі. Жаңғырық заңы. Жас алаш.5Қыркұйек., 2006ж.
15.Д.Қонаев. Ақиқаттан аттауға болмайды. Кез-келген басылымы.
Достарыңызбен бөлісу: |