Ертеде бір бай адам болыпты, бай екі әйел алады. Ол кезде ел әйелін көпке көрсетпейді екен. Бәйбішеден бала болмай, тоқалдан туған бір баланы бәйбіше бауырына салып тәрбиелейді. Сол уақыттың салты бойынша бала туған шешесін танымай, бәйбішені «анам» деп өседі.
Бір кезде елге жау тиіп, мал-мүлкін шауып алып, ұлын құл етіп, қызын күң етіп басқа елге көшіріп алып кетеді. Барған жерде балалы әйелге жеңілдік болады. Екі әйел айырылысып балаға таласады. Осы дау қазының алдына түседі. Қазы даугерлерден сұраса, екеуі де «өзім таптым» деп жамандасады. Қазы төрелік — билік айтайын десе, анығына жете алмайды. Содан кейін бір білгіш қазыға:
— Оған несіне бөгеліп ойланып отырсыз, екі әйел баланы бір-біріне қимаса, онда баланы қақ жарып екеуіне бөліп беріңіз, екеуі де разы болсын,— дептіҚазы «бу да дұрыс екен» депті де «ертең келіңіздер, билік қурам, үкім етем» депті.
Ертеңіне келіп, жұрт жиналған соң, қазы үкімін айтыпты. «Үкім баланы қақ жарып екеуіңе бөліп беру, осыған разысыңдар ма?» — депті. Сонда бәйбіше:
— Бала өзімнің тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен балам еді, түн ұйқымды төрт бөліп тәрбиелеп, асырап едім. Өтірікші жалақор қатынға кеткенше, көз алдымда өлсін, өзіме тиісті денесін қолыма беріңіз. Қолымнан арулап қояйын, артынан дұғасын оқытып, батасын қылдырып отырайын, менің тілегім осы,— депті.
Екінші әйел, о да алдымен ананың айтқанын айтып зарлап жылап жіберіпті де:
— Шіркін, құлынымды өлімге қимаймын. Алты қырдың ар жағында жүрсе де аман жүрсін, өлтірмей оны өтірікші әйелге беріңіз, мен баламның тірлігін тілеймін. Бірақ осы үкіміңізді ұмытпастай қылып балама ескертіңіз! — депті. Қазы билік шығарлар алдында, осы бала кімдікі» деп кеңескенде, биліктің құрамында отырған адамдар:
— Бала тоқал — мына соңғы әйелдікі, ана әйел баланы жақсы көргендігінен басқаға ңимай отыр. Не болса да, шын анасы баласын өлімге қимайды. Бала соңғы әйелдікі депті. Қазы солай үкім шығарыпты.
ТӨРТ ТЕНТЕК
Меңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін кеш алдында келе жатып еру ауылдың жанында асық ойнап жатқан бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітеді. Оған бай ашуланып әлгі баланы қуалайды. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкіп жүргенде байдың басынан бөркі ұшып түседі, Байтал одан бетер тулап байды жығып кетеді, бай қаза табады. Сонан кейін байдың тумалары және елінің игі жақсылары жиналып келіп балалардың елінен құн сұрайды. Екі ел келісе алмай кеңес бірнеше күнге созылады. Меңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке келіп Меңке бала былай депті: «Я, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер мен тез бітірер едім»,— депті. Көпшілік баланың ықыласына риза болып бір ауыздан: «Билікті бердік», ал айта ғой,— десіпті. Сонда Меңке бала былай депті: «Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек төртеу. Меніңше сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын»,— депті. Бұл билікке екі жағы Да түсіне алмай. «Тентек кімдер?»—депті. Сонда Мнңке бала: «Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек. Мінеки, осы төртеу құнды бөліп төлейтін болсын»,— депті. Осы билікке екі жағы да разы болып, балалардың ауылы құнның төрт бөлегінің бірі — жиырма бес жылқы төлеп құтылыпты. Меңке баланың би болуына осы билік басты себеп болыпты.