Баяғы бір заманда жоғарғы ел мен төменгі елді құрғақшылық болып, ұлы жүз жылысып төменге, кіші жүз жылысып жоғарыға көшіп, үш жүздің баласы орта жүздің жерін жайлаған екен. Келер жылы жұт біткен соң, ұлы жүз көшіп өз жеріне, кіші жүз көшіп өз жеріне кетеді. Бірақ кіші жүздің бір жігіті ұлы жүздің бір келіншегін жолсыз алып қалады. Ұлы жүз кешіп қонысына барған соң, үйсін Төле би елден:
— Мал-бастарың аман ба? — деп сұрайды. Сонда ұлы жүздің игі жақсылары:
— Қәрия, мал-бас аман, ел түгел қонысына келді. Жалғыз-ақ ұлы жүздің бір әйелін кіші жүз тартып алып қалды,— дейді.
Сол үшін кіші жүзден 200 жылқы барымта алады. Кіші жүз де қарап қалмайды. Күзге қарай үш жүз жігіт аттандырып, ұлы жүзден 500 жылқы қудырып алады. Сөйтіп, бір әйелдің дауынан ел бірліктен ажырап, екі ел зор бүліншілікке ұшырайды. Осы жанжал келер жылы үш жүздің бас қосқан үлкен сарабына түседі. Дауды орта жүз Қаздауысты Қазбек, ұлы жүз үйсін Төле, кіші жүз Мәлсе би басқарыпты. Сонда Төле тұрып:
— Мен ағаның баласымын, билікті мен айтамын,— дейді. Кіші жүз Мәлсе тұрып:
— Жоқ, мен атаның қара шаңырағында қалғанмын, жасым кіші болғанмен жолым үлкен. Билік жөні менікі,— дейді. Қаздауысты Қазбек отырып күледі.
— Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деп еді, Қазбек, неге күлдіңіз? — дейді, Төле мен Мәлсе.
— Сендер атадан туысыңды білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер,— дейді Қазбек.— Аталарың «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?» — деді Қазыбек.
Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазбекке береді. Сонда Қаздауысты Қазбек:
— Уа, Үйсін Төле! Сен атадан үлкен туғансын, ініңнің бір еркелігін көтермей, жылқысын неге қуасын? Уа, жарқыным, Мәлсе! Сен атаңның қара шаңырағында қалған еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгенді неге ертесің? Сен, Мәлсе, жесірді қайтар, сен Төле, жылқыны қайтар,— деп төрелік айтады. Екі жағы да осыған тоқтап, екі ел жылап табысқан екен дейді.