Бір жылдарда қыс қатты, жер мұз болып, мал жұтайтын болған соң орта жүз елі ішінде Зәңгір төренің баласы Омар төре бар жылқыларын «Обаған-тімжүр» деген жерге айдайды.
Қанжығадан Дауытқұл — Сейітқұл деген жігіттер Асаубайды ертіп олар да сол жерге жүреді. Жолда Обаған өзенінен Қожық деген әр өткен жылқыдан бір бие, бір ат алып, өткелден өткізеді екен. «Барып біліңіз» деп Омар төре Асаубайды жұмсайды. Сонда Асаубай айтады:
— Е, елде жүргенде екі көзің ежірейіп, екі құлағың қамыстай боп, екі езуің талыстай боп, сөзің ұртыңа сыймай, енің бұтыңа сыймай, маған жол бермеуші едің ғой, өзің бар,— депті. Омар төре: «Сіз барып жолығыңыз»,— деп сұраған соң ақыры барыпты. Асаубай барса, Обаған өзенінің басында, жардың астында, екі үйде көп адам жиналып отыр екен. Бәрі де мал айдағандар, одан-бұдан мал алып қалмақшы екен. Омардың да он жылқысын айдатып алып алыпты. Сонда Асаубай тұрып:
Ассалаумағалейкүм Алдияр төре
Зәңгірханның баласы Омар тұр,
Жер дүниені қара жердей обар тұр.
Жалбарынбақ бізден емес пе,
Жарылқамақ сізден емес пе?
Тілемек бізден емес пе,
Тілек бермек сізден емес пе?
Өрттің орнында бір топ көде қалатын
Сіз жұртқа келген сілем емес пе...
Уа, неғып жатырсың Қожақ,
Жатқаныңнан тұрмайсың аяғың созып,
Үнемі атың бәйгеден келе бермес озып,
Тоқтауына кездессең бір-ақ кунде кетерсің тозып.
Атам батыр Тұрсынбай,
Ешкімге кеткен бойсынбай.
Уа, менің атым Асаубай,
Жақсы-жақсы сөзім бар,
Жиып алса, жүк қып жиған жасаудай.
Өткір-өткір сөзім бар,
Көп тасқа салған қашаудай.
Он жылқымды алдырып,
Қорықпайсың ба құдайдан? — депті.
Сонда Қожық Омардың он жылқысына бір жылқы қосып он бір жылқы ғып малын қайырған екен.
Найманнан шыққан Сары Шуаш деген кісі шешен болыпты. Бірақ өңі қораш, қортықтау кісі екен. Сол бір уақыт керей ер Жәнібектің ауылына құн даулап келіпті. Оны Жәнібек қомсынып, былай депті:
— Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,
Жылқыға суат болмас ылайсын,
Астыңа ала шолақ ат берсе,
Алтай мініп арытпассын,
Қолыңа қырық кез оқ берсе,
Дұшпанға бірін атып дарытпассың.
Сен би болып та жарытпассын.
Менің дауысым Қазыбекке тартқан.
Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан.
Сен мына түріңмен не үміт қылып келдің?
Сонда Сары Шуаш би:
— Сен де құдайдың құлы екенсің,
Керейден мойның асып тұр екенсің.
Дауысың Қазыбекке тартса,
Сүйегің Шақшақ Жәнібекке тартса,
Өзіміздің арғын ағаның ұлы екенсін! — депті.
Жәнібек «жарайсын» деп арқаға қағыпты. Сөзден жығып Сары шуаш би бітім алып қайтыпты. Ер Жәнібектің «дауысым Қазыбекке тартқан» дегені — нағашысы қаракесек болса керек. «Сүйегім шақшақ Жәнібекке тартқан» дегені, ол өзін Жәнібектен тудым деп санайды екен.