ҚҰЛДЫҚ ШЕШЕН
Өткен заманда Көкпек Уатай деген би болыпты, өзі тентек кісі екен. Уатайдың қарауындағы елдің мекені Жалаңаш, Сарыкөл, Қойбаған және Құти деген жерлер болады. Елдің көпшілігі ол кезде көшіп жүретін болса керек. Әсіресе Төртқарада Бақшақ деген ел тегіс көшпелі екен, жаз қырды жайлап, қыс Қызыл Құмға көшеді екен. Ішке көшкенде жаңағы Қойбаған, Құти, Жалаңаш, Сарыкөл жүретін жолы екен, қонайын десе Уатай жер-суды қориды, шөбіне түссе, малын ұстайды, сұрай барса адамдарын ұрып-соғады, зәбірлейді екен. Қонбай кетейін десе жер тым кереғар, малы шөлдейді, адамдары шаршайды. Көп уақыт сүйтіп бақшақтар қиыншылықтарға ұшырайды. Сол кезде Бақшақта Құлдық деген шешен болыпты. Бір жылы күзді күні көшті
Құлдық шешен өзі бастап Сарыкөлдің басына әдейі келіп қоныпты. Қонған елді көріп Уатай атына міне шауыпты. Жанына бес-алты жігітті ертіп алып, жылқысын қуып, адамын ұрып келейік»,— деп аттаныпты. Бұлардың келе жатқанын көріп, Құлдық шешен алдарынан шығып Уатайға сәлем беріпті. Уатай сәлемін ернінің ұшымен алып: «Бұл жерге саған кім қон деді?» — депті. Құлдық: «Ақылым қон деді»,— депті. Уатай: «Ақыл қалай қон деді?» — депті, «Ақылым ақпан соқса өлмейсін, тоқпан соқса өлмейсін, Уатай бір соққанда қата қаласын ба? Сен бір қонғанда Сарыкөлдің суы орталанар деймісің, Көсіктінің оты орталанар деймісін, қон-қон деді» — депті Құлдық. Сонда Уатай мақтанып кетіп: «Ой, тілі кесілгір, қона ғой! Сенің азғана малыңа су да тартылмас, шалғын да жапырылмас, бес-алты күн ерулеп көшерсін»,— депті де кейін қайтып кетіпті.
САРЫ ТАБАҚТАН САРҚЫТ ҚАЙТАР
Шу өзенінің жайылымына Арғын мен Үйсін рулары таласып, дауға Арғын жағынан Тобықты Құнанбай, Үйсін жағынан ысты Бақтыбайдың баласы он төрт жасар Сары Әжібек шығады. Баланы көргенде, сөйлесуге менсінбей Құнанбай: «Ата тұрып бала сөйлегеннен без, байы тұрып қатыны сөйлегеннен без»,— деуші еді. Қарсы отырған мына бір бейәдеп балаң кім?»—дейді.
Сонда Сары Әжібек шешен былай депті:
Мен Ұлы жүздің белгілі сарысымын, Бақтыбайдың маңдайындағы дәрісімін. Маңдайымның бағы бар, Таңдайымның дағы бар.
— Ал, сіз өзіңіздің кім екеніңізді білесіз бе? Не Арғын емес, не Найман емес, ат төбеліндей Тобықтылығың тағы бар, оң көзіңнің ағы бар сен дуанбасы болып билік айтқанда менің Үйсіннің сөзін айтпайтын не кемдігім бар?
Құнанбай сөзден тосылып: «Қой асығы қолыңа жақса сақа тұт, бала да болса ақылы асса аға тұт»,— деуші еді, бала сөзіңе қандым, енді ағалық билігіңді айт!» — деген екен.
— Сары табақтан сарқыт қайтар. Билігін маған берсең, бәрін бауырыма тартпайын. Шу өзенінің сол жағын Үйсін, оң жағасын Арғын жайласын,— деп төрелік айтыпты Әжібек.
Достарыңызбен бөлісу: |