|
ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
|
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ фАКУЛЬТЕТІ
Жалпы геология
Пәнінен практикалық жұмыстарды орындауға арналған әдістемелік
нұсқау
Құрастырғандар: Нәлібаев К.К. Турданова М.С. Тур
Шымкент 2019
Практикалық жұмыс №1 Жер қыртысының құрамы.
1.Литосфералық плиталар.
2.Литосфералық платформалар.
Сабақтың мақсаты:Оқушыларға литосфералық тақталар жайлы ұғым беру.
Дамытушылық: Литосфераның ылғи даму үрдісінде болғандығы жайлы дүние танымдық көзқарастарын қалыптастыра отырып, картамен жұмыс дағдыларын,ойлау қабілеттерін арттыру.
Әдіс тәсілдері: Сұрақ-жауап,түсіндіру,топпен жұмыс,өз бетімен жұмыс
Көрнекілігі: Глобус,оқулық,карта
Жаңа технология:Сыни тұрғысынан ойлау.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың типі : Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың барысы :
Литосфералық плиталар теориясы бойынша, жер қыртысы және мантияның жоғарғы бөлігі жекелеген плиталардан тұрады. Қазіргі кезде 7 іріплатформа мен ондаған кіші плиталар анықталған. Олар құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты материктік және мұхиттық плиталарға ажыратылады. Ірі литосфералық плиталардың көпшілігі материк пен оларға жалғасып жатқан мұхит табандарын қоса қамтиды. Аса ірі плиталар қатарына Еуразиялық, Солтүстік Америкалық, Оңтүстік Америкалық, Африкалық, Үнді-Аустралиялық, Антарктикалық, Тынық мұхиттық, Наска, Кокос, Кариб, Филиппин плиталар жатады. Ал Тынық мұхиттық плита мұхиттық плита болып табылады. Мұхиттық плиталарда гранит қабаты болмайтындықтан олар салыстырмалы түрде жұқа және қозғалмалы болып келеді.
Әрбір материктің негізін жер қыртысының тегістелген, салыстырмалы түрде тұрақты бөліктерін-платформалар құрайды.
Материктік жер қыртысы платформалар мен геосинклинальдарға жіктеледі. Платформалар аумағында жер бедері кебшесе жазық болып келеді. Бұл — ұзақ уақыт бойы сырткы күштер әсерінен жер бедерінің тегістелуінің нәтижесі. Жазық-платформалық аймақтар құрлық ауданының шамамен 53%-ын алып жатыр. Дүниежүзіндегі аса ірі Шығыс Еуропа, Батыс Сібір, Ұлы Қытай, Ұлы жазық пен Орталық жазық, Амазонка, Ла-Плата және т.б. жазықтар платформалық құрылымдарда орналасқан
Бұдан 2.7-1.7 млрд жыл бұрын жер қабығының гранитті-гнейсті қабаты және ертедегі платформалар пайда болған. Қазіргі кезде олар он түрлі блок түрінде– Европалық (Орыс), Шығыс Сібір, Қытай-Кореялық, Таримдік, Үндістандық, Африко-Аравиялық, Солтүстік-Америкалық, Оңтүстік-Америкалық, Австралиялық және Шығыс-Антарктикалық болып сақталған.
Тапсырмалар:
Суретті пайдалан отырып, литосфералық плиталардың шекарасын анықтау
Картаға қарап, литосфералық плиталардың шекарасында қайсы аралдар мен архипелагтар жатқанын анықтау
Литосфералық плиталар мен платформаларды кескін картаға түсіру
Әдебиеттер:
Тұяқбаев Н, Арыстанбеков К, Әбішов Б. Жалпы геология курсы. – А: 2009.
Сейітов Н. Геология негіздері. – А: 2010.
Сейітов Н, Жүнісов А.А. Қазақстан геологиясы. – А: 2008.
Иванова М.Ф. Общая геология. - М: Высш. школа, 1994.
Практикалық жұмыс №2 Жер қыртысының құрамы.
Литосфералық плиталар мен платформалардың, геосинклинальды облыстардың шекаралары.
Жер қатты деген түсінік адамдардың санасында берік орын тепкен, сол себепті болар материктердің алып мұздар секілді ағып жүретінін және үнемі қозғалыста болатындығы түйсіну қарапайым сана үшін әлі де өте күрделі.
Дүние жүзінің географиялық картасына қарайтын болсақ, континеттердің жағалаулары үлкен су кеңістіктерімен қоршалғандығын және континенттерді бір біріне жақындатқанда жағалаулары дәлме – дәл келетінін байқауға болады. Шынымен де, жердің тарихының өте ертедегі кезеңдерінде бұл континенттер біртұтас болған деп айту да негізсіз емес. Кейінірек олар бөлініп, әлі күнге дейін Атлант мұхитын кеңейтіп жан-жаққа қарай жылжу үстінде.
Әрбір материктің негізін жер қыртысының тегістелген, салыстырмалы түрде тұрақты бөліктерін-платформалар құрайды.
Сурет 1 – Антеклиза. а – антиклиналь; б – синклиналь;
Жер қыртысының қозғалмалы белдеулері геосинклиналдар деп аталады.
Қазіргі ірі геосинклиналдық белдеулерге Альпі-Гималай, Батыс және Шығыс Тынық мұхиттық белдеулер жатады.
Жер шарында 800-ден астам сөнбеген жанартау бар, олардың басым көпшілігі мұхит табанында шоғырланған.
Тапсырмалар:
Литосфералық тақталар деген не ?
2. Литосфералық тақталардың атын атаңдар .
3. Литосфералық тақталардың соқтығысы қандай аймақтарға сәйкес келеді ?
4. Материктік және мұхиттық тақталардаң соқтығысыуы калай өтеді ?
5. Анд таулары қандай тақталардың қақтығысыунан пайда болады ?
Үйге тапсырма: Жер қыртысының құрылымын оқу, мазмұндау.
Кескін картаға жер бедерін салу.
Әдебиеттер:
Бекботаев А.Т. Метаморфтық тау жыныстарының петрографиясы. – А: 2006.
Абланов Б.Ф. Кристаллография және минералогия. – А: 2010..
Тұяқбаев Н, Арыстанбеков К, Әбішов Б. Жалпы геология курсы. – А: 2009.
Сейітов Н. Геология негіздері. – А: 2010.
Сейітов Н., Жүнісов А.А. Қазақстан геологиясы. – А: 2003.
Иванова М.Ф. Общая геология. - М: Высш. школа, 1994.
Практикалық жұмыс №3-4 Тау жыныстары және олардың жіктелуі
Шөгінді тау жыныстары
Магмалық тау жыныстары
Метаморфтық тау жыныстары
Шөгінді тау жыныстары — құрлықта немесе су бассейндерінде шөгетін материалдан пайда болатын тау жыныстары. Материалдың бөлшегі, салмағы, үлкендігі оның сортталу дәрежесімен сипатталады және қабатты болады, жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары кездеседі. Шығу жағынан химиялық (гипс, тас тұзы, оолитті ізбестас және басқалары), органогендік (қараңыз), жануарлар мен өсімдіктердің өмір сүруінің салдарынан пайда болады (маржандық және қабыршақтық ізбестас, шымтезек, тас көмір) және кесек шөгінді тау жыныстарына бөлінеді.
Шөгінді тау жыныстары жер бетінің 75%-н жауып жатыр. Шөгінді тау жыныстарының түзілу процесі литогенез деп аталып, үш сатыдан өтеді:
қатты (түпкі) тау жыныстарының мүжілуі, бұзылуынан бастапқы материал пайда болады;
осы материал су ағыны, жел, мұздыққа байланысты құбылыстар әсерінен көшеді де құрлық немесе су түбіне тұнады;
әр түрлі бөлшектерден құралған, суға қаныққан борпылдақ тұнба түзіледі.
Әлі тепе-теңдік күйге келмеген, бірақ уақыт өте келе біртіндеп Шөгінді тау жыныстарына айналатын осы тұнба күрделі физика-химиялық жүйе болып саналады. Осы жүйенің тау жыныстарына айналу процесі гипергенез, седиментогенез, диагенез, катагенез, т.б. даму сатыларында жүзеге асады. Шөгінді тау жыныстары бұрын болған эндогендік тау жыныстарының үгілу өнімдерінен пайда болғандықтан олардың химиялық құрамы бір-біріне ұқсас. Айырмашылығы Шөгінді тау жыныстарында темір мен кальций тотығы және су мен көміртектің көбірек болуында. Шөгінді тау жыныстары құраушыларына байланысты аутигендік және аллотигендік деп бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |