Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!



бет3/3
Дата11.01.2017
өлшемі0,56 Mb.
#7131
1   2   3

ІІ.
Бұрын түге жүрмеген,

Түстік жерге бармаған,

Жөнелді, бейбақ, жыласып.

Кетіп барады қарасып,

Бет алдына жарысып,

Қоскүреңмен алысып.

Күні-түні барады,

Жылауменен күнелтіп.

Жол білмеген әйелді,

Алданып өзі түзетіп.

Әр төбенің басына,

Сұлу шығып қарайды,

Көрінер заман болмайды.

Бір күндері болғанда,

Ай мен күнге таласқан,

Қара төбе көрінді.


Со төбені көргенде,

Сұлудың көңілі бөлінді:


«Мүскін болған енем-ай!

Қара төбе қасында,

Байтерек тұр басында.

Ала-құла сауысқан,

Қан көргендей болады.

Балаңның қалған жерлері,

Сонау бір жер болады.

Мен тұсынан озамын,

Неме қарап тұрамын?»

Енесі сұлу оздырды,

Күреңще аттың мойнын.

Жездей қылып создырды,

Оңды-солды қамшылап,

Бұлттай ұшты жамшылап,

Кекілден тер тамшылап.

Сұлу озып кеткен соң,

Аттан түсе қалады,

Түсе сала жылады.

Бұрылып көрер күні жоқ,

Сөйлесе-тұғын тілі жоқ.

Тостағандай тола көз,

Төңкере келіп салады.

Басын құса қалады,

Көтеріп келіп алады,

Суға арқалап барады,

Қанын жуып алады.

Аюдың келіп ақ дәрі,

Аударып сұлу жағады,

Тірілтіп тез алады.

Су басында екеуі,

Ойнап ойын қанады.

Келе жатыр кемпір сұм,

Баурына қамшы таянып.

Өлді деген баласы,

Еңсеп келген анасы,

Алдынан шықты алшаңдап,

Өлген жерден тіріліп,

Елге тиген панасы.

Құшақтасып көрісті,

Бетінен сүйіп өбісті.

Қайтасынан жасады,

Алдасы көзін ашады.

Аттың ерін алысты,

Үшеуі ұйықтай қалысты.

Ұйқыда, бейбақ, білмеді,

Үстіне қалмақ орнады.


Жолдасы елге барды деп,

Жаралы Сайын қалды деп,

Қалмақ есітіп біледі.

Еламан мен Жоламан,

Сансыз қалмақ қол алып,

Сайынды іздеп жүреді,

Жатқан жерін көреді.

Үстіне келіп орнады,

Бірде-бірі тұрмады.

Бір мезгілде Ер Сайын,

Көтеріп алса, басына

Жеткен екен Жоламан,

Шаншар жердің тұсына.

Сайын тұра сасады,

«Е, құдайым, құдайым!

Өлемін деп қылмайым,

Бұйрық жетпей, уайым!

Тарқамаған бола ма?

Жалбарынған күн-айым.

Бабай өмір Бабам-ай!

Жаңылдым ба, тобам-ай!

Ақыр жаудан бола ма-ай?

Туғаннан менің қазам-ай!

Алпыстағы анам-ай!

О да жауға бара ма-ай!

Құдай қосқан қосым-ай!

Оны бір дұшпан ала ма-ай?

Ноғайлының кең жеріне,

Сайын есен бара ма-ай?

Жар бола көр Аллам-ай!»

Ер-тоқымын арқалап,

Атқа келді Алла-лап;

Ер-тоқымын салғанда,

Айылын тартып алғанда,

Ауыздығын ат шайнады,

Адамдай боп сайлады:

«Батыр Сайын, саспашы!

Көп екен деп қашпашы!

Құдай берген қуатың,

Осы жолы басташы!

Қатарланған қамалды,

Қақ жармасаң, саған серт!

Оқ жеткізсем, маған серт!

Жалаңдайын жебірлеп,

Қыздар дайын сабырлап!»

Ақ сауыт сонда сөйлейді:

«Батыр Сайын, қорықпашы!

Бөтен сөзді айтпашы!

Қатарланған қамалды,

Бұза алмасаң, саған серт!

Тоқсан қабат оқ жетсе,

Оқ өткізсем, маған серт!»


Атыменен сөйлесіп,

Ақ сауытпен кеңесіп,

Кемпір менен сұлуға,

Артымнан қалмай жүр десіп,

Қамалып тұрған қалмақты,

Қабан-дайын қақ жарып,

Сайын шықты құтылып.

Еламан мен Жоламан,

Кемпір менен сұлуды,

Ұстай алды ұмтылып.


Қалмақ тұрып кеңесті:

«Қаптай қусақ, Қарала,

Қарасын жылқы көрмес-ті,

Сайынды қолға бермес-ті.

Алғанымен анасын,

Қоланың шашын қидық деп,

Ат үстіне салыңыз!

Тама қалмақ алыңыз!

Төбе шашы жұлынса,

Даусы шығар шырқырап,

Анасына шыдамай,

Сайын шабар бұрқырап,

Қашпаңыз сонда тырқырап!»
Ат үстіне салғанда,

Сол анасы жылады,

Ұлынан өтіл сұрады:

«Маған бола келмеші!

Мен жанымды не етейін!

Сенің үшін, шырағым,

Құрбан болып кетейін!»
Алғаны сонда жылады:

«Ер Сайын атты ерім-ай!

Алла қосқан теңім-ай!

Сенен әрі айшылық,

Менің шыққан жерім-ай!

Мен кетсем де аласың,

Тірі болсаң кегіңді!

Байқа, жалғыз әліңді,

Мерт боп қапы қаларсың!

Шыбықтай бойы ұзын деп,

Алмадай беті қызыл деп,

Жауға ойран салам деп,

Бізді тартып алам деп,

Ұрысқанда Ер Сайын,

Ұлыңды екі қасыңа ал!»

Шаппасына болмады,

Бір еркіне қоймады,

Алпыс екі періште

Үстіне кеп орнады.

Қараланы бұрмалап,

Ұмтылды қолға туралап.

Арықтың тасқаны,

Жаудың сасқаны,

Кемпір менен сұлуды,

Қалай тастай қашқаны?

Қуа барып Ер Сайын,

Қалмақпенен соғысты.

Он үш күнде тауысты,

Үстіне келген қалмақтың,

Жан адамын қоймады.

Атын, тонын алды да

Елге таман айдады.



ІІІ.
Батыр Сайын келгенше,

Ел хабарын білгенше,

Бөкембай мен Киікбай,

Қобыландыға барыпты,

Аттанып елге келіпті.

Жасанғанда қайтпаған,

Со сықылды Қобыланды,

Екеуінен көріпті.

«Е, Қобыланды сен болсаң,

Топтың бетін көрмеген,

Көрген кісі әлемде

Маңдайы құлаш ер деген,

Қас ермен тең деген,

Қалған жерден алып кел!

Өлтірген жауын тауып бер!

Үйде жатқан әкемді,

Жау жеріне тастадың;

Бармасаң да барарсың,

Бармай нағып қаларсың?»
Қобыланды сонда айтады:

«Алдыңа түсіп барайын,

Іздемей неге қалайын!

Қалмаққа бүлік салайын!»

Мың кісіні алады,

Аттанып кетіп барады,

Айшылық жатқан қалмаққа

Барып бір соғыс салады.


Қалмаққа барса, ор екен,

Оры терең зор екен.

Киікбай сонда айтады:

«Әй, Қобыланды, Қобыланды!

Бүйтіп бұған тұрмалық!

Қорыққан кісі сықылды,

Тұрып кеңес құрмалық!

Ордан әрмен өтелік!

Қалмаққа тегіс тиелік!»
Бөкембай мен Қобыланды,

Киікбаймен үшеуі,

Ордан әрмен өтеді,

Қалмаққа кіріп кетеді.

Бөкембай мен Қобыланды

Екі батыр қашады,

Ордан бері асады.

Қобыландының мінген ат,

Ордан өтті кідірмей,

Бөкембайдың Көкала ат,

Артқы аяғы ілінді.

Ер-тоқымын құшақтап,

Орға түсіп жүгірді.

Киікбай шапты қалмаққа,

Көкала атты борбайлап,

«Бауырым, деп ойбайлап!

Қармақ құрған қамалдың,

Бұл жағынан шапқаннан,

О жағына бір өтті,

Ар жағынан шапқаннан,

Бер жағына бір өтті.
Батырлары ақырды,

Балуандары шақырды:

«Тұс-тұсына барыңыз!

Бірер арқан алыңыз!

Шаба тұрған жағына

Керме ұстай қалыңыз!

Кермелеп ұстап алыңыз!»
Көздеп тұрып Киікбай,

Ала сақылған арқанның

Үстінен өтіп кетеді,

Биік қылған арқанның

Астыменен кетеді.
Тап сегіз күн болғанда,

Бәрін қырып кетеді.

Ордан қан бір асады.

Орда жатқан Бөкембай,

Қанмен ағып барады.

Қобыланды со батыр,

Сонда суырып алады.

Қалмақтың жерін өрт қылып,

Топырақтай ғып ұшырып,

Барлық малын көшіріп,

Жалғыз өзі Киікбай

Айдап шықты қаладан.

Қалмаққа мал қоймай-ақ,

Қызығына тоймай-ақ.


Қасқаның көңілі тынған соң,

Қалағанын қылған соң,

Жылқыны төске салған соң,

Қалмақтан кек алған соң,

Қол түстеніп жатқанда.
Келе жатыр бір адам,

Туралықтай туы бар.

Мың кісінің дуы бар.

Артында қанша жаны бар.


Қобыланды батыр айтады:

«Киікбай батыр барыңыз!

Қандай дұшпан болады,

Алды, артын шалыңыз!»


Соныменен Киікбай,

Тұрымтайдай түйіліп,

Қылармын деп кіжініп,

Қарсы шығып келеді.


Келе жатыр Ер Сайын,

Өлген жерден тіріліп.

Жиылып жатқан қалмақтың,

Соғысы бар деп кіжініп.


Киікбай оны танымай,

Екі есе күшті жас ұлан:

«Ет жүректің басы деп,

Өлер жерің осы» деп,

Табандап найза салады.

Ер Сайын сынды әкесін,

Танымады со бала.

Сайын сонда айтады:

«Сайын әкең мен! – деді,

Көріселік, кел! – деді,

Есенбісің сен? – деді.

Аттан түсе қалады,

Суырып найза алады.

«Жазалы болды қолым-ай!

Ерлік қылған құрысын!

Мұнан былай жоламай!»


«Құрымасын жолың, деп,

Жазалы болмас қолың, деп,

Әкең мұны не ғылсын?

Неше ердің көрмедім,

Бұ сықылды найзасын.

Көріп жүрмін жасаған,

Бір Алланың пайдасын.

Әкең мұнан өлмейді,

Тек жүрегің қорықпасын!
Бар, Киікбай, бар! Деді,

Қобыландыдай атаңнан,

Барып сүйінші ал! – деді.

Тастап кеткен Ер Сайын,

Жазылып келді, сау! – деді».
Киікбай қолға шабады,

Ат аямай барады,

Соныменен теңселіп,

Қобыландыға келеді.


«Болып тұрған бұл шақта,

Қобыланды батыр, көріңіз!

Жаралы болған келіпті,

Сайын атты ініңіз,

Озып келдім мен сізге,

Не бересіз, батырым?»


«Қуантқан үшін сүйіншіге,

Тартып пішкен торсықтай,

Өзі сұлу Тайбұрыл,

Рас болса келгені,

Ал, сыйладым мен сізге!»
Сонда Сайын келеді,

Келгенін көріп Қобыланды,

Танып көрісіп біледі,

Атқа мініп жылады.

Көп шүкірлік қылады.

Атқа мініп қайтысты.

Сайын есен келген соң,

Ноғайлының көп жұртына,

Көрісіп, сәлем берген соң,

Бозмұнай тұрып той қылды.

Аттанған жауын алысып,

Көңілдері тынысып,

Аман-есен қайтқанға,

Аллаға шүкір көп қылды.


Той тарқап кеткен соң,

Батыр Сайын сөйледі:

«Енді түзге жүрмелік!

Қолға найза алмалық!

Жауға енді тимелік!

Киікбай мен Бөкембай,

Қобыландыдай батыр-ай!

Екі ұлыңа бата бер!

Жолымызды берелік,

Үйіңе бар да жата бер!»


Айтқанынша Сайынның,

Қобыланды батыр береді,

«Алла ашсын жолыңды!

Ұзын қылсын қолыңды!

Танып жүргіл, е балам,

Оңың менен солыңды!»


Сөйтіп бата берген соң,

Қобыланды батыр қайтады.

Үйіне барып со батыр,

Батырлық қылмай жатады.

Екі ұлының тұсында,

Сайындайын батырдың,

Іргесін дұшпан баспады,

Қолынан дәулет қашпады.


Ел шетіне жау келсе,

Сайын сынды батырдан,

Киікбайдың ерлігі

Анау құрлы асады.


Екі ұлының тұсында,

Бәрі тең болды тірлігі.

Үш Алашқа жайылды,

Екі ұлының ерлігі.


Өлген жерден тірілткен,

Қалмаққа атын жүгірткен,

Бір құдайдың кеңдігі.

Сайын сынды батырдың

Сондай екен кеңесі,

Адамнан артық денесі.


Соңы.
Ахмет өңдеп өткерген Ер Сайынның жыры «Батыр Сайын» деп В.В.Радлов жазған жырмен бір екен. Екеуінің айырмасы мына осы Ер Сайынның «аяғы» деп басылған.

Өзге жырлар айтушыға қарай өзгеше бола береді. Өзге жырда жырдағы кісілер ғана өлеңдетіп келеді, өзге әңгіменің бәрі қара сөзбен айтылады.

«Ер Сайын», «Қара қыпшақ Қобыланды» (Ташкенде басылған), «манас» қана алғы өлеңмен келеді.

Тыңдаушы жаратқан соң, жыршылар жырдың қара сөзін де өлеңге аударып жіберген ғой. «Манас» қырғыз тілінде. Мұны да «Күншығыс баспасы» басады.


ҚЫР БАЛАСЫ.

ГРИГОРИЙ НИКОЛАИШ ПОТАНИН.
Г.Н.Потанин Қызылжар оязындағы Сібірдің атты қазағының баласы. Әкесі - қазақ-орыстың жүз басысы - Баянауыл аймағындағы Сүйіндікті билеп тұрған. Сол уақта қазақ-орыстың Ямышевская (қазақша атауы Тұзқала*) дейтін қаласында 21-інші сентәбірде 1835-інші жылы Г.Н.Потанин туған.

Бала туған соң 3 ай өткенде, әкесі Қызылжар оязына көшкен. Бекетке келсе, құндақтағы бала шанадан түсіп қапты. «Мен туған соң 3 айда дүние кезбек болып, шанадан түсіп қалып, жоғалып табылғанмын; дүниені кезіп білуді сонда бастадым», - деп Григорий Николаиш күлетін.

Г.Н. Омбыда кадетски корпуста хан ұлы Шоқанмен бірге оқыған. Шоқанмен дос болған. Қырық жыл қоймай қуып жүріп 1904-інші жылы Шоқанның екі кітабын бастарды.

Корпусты бітірген соң, 1855-інші жылы қазақ-орыстың бастығы болып жетісу барған, Алматыны Григорий Николаиш салдырған.

1859-ыншы жылы П.П.Семенов-Тянь-Шански атанған, Түркістанға барып, жер-суын оқып қайтып келе жатып, Омбыда Григорий Николаиш пен шоқанға жолығып сөйлеседі, екі жас офитсердің өзгеше екенін сезеді. «Сендер мұнда жүріп аяқасты болмаңдар, Петербор барып университеттен оқу оқыңдар!» - деп Григорий Николаиш пен Шоқанға ақыл береді.

Екі жас петербор барып унивреситет түседі.

Григорий Николаиш мұнда жүріп ботаникені – жерге шығатын шөп, ағаш білімі, әр жұрттың әдебиеті, тұрмысы, жер білімінің жолын әдемілеп ізденіп жақсы білген.

1863-інші жылы қытай мен орыстың шегін шектеген комиссияның ағзасы болып жүріп, қазақша жазу үйреніп, қазақтың, Алтайдағы түрік жұртының әдебиетімен салыстырып, адам баласының тарихи жолында көп мағаналы іс шығарған.

«Восточные мотивы въ средневековом европейском эпосе» деген кітабында Күнбатыстың әбедиетіне қор болған, үлгі болған Күншығыстың ауыз айтып жүрген ертегі, жыр, мақал, өлеңі деп келеді.

Мұсылманның Құранында көп әңгіме Інжілден алынған, Інжілдің өзі Мұсаның – еврейдің дін кітабынан алынған. Ал енді еврей кітабының жалынғаны Күншығыстан келген дейді Григорий Николаиш. Мұны Григорий Николаиш жер үстіндегі тамам жұрттың ертегісін, мақалын, өлеңін салыстырып сынап тапқан.

Төрт мың жылдан бұрын Тигір-Ефрат өзенінің үлкесінде (осы күні бұл үлкені «Месопотамия» дейді) Вавилония, Ассирия деген екі зор патшалық болған. Еуропа білгіштері жоғалыр жермен жер болып кеткен осы екі патшалықтың астанасын тауып алып, қазып іздеп жүріп, талақтай-талақтай өртеген балшыққа жазылған сол екі жұрттың әдебиетін тапты. Еврейдің дініне негіз болған кітаптың бар сөзі осы Вавилония, Ассирия әдебиетінің сөзі болып шықты. Григорий Николаиштың айтқаны расқа шықты.

1863-інші жылы осындай данышпанды: «сен Сібірді бөліп аутономия қыламын деп жүрсін» деп, неше жолдастарымен үкімет ұстап абақтыға салып байлады.

Омбыда абақтыда бір жыл отырды. Григорий Николаиш қарап жатуды білмейді, Омбыдағы кеңселердің ескі қағаздарын қарастырып, қазақтың Абылай хан заманындағы тарихи түрлі көп әңгіме тапты.

Семенов-Тянь-Шански екеуі неміс Карл Риттердің «Азия» деген кітабын орыс тілінде басыпе, «Азияға» қазақ тарихы туралы Григорий Николаиш көп қосымша жазған. Бұл қосымшаның бірі мынау:

Абылай ханның Қошқарбай деген батыры (Қошқарбайдың жұрағаты осы күні Шарлақ

- - - - - - - - - - - - - - - - -

* Тұзқаладан бұрын салынған Ертісте қала жоқ. Бұл жер бұрын қазақ пен зұнғардың [жоңғардың. САҚ.] айырбас қылатын жері екен. Қ.Б.

оязы, Ақмола гүбернесі, Қараөзек деген жерде, Ертістен 10-15 шақырым. Қошқарбай - қыпшақ) Омбы қаласы тұрған жерден зұнғарды [жоңғарды. САҚ.] Об өзенінен өткізе қуып тастаған. Бұл туралы Барнауыл оязында сібір мұжығының айтып жүрген әңгімелері бар. Мұжықта Қошқарбай зұнғарды Об өзенін асыра қуды дейді.

Бір жыл байлап, Григорий Николаиш, Ядринтсев, Ишшаповты үкімет асып өлтіруге бұйырған.

Ишшапов пен Ядринтсев ертең таңертең асады деп, түнімен құшақтасып жылап шығады.

Григорий Николаиш «ертең асады дегенді есітіп: «Менің неміс нахувы кітабымды қайда қойдыңдар?» - деп, жылап жүрген жолдастарынан сұрайды.

Іздеп кітабын тауып алып, ертең таң ата асылатын Григорий Николаиш түнімен неміс нахувын оқып шыққан.

Міні Григорий Николаиштың өзгеде жоқ бір бүкір мінезі.

Үшеуінде аспай, каторжни жұмысқа қосып, Григорий Николаиш Финляндияда Суябург қорғанында кісендеулі жүріп жер қазған. Өсітіп жүрген жазған кітабын Петербордағы жерді оқытатын білгіштер қауымына жіберген. Бұлар оқып көріп, «мұндай данышпанды бұл күйде ұстаған ұят» деп, патшаға арыз қылып, Григорий Николаишты босатып алған.

1871-інші жылы Парижде коммуна болып, коммунист партиясының ішінде дүниеге аты шыққан Елизрек Лу [?] болған. Франсия үкіметі коммунарлар жеңіп алған соң, бәрін атқан. Елизрек Лу атылуға бұйрылды дегенде, Еуропадағы оқымыстылар, данышпандар қозғалып: «мыналарың адам баласына жоғалмас таңба, Елизрек Лу атылмасын» деп сұрап, ерді ажалдан алып қалған.

Григорий Николаиш пен Елизрек Лу өзге адамның тонына сыймайтын кісілер.

Григорий Николаиш Таңғұт, Монғол, Күнбатыс Қытай жеріне үш қайтара барып кезіп-аралап, бұлардың жерін, жұртының тұрмысын түгелдеп жазды.

Мұндағы көрген-білгенін жазған кітаптары неше мың бет: Р.И.Г.О. басқан (В издани Р.И.Г.О.). Бұлар менің жазуыма сыймайды. Күншығыс елін білемін деп талпынған жастар Григорий Николаиштың бұл жазғанын оқымасқа болмайды.

Григорий Николаиш жалғыз білім жолын ғана қумай, өлгенге шейін өз пікірін елге жаямын деп, газета, журналдарға саяси мақала жазып таласып кетті, жастарды жиып, қор болып, жақсы жолға сілтеп өтті.

Саяси жолындағы бізге жылы көрінетін бір негізді пікірі мынау: елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса, көп ұлттан құралған Росияны бір орыстың билеймін дегенінде мағана жоқ. Росия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа аутономия беру керек, - дейтін Григорий Николаиш.

«Қазақты аутономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!» - дейтін Григорий Николаиш.

«Қозы Көрпеш-Баянда» Баян махаббат жолына өзін құрбан қылған. Мұны шығарған жұрт махаббатты сынай, бағалай біледі. Мұндай жұрттың қатыны келешекте ұл тауып тұр, аты бәйгеден келіп тұр! Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ойламайды», - дейтін Григорий Николаиш.

Григорий Николаиштың қысқаша адамшылық мінезін жазайын.

Өзінің көп өмірінде (Григорий Николаиш 1920-сыншы жылы жазды күні Томда дүниеден қайтты) бір адамның көңілін ауыртып бір ауыз сөз айтпаған, сыртынан бір адамды жамандамаған. Григорий Николаиш беті ашылмаған, тәрбиелі өскен қыз мінізді десек, мақтаған болмайды.

1904-інші жылы агусте Томда Григорий Николаиштың үйінде отыр едім. 10-12 жаста екі қыз кіріп келіп:

- Біз гимназияға түстік, бізге енді оқуға төлейтін ақша керек. Кітап, қағаз, қалам-қарындаш, қыздардың киімі керек, - деді Григорий Николаишқа.

- Жарайды, бәрі-бәрі болады. Ертең сағат 10-да келіңдер, керектің бәрін сатып алайық, - деді Григорий Николаиш.

Қыздар қуанып ылақтай ойнап, секіріп шығып кетті.

Григорий Николаиштан: «Бұлар кім? – деп сұрадым.

- Кім екенін өзім де білмеймін, - деп күліп, - Биыл жазғытұры екеуі келіп: - Біз оқу оқиық дейміз. Бірақ, әке-шешеміз кедей. Біз сізден ақша көмек сұрай келдік, - деді.

- Олай болса жарайды: мен сендерді оқытайын, күз сендер гимназияға түсесіңдер. Онан әрі тағы көрерміз, - дедім. Сонымен жаздай екі баланы оқытып едім, енді бұлар гимназияға түсіпті, - деп күлді Григорий Николаиш.

1915-інші жылы Григорий Николаиш 80 жасқа толды. Григорий Никоалиштың атына бағыстап шәкірттері кітап басты. Соған қосылып қазақтың өлеңін, жырын, мақалын біздің қазақ жастары да баспақ болды, мына «Ер Сайын» мұның басындағы Ахметтің «Григорий Николаишқа тартуы» сонда басылмақ болған еді.



«Күншығыс баспасы» баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жиған «Мың бір мақал» да Григорий Никоалишқа қалап басылмақ еді.
ҚЫР БАЛАСЫ.

ЕР САЙЫНҒА.
Қарауыл.

Кейіпкерлердің есімдері мен жер-су және мал атаулары:
Ақ төбе
Аюбике
Ер Сайын
Бозжорға
Бозмұнай
Бөкембай
Қарала ат
Қара төбе
Қара қыпшақ Қобыланды
Қалмақ
Қомба (жер)
Жаурыншы Жағалбайлы
Көбікті
Киікбай
Жоламан
Еламан
Ойыл мен қиыл
Манас
Ноғайлы
Тайбұрыл
ҚЫР БАЛАСЫ.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет