Жертөледегі жазу



бет2/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
БIРIНШI ТАРАУ
ҚАЙДА ҰШТЫҢДАР, АҚҚУЛАР
Ақ тонды, ақ етiктi, басына ораған ұзын ақ түбiт шарқатының бiр ұшы арқасында желбiреген бүлдiршiндей қыз аяғын лып-лып басып, көз ұшында қалықтап келедi. Көшедегi дарақ, үйлер, жол жиегiндегi қар, жырақтағы мен мұңдалған тау – бәрi қап-қара. Шаң қонып, ыс басқан айғыз-айғыз. Аспанға дейiн түтiнге қақалып, қарауытып тұр. Ал қыз – әппақ, өнбойында қылау жоқ. Иiс-қоңыс жайлаған осынау лас дүниедгi ғайыптан кiр шалмай аман қалған жалғыз ноқат тәрiздi. Бiрақ ол да ұзаққа барған
жоқ – табанына қара жолдың күйесi жұқты; жанасқандар ақ тонын былғап, ай дидарына аспанның шаң-тозаңы қонды, сөйтiп сәлден кейiн сұрқай кеңiстiктiң ажырамас бiр бөлшегiне айналып, ғайып болды...
* * *
Жатақханаға келiсiмен Сәбира шала-шарпы жүрек жалғап, жылы киiндi де, сыртқа шықты. Ақ тонының етегiн жел кеулеп, басына тартқан ұзын ақ шарқаттың ұштары ақ қанат тәрiздi қолтық астынан қылт-қылт желбiрей толқып, көше бойымен алып-ұшып келедi. Салбыраған сызды аспан, түнерген сұсты жүздер қорқыныш шақырып, кеудесiнен итергендей. Бiрақ, бұлықсыған бұла жүрек белгiсiз тағдырына асықтырғандай, алған бетiнен қайтар емес. Иiс-қоңысқа тұншыққан күйелеш ауаны қайшылап, аққу қанат қалықтай бердi.
Бүгiн бiрiншi кезекке шыққан, бiрақ жұмыс iстеп жарытқан жоқ. Станоктың айналасында қалбалақтап жүргенi болмаса, көңiлi алақұйын, не iстеп, не қойғаны белгiсiз. Бiр бұл емес, бәрiнiң басындағы хал осы. Жайдары күлкi, емен-жарқын әзiл-оспақпен ию-қию боп жататын ат шаптырым цехтiң iшiн тек станоктың бiр қалыпты сартылы кернеген. Тоқымашылардың дені өзі сияқты ауылдан келген қазақ қыздары болатын. Біразы жоқ. Цех бастығы келіп бір, парторг келіп екі айғайлап кеткен. «Олардың қайда кеткені белгілі, мәселесін қарап, жұмыстан қуамыз. Ондайларға арамызда орын жоқ...» деп зіркілдеген. Жайраң қаққан жүздер мен мейiрiм төккен көздердi үрейдiң бұлты көлеңкелептi. Құлағыңа әзәзiлдей сыбырлап, сыпсың қаққан өсек: «Ойбай, қазақтар қырғын салып жатыр. Балабақшадағы сәбилердi бауыздап кетiптi!!!» «Бiр топ қазақтың жiгiтi Кiшi станица жақта екi орыстың қызына ойына келгенiн iстеп, ең ақырында астына бөтелке тығып өлтiрiптi!..» Кешегi дос, құрбылар бiр-ақ күнде жау боп шыға келгендей; бiр-бiрiне қабақ астынан үдiрейе қарасады. Шаш пен көздiң түсiне қарай екi жiк болып бөлiнiп алған, сәл сылтау табылса, шап етiп ұстаса кетуге даяр.
Мең-зең боп жүргенде зырылдаған көп ұршықтың бiрiндегi жiп үзiлiп кеткен. Күнiне қырық қайталанса да ондайға қыңқ демейтiн тәлiмгерi – Елена Борисовнаның сол жерде талағы тарс айрылғаны, «Жаным, күнiм, Сонечка» деп тұратын кең мiнездi сабырлы-ақ кiсi едi, аяқ астынан санына бiз сұққандай неге мөңкiгенi белгiсiз.
– Немене, есi-дертiң ана Алаң жақ боп тұр ма? – дедi от алған трактордай дiрiлдеп-қалшылдап. – Бүйтiп жұмыс iстегенше – бар сонда, қосыл қандастарыңа. Үйретiп, адам қыламыз деп жүрген бiз ақымақ. Тойынған соң құтырайын дедiңдер ғой. Қырыңдар ендi бiздi!..
Мiнезiне ет үйренген, аузына не келсе соны лақ еткiзiп құса салатын бетпақ емес, сыйлас, қадiрмендi адамының мына сөзi қапелiмде қақ маңдайдан қамшымен тартып жiбергендей әсер еттi. Не дерiн бiлмей көзi жыпылықтап, тұрған орнында қалшиып қатты да қалды. Сол арада көршi станокта iстейтiн, бұдан әлдеқайда ересек, қараторы екi қыз, әңгiменi құлақтары шалса керек, тебiтiп жетiп келгенi. Өз-өзiнен тұлан тұтып шала бүлiнген бейбақты кеудесiнен итере, екеуi екi жағынан бүйiрлерiн таянып тұра қалды.
– Ей, Баба-яга! – дедi бүйрек беттiсi.
– Крокодил! – дедi ерiнi қайқайған қайыс қарасы. – Жұдырықтай қызға жыныңды шашып не сандырақтап тұрсың. Азғындықтан басқа не үйреттiң бiзге? Iшкенiмiз –
арақ, шеккенiмiз – шылым. Жолдан тапқан баланы шырылдатып жетiмхананың босағасына тастаймыз. Еңкейген ананы шашынан жұлып, қартайған әкенi сақалынан сүйретiп панасыздар үйiне өткiземiз – осы ма сенiң үлгi-өнегең?
– Дiнiмдi алдың, тiлiмдi алдың – ендi алмаған нең
қалды? Жоқ, жетедi осы табанда жаншылып құл болғанымыз.
«...Оян, намысы тапталған қазақ!
Жағаласып өл, болғанша мазақ!..» – деп, бiр-бiрiмен жарыса сөйлеген екеуi табан астында тiл ұшына оралған қыжылды қосыла әндетiп, «Интернационалдың» әуенiмен аяқтарын сартылдатқан күйi бiр қызарып, бiр бозарған әйелдi кеуделей қағып тықсыра жөнелдi. Қырағылық танытып цех iшiнде байқастап жүрген кәсiподақ басшысы – қабағы үңiрейген, кәртамыс, қақпыш еркек қастарына жүгiрiп кеп:
– Бұл не бейбастақтық! Ненiң құрметiне әндетесiңдер?!! – деп құс тұмсығы имиiп, қызылға түскен құзғындай шүйiле бастап едi, етi қызып, елiрiп алған екi қыз:
– Немене, ана тiлiмiзде «Интернационалды» айтуға болмай ма екен?!! – деп, тойтарып тастаған.
Түс қайта iштей тай-таласқан екi жақтың ара-жiгi мүлде айқындала бастады. Қара шаштылар – бiр топ, сары шаштылар – бiр топ. Жұмыстан гөрi әр бұрышқа үйiрiлiп, сыбырласуы көп. Механик, электрик боп iстейтiн, орыс, хохолы аралас, бес-алты еркек бар едi, желкелерiн күдiрейтiп ашықтан-ашық сес көрсетуге көштi. Өз беттерiмен жасап жүрген тiрлiгi ме, әлде бiреулердiң бұйрығы солай ма, қолдарында – солқылдаған бiр-бiр темiр шыбық. Арматурадан әдейiлеп кесiп алған. Бiрi газетке орап, жасырын ұстаса, екiншiсi, мiне, көрдiң бе дегендей бұларға көзiнiң астымен қарап, етiгiнiң қонышын сарт-сарт ұрып қояды. Қамшының сабындай ғана. Жеңге тыға саласың. Еркектердiң бәрi жұмыстан кейiн көшеде тәртiп сақтау үшiн кезекшiлiкке шығады деген. Соған дайындық па? Мұның көз алдында неше түрлi сұмдық елестеп, жүрегi мұздап сала берген. Сол көп күдiгiнiң бiрiн растағандай, ауыздарынан көк түтiн бұрқ-бұрқ етiп кеу-кеулескен топты еркектiң iшiнен желке шашы жалбыраған бiреуi сүзiсетiн текедей одыраңдап шыға келдi. Имиген ұзын сары. Өзiн жұрт нашақор дейтiн. Шексе шегетiн шығар, кiсi соятындай екi көзi қып-қызыл боп жүрген түрi жаман. Босаға жақ қабырғада үлкен плакат шаптаулы тұратын: «Бiздiң кәсiптiк училищеге келiңiз!» деп, жұмысқа шақырған темiр қалпақты қазақ жiгiтi бейнеленген. Әлгi есерсоқ жауымен жекпе-жекке түскендей арлы-берлi ойқастап жүрдi де, қолындағы солқылдақ темiр шыбықпен айқұш-ұйқыш қидалай екi тартып, қазақтың «басын» қақ айырды. Бұл дәл көзiнен осып жiбергендей шырқ айналды. Жандүниесi астан-кестен, «қорлығын-ай мына доңыздың!» дейдi қылғына қырылдап. Саусақтары қалтырап икемге келер емес. Ақ тасқын боп төгiлген жiптер бырт-бырт үзiлiп жатыр – бiрiн де көрiп тұрған жоқ. Қайда қараса да көз алдына шапталып тұрып алған бiр-ақ сурет: екiлене сiлтеген есердiң темiр шыбығы мен қақ айрылған бас...
* * *
Түбiт шарқаттың қолтық астынан қылт-қылт желбiрей шұбатылған ұштары қос қанат сияқты. Ыс тұтқан кiр-қожалақ ауаны қайшылап аққу қанат қалықтай бердi, қалықтай бердi...


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет