Жертөледегі жазу



бет36/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36
ОТЫЗ БЕСІНШІ ТАРАУ
ӨЛГЕН АРМАННЫҢ БЕЙIТI
Түннiң қай уағы болды – бiлмейдi, Әзиз-Сұлтан бағанағы шөкелеген орнынан әлi тапжылған жоқ. Қарашығы тас боп қатып бiр нүктеге қадалған күйi мелшиiп қалған. Көкiрегi ой-сезiмнен ада, меңiреу кеңiстiкке айналғандай, доңғалақтың дамылсыз дүрсiлi мен айналасындағы қорылдап, тұншыға ыңырсыған дыбыстарды естiр емес, нәжiс пен шуаштың ию-қию араласқан борсық иiсiн сезер емес. Сол отырған қалпында бұрлығып көзi iлiнiп кеттi ме, талықсып кеттi ме – сансыраған санасы елес қуып жүр.
Қарлы құйын ұйтқып азынаған қысқы далада бұл адасып қалған екен дейдi. Кебiн жамылып керiлген ұшы-қиырсыз жапан түз. Өзiнен басқа қыбыр еткен тiршiлiк иесi жоқ. Батыс қайсы, шығыс қайсы, қалай қарай бағыт түзерiн бiлмей қар бетiн оңды-солды шиырлап қаңғалақтап келедi. Қалың қарды белуардан омбылап өлдiм-талдым дегенде бiр дөңнен асса, алдынан тағы да бiр дөң шығады көлденеңдеп. Бiр жығылып, бiр тұрып әбден сiлесi қатқанда көз ұшынан бұлдырап бiр қарайған көрiндi. Үмiт оты жылт етiп солай қарай елпек қаққан. Жақындап келсе, жалғыз ағаш. Бұтағы өртенген балапан қарағай. Көзiне оттай басылды. Бұл әлгi Алатаудың бауырындағы күйiк қарағай ғой. Мұнда қайдан тұр? Қыста, Сәбира екеуi ақырғы рет кездесетiн күнi тауға шығып, шаңғы тепкен. Табиғатта небiр тылсым болады ғой. Қыстың iшiнде найзағай ойнағанды кiм көрген. Сол күнi аяқ астынан күн күркiреп, жасын түсiп көз алдарында беткейдегi қатар өскен қос қарағайды жайратып салған едi. Әне түбiнен қырқылған зәулiм қарағай қар астында дөңкиiп жатыр. Ал мынаны өрт шарпып, бұтақ-жапырағы сол бойда сытырлап жанып сып-сидам боп қалған... О, ғажап, аралары жақындар емес, бұл қанша қадам алға басса, ол сонша қадам шегiне түсетiндей. Кенет қарағайдың дiңi жан бiткендей жыбырлап, бiр тұсы жуандап, бiр тұсы жiңiшкерiп, бағанадан бергi көз алдаған үстiндегi сиқырлы перденi жұлып алғандай, қас қағымда кiсiге айналып шыға келдi. Сәбира! Қара шашы жайылған, тобығына дейiн сүйретiп қара киiм киген... Жоқ, тыр жалаңаш денесi қап-қара күйе. Бұл өз көзiне сенер-сенбесiн бiлмей аңтарылып тұрып қалған, iле ес жиып елпелектей ұмтылып едi, Сәбира қап-қара қолымен қап-қара бетiн басып, қаша жөнелдi, шыңғырып, өксiп барады. Өкпесi өшiп қалай жүгiрсе де қарасына iлестiрер емес. Сәлден соң көз ұшына сағымдай сiңiп жоғалды да, аспан астында адасып күңiренген өксiктiң сiлем-сiлем жаңғырығы қалды. Сонда да далбаса үмiтпен қар бетiндегi қара сызықты қуалап айқайлап келедi:
– Тоқташы, Сәбира! Тоқта-а!...
Өз даусынан өзi селк етiп көзiн ашып алды. Өңi қайсы, түсi қайсы, айыра алмай мең-зең. Ала көбең көлеңкенiң қойнынан сүзiлiп шығып, сұлбасы айқындала бастаған вагон iшiндегi әр зат «елеске алдан ба, шын өмiр, мiне, осы» деп, бұның қайда отырғанын есiне сап тұрғандай.
Сыз еденге жантайған күйi ұйықтап кетiп, өне бойын суық қармап қалған екен, аяқ-қолы икемге келмей, буындары күтiрлеп орнынан зорға тұрды.
Әлгiндегi елес шылбырын сүйретiп ойынан шығар емес. Жарты жылға жуық уақыт iшiнде Сәбира бiрiншi рет түсiне енiп тұр. Жасып, жабырқаудан қорқып, өзiн зорлап ұмытуға тырысқан сағынышты елестi қапияда есiне сап қинағаны тағдырдың қай қысастығы екен! Тоналған, өлген армандардың көп бейтiне тағы бiр мола қосылғанын көргенде жүрегi ерiксiз шым етiп, шоршып түстi. Бәлкiм айра-жайра ақ төсектiң үстiнде күйеден де қара қарғыс таңбасы басылған тәнiн көрiп қорланған бейбақ қыздың өкiнiштi өксiгi кең әлемдi шарлап келiп тар қапастағы мұны таң алдында түртiп оятқан шығар!
Тағы, мiне, сенi ойладым,
Ақымақ деп сөк мейлi.
Жүрегiмдi бұғаулауға
Құдыретiм жетпейдi.

Парақтасам сол күндердi,


Құса болып қиналам –
Махаббатым мәңгiлiкке
Қасыретiн сыйлаған.

Бөтен жанға бұйырған


Сен бақыттың гүлiсiң.
Мәңгiлiкке арылмайтын
Жүрегiмнiң мұңысың.

Тағдыр бiздi екi айырды,


Өтер шерiм тарамай.
Қансыраған махаббатым
Жазылмайтын жарадай.

Өзендер де тоғысады


Мұхиттарда тулаған.
Жолықпайтын аспандағы
Ай менен тек Күн ғана.
Көмейiндегi лықсыған толқын-толқын жырды күңiрене сыбырлаған Әзиз-Сұлтан терезенiң жып-жылмағай емен жақтауын шеңгелдей қысып, жұлқып-жұлқып қалды. Сыртта темiр тор, әйтпегенде әйнектi бiр перiп бiр-ақ секiрер едi-ау. Шiркiн бостандық! Жүз қадам жүгiрiп барып, желкесiнен тиген құмалақтай қорғасыннан көк жусанды құшақтай құласа да өкiнiшi жоқ. Қасыретпен күйреп, үмiтсiз өлексе сүйреткеннен сол артық емес пе бiр есептен. Ендiгi басталған мына таңы атып, күнi батып бермейтiн сұрқай, суық өмiрден не үмiт, не қайыр? Тығырықтан шығар жол қайсы?
Таң бозын басына киiп боздаған поездың iшiнде азаттық аңсап бұлқынған қазақтың жас жүрегi өзiнiң бұлыңғыр болашағына қарай зымырап барады.
Абақты – вагонның тар терезесiнен сығалаған кең дүниенi салбырап қара бұлт басқан. Аспан асты бұлыңғыр, күңгiрт. Әйтсе де түн артынан айналып атар таңның бозамық жарығы алыс көкжиектiң көбесiн сөгiп, бәрiбiр сызаттанып келедi.
Бiрiншi романның соңы
1991-93, 1995-96 ж.ж.
Алматы


Құрметті оқырман!
Осы кітап туралы пікіріңізді
авторға төмендегі
адрес бойынша жолдауыңызға болады:
Алматы қаласы, 050057,
Жандосов көшесі, 34-А үй, 43-пәтер.
Тел:8(727) 2-74-66-87

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет