Жертөледегі жазу



бет35/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36
ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ШАЛ ҚОЙНЫНДА КҮЛШЕ БАР
1
Жайраң қаққан қайырымды тәте боп көрiнген Ұлбанудың артқа бүккен есебiн аңқау қыз көпке дейiн аңғарған жоқ. Екi туып, бiрi қалмаса да, өмiрде осындай риясыз жақсылық жасап жалбырақтап тұратын адамдар баршылық қой деп ойлаған. Алдынан азу тiсi ақсиып, кәрi қасқыр шыға келгенде ғана ақ лақ өзiн апан аузына байлап кеткенiн бiр-ақ бiлген. Ендi кеш. Лақ байқұс қалай бұлқынса да мойнындағы жiбiн үзе алмас едi.
Тұрмыс тақсыретiнен әбден жүдеп, жаншылып жүргенде мына жаңа жағдай Сәбираға пейiштiң төрiне топ ете түскендей әсер еткен. Жайлы жатақхана, таза жұмыс, үлкен-кiшiнiң өбектеген ықыласы, қажет қылса қара «Волгаға» дейiн ғұзырында... Iшпей-жемей мас. Кейде осының бәрi өңiм бе әлде түсiм бе деп таңырқайды. Кеше кiм едi, бүгiн кiм! Құдайдан ендi осы күнiмнен айырмаса екен деп тiлейдi жатса-тұрса.
Ұлбанудың да күткенi сол болатын. Бiрден үркiткен жоқ, тәттiнiң дәмiн татып, бойын үйретсiн дедi. Алаңсыз, жайлы тұрмыстың рахатына әбден бауыр басып, бiте қайнасқанын күттi. Сөйтсе одан ертең тартсаң ажырамай, жанталасып тiс-тырнағымен жабысатыны белгiлi. Оң-солын танып үлгiрмеген аңқау қыз ағысы бөлек тiрлiктiң иiрiмiнде жаңқадай қаңғалақтап ес-ақылдан айрылған сайын Ұлбану әлем-жәлем болашақтың суретiн алдына тосып, қызықтырған үстiне қызықтыра түстi. Бұйырса, ертең институтқа түседi; айлығы жоғары басқа жұмысқа ауысады; жеке пәтер де алады... қысқасы, бәрi де болады. Тек ол үшiн Шықаңның көңiлiн табу керек. Оның ешқандай әбестiгi жоқ, қайта бұл сәтiн сап қолға қонған бақыт құсы, шап берiп ұстамасаң, пыр етiп ұшып кетуi ықтимал. Ұлбануды тыңдап отырсаң, ұят, қыз баланың абыройы дегендер ауылдағы от басы, ошақ қасындағы салпы етек әйелдердiң миының бiр түкпiрiнде қалған ескiлiктiң жаңғырығы екен. Мұндағылар заман ағымына сай мүлде басқаша ұғыммен өмiр сүрмек. Кеше ғана қаңғып ауылдан келген шөпжелке қыздардың жап-жақсы жұмысқа орналасып, үй алып адам қатарына қосылып кеткенi қаншама. Бәрi Шықаң сияқты мықтылардың шарапаты. Анау министр, ғылым докторы, партия-комсомол қайраткерi боп жүрген апайлардың бәрiнiң қолтығынан демеген бiр-бiр құдыреттi қол бар. Ол қол әрине, әуелi мықынынан сипап барып жоғары көтерiлетiнi белгiлi. Одан ұтылғаны қане? Бетiнiң қызылы, қойнының қызуы барда жақсы-жайсаңның көңiлiн тауып, бар жағдайларын жасап алды. Ендi, мiне, үрлеп iшiп, шайқап төгiп отыр. Орынсыз селтеңмен нәпсiнiң соңына түсiп, жеңiл жүрiске салынсаң, әрине әңгiме басқа. Ал, тiршiлiк қажетiне қарай, белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн қолдағы бар мүмкiндiгiңдi пайдалансаң, оның несi әбестiк?..
Үздiксiз соққан жел тауды да, тасты да бұзбай ма. Күн сайын құлақ түбiнен ызыңдаған Ұлбанудың сөзi де қызыл жел, дiнi қанша жерден берiк болғанмен, мелшиген жартастай көңiлiн кемiрiп, үгiтiп, үңгiп барады.
Шықаңмен сөзiн пiсiрiп алса керек. Бiр күнi Ұлбану Сәбираны «Көктем» микроауданы жақтағы бiр үйге алып келдi. Қызының үйi екен. Бiр жаққа шығып кеткен бе, үй иелерi жоқ. Даңғыраған үлкен бөлме. Кiре берiс, ас бөлмесi кең. Бiр қабырғаны тұтас алып жатқан лоджия. Шам жаққыштың асты қолдың кiрiмен үйкеле-үйкеле жылтырап, бұрыш-бұрыштағы обоидың кей тұсы сыдырылып жалбырап, сәл күтiмсiздiк көрiнiп тұрғаны болмаса, пәтерде мiн жоқ. Ұлбану сататын адамша туалет, ваннаға дейiн аралап көрсетiп:
– Қалай екен? – дедi.
– Тамаша!
– Осындай үй алғың келе ме?
– Қойыңызшы, апатай, қайдағы қиялды айтпай! – Ойлаудың өзi күпiрлiк болатын нәрсенi айтып тұрғандай, Сәбира сенiмсiздiкпен қолын сермедi.
– Ешқандай қиял емес. Просто надо захотеть. Қаласаң болды, шылдырап кеп шынашағыңа алтын кiлттiң шығыры iлiнгелi тұр.
– Бұраудың да сұрауы бар демей ме?
– Әрине. Ой, ақылдым, бәрiн өзiң бiлiп тұрсың ғой! – Қақпайлаған жағына қамшы салдырмай елпеңдей жөнелетiндей емексiп, көзi жайнап шыға келген Ұлбану қызды иығынан бiр қолымен орай құшақтап, қысып-қысып қойды.
– Түсiнбедiм, – дедi Сәбира қызарақтап. – Не iстеуiм керек?
Мен не десем, соны iстейсiң. Шет-жағасын өзiң де сезесiң ғой. Көңiлдiң iсi көңiлмен бiтедi. Осынша жақсылық жасаған Шықаңа да бiр iлтифат бiлдiруiң
керек қой. Шал не қиратар дейсiң, көңiлiн аулай сал.
Шалдың мөлиген көзi мен сыбырлаған сөзiне етi үйренiп кеткенмен, ар-ожданы былай баспа-бас саудаға түскенде, қорланып жаны ышқынған Сәбира:
– Апатай, олай демеңiзшi. Маған үйдiң де, ештеңенiң де керегi жоқ! – деп едi, Ұлбанудың шарадай қарасұр бетi шаңытып шыға келдi.
– Өй, өзiң бiр отқа айдаса, боққа қашатын сорлы екенсiң. Кешегi сүмiрейiп қайыршы боп жүргенiңдi ұмыттың ба?
– Жоқ, апатай, мұндайға бара алмаймын, қинамаңыз!
– Омай, шiкiн! Он екiде бiр гүлi ашылмағандай қылымсиды ғой, ел бiлмейтiндей. Күйенiң үстiне күйе жаққанға не өзгередi? Орыстан қалған итаяғын пұлдап тiптi!..
Өткенiн бетiне басқанда Сәбира жасып, төменшiктеп қалды, өзiн санаттан шығарып, қалай басынса да болатын кiсiнiң қорындай сезiнген. Қарсы дау айтуға именiп, тұнжырап, етiгiнiң тұмсығымен жер шұқыды.
– Қазаққа жақсылық қылсаң осы! – дедi Ұлбану күйiнiп. Езуiне қыстырған темекiнi, қолы қалтылдап, шаққан шырпысының екi-үшеуiн сындырып, әзер тұтатты. – Бiреу де болса астанаға тырнағын iлiктiре берсiн дейсiң. Соны ұғып жатқан бұлар ма – бұлданады, кергидi. Ойлағаным – сенiң қамың. Мұндай iстiң орайы ендi қайтып келмейдi. Жақында қызым төрт бөлмелi үйге көшпек. Мына пәтер үкiметке кеткелi тұр. Егер Шықаң арқылы тез арада сенi пропискаға отырғызып жiберсек, үй өз-өзiнен саған қалады. Түсiнiп тұрсың ба?
Сәбира тiл қатқан жоқ. Әйтсе де қызарғанға қызыққыш нәпсi шiркiндi қойсайшы, Ұлбанудың мына сөзi буынына түсiп кәдiмгiдей елеңдеп қалды. Қуса жеткiзбес, қиялмен ғана шалатын тәттi арманы ғайыптың күшiмен қол созымға кеп тұрғандай. Көңiлiнiң қараңғы иiрiмiн бүлк еткiзiп бiр әзәзiл сезiм қытықтап өткен.
– Ойлан, шырағым! – дедi Ұлбану одан сайын зiлденiп. – Мен клиентке зәру емеспiн. Тәнзила өтiнген соң сенi тықпалап жүргенiм ғой. Әйтпесе, қыздан көп нәрсе жоқ. ЖенПИ, КазПИ, мединституттағы студенттердiң арасында қайтсем жұмысқа орналасып, Алматыда қалам деп жүрген небiр кермиық сылқымдар бар... Ұғып қой, Шықаң өте кiрпияз, кiдi адам, көңiлi түскенге ғана көл. Кiлт ете қалса, қайтып бетi жылуы қиын. Байқа, кадр бөлiмiне кеп үндеместiң жансызы тiмiскiлеп жүрген көрiнедi, қайсысы сыбырлағанын кiм бiлсiн. Саған шұқшиыпты, бүлiкке қатысқан, сенiмсiз элемент, астанада тұруға болмайды деген нұсқау бар, кiм бұны жұмысқа алып жүр деп тебiткен екен, Шықаң араласып, бiр жолға бетiн қайтарыпты. Бәлсiне берсең, ол да адам, басыма пәле ғып қайтем деп қолды бiр-ақ сiлтеуi мүмкiн. Сымпиып, бұрынғы таз кебiңе көшесiң. Қайсысы дұрыс, ойлан жақсылап...
Абдырап аласұрған көңiлi әр жағаға бiр соғып, Сәбира қатты толқыды. Қапелiмде иә не жоқ деп шешiмдi ештеңе айта алмағанмен, елесi өшпес өксiктi ескi күнге, жыртық иiн жоқшылық, тауқыметке оралғысы келмедi.
Содан берi мең-зең, ақыл-есi тоқырап, тұман арасында адасып жүргендей мәңгiрген меңiреу бiр халде.
2
Бүгiн, мiне, Ұлбану кешкi апақ-сапақта жылмаң етiп жатақханаға жетiп кеп бiлегiнен жетелей жөнелгенде, қарсылық бiлдiрген жоқ. Қайда, не үшiн бара жатыр – бұлыңғыр сана ештеңеге есеп берер емес, жанды қуыршақ секiлдi үн-түнсiз ерiп келедi. Сыбырлап, сықылықтап, ерiндерi дамылсыз жалпылдаған Ұлбанудың бiр сөзi де құлағына кiрiп жатқан жоқ. Аяғын әлтек-тәлтек басып кеп жатақхананың қарсы бетiнде артқы есiгi айқара ашық тұрған қара «Волгаға» мiнгенiн бiледi. Қарауытқан аспан күркiреп, тауға
қарай созылған ұзын көшемен екпiндеп өрлеген сайын жаңбыр үдеп, терезелер ағыл-тегiл жылап келе жатқаны есiнде; осынау жабырқау, күңгiрт көрiнiспен қабыспайтын аса бiр қуанышты үнмен Ұлбанудың «бүгiнгi сыннан сүрiнбей өтсең, iстiң бәрi оңға басқалы тұр!» деп қайта-қайта iшiн тарта сыбырлап, санынан қысып-қысып қойғаны да есiнде. Құлағы естiп, көзi көргенмен, соның бәрi бұған еш қатысысыз бөтен бiреудiң басында болып жатқан хал сияқты. Бұл соны тек анандайдан көрiп, бақылап тұрған адамдай, сезiмсiз сұлық күйде.
Кенет ұйқысынан шошып оянғандай, жаны ышқынды. “Бұл не сұмдық? Қайда кетiп барады? Жо­жоқ, ондай қорлыққа көнбейдi! Илеп, таптап болды ғой әбден. Бүйткен өмiрi құрысын. Қарсыласқанмен жеңе алмайды бәрiбiр ешкiмдi. Өзiнен басқа кiмге әлi келедi?!!” Орнынан ширыға тiктелiп сыртқа қарады. Әйнек сүрткiшi оңды-­солды ебелек қағып, ұшырта зулаған қара “Волга” жылтыр жон асфальтты таспадай тiлiп келедi. Қос қапталдағы сән түзеген зәулiм теректер сөгiле жарылып, көз iлеспес жылдамдықпен қылт-қылт қамшы сiлтеп қалып жатыр. Есiктiң тұтқасына қолы әлденеше барып­қайтты. Не болса да деп бiр-­ақ қарғымақ. Әйтсе де жүрегi дауалар емес. Бiрден өле қойса жақсы. Шала­жансар, кемтар болып қалса ше? Әрi мына қасындағылардың бастарына пәле боп, обалдарына қалып жүрмей ме! Жоқ, басқаша өлу керек. Бүгін ішеді, сiлейiп тұрып iшедi. Содан соң ең жоғарғы қабатқа шығып, терезеден бiр­-ақ секiредi...”
Салып-ұрып «Алмагүлдегi» Ұлбанудың үйiне келдi. Бұрын да бiрер мәрте кеп, үй iшiн қағып-сiлкуге көмектескен. Залдағы ұзын үстелдiң үстi жайнап тұр. Бұлардың дабырын естiп, кухня жақтан ұрты бұлтыңдап Шықаң шыға келдi. Галстуксыз, ақ көйлегiнiң алқымы ашық, жеңiн шынтағына дейiн түрiп алған. Құдды бiр өз үйiнде жүргендей емен-еркiн. Боз балаша әбжiл қимылмен елпiлдеп бұның сырт киiмiн iлiп, аяғына жұмсақ шарқай сап лыпыл қақты. Ас үй жақтан сүрi асқан қазының иiсi шалқып жетiп тұр; қызыл еменнен жасалған румын стенкасының қуысындағы сопақша сарғыш магнитофоннан ойнақы әуен құйқылжиды. Иiс те, әуен де Ұлбанудың көзiндегi жылт-жылт қылпыған аяр ұшқындай әсер еттi. Осы сәт жылтырағын көзiне тосып, жылы-жұмсағын алдына қойып әбiгерге түскен мынау үй, қараңғы түн... – бүкiл әлем бұны алдайық, арбайық деп опасыздық жасап тұрғандай.
Ұлбану шешiне сап қазан-аяққа қарай жүгiрдi. Бiр жағы Шықаңнан қашқалақтап, бiр жағы қолқабыс етпек боп бұл да соңынан ере кiрiп едi, Ұлбану:
– Сен – бүгiн меймансың. Өзiм-ақ реттеймiн, бар, отыра бер! – деп асханадан шығарып жiбердi.
Бөлме ортасында состиып тұра беретiн емес, диванның шетiн кертіп қана, ұшатын құстай үрке қонақтады, саусағын сытырлатып дегбірсізденіп отыр. Ваннаға кiрiп қолын шайып, шашын тарап шыққан Шықаң серiппенi сықыр еткiзiп, қасына жайғасты. Диванның арқасына бiлегiн асып, бұған қарай бiр қырындап еңсерiлдi.
– Сәбира! – дедi дауысын әндете созып. – Мына жаман ағаңды құттықтап қоюыңа болады. Бүгiн – менiң туған күнiм!
Сәбира рас па, өтiрiк пе дегендей, аңтарылып қалды да:
– Құттықтаймын, аға! – дедi орнынан тұрып, қолын ұсынып. – Қап, ыңғайсыз болды-ау, бiлгенде гүл әкелетiн едiк!..
– Гүл деген мына сен емессiң бе! Аға деген сөзiңнен, жаудыраған көзiңнен артық маған не гүл керек! – Шықаң қыздың қолын уысынан босатпай жас жүрекпен жұлқынып ентелеп тұр.
Буы бұрқыраған сырлы табақты үстелдiң ортасына әкеп қоя берген Ұлбану:
– Өлә-ә! – дедi жасанды дауыспен ойнақыланып. – Қыз-ау, саған айтам деп ұмытып кетiппiн ғой, бүгiн – Шықаңның туған күнi, құттықтап қой!
– Құттықтадым.
– Қалай құттықтадың, бетiнен сүйдiң бе?
– Жоқ.
– Ондай құттықтаған бола ма екен. Бұл балалар өзiмiз үйретпесек ненi бiледi, мiне, мiне, былай сүю керек! – деп өзi Шықаңның бiр бетiнен шөп еткiздi де, екiншi бетiнен зорлап Сәбираға сүйгiздi. Талай қыспақтан жол тауып үйренген әккi келiншек, сол-ақ екен тiзгiндi қолға алып, шыркөбелек үйiрiп ала жөнелдi. – Түу, бiздiң Шықаңдай тәттi еркек бар ма екен, тура шоколад қой. Аузым уылжып барады, мұндайда коньяк iшiп жiбермесе, болмайды! – деп жүгiрiп барып, бүйiрлi үш рюмкаға шүпiлдете коньяк құйып әкелдi. – Қане, тәбет ашар болсын, тауысып iшiп қояйық! – Үшеуi түрегелiп тұрған күйi күрең-лағыл коньякты, рюмканың түбiн жарыққа мөлт еткiзiп, жұта-жұта салды.
Қыздар көңiлдi отырсын дедi ме, дастарқан басында Шықаңның аузы жабылған жоқ. Атақты, үлкен адамдарға қатысты әртүрлi күлдiргi әңгiмелерi таусыла бастағанда, көзiлдiрiгiн киiп, көк мұқабалы қалың қойын кiтапшасын парақтап анекдот айтуға кiрiстi. Ара-арасында, онша күлкiлi болмаса да, Ұлбану iшегiн тарта сықылықтап:
– Мынау бiр керемет айтылған сөз екен. Осы үшiн бiр iшiп қояйықшы! – дейдi.
Қысқасы, келiншек пен шалдың бiрi бастап, бiрi қостап, мөлтiлдеген рюмкаларға қол жиi созылуда. Сәбира да тартынған жоқ. Құрбанға атаған ақсарбас қозысының тыртыспай елп етiп қақпайына көне кеткенiне Ұлбану үкi көзденiп бек қуанышты. Бура санды жарқырата аяқтарын айқастырып, хош көңiлдiң көрiнiсiндей көмейлете жұтқан көк түтiндi ерiн ұшынан әуелете үрлейдi. Ортадағы күрең шөлмек «қанын» iшiне тартып бозарғанша, босаған рюмкаларға қаз мойынын иiп тағзым етуден жалықпайды.
Сәбира қамшы салдырмай отыр. Тезiрек мас болуға асық. Бәрiн ұмытқысы келдi. Ештеңенi көрмесем, бiлмесем екен дейдi. Бiрақ қанша iшсе де санасы сақ, уыты бойына даритын емес, жұтқан коньягы сылдырлап iшiндегi бiр шыны ыдысқа құйылып жатқандай. Өзегiне кептелген көк сүңгi мұз сықырлап, сiресiп тұрып алған.
Ет пен шайдың арасында орындарынан тұрып аяқ суытты. Ыдыс-аяқ жинасып Ұлбанумен бiрге Сәбира да ас үйге кiрген.
– Тәуiр iштiм, апай, ә? – дедi өзiн-өзi кiнәлағандай сынық үнмен.
– Дұрыс, компанияда осылай отыру керек, қысылмай!
– Қалай iшсем де мас болатын емеспiн. Не iстеймiн, апатай?
Қыздың ойын қапысыз оқыған келiншек оның емi мынау дегендей сыңғыр қақты:
– Қысылмай өзiңдi еркiн ұстасаңшы. Сенi сойып жейiн деп отырған ешкiм жоқ! Шықаңды жалғыз қалдырғанымыз ұят болар, жанына бара тұр. Мен тез кофе әзiрлеп жiберейiн.
Қашан қылжияр екен деп күткен қызының қақшаңдаған мына түрiн көргенде Ұлбану шынымен абыржи бастаған. Сәбира шығып кеткен соң, бөлме ортасында бiр мықынын таянып, сұқ саусағын сыңар мүйiздей төбесiне шошайтып, сәл тұрды да, кенет миына данышпандық бiр ой сап ете түскендей алақанын
сарт ұрды. Апыл-ғұпыл буфеттi ашып, дәрi қобдишасынан екi түйiр демидрол алды. Тақтайдың үстiне қасықтың түбiмен бырт еткiзiп үгiтiп, құлақты тостағанның бiрiне салды. Көңiлi лекiтiп:
... Еркем-Еркем, Еркем-ай,
Бүгiнгi болған думан-той
Тағы да болсын ертең-ай?.. – деп өз-өзiнен тiл ұшына үйiрiле кеткен ойнақы шумақты мұрын астынан әндетiп, келесi сәтте үстiнде буы бұрқыраған үш тостағаны бар күмiс табақшаны саусақ ұшында билете ұстап, төргi үйге қарай қалықтап келе жатты.
Кофе iшкен соң Сәбира ұзаққа барған жоқ. Маужырап, көзiне ұйқы тығылайын дедi. Өне бойы зiл тартып, көз алдынан тұман көшкендей. Жақындағылардың сөйлескен дауысы күңгiрлеп пәс-пәс жырақтап бара ма қалай?
– Түнiмен қой күзеттiң бе, не болды сонша есiнеп? – дедi Ұлбану түк бiлмегенсiп. – Шаршаған шығарсың, дем ала тұр ана бөлмеге барып.
Сәбира қарсыласқан жоқ, жатын бөлмедегi көлдей кереуеттiң шетiне күмп етiп жантая кеттi. Шықаң мен Ұлбану тым-тырыс. Демдерiн iшiне тартып тына қалды. Қарсыдағы жартылай ашық есiктiң қиығынан ағаш кереуеттiң шетi көрiнiп тұр. Құлақтары сол жақта. Бiраздан кейiн едiрейген құлақтарға есiлген саздай боп қыздың бiрқалыпты пысылдаған дыбысы естiлдi. Екеуi жымың етiп, қабақ қағыстырып, бiр-бiрiне қарасты. Ұлбану ұшып тұрып, аяғының ұшымен елпiлдей басып бөлмеге кiрдi. Қыз құлағын кесiп алсаң да тырп етер емес. Төсек үстiн реттеп, сырт киiмiн шешiп арлы-берлi аунатқанда да оянған жоқ. Шаруасын бiтiрiп есiктен шыға бергенде, көзi қылиланып, екі танауы делдиіп демі біте ентелеп келе жатқан шалды кеудесiнен итерiп, жолын кес-кестедi:
– Кiргiзбеймiн, Шықа. Әуелi кәдемдi бер!
– Құлдық-құлдық, бәрiн ал.
Елпiлдеп есi шыққан шал жүгiрiп барып, орындықтың арқалығына кигiзiп қойған пенжагының қалтасына қолын салды. Ұлбану «қол ұстатар», «шаш сипатар», «көрпе қимылдатар...» деп тақылдап қол жайған сайын, алақанына қонып жатқан көкала, қызылала қағазды көрiп, «Еhе!» «Оhо!» деп сықылықтаумен болды. Сәлден кейiн апыл-ғұпыл киiнiп, жақсы тiлегiн босаға түбiнде сыбырлап, екi-үш сағаттан соң телефон соғатынын айтып шыға бердi де, есiктен қайта сығалады:
– Қалай, Шықа, дайындығың дұрыс па?
Шал сыртқа жүнiн қомпайтып, кеңк-кеңк күлдi:
– Бiз – пионермiз. Махаббаттың iсiне әрқашан да дайынбыз!
Оңаша қалған Шықаңның жүрегi дүрс-дүрс соқты. Әлденеден қорқасоқтап бойын бiр әлсiздiк биледi. Ваннаға кiрiп шешiнiп, төсiндегi ақшулан жүндi, қолтығының қыртыс-қыртыс салбыраған терiсiн көргенде осынау жылбысқы сезiм одан сайын өршiп, шым еткiзiп жүрегiн шымшып алды. Қам жасағаны мұндай жақсы болар ма: қанша жерден мықтымын деп жалын күдiрейткенмен сыры белгiлi емес пе. Ветерандар комитетiнде iстейтiн бiр көңiл жықпасы анада жыларман боп сұрап келген соң, Польшаға барғанда әкелген бiр қорап дәрiсiнiң жартысын ұстата салған. Бүгiн Ұлбану аяқ астынан бұлай жоспар құрып асықтырғанда, сасқалақтап сол досына хабарласқан. Көк соққан кәрi азбан үйiрге түскен бе, езiп басының тазына жаққан ба, бiр айға жеткiзбей жұтып қойыпты. Екi-ақ түйiр қалды дейдi зарлап. «Ойбай, өлтiрмесең соны бер!» деп жаңа осылай келерде жолай соғып алып алған. Айнадағы тым көмескi, көне тартқан көшiрмесiне қарап, өзiне онша сенiңкiремей, сол таблетканың екеуiн бiрдей тiл астына тастап жiбердi. Ендi көңiлiне бекемдiк орнап, мылтығы оқтаулы аңшыдай сезiндi.
Салбыраған қарнын тартып, «жасарып» махаббат базарына аттанған Шықаң мысықша басып, ашық тұрған есiктен сығалады. Төсек үстiнде екi қолын екi жаққа созып, iшкиiмшең ғана қаннен-қаперсiз шалқадан түсiп ұйықтап жатқан қызды көргенде, жүрегi атқақтап аузына тығылды. Ауа жетпей алқынып, босағадан ары аттай алмай бiр сәт тұрып қалды. «Сап-сап. Аптықпа – опынасың. Бойыңды мұндайда неғұрлым салқын ұста!» Талай ұрғашының уызын сарыққан әккi қақпастың миында сақтық сигналы жылт-жылт еттi. Көгiлдiр жiбек комбинацияның өңiрi кеудесiнен сыпырылып, етегi жоғары қарай жиырылып, кiндiк пен қара санның тұтам қарыс аралығын ғана көлегейлейдi. Жастық қуатпен тепсiнген серпiндi мiнсiз дене ақ төсектiң үстiнде уызға салған алтын қасықтай дiр-дiр етiп жарқырап жатыр. Хас шебердiң қолынан шыққан суреттей бәрi-бәрi келiсiм тапқан перизат бейне, тәттiлiк ұйып бүлк-бүлк соққан ақ тамақ, ұшы пiскен бүлдiргендей бөртiп, шырыны сыртына төгiлген қос анар... Шалдың құмарлық оты маздаған сұғанақ көзi тiмiскiлеп төмен қарай құлдилай жөнелдi.
Келесi сәтте Шықаң кереуеттiң төменгi жағына қос тiзерлеп отыра кеттi. Қыздың дәл тұмсық астында серейген аяғын ұшынан жасқана сипап, қос алақанымен уыстай қысып, бетiне басты, шөп-шөп өбтi.
– Мен сенiң аяғыңды сүюге ғана лайықтымын! Шынымен, қолым жеткенi ме? Өңiм бе бұл, түсiм бе бұл? Неужелi осының бәрi менiкi? Мұндай бақыт ендi басыма қона ма, жоқ па? Құдай-ау, менi неге жиырма бес жаста қылмадың!..
Ыңырсып өксiдi ме, сыбырлап сөйлеп, шетелдiң жасырын порнографиялық киносын көп көрiп, әбден “сауатын” ашқан бұзық шал, аяқтан бастап шөпiлдете сүйiп өрлеп барады. Құлап келе жатқан жартастай қалқайған қап-қара ауыр көлеңке сәт сайын зорайып, қаперсiз ұйықтап жатқан қыздың үстiне қарай төне түстi...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет