ЕКIНШI ТАРАУ СЫРҒАҚ 1 – Жә, балам, маған қарайлаймын деп бiраз күн сабағыңнан қалдың, – дедi таңертеңгi шай үстiнде әкесi тамағын қырнап. Төсегiнiң бас жағындағы қос жастыққа арқасын сүйеп, тiктелiп отырды. – Ендiгi жата бергеннiң мәнiсi болмас. Менiкi үйренiскен ауру ғой, сыралғы жау: бiр күнi ол жеңедi, бiр күнi мен жеңем. Бүгiн сәл бетiм берi қараған түрi бар. Бәрi Алланың қолындағы iс қой. Дәм таусылса, бермеймiн деп басымда тас жабысып күзетiп отырсаң да алып кетедi. Тек жаратқан өзi кеңшiлiгiн берсiн де. Сәтiн салса, тәуiр боп кетермiн... Уh... Кемпiр-әй, шайыңның қызылын шығармай сұйылтып құйшы, жүрегiм қағып отыр. Ой, Алла, осы сырқат иектегелi аузымның дәмi келмей-ақ қойды. Ештеңеге зауқым жоқ. Аурудың өз тоқшылығы бар деген рас-ау, әсiлi. Мына Әзизжанның жолына әзiрлiк қыл, бәйбiше. Бүгiн бейсенбi емес пе, түскi поезға iлiгiп кетсiн. Аурумен алысамын деп биыл құрт-май да жинай алмадың ғой, сен байқұс. Кебежеңнiң түбiн тақырласаң да сөмкесiн толтырып бер.
– Табылар бiрдеңесi, жерге қарап отырған жоқпыз ғой.
– Ештеңенiң керегi жоқ, алмаймын, көке!
– Сөздi қой. Тойға бара жатқан жоқсың. Қара нан, қара шайға қақтығып, өзегiң талып жүрiп оқыған оқу қайбiр оқу болады, денсаулығыңнан не қалмақ? Сарылып кешке дейiн қағазға үңiлген оңай ма, көз нұрыңды суырып сорып тастайды ғой. Түрiңе қарашы, әбден жүдеп шөлмектей бопсың... Пенсияңнан бiрдеңе қалып па едi?
– Сенiкi сол қалпында тұр. Қырық сом бар!
– Соны түгел бер. Қант-шайың келесi пенсияға дейiн жетер. Жетпесе, тағы бiр жөнi болар. Ел ортасындамыз ғой. Бауырын тартып отырған мал аман болса, өзегiмiз тала қоймас. Тек сен тарығып қалма, құлыным. Көзiң үңiрейiп ана жақта сен жүдеп-жадап жүрсең, мұндағы бiздiң тамағымыздан жарты түйiр тары өтер ме. Алмаймын деп айтпа. Бәрiн ал. Оқы, адам бол. Өмiр бойы қой соңында сүметiлiп өткен бiздiң күнiмiздi көрдiң ғой! Ит тiрлiгiмiз өзiмiзбен кетсiн. Қиналсаң да шыда. Ай сайын ақша салып, тарықтырмай тамағыңды апарып тұрар едiм, қайтейiн, бүйтiп омалып отырып қалдым ғой аяқ астынан. Ендiгi бас көтерер өзiңсiң. Артыңнан ерген бауырларыңа бас-көз бол. Қайтып қатарға қосылам ба, жоқ па – бiр Аллаға ғана аян. Ауру батпаңдап кiрiп, мысқалдап шығады. Мiне, жығылғаныма екi жылдан асып барады. Не ары емес, не берi емес, мойындарыңа масыл болдым. Шешең байқұс әбден титықтап бiттi. Бiр үйдiң еркегi де, әйелi де жалғыз өзi боп сырпылдап жүрсе оңай ма. Әйтеуiр, томпаңдап Ережеп пен Ескендiр сеп. Сырттағы мал-жанды жайғайтын солар. Бәрiнен бұрын қос қарашығымды оқуы қинап жүр. Интернатқа берейiк десек, қолымыз кесiлгендей өзiмiзге қиын. Күнде борбайы созылып, станцияға салпақтайды: барып-қайтуы он екi шақырым... Бүйтiп аяқ астынан омақасамын деп кiм ойлаған. Ең болмаса, мынау әкемiздiң үйi едi деп бала-шаға үйiрiлiп табысып жүретiн бiр дүңгiршек салып алуға да құнт болмапты ғой. Әй, бұл бейғамдықты қойсайшы. Қой соңында салпақтап жүре берiппiз. Күндiз күлкi, түнде ұйқы көрмей, мал-мал деп безектеп жүргенде үкiметке жақсы едiк, ауырған соң тышқақ лақ құрлы қадырымыз болмай қаңғып қалдық далада. Еңбегiң – еш, тұзың – сор деген осы. Обалыңды ойлайтын ешкiм жоқ екен. Екi жыл бойы көңiрсiген көңнiң ортасында қу даланы күзетiп отырғанымыз мынау. Ешкiмнен қайыр күтпейiк, балам. Бұйыртып жаз шықса, совхоз орталығынан үй салудың қамын қарастыр. Шүкiр, iнi-қарындастарың өсiп қалды, бәрi қолқабысқа жарайды...
Әкесi ұзақ сөйледi, арасында сәл тынысы жетпей алқынып, оң жақ езуінің қиюынан шұбатылған сілекейін уысындағы орамалымен әлсін-әлі сүртіп қойып, үзiп-үзiп сөйледi. Ойы нақты, сөзi жатық. Күндегiсiнен недәуiр қунақы. Бетiнiң ұшына қызыл жүгiрiп, балбырап отыр. Екi-үш күн бұрын әне кеттi – мiне кеттi, арсы-күрсi жатқан кiсiнiң бұлайша тез ширап, бетi берi қарағанына қайран. Iшiнен шүкiршiлiк етiп қуанғанмен, «осы кiсi бой жасап отырған жоқ па?» деген сұмырай күдiк те, қараңғыда жанған шайтанның отындай, көкiрек түбiнде жылт-жылт етiп қояды.
Келгенiне, мiне, бүгiн он екiншi күн, «Әкең хал үстiнде» деген телеграмманы алысымен бәрiн тастай сап үкiдей ұшып жеткен. Көптен аурулы кiсi, анау-мынауға итарқасы – қияндағы мұны дүрлiктiрiп қыс iшiнде әуре-сарсанға сала қоймаса керек едi, шамасы, тура айтуға батпаған-ау деп, көңiлiнен қосұдай күдiк қашып, жол бойы жаманатқа тастүйiн бекiнiп келген. Дес бергенде, әйтеуiр, шықпаған шыбын жаны бар екен көкесiнiң. Паралич қайталап соғып, қатты құлапты. Бұл ит тiрлiктi қойсайшы. Қашан көзiңдi топырақ жапқанша жалғанның қам-харакет, уайымы жаныңа тыныштық бере ме. Жарты тәнiн сүйретiп жүрсе де от басының ырысын ойлап қабырғасы сөгiледi ғой, әке байғұстың. Осы құлындарым таршылық көрiп, жүдеп қалмаса екен, ертең жаутаңдап бiреудiң қолына телмiрмесе екен дейдi жаны шырылдап. Бәрi қу кедейлiктiң, жоқшылықтың кесiрi. Айналасы толықсып, бар-жоқ дегiзбей ертеңгi күнiне алаңсыз болса, осы күйдi кешiрер ме едi. Бiр айналдырғанды шыр айналдыратыны рас. Бала-шағаның аузын аққа тигiзiп отырған екi сиырдың бiрi қысыр қалыпты. Айдаладағы жалғыз үй, жақын маңда табын жоқ. Жұдырықтай балалар ненiң жөнiн бiледi. Естияр бiреу болса, күйлеп жүрген малды әдейi айдап апарып бұқаға қосар едi ғой. Ошақ мүйiз қоңыр сиыр жазда бiр күнi үштi-күйлi өрiстен келмей қалған. «Ойбай, жоғалды, ұры әкеттi не қасқыр жеп қойды!» деп қайдан iздерiн бiлмей дал ұрып отырғанда, ертеңiнде көз байланған заматта желiнi бұтына сыймай өкiрiп-бақырып өзi келген. Сөйтсе, бұқа iздеп жер түбiне қаңғып кеткен екен ғой, бейшара. Мiне, ендi желiндеп тұр. Ал, қарасан келгiр қызыл құнажын шошаңдап жүрiп қысыр қалыпты. Қоңыр сиырдай қу мүйiз әккi емес, жазды күнi күйлегенде бұзауын қимай, алысқа ұзап кете алмаған ғой. Қазiр, қыс ортасында қайтадан күйлеп, қасындағы тайынша-торпаққа артылып аласұрып жүр. Осыны байқап қалған көкесi қатты күйзелiптi. Дүниеқоңыздық емес, әрине, басқа қылар қайраны жоқ, алдындағы екi-үш қараның бауырын тартып, шықпа, жаным, шықпамен қалтырап отырған соң, бала-шағаның ертеңгi күн көрiсiн ойлап қамыққаны. «Қалқайып шаруаның шетiнде жүрсем, бүйтiп адамға да, құдайға да керегiм болмай жапан түзде жалғыз үй қалар ма едiк. Мiне, мал екеш малға дейiн жалғыздықтың жапасын шегiп отыр!» деп кейидi. «Жығылғанға – жұдырық», құнажын қысыр қалды деп күйiп-пiсiп жүргенде, қыс түссе де соймай, қоң жинай түссiн деп бордақылап соғымға ұстап отырған құнан өгiз байлап қойған жерiнде шабынан қазыққа арандап арам өлiптi. Таңертең апасы қораға енсе – теңкиiп жатыр. Сасқалақтап үйге жүгiредi. Қолына iлiнген пышақты ала салып, жүгiрiп қайта жеткен бойда далбаса көңiлмен өгiздi тамақтан орып жiбередi. Қан жоқ, мұп-мұздай. Таң бозынан шошып оянған бiр үйлi жан азан-қазан: малсақ Ережеп пен Ескендiр екеуi терiс қарап екi жақтан сықсыңдайды. Оны көрiп апасының көңiлi босасын. «Қап, шаранасын тұмсығынан сыпырып адал өсiрген малым едi. Ең болмаса, асам етi аузымызға бұйырмады-ау, ойбай!» деп кемсеңдеп аяғымен жердi теуiп-теуiп жiбередi. Бәрiнiң иiнi түсiп кеткен. Шарасыз. Басы қалт-қалт етiп көкесi үн-түнсiз тұрып-тұрып бiр уақытта шарқ етiп жерге шалқасынан құлап түсiптi. Өзi науқас адам қатты күйiнгенде қан қысымы күрт көтерiлiп, ми тамыры қайтадан жарылған.
Әзиз-Сұлтан келгенде құр шықпаған жаны ғана бар екен. Станциядан күн сайын дәрiгер келiп укол салып тұрады. Қалаға, үлкен жерге апарып көрсетейiк десе, әзiрге орнынан қозғауға болмайды дейдi. Алғашқы кезде түрiн көрiп «ендi бұл дүниелiк емес шығар» деп қауiптенген, шүкiр, мiне, бетi берi қарап келедi. Бүгiн тiптен тәуiр. Iшiнен «тiфа, тiфа, тәуба!» деп отыр.
Көкесi қараторы жүзiнен қайрат тепсiнген, қабақты, орақ тұмсық ажарлы кiсi едi. Ендiгi түрi адам аярлық: бет-аузы бiр жағына қисайып, езуiнен дамыл-дамыл сiлекей аға бередi; сол жақ көзi шапыраштанып айдалаға қарайды. Ауруға iлiккенше қылау түспеген шашы әппақ қудай. Жұтқыншағына дейiн кептелiп өскен мөлт қара қаба сақалды қақ бөлiп сыналай енген бiр шоқ ақ – қара құлынның қасқасындай көзге андағайлап көрiнедi. Адамның мүсәпiр болуы бiр-ақ сәтте екен ғой. Кешегi атан өгiздi мүйiзiнен жалғыз-ақ бұрап жерге тыраң еткiзетiн сом бiлек атпал азаматтың қолындағы жарты шыны шайды аузына жеткiзе алмай қалт-құлт шайқап-төгiп ендiгi отырысы мынау.
Әзиз-Сұлтан әкесiнiң ақылын құп көрдi. Жата бергенде не бiтiрмек. Құдайдың қолындағы iске шараң қайсы, бiр бұйыртқаны болар. Өзi рұқсат берiп отыр ғой, сабақтан қалмай бүгiн аттанып кеткенi жөн. Дастархан жиылысымен самаурында қалған жылы сумен жiбiтiп көкесiнiң шашын алды. Шот маңдай, бұхары қауындай, еңбегi жоталанып бiткен сұлу бас. Шаш, тақиямен жасырып-жаппай, мiне деп көрсетерлiк нағыз антропологиялық жетiлген бас. Былғары белбеуге жанып-жанып ап жалаңдата ұстаған ұстарасы бұдыр-бедерсiз құйқадан дыбыссыз сырғиды. Тек қос сызық боп қатпарланған құж шүйденiң тұсында сәл жорғасынан жаңылып кiбiртiктеген. Шашты сыпырғанда анық байқады: қарақұстың сол жақ қапталы теңбiл-теңбiл көгiстенiп тұр. Желкесi тұтаса сiресiп қап-қатты. Сiрi ұлтандай, саусақ батпайды. Ұйып қалған арам қан ғой. Қалаға барысымен аптекадан сүлiк алып, бiр әредiкте әкелiп тастау керек. Қау боп кептелiп, алқымына сыймай тұрған қаба сақалдың самай тұсын сырғалыққа дейiн қырып, ұшын бөдене құйрықтандырып дөңгелете қырықты. Дүрдиiп, көпси көтерiлген қалың мұртты қайшымен ерiннiң жиегiн қуа шырпып, сүйiрлей жұқартып едi, құстұмсығына бек жарасып, ажары ашылып шыға келдi. Тiк маңдай, биiк қабақ, сом иегiн сақал көмкерген атжақты ашық жүз. «Мiне – қазақ!» деп көрсететiн салауатты сұлу қарияның кескiнi. Осы бiздiң «Қазақфильмдегi» режиссерлардың көзi не көредi екен? Қазақтың шалы десе, қайдағы бiр құдай ұрған кейiпсiздердi түсiредi, қай қоқсықтың арасынан тауып алатындарын бiлмейсiң. Сондай киноны бөтен жұртпен бiрге көрiп отырып талай рет қысылып намыстанғаны бар: «О, господи, какой урод!» «Не дай бог присниться!» деп залдың iшi осқырынғанда шындықтың алдында дымы құрып құйқасы шымырлап, қара терге түсiп едi-ау. Ылғи көздерi жыртиған, танауы жапырайған, бетi көн тулақтай бырысып-тырысқан, иегiндегi жапсырған бес тал қыл бес жаққа едiрейген бiреулер. Олардан ойын, өнер күтпек түгiлi, көрген беттен-ақ сиық-сықпытынан жүрегiң айниды. Бес жасар немересiне ертегi айтып отырып, өз айтқанына өзi иланып қалатын аңқау «ата»; махоркасын үстi-үстiне бұрқыратып, «бiз Сталинград түбiнде шайқасқанда...», «бiз Днепрден өткенде...» деп өтiрiк-шынын судай сапырған шынашақтай суайт шал; мүйiз шақшасын етiгiнiң табанына қағып, көк бұйра насыбайды алақан толтыра аузына бiр-ақ атып, ұрты бұлт-бұлт етiп, жесiр келiншекке жымсия қарайтын, құс жастықты шынтақтай бере сырмақтың шетiн көтерiп былш еткiзiп түкiретiн надан, нас мысық мұртты бригадир; тоқалына мәсiсiн тарттырып кiлем үстiнде домалап жатқан шартық қарын бай... Экрандағы қазақ шалдарының сықпыты осы. Басқа мiнез, өңге тұрпат жоқ, мультфильмнiң геройлары сияқты: аңқау, ақкөңiл болса – мұрны талпайған, аузы салпайған болу керек. Қушыкеш, суайт шалдың екi тал мұрты екi езуiнде едiрейiп, табақ бетi жайыла ырсиып, көзi сығырайып тұруы шарт. Ал, надан бай екi бастан белгiлi: iсiк қабақ, бiтiк көз, сойдақ тiс, мес қарын. «Қазақфильм» «бiлгiрлерiнде» сол баяғы фольклорлық сана: тип, образды сыртқы түр-тұрпат арқылы жасамақ болады. Характер, бейне актердiң iшкi жандүниесi, ақыл-парасат, шеберлiгiмен сомдалатынын көбiне көп естен шығарып ала ма, қалай? Бәрiнен де ыза қылатыны, жыртиған, жапырайған қисық-қыңырды экраннан көре-көре көз үйренiп қазақтың «типтiк бейнесi» миына сiңiп кеткен басқалар көшеде өңi түзу қазақ көрсе, «қазаққа ұқсамайды», «жоқ, қазақ емес!» деп, әдемiлiктi қазақ байқұсқа қимайтын дәрежеге жеттi. Өмiрдегi шырайлы, қарасаң көз тоятын нұрлы жүз қазақ қайда? Экранда неге жоқ? Ұзын құлаққа қарағанда, актерлық мектепте қабылдайтын сарапшы ағайындар, iшiнде жаңағыдай сахнаның сарабдал «шеберлерi» бар, қалыптасып кеткен қасаң түсiнiкке бой алдырғаны соншалық, көрiктi қыз-жiгiттер болса, «таза қанды қазақ емес, типтiк түрге келмейдi» деп шет қақпайлайды-мыс. Өзге ел жоғын бардай, азын дардай ғып, асылын, әдемiсiн iрiктеп, жылтыратып көрсетуге тырысса, бiздiң ағайындар «мiне, бiз мынандаймыз» деп қайдағы мыржық-тыржықты дәрiптеуге әуес. Қазақ туралы түсiнiгi экран арқылы қалыптасқан алыстағы бөтен жұрт бұл күнде: «Е, бұлар да тайгадағы тағы халыққа ұқсас екен ғой, түрлерi бiр тұқымдас» деп ойлайтын болды. Соның тамаша жетiстiгi ретiнде, соңғы жылдары қазақтың әлгi «типтiк сұлу» артистерi бойы бiр қарыс, ойы одан да пәс, анекдоттың геройына айналған ана чукча, нивха, хантилердiң рөлiн ойнап, әлемдiк экранның «шырайын» келтiре бастады... Қазақтың түрi! Өзiн қазақпын деп есептейтiндердiң бәрiнiң түрi – қазақтың түрi. Iшiнен ең бiр сорлы жабайысы мен сорақысын терiп алып, өзiмiздi өзiмiз неге күлкi қыламыз! Мiне, мына көкесiн қарашы, қандай экранның болса да сәнi емес пе. Қазақта екiнiң бiрi сондай. Неге көрмейдi соларды, ана сығыр көздер!..
Бас бiлмейтiн асаудай айдалаға ала қашқан ойын тежеп, өз-өзiнен күйiп-пiсiп әзер тоқтады Әзиз-Сұлтан. Iшi толған қыжыл, түртiп қалсаң, лақ етiп төгiлгелi тұр. Кiмге ашуланарын, кiмге соқтығарын бiлмей шабынған хал. Әйтеуiр, соңғы кезде бар нәрседен қазбалап кемшiлiк iздейтiн бiр кiрпияз мiнез пайда болған. Бұрынғыдай «жақсы» дегендi – жақсы, «жаман» дегендi жаман деп көз жұмып ыстықтай қылғыта салмайды. Осы уақытқа дейiн өмiр деп қызыл-жасылына елiктеп келгендерi көзiн байлаған сиқыршы сияқты боп елестейдi бұған. Бәлки, бұл сезiм оның айналаны ой көзiмен барлап, есейiп толыса бастағанының белгiсi шығар?
Әзиз-Сұлтан көкесiнiң желкесiне түскен шашты үрлеп-қағып, көйлегiнiң жағасын көтердi де жиегi жемтiрлене бастаған тер сiңдi қара тақиясын басына кигiздi. Сымбат болса сын бұзатын киiм шамалы шығар, жаман кепештiң өзi әппақ құйқаны дөңгелей көмкерiп жараса қалды. Қолтығынан демеп, тәй-тәй басқызып, iргедегi орнына әкеп отырғызған. Бағанадан берi Москвадан соңғы жаңалық айтып самбырлап тұрған радио ендi қазақша ән шырқауға көштi. Таңертеңгi концерт. Екпiндi асқақ дауыспен екi еркек тамылжыта шырқай жөнелдi. Масайраған шаттық жыры.
«Қазақтың қазiр шырқаған кезi»,
дедi ғой Леонид Ильичтiң өзi.
...Мақтанса бүгiн – мақтансын қазақ,
төбесi көкке жетпей тұр аз-ақ!..
«Оттапсың! – дедi iшiнен Әзиз-Сұлтан қарадай қалшылдап. – Не деген оттаубай, не деген сандырақ! Төбесi көкке жеткен қазақ мынау ма обайып отырған. Неге мазақ қылады, неге осынша қорлайды!» Жұлқынып барды да жұдырығымен төбесiнен бiр перiп, «Медеудiң» жағын қарыстыра салған.
– Өй, неге жаптың, балам? Жақсы ән айтып жатыр ғой! – дедi көкесi иегiн көтерiп. – Кiшкене ашшы.
Әзиз-Сұлтан амалсыз радионы қайта қосты. Iшiнен булығып тұр: «Мә, тыңдаңдар, уланыңдар. Осындай екенбiз деп мәз болып ұйықтай берiңдер!» Сен жылап тұрғанда қасыңа кеп бiреу сақылдап күлiп тұрғандай жан тырнаған мазақшыл әуеннен қашып құтылғысы келдi. Жұлқына басып сыртқа беттеген. Жиегiн жiңiшкелеп ақ ұлпа қырау әдiптеп тершiп тұрған жуан қарағай есiктi сықырлата ашып, далаға шықты. Бәрiбiр әлгi есiрiк әуен ызыңдап құлағынан кетер емес. «Неткен сорлылық! – дедi тiстенiп. – Өтiрiк шаттанамыз, өтiрiк жылаймыз. Шын қуанатын нәрсеге қуанбаймыз, шын жылайтын жерде жыламаймыз. Iсiмiздiң бәрi өтiрiк, бәрi жалған. Бiрақ солай iстеп жүргенiмiздi өзiмiз аңғармаймыз. Өйткенi өмiрдiң өзi өтiрiк: радио өтiрiк айтады; газет өтiрiк жазады; телевизор өтiрiк көрсетедi; көсемдер өтiрiк көлгiрсидi... Бәрi өтiрiк! Шындық, мiне, жаралы күймен жабырқап, өксiп көз алдында тұр: ол мынау терезесi қырық құрау, қабырғасы шыт-шыт айрылып тiреумен әзер тұрған жар басындағы жарбиған жеркепе, сондағы бiр үйлi жанның күңгiрт тiрлiгi; шындық мiне – өмiр бойы қой соңында салпақтап келiп-келiп ең ақырында қартайып алжыған соң көшке ере алмай жұртта ұлып қалған кәрi төбеттей не адамға, не құдайға керексiз боп қараңғы бұрышта бүк түсiп жатқан мына ауру шал; шындық мынау – шыққан шөбi, аққан суы – у, тiршiлiк иесiне ажал сыйлап ақ кебiн жамылып жатқан өлi дала; шындық – анау биiк жалдың астындағы «Социализм» деген селодағы радиация iндетiнен аман қаламыз ба деген далбасамен жетiдегi баласынан жетпiстегi кәрiсiне дейiн арақ iшiп азып-тозып, аузын ит жалап, шарбақ түбiнде қаусап жатқан ел... Осының бәрi: мiне, менi көр, менi айт деп көзге шұқып, құлаққа айғайлайды. Бiрақ оны көруге, айтуға болмайды. Өйткенi «барлығы адам үшiн, адамның игiлiгi үшiн» жұмсалып, кешегi езiлген қайыршы бұқараны шат-шадыман тұрмысқа кенелтiп отырған, капиталистiк әлемнiң алпауыты – Американың өзiн барлық жағынан қуып жетiп, құйрыққа бір теуіп, көп көрсеткiштер бойынша тiптi басып озған, адамзат тарихында тұңғыш рет Ғарышқа адам ұшырған т.т... жан-жақты кемелденген, гүлденген, кенерінен асқан... қоғамда ондай келеңсiз құбылыс болмауға тиiс. Сондықтан өз шындығымызды, сұмдығымызды өзiмiз көрiп, мойындап шыңғырып жылаудың орнына, «бiздiң өмiр тамаша!» деп айғайлап әнге басамыз. Ең ғажабы, өзiмiздiң бек бақыттылығымызға еш шәк келтiрмеймiз, имандай иланамыз. Өйтпеске лаж қане. Салыстыратын ештеңе жоқ. Көз жетер жерден арғысы тас жабық, темiр шымылдық. Лениннiң суретi салынған «Правда», әрине, атына сай, тек ақиқатты жазады. Ашып қарасаң, мақтап жүрген Америкаңның өзiнен адам шошырлық: жайлаған ұры-қары гангстер; қоқыс қопарыстырған қайыршы негр. Президентiне дейiн жемқор, обыр. Никсонның «Уолтергейт» iсiне шатылып, тақ түгiлi басымен қайғы боп кеткенi анау... Әдiлдiк iздеген профессор Хейгерт пәленше күннен берi аштық жариялап, Ақ үйдiң алдында ол отыр... Мiне, капиталистiк өмiр. Ал бiздiң Генсек те, жөнсек те партияның түзу сызығынан әсте тайған емес, адал қызмет етедi. Бөтен ойдан аулақ. Сондықтан олар қашан өлгенше тақтан түспейдi. Профессордың аштық жариялауы – мұнда ақылға сыймайтын құбылыс. Не үшiн наразы болмақ? Бiзде ғалым түгiлi қарапайым жұмысшыға дейiн барлық жағдай жасалынған... Мiне, социализм салтанаты! Әдiлет тек бiзде. Ұжымақ деген осы!.. Күндiз-түнi, жыл-онекі ай, өмір бойы тоқтаусыз миыңа құя берген соң осылай деп ойлауға мәжбүрсiң».
Әкесi атжалын тартып мiнгелi қой соңында салпақтап келдi, тосыннан мына науқас кеп килiкпегенде «құтты» таяқты әлi күнге дейiн қолынан тастамасы кәмiл. Не қызық, не рахат көрдi? Жыл-он екi ай бел жазып алаңсыз бiр күн дем алды ма екен? Жаздың аптабы, қыстың аязында ұйқы-күлкi жоқ, мал-мал деп дедек қағып жүргенi.
Қойшының баласында балалық жоқ. Ес бiлгеннен жыбырлап шаруаның шетiнде: тамыздыққа шөмшек тередi; шыбықты ат қып мiнiп ап малды қайырады; қыста үлкендер шанаға шөп тиесе, үстiне шығып жаймалайды... Ойынының өзi еңбек. Бұл да өзiнiң сәбилiк шағын ойласа, ылғи: жайлауға қарай қой айдаған күндерi, түнгi күзетте отырғанда қалғып кетiп, қасқыр шапқанда шошып оянған сәттерi, қарлы жаңбырдың астында қоймен бiрге ыққаны... есiне түседi. Тек қой, қой! Соған қатысты нәрсе ғана көз алдына елестейдi.
Жылда шығатын жайлаулары – Қушоқының баурайы. Жерi шүйгiн. Сай-саланың қолтығын сөгiп сылдырап аққан бұлақ, қапталдай шоқ-шоқ боп өскен қалың ұшқат, жыңғыл мен шiлiк араласып бытысқан ну жыныс. Әр қырқаның басында төңкерiлген тостағандай шоқайып отырған қойшының қоңыр үйi, етек жақ ық болған соң шыбын-шiркейден қашып қағу деп әдейi биiкке тiгедi. Айналаң алақандағыдай. Малды сайға қарай құлата өргiзiп жiберсең, төменге түсiп су iшiп, қайта көтерiлгенде бүйiрi бұлтиып ыңқылдап әзер шығады. Малшы байқұс осы бiр аз күндiк жердiң отына қызығады. Әйтпесе, Қушоқының бауыры iрге көметiн қоныс емес. Ауа райы құбылмалы. Қазiр мамыражай жарқырап тұрады да лезде сонау қожыр шыңның желкесiнен тоқымдай бұлт ойнап шыға келiп сатыр-сұтыр сабалап өте шығады. Кейде бiр жауса үдеп, тәулiк бойы төпеп тұрып алады. Ол түн – тамұқ. Жаңбыр құйып, жел ұлып алай-түлей. Жер-дүние малмаңдай су. Сырт түгiлi киiз үйдiң өзi қамсау болудан қалады. Уықты бойлай ирелең қағып, жылтың-жылтың жүгiрген тамшылар. Су сiңдi болып зiл тартқан туырлық сәл ойыстанып жауын iркiлсе бiттi, сар етiп су сорғалайды. Таяқпен тамшы аққан ана жердi бiр түртiп, мына тұсты бiр нұқып әлексiң. Арқаң мұздап, алдың күйiп от басында итиiп алаңсыз отырсаң да арман не. Жүгiрiп кеп, оттың iшiне түсердей ентелеп, қол-аяғыңды қақтап сәл жан шақырған соң қайтадан далаға шығасың дiрдектеп. Бес бала екi-үштен көкесiне кезекпен көмектесiп мал қарайласады. Жаңбыр үдеп мал қайыру бермей бара жатса, бесеуi бiрдей шығады. Бастарында киген бiр-бiр қап. Ықтап, пысқырып, маңырап-шулап дүркiрей жөңкiген қойдың о шетiне – бiр, бұ шетiне бiр шығып, басқа-көзге ұрып қайырып, шыр айналып шырқырап жүргендерi. Жан-жақтан «hайт-ей, hайт!» деп қосыла айқайлап жақтары сембейдi. Әзер дегенде қаумалап апарып, жартастың қалқасына иiредi. Сiлбiреген жауынға жел қосылады ысылдап-ышқынып. Жел қатайса, күн тез айығушы едi, мұнда керiсiнше. Оңнан – бiр, солдан бiр ұйтқып соққан жел, етегi сорғалап өтiп бара жатқан бұлтты қайырып әкеп төбеңе үйiредi. Түнi бойы осы, толассыз сабалап ұрады да тұрады, ара-арасында тиген жерiн инедей осқылап сырғақ борап кетедi. Шықпаған жаның. Тiсiң тiсiңе тимей дiрдек қағасың. Жауырыныңның жiгiн қуалап құйымшағыңа құйылған мұп-мұздай тамшылар сүйегiңдi қариды. Шыдамсыз мал – ешкi. Майы тез қататын болған соң әлсiз болатын болуы керек. Небiр семiз тушаларың суыққа шыдамай бақырып-бақырып өлiп қалады. Таңертең мал өргенде қотанның ортасында төрт аяғы көктен кеп теңкиiп-теңкиiп жатқаны. Сiлiкпең шығып әбден өлдiм-талдым дегенде айығады-ау, әйтеуiр. Бықсып жанған отқа қалш-қалш етiп қақталып отырып шайлыққан зәрезеп көңiлмен киiз үйдiң есiгiнен сыртқа көз тiксең, тозақтың суретiн көрiп тұрғандай боласың: алыста қара бура бұлт аунаған аспанның етегi шақпағын жарқ-жұрқ ойнатып арқырап – күркiреп жатыр. Ызғар шашқан сұрықсыз, сұсты әлем. Мал тұяғының iзiне дейiн шұрқ-шұрқ кiлкiген су. Қазықтағы бұзау ыққа басын берiп, құйымшағы шодырайып бүрсең қағады. Бұта-қарағанның басында дар-дар жыртылып жылыстай жөңкiген ақ тұманның етегiн баса маңырап-шулаған қойдың соңына ерiп көкесi кетiп барады, әне. Қоқайып ат үстiнде отыр, сiрескен су киiмнен қозғала алмайды. Баржиған саусақтары қамшыны әзер қысады; көгiстенген ерiнi сөйлеуге келер емес. Түнiмен тыным көрген жоқ, сүйретiлiп, мiне, тағы кетiп барады. Сорлы көке! Азаптан көз ашпаған бейбақ көке! Қоқиған су-су киiмiнiң iшiнде бiр сәт өз тәнiңдi елестетсең, өзегiң қалтырайды... Сонда осы тозақтың өтеуi не? Жаны ауырып, жағдайын түсiнiп, «қойшы байқұсқа шынымен-ақ обал-ау!» деп ойлайтын бiр адам бар ма екен? Тоқты басына айына төлейтiнi 29 тиын, саулыққа – 37 тиын. Бiр үйлi жанның жарғақ құлағы жастыққа тимей азып-тозып жүрiп, айына табатыны 200-250 сом! Завод жұмысшысының жарты айлығы. Қысқы боран, жазғы аптап, күнi-түнi төпелеген жауын мен бұршақ есеп емес. Сен ауырып-сырқайсың ба, қандай күй кешудесiң – онда ешкiмнiң шатағы жоқ. Өл-тiрiл, алдыңдағы қоғам малы аман болу керек. Тышқақ тоқты шетiнесе – жауаптысың. Қашан ветеринар келiп құлағын кесiп, сирағын шауып акт жасағанша, көмiп қойған өлексенi қайта қазып алып, жұрттан-жұртқа ақ құртын сорғалатып тасып жүргенiң. Ветеринардың кейбiр құдайға қарағаны болмаса, көбi жемсауы салбыраған пәле. Қырық жерден iлiк iздеп кергидi: «Қасқыр тамақтап кеткен жоқ па?!» «Өз меншiгiң емес пе?!» Әуенi белгiлi. Алдына ыстық қуырдақ қойып, шөлмегiңдi ашып, қызара бөрiткен кезiнде әке-көке деп әлдилеп отырып оңтайын табасың. Бастықтармен ым-жымы бiр, не «бiзде, мiне, мынандай бар» деп көрсету үшiн үкiлеп отырған кейбiр қойшы болмаса, артық-ауыс жекеменшiк мал ұстауға жағдай жоқ. Қыс бойы комиссия. Тұтқиылдан сау етiп жетiп келедi де, малды маңдайға ұрып санап, артық шықса, жем-шөбi үшiн мұнша төлейсiң деп, қант-шайыңды айырып отырған айлығыңды сыпырып алады. Әдiл боп, есепшiл боп аздан жасаған үнемдерi. Кiшi қазан тоқ болса, үлкен қазан ортаймайтынын неге ойламайды? Ерi мойнына кетiп, қалт-құлт қайыршының аз-ақ алдында жүрген қойшы қаншама. Арық атқа қамшы ауыр, қарлы боранда ығып не қасқыр шауып малдан айрылып қалсаң – бiттi, мойныңа тас байлап тұңғиықтың түбiне кеттiм дей бер. Бала-шағаңа қош-қош деп, дорбаңды қолтықтап түрмеге кете барғаның, болмаса, жылу жинап жаутаңдап, өмiр бойы ағайынға қарыздар боп өткенiң.
Көкесi – қара жаяу емес, ауызға iлiгiп жүрген шопанның бiрi. Жоғарыдан өкiл, лауазымды бiреу келсе, басшылар дастарханы түзу деп осы үйге түсiредi. Жылдағы өтетiн шопандар тойында атаусыз қалып көрген емес. Қол сағат не транзистор алады, тiптi кiлем алған кездерi де болған. Грамоталары бiр төбе. Қазақ ССР-i мал шаруашылығы озаттарының «Алтын кiтабына» аты да жазылған. Облыстық газетте мақталып, суретi басылды. Ондағы көкесiн мүлде танымайсың. Көк шалғында бытырай жайылған қалың қой. Шиқалпағын шалқайта киiп, құлағына транзисторын тақап ат үстiнде қылталай қонып бiреу тұр. «Мiне, көр» дегендей, «Бесжылдық екпiндiсi» значогы, «Лениннiң туғанына 100 жыл», жеңiстiң пәленбай жылдығы т.б. байланысты алған медальдары қадалған сол жақ омырауын алға тосып, ақсия күледi. Өмiрге бек риза, бақытты адамның түрi. Көкесiнiң езу жыртып жайраңдағанын көргенi осы шығар. Жанарынан мұң арылмай, iштей әлдебiр сүлесоқ оймен арбасып жүретiн бұйығы кiсi фотографтың күл дегенiне күлкiсi келiп күлген болу керек. Неғып күлсе де, әйтеуiр, күлiп тұр. Iс бiттi. «Лениндiк идеяларды ту етiп ұстап, шындықты, тек шындықты ғана жазатын» советтiк газеттiң жарты бетiн алып жайраңдап тұрсаң, кiм сенбейдi. Сынық арба, жыртық үй, ұйқысыз азапты түндер, жүдеу иiн сәбилердiң жаудыраған көздерi, өкiнiштi, өксiктi өмiр... бәрi-бәрi – көңiлден қағыс, көзден таса. Көрген жан «паh, шiркiн, Қушоқыны жайлаған мынау Мұхаммед-Шәрiп деген шопанның өмiрi не деген рахат едi; көкорай шалғын, заңғар тау, бар бiтiретiн жұмысы – шытырадай киiнiп ап ат үстiнде радио тыңдау. Алты ай – жаз әншейiн курортта жүредi екен ғой!» дейдi. Ал «қарапайым адамдардың тiрлiк-тынысын өз көзiмен көрiп, өмiрмен етене танысу үшiн» ел аралай қалса, жүретiн көшесi жуылып-тазарып жарқырап тұратын, кiрген дүкенiнiң жаймасы затқа толып жайнап тұратын сонау жоғарыдағы жарты құдайлардың алда-жалда бұл суретке көзi түссе, «мiне, бiз қазақстандық шопандардың басына пейiш күнiн орнатып отырмыз» деп марқаяры сөзсiз. Қойшының жан айқайы олардың құлағына жетпейдi. Өйткенi олардың құлағы «бәрi тамаша!», «жүз проценттен асыра орындап қиратып жатырмыз» деген ылғи бiр ұранды, жағымды мәлiметтердi естуге арналған; көзi тек жайнаған жетiстiктердi көруге ғана дағдыланған.
Көкесi екi жыл бұрын осы науқасқа шалдықты. Ол кезде бұл әскерде жүрген. «Құдайдың жазғаны болар, көңiлiн босқа алаңдатпайық» деп хабарламапты, Қайтып келгенде бiр-ақ бiлдi. Күзге салым бiр күнi малды қотанға иiрiп, кешкi шайларын ендi алдарына ала бергенде, сап-сау отырған кiсi аузы бiр жағына қисайып, көзi алайып топ боп домалап түсiптi. Сол жағынан сал соққан. Айдаладағы жалғыз қос қараңғы түндi күңiрентiп ұлардай шулайды. Тез ес жиған апасы балалардың бiрiн атқа мiнгiзiп, аудан орталығына шаптырады. Таң ата «жедел жәрдем» келiп, жанын алып қалыпты. Арыстай азаматтың сұлап жатқанында iсi жоқ, басшылардың уайымы – «малды кiмге бақтырамыз» болыпты. Бiр айға дейiн не қойын алмай, не жәрдемге кiсi жiбермей, ауру баққан жалғыз әйел, жас бала әбден итырықтайды. Қар бiр жауғанша киiз үймен далада отырады. Жылдағы қыстап жүрген үйдi малды алған адамға берген. Жекеменшiк тамдары жоқ. Ұшарын жел, қонарын сай бiлiп, жазда жайлауға шығып, қыста совхоздың дайын қыстауына кiрiп, бейғам жүрген байқұстар аяқ астынан бұлай болар деп ойлап па. Ақыры қысылған соң қыр басындағы иен қалған ескi үйге кiрген. Бiр кездегi арық-тұрақ, ауру қойды бағатын баз. Бастықтардың бар көмектескенi – есiк-терезе орнатып, пеш салдырып, қора-қопсының төбесiн жаптырып бердi, онысына да шүкiр. Содан берi ылдалдап осында отыр. Үкiметке мал ғана керек екен, қой бағудан қалған соң, қара бақырға татымас қадырсыз боп, мiне, айдалада ұлып қалды. Грамота, медаль... бәрi көз алдау. Баланы алдарқатып қолына ұстатқан ойыншық. Адамды шын қастерлеп, ардақтаудың белгiсi болса, қайда соның пәрменi. Ойбай, бiздiң пәленбай медаль мен грамота алған шопанымыз осындай күйге душар боп қалыпты, жағдай жасайық деп неге құрақ ұшпайды! Мұрыны пысылдап малын бағып, тракторын айдап жүре берсiн деп арқадан қағып алдап қоюдың әдiсi.
2 Әзиз-Сұлтан мал қораға келдi. Тұтқасына аша тiреп, шалқайтып қойған есiктiң үңiрейген қисық аузынан шыңылтыр ауаға шым-шым жайылып ақшылтым бу жыбыр-жыбыр шiлтер төгiп тұр. Әр жер-әр жерiне бие емшектенiп мұз қатып, ақ қылшықтанған қамыс маңдайшада болмашы жылуды сағалап үрпиiсiп-үрпиiсiп қаз-қатар тiзiлген торғайлар бұл жақындай бергенде пыр етiп бытырай шашылды. Әлде бiреуiнiң бауырынан үзiлiп түскен жалғыз тал қауырсын қалықтап кеп тiк шаншылып жерге қонды: ауада жел жоқ, тымырсық аяз. Iштен:
– Өй, қарасан келгiр, мұқыр ит, өңмеңдеп өлiп барасың ба, мүйiзiңдi қағып алайын ба осы қара қаныңды шығарып! – деген Ережептiң бе, Ескендiрдiң бе – бiреуiнiң үлкен кiсi құсап тiстенген шақар дауысы естiлдi.
– Иттiң малының қарашы кесiрiн, алдындағы шөптi дұрыстап жемей, басын сiлкiп жерге шашады!..
Екi кенже iнiсi егiз. Түрi де, үнi де бiрдей, жөпелдемде айыру қиын. Екеуi де шыдамсыз, бақырауық. Түртiп қалсаң, баж ете түсуге даяр. Көкесi: «Е, бұлар бақырауық болмай қайтсiн, кiшкентайынан емгенi ешкi болса!» дейтiн кейде қалжыңдап. Бәлки, сол сөздiң жаны бар шығар. Бұлар туған соң бiр айға жетер-жетпесте апасы аяқ асты ұшынды ма, қатты ауырып, сүтi қайтып кеткен. Лағы өлiп қалған қанжар мүйiз, бөрте ешкiнiң сүтiн берiп асыраған. Емiздiк болмай қалғанда ешкiнi жығып қойып емшегiн емiзiп алатын. Келе-келе ешкiнiң де етi үйренiп кеттi, түк жатырқамайды. Бұларды көрсе, маңырап өзi жантая кететiн. Бертiн, төрт-бес жасқа келгенше бөрте ешкiнi емiп жүрдi, жығып салып, лағымен таласып екеуi екi емшегiн солпылдатып жатқаны. Кейiн қартайып, қысыр қалған жылы сол бөрте ешкiнi сойғанда, екеуiнiң азан-қазан өкiрiп жылағаны есiнде.
Босағадан сыбдырсыз сығалаған бұны байқаған жоқ. Айырдың сабының ұшымен сиырды маңдайдан нұқып нықырта шәңкiлдеп жатқан Ескендiр екен. Басжiбiн кере жасқаншақтап басын кекжиткен мұқыр мүйiз құнажын көзi алайып жыпық-жыпық етедi. Бейшара хайуанның түрiн көрiп аяп кеттi бiлем, оттықтан шыққан сағдарды малдың астына жаймалап жүрген Ережеп көзiне түскен қолқылдақ қара құлақшынды бiлегiмен бiр көтерiп қойып, ызалана шаңқ еттi.
– Әй, әкең... қойсаңшы ұра бермей! Сауын малын таяқтауға болмайды – сүтi қайтып кетедi!
– Қайта берсiн.
– Ертең суалып кетсе, сiдiгiңдi iшесiң бе!
Ылғи қажып, ашынып жүрiп ащы сөйлейтiн үлкендердiң арасында үлкендерше сөйлеп үйренiп кеткен бейпiл ауыз мұндар ендi кiшкене аялдаса, мұнан да зорын қойып қалатындай қауiптенiп, Әзиз-Сұлтан жалма-жан жөткiрiнген. Екеуi бiрдей жалт қарасты. Айыл жияр Ескендiр жоқ бiрақ. Қап, ағамның көзiнше ерсi бiрдеңе айтып қойдым-ау деп титтей де ыңғайсызданар емес. Түк болмағандай ұрты қомпылдап, шағына сөйледi:
– Әза, мынаған айтсам ұқпайды. Пұшық неме... – деп келе жатыр едi, Ережеп:
– Оттама, өзiң пұшықсың! Жетiсiп тұрғандай, қарашы, басыңды қақ айырайын ба осы! – деп айырын ала ұмтылды. Араға бұл килiкпегенде салып жiберуден тайынбайтын түрi бар, ұялас күшiк бiр-бiрiн таламайтыны қайда, әлде қастарында ағасы тұрған соң арқаланып, ұруға жiбермесiн бiлiп көрсеткен қоқаң-лоққы, сесi ме?
– Доғар! – дедi зiлдене зекiп. – Мына түрлерiңмен бiр-бiрiңдi өлтiресiңдер ғой. Мен болмасам, шынымен төбелесесiңдер ме?
– Тiлiн сумаңдатқанын қойсын! – дедi Ескендiр шолақ танауын әуелете бiр тартып. Сөйттi де, оттықтың астын үңги ауыз толтыра асаған күйi басты бiр сiлкiп, шөптi шаша-маша күйсеңдеген қоңыр құнажынды сауырдан айырмен қайқаң еткiзiп салып қалды.
– Сенен-ақ көрдiм-ау, иттiң малы!..
Ережеп, сол-ақ екен, дәл өзiн қойып жiбергендей баж ете түстi:
– Мiне, көрдiңiз бе... Малды түк аямайды! Ылғи өстiп ұрады.
– Жазығы болса, неге ұрмайды екем?
– Бәрiбiр обал емес пе! Солай ғой, ә? – дедi Ережеп, төрелiгiн айтшы дегендей ағасына жалтаңдап.
– Әрине, обал болады.
– Ендеше, неге сояды? Неге етiн жейсiңдер?
Тақылдаған тақуа немеге қалай түсiндiрерiн бiлмей:
– Ол – басқа әңгiме, – дедi Әзиз-Сұлтан тосылып барып.
– Етiн жеп, сүтiн iшiп отырған малды дұрыстап күту керек! – дедi Ережеп, иегiнде кемiнде жарты қарыс сақал өсiп тұрған шалдай мақамдап. Ескендiр кеңсiрiгi жарылардай сыңар танаулап бiр осқырынып алды да:
– Мынау ма дұрыстап баққаның?!! – деп қолындағы айырмен қоңыр құнажынның саталақ-саталақ жамбасын нұқыды. – Жататын жерi шылқыған су!
Әзиз-Сұлтан жаңа байқады, расында, құнажынның да, көзiн тарс жұмып бүрiсе күйсеп тұрған шаңырақ мүйiз қоңыр сиырдың да тек жамбасы емес, екi бүйiрi мен бауыры әукесiне дейiн тұтаса сауыс-сауыс саталақ. Шалшыққа аунап тұрғандай.
– Е, бұл қарасандардың бiр жерiне тығын боламыз ба ендi! – дедi Ережеп, жоқты шатиды екенсiң сен де дегендей қабағын шытып, – Астын күнде тазалаймыз ғой қырып отырып!..
– Тазалағаннан не пайда. Қазiр құрғатсаң – қазiр көл. Шылқыған судың үстiне жата-жата қуықтарына суық тиiп әбден шыжың болған.
«Оған менiң кiнәм не?» дегендей Ережеп иығын көтердi.
– Менен ұрланып күнде шелек-шелек су бересiң жаның ашып. Етке өткiзетiндей қарынын басынан асырып шермитiп қоясың. Сарылдатады да тұрады. Қысты күнi асты жылы, құрғақ болса, сиыр малы суыққа бел алдырмайды деп көкем талай айтты емес пе. Суда жатқан малдың iш майы қатып, тез жүдейдi. Басын жемге тығып қойсаң да оңалмайды. Қанша рет қақсадым саған күн ара суғарайық деп. Жылтың-жылтың етiп болмайсың. Ақылсыз iстеген достық қастықтан бетер деген осы.
Арыны басылып қалған Ережеп жіліктің майын сорғандай қорқ еткiзiп мұрнын бiр тартты:
– Су бермесең, сүт шықпайды ғой.
– Неге шықпайды, шығады. Аз болғанмен қою, маңызды... Әнеукүнi Қызылтуға барғанда Жақып атамның мал қорасын көрдiң емес пе. Сиырлары жұнттай, үстерiнде қылау жоқ. Оттығын байқадың ба, сағдар қалдырмай жеп қояды.
– Онысы қалай? – дедi Ережеп аузын ашып.
– Жақып атамнан сұрап ем, жазда пiшен маялағанда әр қатпарына тұз сеуiп отырады екен. Жаңбырдың суы өтiп әбден тұз сiңдi боп сүрленген шөп мейiздей боп қалады.
– Апырай, ә, қандай қу?
– Күпi киген жаман шал деп менсiнбейсiң, бәрiн бiледi олар. Сиырларын екi күнде бiр рет суғарады екен, оның өзiн де жарты-ақ шелектен бередi...
Мiне, сөздерiне қарасаң, үп-үлкен кiсi. Бұларда не балалық бар? Не ойнап, не күлудi бiлмейдi. Таңның атысы, күннiң батысы, бiтпейтiн, түгемейтiн сырп-сырп жұмыс. Сәбилiк сезiм-түйсiктен ада, көкiректерi қартайған. Он бiр жасар шал. Жандүниесiндегi балалықты қарабайыр, қатыгез тiрлiктiң зiлмауыр салмағы таптап өлтiрiп жатыр. Қалжыраған тән, қажыған көңiлде қайдағы шарықтаған ой, қанатты қиял; олар үшiн дүниенiң мән-мағнасы көз алдарындағы мал-жан; қора-қопсының айналасымен шектелген. Бүгiн де, ертең де, одан арғы күн де... iстейтiндерi бiр-ақ тiрлiк, ойлайтындары бiр-ақ ой. Аузымызды аққа тигiзiп, таңдайымызға талшық етiп отырған азын-аулақ мал-жанымыз күйлi, аман болса екен дейдi. «Ертең боран болмаса екен – есiктiң алдын күреп әлекке түспейтiн. Қыс жайлы болса екен – мал күйзелмейтiн...» Келер күн, атар таңнан бар тiлейтiндерi осы.
Екеуi биыл бесiншi класта оқып жүр. Оқиды деген аты, бiр күн барса, екі күн бармайды. «Безгелi тұрған қоянға, «әйт» деген соң не жорық», көкелерi ауырып, «сабақтарыңнан қалмаңдар» деп қақсап отыратын ешкiм болмаған соң, сыныққа сылтау табылып, тiптен босаңсып алды. Бүгiн де, мiне, өздерiне өздерi демалыс жариялап, сабақты жылы жауып қойды. Сартылдаған сары аязда алты шақырым жерге дiрдек қағып жаяу барып-келу, әрине, оңай емес. Оның үстiне, үйдiң күйбiң тiрлiгi түп-түгелiмен солардың мойнында. Отын бұтап, құдықтан су тасудан бастап қорадағы малды жайлауға дейiнгi қарайған жұмыс олардың келуiн күтiп қаңтарылып тұрады. «Бiр қолымда – күрегiм, бiр қолымда – дәптерiм...» дейтiн советтiк шәкiрттiң нағыз образы, тақпақтағы пионердiң өмiрдегi көшiрмесi. Бiрақ бұлардың екi қолында да күрек. Дәптер ұстауға мұрсаттары жоқ, құлықтары да шамалы.
– Сабақтарың қалай? – Қалай екенiн бiлiп тұрса да, жорта сұраған Әзиз-Сұлтан. Екi бала «не деймiз» дегендей, қабақ астынан бiр-бiрiне қарап, етiктерiнiң тұмсығымен жер тепкiледi. Үнсiз. Бағанадан бергi айдын, ажар жоқ. Осал, абыройсыз бiр iстерi әшкере болатындай жасып, жуасып қалды.
– Бiрiншi тоқсанды қалай аяқтадыңдар? Үштiктерiң бар ма?
– Түгел «үш!» – дедi Ескендiр, «үш» те болса – күш дегендей мақтанышты дауыспен танауын таңқита бiр тартып.
– Еh-hе! – Ережеп көзiн алайтып наразылық бiлдiр-дi. – Менiң пизкантурадан «бесiм» бар!
– Ой-ой, пизкултурадан «бес» деген немене? Немiс тiлiнен «екi» боп қала жаздап әзер «үш» қойған жоқ па! Текстi қалай оқитынын айтайын ба?!! – деп, айтпас бұрын өз-өзiнен мәз болып тырқылдап күлiп алды.
– Кетшi-ей, әкең... өзiң оңып тұрғандай! – дедi Ережеп қызынып. – Әнеукүнi есеп шығара алмай сүмiрейiп тұрғаныңда, Жамал апай указкамен басыңа перiп қалғаны қайда: «мынаның iшiндегi ой емес, маңырап тұрған қой!» деп.
– Шатпасыншы, қой болса несi бар екен... – дедi терiс қарап күңкiлдеп.
– «Қазақ тiлiнен» мықтысыңдар ма?
«Е, оны бiлемiз ғой» дегендей көздерi жылтың ете түстi.
– «Көсемсөз» деген не?
– «Көсемсөз» бе? Ондайды өткемiз жоқ! – дедi Ережеп жаңа естiп тұрғандай таңырқап.
– Неге өткен жоқсыңдар, өттiңдер!
– «Көсемсөз» деген сөйлемнiң алдында айтылатын, бастаушы сөз шығар, – дедi Ескендiр бiлгiшсiнiп, – Жайлауға шығарда қойдың алдына серкеден көсем сап айдайды емес пе, сол сияқты...
– Сөзiң бар болсын!.. Не оқып жүрсiңдер өзi. Ал ендi, ортақ бөлгiш деген не?
Тағы да күмiлжiп төмен қарады.
– Бiз жоқта өткен бiрдеңе шығар... – дедi Ережеп етiгiнiң тұмсығымен жер шұқыған күйi.
Мiне, қара шаруаның қыр-сырына үлкен кiсiден бетер жетiк, майға салған пышақтай жылып тұрған екi баланың оқуға келгенде жүзi төменшiк. Жалы жығылып, өз-өзiнен жасып мүсәпiр боп қалады. Бiр өткел бермес жойқын тасқын алдарынан кес-кестегендей дәрменсiздiк билейдi бойларын. Ауыл балаларының көпшiлiгiнiң басындағы хал осы. Бiлiмдерi шала, дүмбiлез. Қолы боқтан, арқасы қаптан босамай жүрiп, екi шоқып, бiр қарап оқыған оқу – қай бiр оқу. Сабақтан келе сала бiлектi сыбанып күрекке жармасады. Кешке таман әбден сiлесi қатып кеп мүлгiп-шұлғып отырып кiтап бетiн ашса – ашты, әйтпесе ол да жоқ. Әйтеуiр сүйретiлiп мектепке барып жүргенi есеп. Мұғалiм апай-ағайлар да олардың жағдайын «түсiнгiш». Көп қинамайды. Азар болса, ұрсып-ұрсып, тоқсан аяғында бәрi бiр «үш» қояды. Өйтпеске, амалы қайсы, айналайын жоғарғы жақтың «жүз проценттiк үлгiрiм» деген нұсқауы бар, неге оқытпайсың деп екi аяғын бiр етiкке тықсын. Ал ұзақты күн түсiнбегенiн түсiндiрiп, бұлармен ырғасып отыруға мұғалiм байқұста мұрсат қайда, ол да бiр көгi бiр көгiне iлiнiп, шықпа, жаным, шықпамен жүрген адам, мөлшерлi сабағының өзiн өткiзiп болғанша үйдегi мал-жаным не боп қалды екен деп ине ұшында қылпылдап тұрғаны. Балаға не керек, өмiрдiң мән-мағнасын көз алдындағысымен ғана шектейдi: бүгiн қарыны тойса, бүгiнгi күнi уайымсыз өтсе – бiттi, таңғы нәсiп – тәңiрден, болашақты ойлап бас қатырмайды. Жауын-жауынның арасымен әупiрiм деп жүрiп кластан класқа көшкенге мәз. Ақыры, сол бiр қайнауы iшiнде шикi, дүмше қалыппен мектеп бiтiредi. Сапар жолын кес-кестеп өтпесiне қоймас буырқанған асау дарияның жағасында жүзу бiлмейтiн адамдай есi кетiп аңырып тұрғаны.
Қатырма қағазды қалтаға салып ап, қиялы қырық саққа жүгiрiп «ендi не iстеймiн?» деп қыр басында селтиiп тұрған аңғал балаға «мұнда келсең, пейiштiң төрiне топ ете қаласың, кел, кел!» деп қол бұлғап құда түсушiлер көп. «Жүр, тамақ тегiн, жатақ тегiн, жарты-ақ жыл оқып бесаспап механизатор боп шыға келесiң, не қошқар емдейтiн санитар боласың – кел бiзге!» деп шаужайыңа жабысқан СПТУ анау. Комсомол – жастар бригадаларының алауы тiптен аспанға шалықтайды: «бiздiң «Жалынға» кел. Күнде кешке кино, апта сайын монша. Көңiлдi демалуға барлық жағдай жасалынған!» «Жоқ, бiздiң «Шаттыққа» кел. Екi жылдан кейiн жоғарғы оқу орнына жолдама бередi!..» Бас айналады, көз қарауытады. Ең аңғалдар мен шарасыздар, «бәрiнен қой жайып, көтен жеген озар» деген қазекеңнiң көрбiлте мақалын малданып өскен үйкүшiк жiгерсiздер қолқ ете қалады. «Балта шапқанша, жаңғырық жол табады», екi жылға дейiн кiм бар, кiм жоқ. Қожанасыр айтпақшы, «не мен өлемiн, не хан өледi, не есек өледiнiң» керi емес пе. Әйтеуiр уәдемен алдарқату мiндет қой, әйтпесе, директор, бухгалтерлердiң бала-шаға, үрiм-бұтағы тұрғанда қойшы-қолаңға жолдама тиюшi ме едi. Оның үстiне, «екi күн қой баққаннан ақыл сұрама» деп қазекем тегiн айтқан ба. Екi жылдан соң не жорық, шығыр тартқан түйедей басың айналып мәңгiрiп қалғаның. Бақайыңды тигiзсең, кеңiрдегiңе дейiн батырып тартып әкететiн оппа жылым бұл. Шығам деп бұлқынғаның бос әурешiлiк. Ақыры былығып жүрiп бiр-бiрiмен үйленедi, балалы болады. Сөйтiп, бiр кездегi бала көкiректегi арман-қиял бықси-бықси сөнiп бiтедi.
Ал сытылып қармаққа iлiнбей кеткендер кеудесiн сүйреп қалаға тартады. Әке-шешемiз көрген азапты бiз көрмейiк, оқып адам болсақ екен деген жалғыз-ақ тiлек алдағы бұлыңғыр үмiт дүниесiне жетектеген. Дүрдиiп келгенмен емтиханды орысша алатын, көбiнекей қала балалары баратын экономикалық, техникалық беделдi оқуларға тiстерi батпайды. Тамыр-танысты сағалаған қолы ұзындау iлу де бiреулер пара берiп университетке не мединститутқа түседi. Қалған пақырлардың барар «Балқан тауы» белгiлi. Зоовет пен ауылшаруашылығы институты, одан қалды, кiрпiш шығаратын завод сияқты, облыс сайын балалап жатқан пединститут бар. Қыздарға құдай берген ЖенПИ дайын. Емтихан қазақша, конкурс аз. Рахат! Қанына тартпағанның қары сынсын, қанша айтқанмен өздерi де кешегi ауылдан шыққан қарасирақтар емес пе, айналайын мұғалiмдер көзiң алайып, тiрсегiң дiрiлдей бастаса түсiне қояды. «Жасқанба, тоқтамай сөйлей бер» дейдi. Ара-арасында қасындағы сары шашты әрiптесiне бiрдеңе деп шамасы, тамаша жауап берiп жатыр дейтiн болу керек басын шұлғытып алып, қалам ұшынан сүйеп жiбередi. Бiр көзiнен жас, бiр көзiнен қан ағып жүрiп зордың күшiмен әзер iлiккенi ойында жоқ, ақсақ иттiң көңiлi әудем жерде, бiраздан соң «ой, құдай, мұғалiм болам ба сонда!» деп қоңылтақсып мұрынын шүйiре бастайды. Ауылдағы өздерiн оқытқан ағай-апайларының қарабайыр, жадау тiрлiгiн көз алдарына елестетедi. Экономист, кибернетик, прокурор т.б. болсам деген сәулелi арманмен салыстырғанда мүлдем қораш. Оқиын десе ықылас жоқ, тастайын десе оған да зар боп қалары белгiлi. Шөре-шөре. Сүймейтiн адамына ерiксiз қосылып итiс-тартыс тiрлiк кешкен бейбақтай дел-сал бiр хал. Өзi шалағай бiлiмге ықылассыз жарты көңiл қосылған соң не жорық. Диплом құшақтаған дүмше боп шығады. Одан дәрiс алған шәкiрт қайдан оңсын. Ол – одан да өткен дүбәра. Шала мұғалiм – шалағай шәкiрт. Жалғаса беретiн тiзбектi реакция. Содан келiп: «қазақ мектептерiндегi бiлiм сапасы нашар, дұрыстап оқыта алмайды. Асылы, баланы қазақша оқытып бекер!..» деген мысық мияу әңгiме мүңкидi. Кейде тiптi: «оқытуда тұрған дәнеңе жоқ. Бәлкiм қазақтың өзiнiң ой-қабiлетi төмен шығар, қанша айтқанмен кешегi жабайылар емес пе» деп у жыланның басын қақшаңдатып қоятындар да табылады.
«Көрмегенiм ауыл болсын» деп артына топырақ шашып, бейнетi мол жабырқау тiрлiктен қашып қалаға келгенде қыр баласының пейiшке күмп ете қалары шамалы. Өгей орта, қырық қатпар жұмбақ дүние. Қайда барса өзiнiң шалағай түсiнiгi, шала бiлiмi шығады алдынан көлденеңдеп. Сөйлейтiн жерде – тiлi мүкiс, iстейтiн жерде – қолы бүкiш. Көретiнi ылғи қағажу, шет қақпай. Ешкiм бармайтын, айлығы аз, денсаулыққа зиянды, ең ауыр жұмыстарды солар iстейдi. Завод, фабрика, құрылыс комбинаттарындағы улы, зиянды цехтарда алты айрығынан тер кетiп айғыз-айғыз боп жүрген кiмдер? Ауылдан келгендер. Ауруханаларда сырқаттың дәретiн алып, әжетхана тазалап көкiрегi шер боп жасып жүрген кiм? Ауылдың бойжеткенi. Бiр үйдiң әлпештеп өсiрген аяулысы. Басқалай жұмысқа орналасу үшiн прописка керек, бiлiм керек, тамыр-таныстық керек. Үй жоқ, күй жоқ. Жiпсiз байланасың. Қыңқ етсең, қандала сасыған жатақхананың бұрышынан қуып шығады бөстегiңдi арқалатып. Әйтеуiр, бiрдеңесi болар деген бұлыңғыр үмiтпен күндер өте бередi. Қажиды, түңiлiп күйрейдi. Араққа салынады. Адал еңбекпен үшпаққа шықпасын бiлген соң ұрлық-қарлық қылып, не неше түрлi қылмысқа барып азып-тозып жатқандар қаншама. Мың жерден кiрiгiп, қан-жыным араласты дегенмен одырайып, қалалық құрбы-құрдастарынан бөгенайы бөлектенiп тұрады. Олардың жанында өзiн қор тұтып, кемсiну сезiмi бойынан арылмақ емес. Айтты-айтпады, жылдар бойғы қыжыл көкiрегiнде қордаланып, кекпен булыққан ызалы ұрпақ өсiп келедi. Әбден ашынып ширыққан. Қуғыншыдан құтылмасын сезген сәтте жалт қайырылып азуы ақсиып қарсы атылатын көкбөрi секiлдi ештеңеден тайынбас өр де өжет. Қай күнi жанартаудай бұрқ етiп атыларын кiм бiлсiн...
Әзиз-Сұлтан кiшкентай бауырларына елжiрей қарады. Мойындары қылқиған аянышты түрлерiн көрiп, жанарына жас iркiлдi. Сиырдың жапасы үйiлген үлкен темiр легендi бiрi сүйреп, бiрi артынан айырмен итерiп орнынан жылжыта алмай мықшыңдап әлек. Табаны балшыққа батқан шылапшын оңайшылықпен қозғалар емес.
– Кәне, берi әкел! – деп бұл қол созып едi, ағасының алдында осалдық көрсетуге намыстанды ма, Ескендiр:
– Жоқ, өзiм... – дедi мықшыңдаған күйi. – Үстiңiз былғанады.
Әзиз-Сұлтан үндеген жоқ, баланың иығындағы жiптi алып, ұшынан орай ұстап тартып едi, әл беретiн емес. Алақанына түкiрiп алды да қос қолдап жұлқи тартқан. Шығырға байланған жерi қажалған ба, әлде шiрiп тұр ма, кендiр жiп шорт үзiлiп, екпiнiмен жер сүзе жалп ете түскенi. Екi қу құдайы жасап мәз-мәйрәм. Үп-үлкен кiсiнiң аяқ-қолы серейiп құлап жатқаны қызық көрiнiп сақылдап күледi. Шынашақ шошайтсаң, сықылықтайтын сәбиге тән риясыз күлкi. Елтең-селтеңнен аулақ, шаруа мiнез, есейген естi қалыптан лезде балалыққа ауысыпты. Алып-ұшқан сәби жүрек шаттансам, қуансам деп тұр. Әзиз-Сұлтан орнынан тұруға асықпады. Екi баланың осынау шақпақ отындай жылт еткен алаңсыз, бақытты сәтi ұзара түссе екен деп тiледi. Еш жерi ауырмаса да ыңырсып, созалаңдай көтерiлiп:
– Түу, оңбай құладым ғой, басым боққа кiрiп кеткеннен аман ба өзi? – деп бет-аузын сипалап едi, анау екеуi одан бетер шиқылдап iшiн бассын.
Қос сәбидiң көзiне қараған сайын жасып, жабығып, олардың осынау халiне өзiн де кiнәлi санап, дәрменсiздiгiне күйiнген Әзиз-Сұлтан осы бiр ебдегейсiз ерсi қылығымен бауырларының сәл де болса көңiлiн аулап, қуантып-жадыратқанға iштей жеңiлейiп қалды.
Қора iшiн жайғап болған соң, тағы да не бар – не жоқ дегендей, айналаны шаруақор көзбен бiр шолып шықты: Есiк алды күрелген; қи мен көмiр жеткiлiктi екен. Тек қора iргесiне жапсыра үйiлген шөптiң қарасы қораш, мықтап тиеген бiр арбаның мөлшерi ғана, оның өзiн де астын бұзау сиятындай шотағашпен кеуектеп үңгiп тастапты. Екi бала күн ара сонау қара тұмсықтың қалтарысындағы совхоздың маясынан ертелi-кеш жымқырып әкеп ылдалдап жүр. Әйтпесе, шөмиген шөмеленiң осы күнге дейiн қылтанағы қалар ма едi.
Күннiң сұры жаман. Тымырсық. Алай-түлей ақ түтек боран соғар алдында өстiп iшiн тартып тымырая қалатын әдетi. Бiр шана шөп болса да ашық күнде әкеп бергенi сеп қой. Қорамен жапсарлас, айналасы қамыспен далдаланған лапастың есiгiн ашып едi, ұзын құйрық күрең бие танауын делдитiп оқыранды. Оттығы тақырланып қалыпты. Жем бередi деп дәметтi ме, тықыршып дүр сiлкiнгенде үстiндегi қырау ұшқындап, айнала бiр дем ақ түтек болып кеттi. Үрпиген жүнi болмаса, ыңыршағы шыққан арық. Бүйiрi қабысқан. Ала жаз күндiз арқасы ерден босамай, түнде арқанмен от қайырған малда қайбiр күй болсын. Айғырдан да шықпай қалған-ау, шамасы. Өкшелеп жеткен екi ұл ойын оқып қойғандай:
– Биыл бiз үшiн қырсық жыл болды! – дедi Ескендiр апасының дауысына салып. – Бие мен сиыр қысыр қалды. Жемдеп отырған тайыншамыз қазыққа құлап, арам өлдi. Көкемнiң жағдайы анау...
– Қара iсек семiрген соң сойып, садақа беремiз, – дедi Ережеп, кемi алпысқа келген адамдай дауысын мақамдап. – Бар пәле-hала сонымен кетсiн!
Шана жегiп үшеуi жолға шықты. Беттерi – қара тұмсықтың қолтығындағы үлкен мая. Совхоздiкi деген бұлар үшiн ешкiмдiкi емес не бәрiмiздiкi деген сияқты бұлыңғыр ұғыммен үндес келедi. Сондықтан оны алу ұрлық сияқты боп көрiнбейдi. Талтүсте маядан шөп-сабан тиеп әкетуге, иен тұрған қыстаудың есiк-терезесiн жұлып алуға беттерi онша шiмiркене бермейдi. Екi орта, төте тартсаң, әудем жер ғана. Әйтсе де бастықтардың кейде «алсаң да көрсетпей алмайсың ба!» деп ұялтатыны бар ғой. Ұры мынау деп бұлтартпай жетелеп әкелетiн iздерi қар үстiнде сайрап жатса, «ал қайтесiң, алдым!» дегендей бетбақтық болмай ма. Станцияға баратын күре жолмен жүрiп отырып қаратұмсықтың дәл өкпе тұсынан бұрылу керек. Айналма болса да әлегi аз, қаңғып жүрген қорықшы үстiңнен түспесе, көз жаздырып кетуге ыңғайлы. Станцияның жылмаңтөс жымысқылары кеш қараңғысымен жырымдап тасып, мая мен екi араны айдау жол ғып тастаған. Сiрестiрiп тиеп ал да сүрлеумен сырғып отырып күре жолға жеткен соң, берi қарай бұлт ете түссең – бiттi, құмға сiңген судай жоғаласың. Жалаң – станциялықтарға қалады, қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан, солар алды деп ойлайды.
Жол тақтақ, шананың табаны май жаққандай сырғып тұр. Бiрақ борпы аяқ күрең биенiң жүрiсi өнер емес. Бишiкпен шықпыртып-шықпыртып жiберсең ғана құйрығын шипiң еткiзiп, қорқ-қорқ желген болады да, сәлден кейiн қайтадан есек митыңға көшедi. Байқайды, бұның бишiктi үстi-үстiне сiлтеп, делбенi жұлқылай қаққан мазасыз қимылы екi балаға ұнамай отыр. Күрең бие қиналды-ау деп аяп келедi.
Көк аспанның етегiн өртеп алаулаған күн айыр таудың өркешiне өрмелеп жаңа ғана көтерiлген. Қардың үстiне қиғаштай құлаған ұзынтұра арбиған көлеңкелерi қатарласа бүлк-бүлк желедi. Аяз буған ауадағы таңғы тұман шаңытып көкжиекте кiлкидi. Жылт етiп сығалаған күн көзiнен айнаның сынығындай ыршып түскен жарық тау мен тасқа соғылып секiрiп-ойнап, қар бетiмен сырғанап-тайғанаған күйi күл-парша сынып-шашырап, бүкiл алқапты лезде таң шапағына бөледi. Қарлы дала алтынның буына шомылды. Таңғы ауаны тiтiрентiп паравоз боздады. Өзi көрiнбейдi. Оң қапталдағы мұқыр жотаның қалқасынан будақ-будақ көтерiлген қара түтiн лекiлдей жөңкiп аспанды шимайлап барады. Табан астын солқылдатқан қуатты дүрсiл бiрте-бiрте алыстап өштi де сәлден кейiн айналаны тек шананың бiр қалыпты сырылы мен күрең биенiң анда-санда пысқырған дыбысы жайлады. Сәбидiң ұйқысындай уылжыған тыныштық. Таң шапағына бөгiп күлiм қаққан нұрлы дүние. Көкiрегiң сыңғырлап, ән айтқың келедi; кең даланы басыңа көтерiп асыр салсам ба дейсiң. Құйқылжып, шарықтаған көңiлiң тежеуге көнер емес.
– Е-е-еh-ей! – Әзиз-Сұлтан елеурей айғайлап делбенi қағып-қағып жiбердi. Үн-түнсiз екi шетте қисайып жатқан екi бала шана оқыс жұлқынып жүйтки жөнелгенде құлап қала жаздап, әупiрiммен қайта түзелiп отырды. Қап секiлдi арпа толтырып сүйей салған. Бiтеу. Осынау жанды-жансыздың бәрiн жадыратқан қайырлы, шапағатты таңға елiтiп, елжiреу жоқ жүздерiнде. Селт етер емес. Отын-су, шөп-шалам... – қарабайыр тiрлiктiң күлдi-бадам көр-жерi ой-санасын нығарлап тастаған. Бұның үстi-үстiне бишiк үйiрiп күрең биенi орынсыз қинап келе жатқанын жақтырмай тыржиып, шананың қанатында шоқиып отырған Ережептi итерiп қалған – күйкi тiрлiктiң қара шанасынан – ақ қарға, балалықтың кiршiксiз аңсар әлемiне итерiп түсiрдi. Күмп етiп күпсек қарға құлаған бала аяқ-қолы тыпырлап орнынан тұрам дегенше шана арқан бойы ұзап кеткен. Өз қылығына өзi мәз Әзиз-Сұлтан аттың басын тартты.
– Сен неге мыржиып отырсың! – деп сырма-шапанның жағасына иегiн тығып бүрiскен Ескендiрдi де лақтырып жiбердi. Өзi қос мықынын таянып, бiр түрлi желiкпе, ойнақы күймен ақсиып тұр.
– Кәне, жабыл! – дедi аспан астын сиқырлы, тентек айғайға толтырып. – Алысамыз, айқасамыз. Кiм күштi екенiн көрейiк!
Бiр сәтке болса да бауырларының үстiндегi кәрiлiктiң жапырайған шапанын сыпырып тастамақ. Мынау әппақ қарға көкiректерiндегi шаң-тозаңды қағып алмақ болған. Арманнан шыққанша алысып, асыр сап ойнап, кең дүниенi алаңсыз сәби күлкiнiң сыңғырына толтырғысы келiп едi. Қиқуына, бiрақ, қызынып, қызыл тазы қосқан ешкiм жоқ. Сақылдаған күлкiсi қоңыраулап, арсалаңдап келiп алыса кетер деген үмiтi адыра. Үстерiн қаққыштап, ағаларының есуас қылығына ренiштi қалыппен томсырайып берi аяңдады. Таяй бергенде шанадан ырғып түстi де елiре айғайлап, қарды көсiп-көсiп екеуiне қарай алма-кезек бората бастап едi, қорғалақтап жасқанғандары болмаса, бедiрейген беттерi бүлк етер емес. «Япыр-ау, аяқ астынан мына кiсiге не болған, есi дұрыс па!» дегендей аса бiр таңданыспен, кексе адамның үңiрейген көзiмен үдiрейiп қарады бұның бетiне.
– Өй, шал!.. – Әзиз-Сұлтан қолындағы жентектелген қарды жерге лақтырып жiбердi.
Ел алып әбден үңгiп тастаған маяның қуысына шананың артын тiреп қойып, шөп тиеуге кiрiстi. Стогаметпен итерiп, илектелiп қалғанмен, айырды жiгiн тауып салсаң, қаттау-қаттауымен суырылады. Онша қиналған жоқ. Ойнауға, күлуге олақ екi бала жұмысқа келгенде жанып кеттi, жөнiн бiлiп, жылып тұр. Бұл әперген шөптi екеуi айыр ұшымен iлiп алып жаймалап, төрт бұрышын шығарып, тау мая ғып тиедi. Түп-түзу. Айыр ұшы әзер жетер биiктен ажарланып ақсия қарайды. «Бiз бостан-бос ыржалақтай алмаймыз, бiз, мiне, өстiп iс тындырғанда ғана жанымыз жадырап күле аламыз» деп тұрғандай. Ескендiр екеуi бастырықты тартқанша Ережеп шананың айналасын айырмен тарақтап жұнтитып қойды. Бiрi делбенi қағып, қалғандары шананы демей итерiп, шу деп жүрiп кеткен. Тақтақ жолға түскен соң үшеуi шанаға отырып алды. Үйге қарай күрең бие қамшы салдырар емес, бiр қалыпты елгезек аяңмен емпеңдей басып келедi. Қобыраған шөпке белуардан көмiлiп, үшеуi үш жерде жұмыртқа басқан үйректей бастары қылтиып отыр. Жып-жылы жайлы. Үлпiлдек қызылмия, ермен аралас май көденiң иiсi танау жарады. Айнала тым-тырыс. Ат тұяғының тықыры, қаңсыған ескi доғаның шиқылына дейiн тау мая шөп жұтып қойған. Шана табанының тұншығып жеткен әлсiз дүмпуiн анда-санда бастырыққа жанасып кеткенде жамбасыңмен ғана сезесiң. Екi бала көңiлдi. Дүниенiң бар жыртық-тесiгi бiр шана шөппен жамалып қалғандай самбырлай сөйлеп, ауыз жабар емес.