Жертөледегі жазу



бет6/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
БЕСІНШІ ТАРАУ
ҚАРА ЖАУЫН
1
Бүгiн секретариат мәжiлiсiне жиналғандардың Олжасты күткенiне сағаттан асты. Бұрын жұртты бұлай сарылтып қаңтарып қоймайтын, кешiгетiндей болса, алдын-ала ескертiп не жиналысты орынбасарларының бiрiне жүргiзе бер деп табыстайтын. Бәрi не iстерiн бiлмей жiпсiз байланып, тықыршып отыр. Әдетте мұндай бас қоса қалғанда ұсақ-түйек әңгiме тамыздықсыз-ақ тұтанып, өзiнен-өзi қиюласып, бiрiн-бiрi көтермелей гуiлдеп кететiн. Бүгiн ой iртiк, сөз кiбiртiк. Әлдекiм қарап отырғанша ермек болсын деп әңгiменiң шетiн қылтитса, оны хоштап iлiп әкететiн ешкiм жоқ: “е, солай ма едi” дегендей нәумез, сүйейсалдыдан арыға бармайды. “Жастар Алаңға шығып жатыр” деген хабарды бәрi де естiген. Бәрiнiң көкейiндегi – сол түйткiл. Соны әңгiме қылғысы-ақ келедi. Бiрақ секемшiл, жалтақ, лықсып көмейге кептелген асау толқынды лақ еткiзуге қаймығады: мiне, қарсы алдыңда тесiрейiп парторг отыр, әне форточканың тұсында темекiсiн сыздықтатып, көзiнiң астымен сығырая шолып “Литературная газетаның” тiлшiсi тұр. Одан басқа қаншама “құлақ”, қаншама “көз” бар. Қаймықпағанда ше? Моншада не дәлiзде темекi тартып тұрып анекдот айтамын деп үндеместiң қара тiзiмiне iлiнiп жүргендер аз ба? Бiрiн-бiрi аңдып, аңыс баққан бiр хал. Кең бөлмеде тiл жоқ, орындықтың сықыры, парақталған газеттердiң сыбдыры ғана естiледi.
Iле дәлiздегi мәрмәр баспалдақтар жаңғырығып, қарыштай адымдаған аяқ дыбысы жақындай бердi. Адуынды, нық. Хатшы келiншек босағадан басын қылтитып:
– Келдi... Келе жатыр! – дедi сүйiншi сұрағандай қуанышты үнмен. Ауыз жиып болғанша ашық тұрған есiктен шабытты, нұрлы жүзi жарқ етiп Олжастың өзi де көрiндi шалықтап. Томағасын ағытқан қырандай өткiр қара көздерi шоқша жайнайды. Жалаң бас. Толқынды қара шашын сiлке қайырып, бөлме iшiн бiр шолып өттi. Iштегi бұрқақ, асау сезiм ауыздық шайнап, алабұртып алқынып тұр. Есiктен сөйлей кiрдi:
– Что вы здесь сидите? Бұл не отырыс? – дедi шиыршық атқан жiгерлi дауыспен. – Лучшие сыновья казахского народа там, на Площади, и мы должны быть там! Қазақтың аяулы ұл-қыздары Алаңға жиналып жатыр. Бiз де сол жерде болуымыз керек емес пе! – Үстiндегi құндыз жағалы, бозғылт жарғақ тонын жүре шешiп, төрдегi орнына қарай беттедi. Бөлме үнсiз, iшiн тартып тына қалған. Сәлден кейiн барып, оң қанатта стол басында отырған сойдақ тiс хатшы атжалмаңдай ақсиып ызбарлана ысылдады:
– Тебя еще называет коммунистом! Сенi де коммунист дейдi-ау! – Қара сұр жалпақ бетi желiндеп қабарып алған. “Байқа, мiне ендi бiздiң күнiмiз туды” дегендей, бұқа көзденiп, қабақ астынан сүзе қарайды. Сойдақ тiстiң сөзiн арқаланды ма, әлде ертең күш солай қарай ауып кете ме деп қауiптенiп, осы бастан жағынғаны ма, тағы бiр хатшы көзi тiкiрейiп орнынан ұшып тұрды.:
– Олжас, бұл сенiң қай сасқаның? Орталық комитеттiң шешiмiне қарсы шыққан бұзақылармен бiрге бол демексiң бе? Ондай жерге барсаң өзiң бар, бiздi өйтiп арандатпа!
“Иә, тағы кiм не дер екен!” дегендей, екi қолын кеудесiне айқастырып, терезенiң жақтауына сүйенген “Литгазета” тiлшiсiнiң көздерi жайнап барады. Дәл бiр баяғы охранка агентiнiң көне кiтаптардағы классикалық суретi терезенiң ойығында шапталып тұрғандай.
– Ой, балалар, не деп кеттiңдер? Қойыңдар, қойыңдар, бос сөздi қайтесiңдер! – дедi төрге жайғасқан ақ томпақ, домалақ шал ұшатын құстай екi қолын екi жаққа сермеп. Құйқасы ду қызарып, төбесiндегi бес тал шашы бес жаққа үрпиiп кеткен. Талай өткелектi көрген сужүрек қария ушығып бара жатқан әңгiменiң тiгiсiн жатқызбақ боп әлек. – Олжас айналайын, жиналысқа жиналып отырған жоқпыз ба? Онсыз да бiраз күтiп қалдық. Бастай бер ендi.
– Ешқандай жиналыс болмайды. Бара берiңiздер!
– Қалай?
– Iнi-қарындастарымыз Алаңда есе-теңдiк сұрап басын бәйгеге тiгiп жатқанда, бiз мұнда мылжыңдасып отырмақпыз ба?
Жұрт тоң-торыс, не ойласа да iштерiнде, ләм деместен үздiк-создық шұбап бөлмеден шыға бастады. Бар қарсылығын күдiрейген желкесiне жапсырып, қайқаңдай басып елден бұрын шыққан сойдақ тiс кабинетiне қорбаңдаған денесiне лайықсыз әбжiл қимылмен екпiндей кiрген. Есiк аузындағы хатшы қызға “ешкiмдi енгiзбе” деп табыстап, төрдегi биiк арқалы қара креслоға отырар-отырмастан Орталық комитетпен тiкелей байланысатын вертушкаға жармасты:
– Мәке, бұл мен ғой, мен!.. – деп жiгерлi дауыспен жаныға сөйлеп жатты.
Олжас кабинетiнде жалғыз қалды. Бiрi ақыл айтпақ болып, ендi бiрi тiлеулестiгiн жеке бiлдiрмек ниетпен қипыжықтап шегiншектей берген екi-үш ағайынға, көп алдында айтуға жарамаған ондай бұқпантай сөздiң
маған керегi жоқ дегендей, қабақ бермей шығарып жiберген. Шарықтап, өрекпiген көңiлi су сепкендей басылды. Жабырқап, жасып отыр. Қанаттас ағайыннан мұндай ықылас күтпеп едi. Бүгiн иiсi қазақтың жүрегi бiр үмiт, бiр тiлекпен соғуы керек емес пе. Өздерi де тықыршып отырған шығар, құлақтарына қиқу шалынса, қауға тиген жалындай дүр ете түсер деген. Күйкi тiрлiктiң күйбiңiн әңгiме қылатын күн бе бүгiн? Ел намысы сынға түсiп жатқан жоқ па. Оң-солын танып үлгiрмеген сарыуыз жастардың өзi әне ешкiмнiң түртпектеуiнсiз-ақ бұл не басынғандық, әдiлет қайда
деп ақырып Алаңға шыққанда бұлардыкi не бұқпантайлық? Жарайды, қысқа күнде қырық шайнасып жүрген ана керiауыз төрт-бес қыртқа өкпесi жоқ, олардыкi – бұл түзiк сөйлесе де, бұзып сөйлесе де қыңырайып, терiс жығылмаса, iшкенi бойға сiңбейтiн қашаннан бергi ескi ауыру. Ал қалғандары неге көздерi бақырайып қарап отырды? Елеуреп неге өре түрегелмедi? Басына қамшы тиген кәрi-құртаң болса бiр сәрi. Көбi – қырықтың ар жақ-бер жағындағы, заманның қыспағын көрмей бұла өскен, қылыштың жүзiндей қылпып тұрған жiгiт ағалары. Неден қорқады? Неге жасқанады? Заманның өзгергенiн сезбей ме? Демократия лебiнен бүкiл дүние жаңғырып қайта түлеп жатқан жоқ па? Бейбiт шеруге шыққанда тұрған не бар, ол – әркiмнiң Конституциялық правосы. Лениннен кейiн бұрмаланған шынайы демократияны Горбачев мiне, совет қоғамына қайта енгiзiп отыр. Соны жастарымыз пайдаланып, әдiлетсiздiкке қарсылық бiлдiрсе, неге қолдамасқа? Оллаһи, осы келгенде бәрi өре түрегеле жан-жақтан қолдап, қолпаштап, тiптi, ауыздықпен алысып бас бермей кететiндерi де табылар-ау деп ойлаған. Үш қабатта жұмыс iстейтiндердiң өзi бiр қауым ел. Хабарласа құстай ұшып жететiндер қаншама. Қалың жазушы қазiр кең проспектiмен күндей
күркiреп өрлеп бара жатса ғой! Қандай асқақтық, қандай айбат! Ақ үйдiң терезесiнен жылтыңдағандар ендi бұлармен санаспай көрсiн. Албырт жастарды арандатуға ұрындырмай, соларға басалқы боламыз, жыр оқып, қоғамдағы қалыптасып отырған жағдайлар туралы ой-пiкiрлерiмiздi айтармыз деген. Ол дәмесiнiң мiне, екi аяғы көктен келдi. Интеллигенцияның қаймағы деп жүрген қаламгерлердiң жеме-жемге келгенде шынымен осынша намыссыз болғаны ма? Ширек ғасыр дегдар сахилығы, ғадiлдiгiмен жүректерiнен орын алған Димекеңдей асылды абыройсыздықпен қаралап, аттан аударып тастағанда, орнына қойған адамына қарасаңшы! Ең болмаса өз халқымыздан бiреудi неге қоймайды? Небiр сен тұр, мен атайын азаматтар жүрген жоқ па ел тұтқасын ұстап. Солар тақиясына тар келдi ме? Баяғы империялық менмендiк емей немене. “Бұларға қой бақса да жетедi” деп басынғандық. Пленумның хабары құлақтарына тиер-тиместен атойлап Алаңға атып шыққан жастарды қолдауға жарамаған соң не қайыр. Сонда бұлардың Ақ үйге кiрiп-шыққандарына мәз ана партократтардан несi артық? Кешегi пленумда “бұл қалай?” деп айғайлап шыққан кiм бар? Бәрi ләббай, тақсырлап бас шұлғысты. Бiр-бiрiмен сарт-сұрт сүзiскен қошқарлардың әрқайсысы Бiрiншiлiктен дәмелi едi. Кремльдегi көкелер қабақ танытпаған соң “өзiм жемейтiн көтен боғымен пiссiн” дестi. Менiң өкпемнен де жоғары елдiң намысы бар ғой деп шекесi қызған ешкiм жоқ. Осыдан бiраз бұрын заманның қабағы қату кездiң өзiнде өзбек акалар елдiгiн, азаматтығын қалай танытты десеңшi. Орталық Рашидовты орнынан алмақшы болғанда, Пленум мүшелерi бiрауыздан қарсы болған жоқ па? Саяси Бюроның бұл шешiмiн қолдамаймыз, республика коммунистерiнiң ұйғарымы басқаша деп тiресiп отырып алды. Олар да, әлбетте, Шараф аканы жек көрген болар, өкпесi де бар шығар, бiрақ елдiк намыс үшiн оны қорлыққа қиған жоқ қой. Ең болмаса сол үлгiнiң үдесiнен шыға алмағандары ма?.. Қалай болғанда да қанаттастарынан дәл мынандай салғырттық пен жалтақтықты күтпеп едi.
Бәрiнен бұрын әлгi сойдақ тiстiкiн айтсаңшы. Ең болмаса, үндемей қалуға жарамады ғой. Арс етiп балағынан алды. Ер азаматтың да осындай оңғақ мiнез арсызы болады екен-ау. Бұдан жарты жыл бұрынғы әнi мүлдем басқа болатын. Секретариат сайын қисынын тауып, бұған жарамсақтанып қалуға тырысатын: “Заманымыздың ұлы ақыны... Қазақ халқын әлемге танытқан мақтанышымыз... Олжас Омаровичпен бiр заманда өмiр сүргенiмдi өзiме бақыт санаймын... Осындай дана азаматымызды аялай бiлейiкшi, ағайын!” дегенде айтып тұрған ол емес, естiп тұрған бұл ұялғаннан жерге кiрiп кете жаздайтын. “Жолдастар, артық әңгiменi доғарайық. Бұл бiр-бiрiмiзге деген махаббатымызды бiлдiретiн жер емес!” деп қабақ түйсе де анау өзеуреп қоймайтын: “Олжас Омарович, онда тұрған не бар? Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек қой!” дейтiн бетi бүлк етпей. Сөйтiп жүрген жандайшап аяқ астынан Нiлдей бұзылып, желкесiн күжiрейтiп шыға келдi.
Брежнев опат болғаннан кейiнгi тақ тартысында Горбачев екi мәрте омақасып, үшiншiде әупiрiммен әзер тырнағы iлiккен. Өзiн қанша демократ, гуманистпiн десе де көкiрекке түйген кектi жеңе алмады. Күнi санаулы науқас пен селкiлдеген шалды алға салып екi дүркiн жолын кескендерге iшi қазандай қайнайтын. Тiзгiн қолға тиiсiмен соларға тiсiн басты. Брежнев басқарған жылдарды “тоқырау заманы” деп әйгiлеп, экономиканы жеделдетiп қайта құру, қоғамды демократияландыру ұранын көтердi. Бұған қолбайлау болатын кiм? Әлбетте, ескi көзқарастағы кәрi-құртаңдар. Аз уақыттың iшiнде ескi гвардияның төбесiне су құйған: науқан ұйымдастырып, “Правда” мен “Известия” күнде төпегеннен кейiн бiрi инфаркт болып өлдi; бiрi “өз өтiнiшiмен” пенсияға кеттi. Соңғы тұяқ Қонаев болатын. Оны да арлы-берлi ырғап, оңай қозғала қоймасына көзi жеткен: iшiп-жегенi, партиялық норманы бұзған ештеңесi жоқ, ел алдындағы беделi зор. Не ойланатыны бар, кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы болатындар аз ба? Ендi күнiмiз не болар екен деп қалай қарап үрерлерiн бiлмей жаутаң қаққан кәндендерге, қолтығына су бүркiп “айтақ!” деп едi, шәуiлдеп ала жөнелген. Бiрiнен-бiрi асыра үрiп жарысқа түстi. Қалың ит жан-жағынан қаумалай арсылдағанда, арыстан қорыққанынан емес, ашуға булығып жүрегi жарылып өледi дейдi ғой. Димекең де дәл сондай күй кешкен. Қатты қорланды. Кешегi өз қолымен өсiрген шәкiрттерi жағаға жармасып, беттен алды. Газеттер көр-жердi бықсытып жатты: “Қайын атасы атақты бай-саудагер болған, он сегiзiншi жылы Ақмолада совдептi құлатушыларға дем берiп, Сейфуллиндi түрмеге жаптырған...”, “Сәтбаев кезiнде ғалымдығын мойындамаған, соны кек тұтып мiне, сексен жылдығын ататқызбай тастады...” “Алқаш iнiсiн академияның президентi қылып қойды, ол тiптi президиумның мәжiлiсiне де қатыспайды...” деп көйiттi. Күздегi Компартияның съезд жұмысын телевизордан көрсетер уақытта Алматының көп бөлiгiнде жарықты өшiрiп тастауға дейiн барды.
Ендi сойдақ тiстер талтаңдамай қайтсiн, артындағы дем берушiлерi бiздiң күнiмiз туды деп бөркiн аспанға атып жатса. “Осындай лас, арсыз хайуандар да жер басып жүредi-ау!” Жымсиған көрбiлте жүз көз алдына елестегенде, қаны басына тептi. “Сабыр, сабыр! – дедi тiзгiн сүзген ашуын әзер тежеп. – Бұларға ашуланғанның өзi жеңiс. Өйтiп арзандауға болмайды”. Ол туралы ойлаудың өзiнен көкiрегi былғанатындай жиiркенiп, бәрiн ұмытуға тырысты. Алдындағы жазушылардың тiзiмi жазылған қоңыр кiтапты парақтап қарай бастады. Талай кеудесiнде болаты балқыған арынды азаматтар бар емес пе. Солармен хабарласып ақыл қосқан абзал шығар. Жазушы аттарымен мынандай сәтте үнсiз бұғып қалғандары ұят қой. Оншақты адамның тұсын белгiлеп, алдындағы қызыл телефонға қол соза берген. Кенет қатарындағы вертушка тұншыға ызың ете түстi. Созылған қолы қайда қонақтарын бiлмей ауада қаңтарылып қалды. Жүрегi төмен тартып, iшi бiртүрлi суып кеттi. Телефонды алғысы келмеп едi. Бiрақ қара вертушка құлақ тесiп үстi-үстiне тынымсыз безiлдедi. Мұның отырғанын сезiп тұрғандай жағы семер емес. Амалсыз тұтқаны көтерген. Сәлемнен кейiн:
– Олжас Омарович, Алаңда не болып жатқанын бiлетiн шығарсыз? – дедi қоңырқай таныс дауыс сабырмен.
– Бiлемiн.
– Бұл – бүлiк!
– Неге?
– Ұлтшылдықпен уланған жастардың бiр бөлiгi Орталық комитеттiң шешiмiне қарсы шығып жатса, бүлiк емей немене?
– Бейбiт шеруге шыққанда не бар? Ол әркiмнiң конституциялық правосы емес пе?
– Сонда Сiз де соларға қосылмақсыз ба?
– Қосылам деп тұрғам жоқ, бiр топ ақын-жазушыны ертiп Алаңға барамын. Жастарды сабырға шақырамыз, арандап заңнан тыс әрекеттерге ұрынбау үшiн басалқы боламыз.
– Жоқ! – дедi телефондағы бағанадан берi салмақты, бiр ырғақпен күмбiрлеген қоңыр дауыс оқыс қатайып. –
Бiз басқаша шешiп отырмыз. Ереуiлшiлердi тәртiпке шақыратын тиiстi органдар бар, оған сiздер араласпай-ақ қойыңыздар. Әр мекеме басшысы қарауындағы қызметкерлердi бұл күндерi қатаң бақылауға алып, үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзуге тиiстi. Жазушылар одағындағы бұл жұмысты екiншi хатшыға тапсырып отырмыз. Сiз, Олжас Омарович, үйiңiзге барыңыз, ешқайда шықпай-ақ қойыңыз. Қажет болған жағдайда өзiмiз хабарласып шақырамыз.
– Бұл өтiнiш пе, әлде бұйрық па?
– Екеуi де.
– Сонда бұл – Сiздiң бұйрығыңыз ба?
– Жоқ, Орталық комитеттiң бұйрығы деп бiлiңiз!
Құлағында телефонның үзiк-үзiк ызыңы ғана қалды. Қыңсылаған тұтқаны қылғындыра ұстаған күйi сәл аңтарылып отырды да, сарт еткiзiп тұғырға тастай салды. “Серые сволочи! Қандай иiсшiл десеңшi. Мұның қалт еткен қимылын қалай көрiп-бiлiп отыр. Мына қабырғаның әр саңлауы көз бен құлақ шығар. Мейлi, сығаласын, иiскесiн. Қайдағы бiр қағаз кемiрген сасық күзен бұйырды екен деп торғайдай бұғып отырмақ па? Қазiр-ақ қасына оншақты жiгiттi ертiп Алаңға барады. Алдындағы тiзiмдi тағы бiр сүзiп шықты да қызыл телефонның тұтқасын көтердi. Дыбыс жоқ. Оң құлағына сенбей, сол құлағымен тыңдады. Тұғырдың тiлшесiн басты, сымын қозғады – бәрiбiр тым-тырыс, мылқау. Ашудан ширығып серпiле атып тұрды орнынан. Жарғақ тонын жүре киiп жұлқына басып есiкке беттедi. Өзiм-ақ барам Алаңға!
– Сұрқай жүздi сұмырайлар!
Мен сендерге бiтпес майдан ашамын.
Сұр жебеңе көкiрегiмдi тосамын!..
Булығып, бұрқырап, күндей күркiреп сыртқа шыққан. Әдетте бұл шыққан бойда ақ “Волга” гранит баспалдақты жанай сырғып келiп тоқтай қалатын. Бүгiн өйткен жоқ. Мойынын бұрып олай қарады, бұлай қарады. Машина да, шофер да көрiнбейдi. Сұранбай аттап баспаушы едi, мұнысы қалай? Анандайда мөлт қара “Волга” тұр керiлiп. Мұны көрiсiмен жылжып келiп алдына көлденеңдей тоқтады. Қос бүйiрi жарыла ашылып, iштен екi жiгiт шықты. Бойлары өзiне жетеқабыл, сом дене, ширақ қимылды. Жайдары күлiп, iзетпен сәлемдестi де:
– Бiз органнанбыз! – деп қалталарынан қызыл қатырманың шетiн жылт еткiздi. Оттан, судан қайтпаған жүрегi сұп-суық боп кеттi, бiрақ сыртына сыр берген жоқ, сұсын жиып екеуiнiң жүзiне алма-кезек сұрлана көз тастады.
– Олжас Омарович, жүрiңiз, үйiңiзге жеткiзiп салайық, – дедi ақсары өңдiсi.
– Рахмет, жiгiттер, өз машинам бар.
– Машинаңыз бүгiн бола қояр ма екен?
– Оқасы жоқ, жаяу барамын.
– Жо-жоқ, Олжас Омарович, өзiңiз түсiнесiз ғой, бiз тапсырманы орындауға тиiспiз.
– Бұл не, тұтқындау ма?
– Құдай сақтасын, ол не дегенiңiз, тек үйiңiзсе жеткiзiп саламыз. – Есiктi ашып қиыла өтiндi екеуi екi жақтан. Әрине, бұларда жазық жоқ. Ненi айтты, соны орындайды. Амалсыз отырған. Әрi қобалжып, әрi қорланып келедi. Орнынан ата жөнелген машина бiрден Виноградовтағы әйгілі сұрғылт үйге тарта ма деп қауiптенген, жоқ, Киров көшесiмен солға бұрылды. Сонда да көңiлi орныққан жоқ, ашу мен қорлықтан булығып түйiлiп отыр. Бастан кешпесе де санада суретi ұялаған сұрапыл жылдар суық демiн желкесiне үрлеп тұрғандай жүрегi қалтырады. Құдай-ау, отыз жетiншi жыл әлi өлмеген бе? Жүрiс-тұрыс шектеулi, ой бұғауда. Мұның несi еркiндiк, несi демократия? Бейшара әке сонау күздiң жауын сабалаған суық қара түнiнде “қара құзғынның” iшiнде кетiп бара жатып қандай күй кештi екен? Алдағы бұлыңғыр тағдырын ойлап бойын үрей биледi ме? Жоқ, еркін сахараның арыстан жүрек асау оғланы ақ көйлегiнiң жыртылған жағасына, қолындағы кiсенге қарап қорлықтан жарыла жаздаған шығар. Әкесiн ойласа, көз алдынан қилы-қилы елес көшедi
сапырылысып.
Азат ағасы Сүлеев: “Сен туғанда мен ес бiлетiн ересек едiм, – дейтiн. – Нағашы атаңмен қорамыз жапсарлас көршi тұрдық. Әкең ол кезде Ташкентте ковалерия полкiнiң командирi болатын. Екi көзi от шашқан, өткiр жүздi, сұңғақ бойлы. Кескiн-келбетi де, мiнезi де өзiңнен айнымайтын. Жомарт, шашпа. Сенiң туғаныңды естiсiмен екi-үш күннен соң жеткен. Кешқұрым шақ едi. Қасындағы адъютантының қолында кiшкене фонер чемодан бар. Кiрген бойда тойға қам жасап аулада жүрген әйелдер: “Сүйiншi! Сүйiншi!” деп қарсы жүгiрген. Сонда әкең фонер чемоданды ашып жiберiп iшiндегi толған ақшаны: “Мiне, сүйiншi!” деп аспанға бiр-ақ шашқан. Аспаннан жауған көкала қағаздың астында құшағын жайып мәре-сәре ақсия күлiп тұрған бейнесi әлi көз алдымда. Жел ұшырып бүкiл аулаға шашылған ақшаны қатын-қалаш, бала-шаға улап-шулап жарты сағат жинаған шығармыз. Әкең сен туғанда өстiп жүрегi жарылардай қуанып едi. Бiр апта бойы гуiлдетiп тойлады. Бiр апта бойы гармонның жағы семген жоқ, бүкiл көше ән салып, билеумен болды. Бiр аптадан соң шұғыл телеграмма келiп аттанып кеткен. Қоштасар сәтте құндақты бауырына басып сәл тұрды. Бiр иiскеп мамаңа ұстата бергенде, сен өз-өзiңнен шырылдап қоя бердiң. Әкең бұрылып қараған жоқ. Бiр түрлi мұңайып, баяу басып дарбазадан шығып бара жатты. Соңғы рет көргенiм сол болды...”
2
Орта мектеп бiтiргенше туған әкем Әбдуали деп жүрдi. Фамилиясы Қарағұлов болатын. Паспорт алар кезде бiр күнi әкесi бүйiрдегi кабинетiне оңаша шақырып алды. Жүзi бiртүрлi абыржулы, тура қарамай көзiн алып қаша бередi.
– Отыр, балам! – дедi қасындағы орындықты нұсқап. – Екеумiз оңаша бiр сөйлесейiкшi. – Дауысы қалтырап шықты, столдың жиегiн қармай ұстаған саусақтарының ұшын дiрiл шерттi. Қашанда бiр қалыптан озбайтын сабырлы, мiнезге бай папасының бұлай толқығанын бұрын-соңды көрген емес. Түздегi көп шалдуар қылықтарының бiрiн құлағы шалып, соған күйiнiп отыр ма? Еһ, осы уақытқа дейiн мамасы екеуiнiң шашын талай ағартты ғой. Не істемеді дейсің. Басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Атаман болып бүкiл Алматыны шулатты. Жараланбаған жерi жоқ, пышаққа да түстi. Құлағы жырым-жырым көкжал сияқты айналасын алқымнан шайнап арпалысуымен келедi. Байқұс ата-ана не iстесiн, ұясын қорғаған торғайдай шырылдап, отқа да, суға да түстi. Ақыр болмаған соң, достарынан аулақ кетейiк, сонда бәлкiм тынышталар деген дәмемен екi жыл бұрын орталықтағы хан сарайындай пәтерлерiн айырбастап, шеттегi осы үйге көшiп келген. Тентектiк жасаса да, көбiнесе быж-тыж болатын мамасы. Папасы ешқашан қабақ шытып ұрсып көрген емес. “Әй, балам-ай, қашан ақыл кiрер екен саған. Өстiп жүрiп бiрдеңеге ұрынып қаласың ғой!” дейтiн де қоятын көп ұзағанда. Бүгiн неге ол ғадетiнен жаңылып отыр? Бiрақ әңгiменiң түтiнi басқа жақтан шалқып шықты.
– Балам, – дедi сәл үнсiз түйiлiп барып. – Құдай қаласа, мiне, ендi оң-солыңды таныған азамат болдың. Бүгiн саған бiр құпияны ашайын деп отырмын, құлыным. Осы уақытқа дейiн анаң екеумiз жүрегiңдi жараламайық, түсiнетiн жасқа келсiн дедiк. Ендiгi жасырғанымыз қиянат болар!.. – Бұл түкке түсiнген жоқ, әйтсе де бүйтiп алыстан орағытуына қарап онша жайлы нәрсе емес екенiн сезгендей екi көзi бақырайып барады. – Жақында паспорт аласың. Сонда фамилияңды өзгертiп жаздыртайық деп отырмыз.
– Қалай? – Жүрегi оқыс тулап орнынан ұшып тұрды.
– Отыр, балам, отыра ғой!
Сұм жүрегi әңгiменiң төркiнiн бiле қойды. Iнi-қарындастарынан өң-келбетi өзгеше екенi көрiнiп тұрса да мән бермейтiн, соның сырын ендi аңғарғандай, iшi iрiп, орындыққа қайтадан сылқ етiп отыра кеттi.
– Құлыным, сен жiгiтсiң ғой, дұрыс түсiн... – Әкесi құмығып, қайта-қайта түкiрiгiн жұтынды. – Осы уақытқа дейiн сен менi әкем деп келдiң. Әкең екенiм рас. Бiрақ сенi жарық дүниеге әкелген туған әкең де бар екенiн айтпасам, құдайдың алдында күнәһар боламын. Омар Сүлейменов алаштың ардағы едi ғой. Жанып тұрған от болатын марқұм. Зұлым заманның құрбаны болды...
Бұл басы салбырап сазарып отырып қалды. Көкiрегi астан-кестен. Құлағы шуылдап, әке сөзiнiң бiрiн естiсе, бiрiн естiмейдi.
– Қатардағы қаражаяудың бiрi болса, сенi де, өзiмдi де бүйтiп қинамас едiм. Асылдан қалған жалғыз тұяқсың ғой. Омар марқұмның аты өшпесе екен деймiн.
– Жоқ, сен – менiң әкемсiң! – Жиегiнде жас шымырлаған қара көзiн жарқ еткiзiп бұл әкесiнiң бетiне қадалған.
– Әлбетте, балам, мен сенiң әкеңмiн. Менiкi жәй ақихатты бiлсiн деген ғой. Бұдан ештеңе де өзгермейдi. Iнi-қарындастарыңды қалай көрсем, сенi де солай көрем, жүрегімнің төріндесің. Жақсы да жаттық жоқ, жаман болса туған да жат... – Қалтыраған саусақтарымен мұның ұйысқан қалың шашын салалап, баурына басты. Осындай аяулы әкеден айрылғысы келмей, қоя берсе алшақтап кететiндей, бұл да тас құшақтап жабыса түстi.
Көпке дейiн есеңгiреп жүрдi. Тыныштығын бұзып, мен әкеңмiн деп көкiрегiне озбырлықпен басып кiрген беймәлiм жанды жатырқап мойындағысы келмедi. Бiрақ қанша жерден тосырқап үрiккенмен бiрте-бiрте бұл сезiмге де етi үйрене бастады. “Жүзiн көрiп, үнiн естiмесе, алақанының ыстығын сезбесе, оған бейшара әке кiнәлi ме? Қайта өстiп жарық дүниеге келiп, жер басып жүргенi үшiн-ақ оның алдында мәңгiлiк қарыздар емес пе.” Естi көңiлмен безбенге салып, жүрегiнiң жылы жерiнен орын берген. Кейiн анасы айтқан әңгiмелердi тыңдап отырғанда,көзi жасаурап мұңға бататын. Қара түн. Алай-түлей ұйтқып сабалаған қара жауын. Қолы кiсендеулi болса да арыстандай алысып жұлқынған әкесiн төрт жендет: бiрi шашынан тартып, бiрi тапаншаның тұтқасымен желкеден түйiп, итерiп, теуiп баспалдақпен төмен қарай сүйреп келедi. Бетiн қан жуып кеткен, қақ айрылған жаға...
Машина лықси тоқтаған бойда алдыңғы жақта отырған жiгiт лып етiп шығып есiк ашты:
– Келдiк, аға.
Олжас ауыр қозғалып орнынан тұрды.
– Кешiрiңiз, аға! – дедi жiгiт кiнәлi үнмен қипақтап.
– Түсiнем, жiгiттер.
Бүкiл дүние сұрқай тартып тұр. Безiрейген суық. Тiптi өз үйi де жат сияқты боп көрiндi. Кеуде қысқан тар қапасқа енетiндей, ызғар бүркiп үңiрейген подъезге қарай аяңдады ерiксiз...


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет