Жер бетінің кез-келген нүктесінен бақылаушы аспанды сфералық бет (жартысфера) ретінде көреді. Ауа райы бұлтсыз болған жағдайда аспанның түсі күндіз көгілдір болады және онда біз жалғыз аспан шырағы ретінде Күнді, кей кезде онымен қоса Айды көре аламыз; ал түнде болса көптеген аспан шырақтарын байқай аламыз. Түнде көрінетін аспан шырақтарының көбі жұлдыздар. Аспан шырақтарының көптігі санауға келмейтін сияқты болғанымен, олардың көзге көрінетіндерінің жалпы саны 6 мыңдай, ал бақылаушыға нақты мезетте көрінетіндерінің саны 3 мыңдай.
Аспандағы жұлдыздардың өзара орналасуы өте баяу өзгереді. Бұл өзгеріс мыңдаған жылдар өткенде әзер байқалады. Сондықтан олардың ішінде жарық жұлдыздарды ерекшелеп, топтарға бөліп, ажыратуға болады. Жұлдыздарды шоғырларға бөлу ежелден қалыптасқан. Көбінесе олар жануарлар мен аты аңызға айналған кейіпкерлердің атымен, кейде ұқсас пішінді заттың атымен аталған. Жалпы, әр халық жұлдыздарды өзінше топтастырып, атаулар берген. Кейбір жарық жұлдыздарға да жеке атаулар берілген. Б.з.д. 3 ғ. грек астрономдары шоқжұлдыздар атауын бір жүйеге келтіріп, кейін 8 ғ. бастап араптар, олардан соң 17 ғ. бастап сәйкес атауларды европа астрономдары қолдана бастады. Қазіргі уақытта жұлдыздар шоғыры мен жарық жұлдыздар атауында грекше, латынша, арапша және қазіргі заманғы атаулар кездеседі. 17 ғ. бастап шоқжұлдыздар құрамындағы жұлдыздар грек әріптерімен белгілене бастады. Кейінірек, бақылау құралдарының дамуына байланысты жарқырауы әлсіз жұлыздарды көптеп тіркей бастаған соң оларды сандармен белгілеу енгізілді. 130-ға жуық жарық жұлдыздарға жеке атаулар берілді (мысалы, Орион шоқжұлдызының α жұлдызы – Бетельгейзе, β жұлдызы - Ригель). 1919 ж. құрылған Халықаралық астрономиялық одақтың 1922 жылғы I құрылтайында шоқжұлдыздар шекарасы қайта қаралып, кейбір ірі шоқжұлдыздар бірнешеге бөлінді, ал шоқжұлдыздар деп жарық жұлдыздар тобын емес, аспанның белгілі бір бөлігін қарастыратын болып келісті. Қазір бүкіл аспан шартты түрде 88 шоқжұлдызға бөлінген.
Ашық түнде жұлдызды аспанды бірнеше сағат бойы бақыласақ, аспан тұтастай, ондағы шырақтармен бірге бақылау жер арқылы өтетін ойша сызылған қандай да бір ось бойымен шығыстан батысқа қарай үздіксіз айналыста болатынын байқай аламыз. Жердің өз өсі бойымен батыстан шығысқа қарай айналуынан болатын аспан мен шырақтардың бұл көрінетін қозғалысын тәуліктік қозғалыс деп атайды (Жердің өз өсі бойымен айналу периоды бір тәуілікке тең болғандықтан, аспан да бір толық айналымды бір тәулік ішінде жасап бітіреді). Біраз уақыт бақылап отырған бақылаушы шырақтардың көп бөлігі шығыс жақтан шығып, батыс жақта бататынын, ал кейбір шырақтар батпастан белгілі бір нүктені айнала қозғалатынын байқайды. Солтүстік жартышардағы мұндай нүкте әлемнің солтүстік полюсі деп аталады, оңтүстік жартышардағы мұндай нүкте әлемнің оңтүстік полюсі болып табылады. Қазақстан солтүстік жартышарда болғандықтан, осындағы бақылаушы аспан Темірқазық жұлдызына жақын орналасқан әлемнің солтүстік полюсін сағат тіліне қарама-қарсы бағытта айнала қозғалатынын байқайды.
Ал егер Күн мен Айды күнделікті мұқият бақыласақ, олар жұлдыздарға қатысты 12 шоқжұлдыз арқылы өтетін бір сызық бойымен тәуліктік қозғалыс бағытына қарама-қарсы бағытта қозғалатынын және жұлдыздарға қарағандағы өз орындарына белгілі бір жиілікпен қайталап келетінін (Күн 365,24 тәулікте, Ай 27,32 тәулікте) байқаймыз. Күн мен Ай сияқты кейбір аспан шырақтары да өздерінің жұлдыздарға қатысты орнын 12 шоқжұлдыз бойында өзгертетінін астрономдар ежелден байқаған. Оларды жұлдыздардан ерекшелеп “планеталар” (қалықтаған шырақтар) деп атаған. Ол кезде тек 5 планета белгілі болған: Юпитер, Сатурн, Шолпан, Марс, Меркурий. 18-20 ғ.ғ. аралығында қалған үш планета (Уран – 1781 ж., Нептун – 1846 ж., Плутон – 1930 ж.) ашылды. Планеталардың көрінетін қозғалысы кейде күннің қозғалыс бағытымен бағыттас, кейде кері бағытта болады. Ал жоғарыда айтылған 12 шоқжұлдызды зодиактық (грекше “зоон” – жануар сөзінен шыққан) шоқжұлдыздар деп атайды. Олар Балықтар, Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Таразы, Сарышаян, Мерген, Ешкімүйіз және Суқұйғыш шоқжұлдыздары. Күн олардың бірінші үштігін көктемде, екінші үштігін жазда, үшінші үштігін күзде, қалған үшеуін қыста басып өтеді. Жалпы әр зодиактық шоқжұлдызды Күн бір айдай уақытта басып өтеді.