Игі нышан (жақсы белгі) мен ырымның айырмашылығы:
Игі нышан (жақсы белгі) ол жақсылықта.
Игі нышан Аллаһ туралы жақсы ойда болуда, ал пендеге Аллаһ туралы жақсы ойда болу бұйырылған.
Ырым тек жамандыққа қатысты болады.
Ырым – бұл Аллаһ туралы жаман ойлау, ал пендеге Пәк әрі Қасиетті Аллаһ туралы жаман ойлауға тыйым салынған.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Абу Дауд, Аллаһ оны рахым етсін, сенімді иснадпен Уруа ибн Амирдің, оған Аллаһ разы болсын, былай деп баяндаған хадисін келтіреді: «(Бірде адамдар) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қасында жаман ырымдар туралы әңгіме қозғағанда, ол былай деді: “Игі нышанның ең жақсысы – мұсылманды істерінен кері бұрмайтыны. Егер әлдебіреуің өзіне ұнамайтын қандай да бір нәрсені көрсе: «Уа, Аллаһ Сенен басқа ешкім жақсылық келтірмейді, әрі тек Сен ғана бүкіл жамандықты қайтарасың! Әрі Сенен басқа ешкімнен күш те, қуат та жоқ!» – деп айтсын” (Абу Дауд, 3719).
Уруа ибн Амир әл-Қурайши – Ибн Хиббан оны сенімді жеткізушілерден деп айтты.
Бұл хадисте ырымдардың негізсіз екеніне әрі олардан Аллаһқа жалбарыну арқылы қорғану керектігіне, сондай-ақ жақсы нышан ырымға жатпайтынына нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:
Хадисте ырымның негізсіз екеніне нұсқау бар әрі одан Аллаһқа дұға етіп жалбарыну арқылы және Оны зікір ету арқылы қорғанудың түсіндірмесі келген.
Хадисте адамның жүрегіне қандай да бір ырым түсіп қалса, әрі егер ол одан Аллаһқа тәуекел ету арқылы қорғанса, ол оған зиян тигізе алмайтынына нұсқау бар.
Хадисте жақсы нышан ырымның бір түрі емес екеніне, әрі ол одан жақсырақ екеніне нұсқау бар.
Хадисте Аллаһқа тәуекел етудің міндеттілігіне әрі Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ екеніне дәлел бар.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Ибн Масғуд, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі хадисін баяндайтын: «Ырымдарға сену – ширк! Ырымдарға сену – ширк! Ырымдарға сену – ширк!» Содан соң ол: «Ал біздің әрбірімізде... Алайда егер Аллаһқа тәуекел етсең, Ол оны жойып жібереді», - деп қосты. Абу Дауд пен әт-Тирмизи жеткізген сенімді хадис. Соңғы сөздерді Ибн Масғуд айтқан (Абу Дауд 3910, әт-Тирмизи 1614).
Бұл хадисте ырым көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:
Хадисте ырым көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар, өйткені ол арқылы жүрек Аллаһтан басқа нәрсемен байланады.
Хадисте кейбір мәселелерді адамдар жақсылап естерінде сақтаулары және жүректерінде бекітулері үшін, бірнеше рет қайталаудың заңды екеніне нұсқау бар.
Хадисте Аллаһ Оған ғана тәуекел ететін адамды ырымнан құтқаратынына, әрі ол жүрегінде осындай әлдебір нәрсені сезінгенде, Аллаһқа тәуекел етіп, бұған көңіл аудармайтын адамға зиян тигізе алмайтынына нұсқау бар.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Ахмад, Аллаһ оны рахымына бөлесін, Ибн Амрдың, оған Аллаһ разы болсын, Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген мына хадисін келтіреді: «Кім әлдебір істі жаман ырымның себебімен тастаса, сол көпқұдайшылыққа түсті». Адамдар: «Ал мұның өтемі қандай?», - деп сұрады. (Сонда) ол: «Сендер: "Я, Аллаһ! Сенің жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ, әрі Сенің жамандығыңнан басқа жамандық жоқ, және Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ", - деп айтуларың керек», - деп жауап берді (Ахмад 220/2).
Ол сондай-ақ әл-Фәдл ибн әл-Аббастан мына хадисті де келтіреді: «Ырым – сені әлбір іс-әрекетке итермелейтін немесе одан бет бұрғызатын нәрсе» (Ахмад 213/1).
Ибн Амр – бұл Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас, Аллаһ оларға разы болсын, Исламды алғаш қабылдаған сахабалардан, ол көптеген хадистер жеткізген.
Әл-Фәдл – бұл әл-Фәдл ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Аббас ибн Абдул Мутталибтің ағасы, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесінің баласы (немере інісі).
Бұл хадистерде құрамында көпқұдайшылығы бар ырымның мән-мағынасының түсіндірмесі келген.
Осы хадистерден алынатын пайдалар:
Хадистерде ырым көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар.
Хадистерде құрамында көпқұдайшылығы бар ырымның мәні ол адамды осы ырымға сәйкес іс-әрекет жасауға итермелейтінінде екеніне нұсқау бар.
Хадистерде адам сол арқылы ырымнан қорғана алатын нақты белгіленген дұғаға және ол мұсылмандар үшін мағызды болып табылатынына нұсқау бар.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Достарыңызбен бөлісу: |