ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ:
Сәуегей-балгерлер мен солар секілділер туралы
Муслим Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің бірінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені туралы хадисін жеткізеді: «Кім балгерге келіп, одан әлдебір нәрсе туралы сұраса, соның қырық күн намазы қабыл болмайды» (Муслим 2230, Ахмад «Муснадта» 68/4, 380/5).
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:
Балгер-сәуегейлер мен солар сияқтылар ғайыпты білеміз деп мәлімдейді, ал ғайыпты білу – бұл Аллаһ Тағала Өзін сипаттаған әрі тек Аллаһқа ғана тән болған сипат. Ал кім ғайыпты білемін деп мәлімдесе, сол өзін Аллаһ Тағалаға теңеген болады. Автор, Аллаһ оны рахымына бөлесін, осындай адамдар мен оларға сенушілердің үкімін және жазасын көрсеткісі келді.
Бұл хадисте сәуегейлер мен солар сияқтыларға барудың және сенудің тыйым салынғандығына нұсқау бар, өйткені бұл бірқұдайшылыққа қайшы келеді.
Хадистен алынатын пайдалар:
Хадисте балгерлерге барудың және олардан ғайып нәрселер туралы сұраудың, әрі олардың айтқандарына сенудің тыйым салынғандығына нұсқау бар, өйткені мұның барлығы күпір болып табылады.
Хадисте балгерліктің (сәуегейліктің) тыйым салынғандығына және бұл опат етуші күнәлардың бірі екеніне нұсқау бар.
Шейх, Аллаһ оны рахымына бөлесін, бұл басқа хадисте айтылатынындай, балгерге барып, (бірақ) оның айтқандарына сенбеген кісінің намазы қырық күн қабыл болмайтынына дәлел келтіреді. Ал кім оған барып, айтқандарына сенсе, сол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілгенге күпірлік танытқан болады.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Абу Хурайра, оған Аллаһ разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі айтқандарын жеткізді: «Кім сәуегейге (кәхин) келіп, оның айтқандарына сенсе, сол сонысымен Мухаммадқа түсірілгенге күпірлік танытты» (Ахмад, 2/408, 476; Исхақ ибн Рахауайх «Муснадта», 482; әл-Бухари «әт-Тарих әл-Кабирде», 3/16; әд-Дарими, 1/275; Абу Дауд, 3904; әт-Тирмизи, 135; ән-Нәсаи «Сунан әл-Кубрада», 9016, 9017; Ибн Мәжаһ, 639).
Әл-Хаким Абу Хурайрадан Бухари мен Муслимнің талаптарына сәйкес келетін, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім балгерге (’арраф) немесе сәуегейге (кәхин) келіп, оның айтқанына сенсе, сол сонысымен Мухаммадқа түсірілгенге күпірлік танытты», - деп айтқан хадисін келтіреді. Әл-Хаким мен төртеуі жеткізген («төртеуі» дегенде – Абу Дауд, ән-Насаи, әт-Тирмизи және Ибн Мәжаһ меңзеледі).
Абу Я'лә осыған ұқсас мауқуф хадисті жақсы иснадпен Ибн Масғудтан келтіреді.
Бұл хадисте балгерлер мен сәуегейлерге жүгінуге тыйым салынады әрі осы іс-әрекеттер үшін қорқытып-ескерту қамтылған.
Хадистен алынатын пайдалар:
Хадисте сәуегейлер мен балгерлерге барудың, олардан әлдебір нәрселер туралы сұраудың тыйым салынғандығына және олардан аулақ болудың міндетті екеніне нұсқау бар. Өйткені егер адам олардың айтқанына сеніп қалса, бұл ол тарапынан күпірлік болады. Бірақ ол олардың сөздеріне сенбесе де, бұл бәрібір харам (күнә) болады.
Хадисте сәуегейлер мен жұлдызнамашыларды әшкерелеу міндетті болып табылатынына нұсқау бар.
Хадисте кім оларға келіп, сенсе, сол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілгенге күпірлік танытанына нұсқау бар.
Хадисте балгерлік, сәуегейлік көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар, өйткені оның құрамында адамның ғайыпты білуде өзін Аллаһқа теңеуі бар.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Имран ибн Хусайн Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі сөздерін жеткізген: «Әлдебір нәрсені жаман ырым деп санайтын және сол ырымдарға сенетін, сәуегейлікпен айналысатын және соларды тыңдайтын, сиқыршылық жасайтын немесе сиқырдың көмегіне жүгінетін - бізден емес. Ал сәуегейге келіп, оның айтқандарына сенген адам, сонысымен Мухаммадқа түсірілгенге күпірлік танытты» (әл-Баззар, 3578 және әт-Табарани «әл-Кабирде», 18/162).
Тура осындай хадисті әт-Табарани де «әл-Әусатта» Ибн Аббастан жақсы иснадпен келтіреді, бірақ «Ал сәуегейге келіп...» деген сөздерден басталатын оның аяқ жақ бөлігінсіз (әт-Табарани «әл-Әусат», 4262. Ибн ’Ади «әл-Камилде», 3/339 және басқалар).
Әл-Бағауи былай деді: «Балгер (‘арраф) — бұл белгілі бір белгілер арқылы шынайы фактілерді білетінін және ұрланған, жоғалған, т.с.с. заттың қайда екенін көрсете алатынын мәлемдейтін адам».
Сондай-ақ: «Бұл — сәуегей», - деп айтып жатады. Сәуегей (кәхин) деп болашақта не болатынын хабарлайтын адам аталады.
«Бұл адамның ойындағы құпия ойларды жеткізе алады», - деп те айтылып жатады.
Абу әл-Аббас ибн Таймия былай деді: «Балгер (‘арраф) — бұл сәуегейді (кәхин), жұлдызнамашыны (мунажим), топырақпен бал ашатынды (римәл), яғни осылайша тағдырды білуге талпынатынның әрбірін біріктіретін атау» (Қз.: «Мәжму’ әл-Фатауа», 35/173, 193).
Әл-Бағауи – бұл әл-Хусейн ибн Масғуд ибн Фарра. Ол Хорасан тұрғындарынан болған ғалым және қарапайым тұрмыс кешуші (заһид) кісі болатын. Һижра бойынша 516 жылдың шәууал айында қайтыс болды (Қз.: «әс-Сияр», 19/439).
Бұл хадисте балгерлікпен айналасытандырдың және солар сияқтылардың әрі соларға сенушілердің барлығына қатаң қорқыту келеді.
Хадистен алынатын пайдалар:
Хадисте ғайыпты білу туралы мәлімдеудің тыйым салынғандығына нұсқау бар, өйткені бұл бірқұдайшылыққа қайшы келеді.
Хадисте сәуегейлікпен айналысатындарға сенуге тыйым салынғанына нұсқау бар, өйткені оларға сену Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келгеніне күпірлік болып табылады.
Хадисте сәуегейлерді әшкерелеу және олардың өздерінен де, ғылымдарынан да аулақ болу міндетті екеніне нұсқау бар.
Хадисте Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілгенге ілесу және осыған қайшы келетін нәрселердің барлығын тастау міндетті екеніне нұсқау бар.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Ибн Аббас сандар арқылы сәуегейлік жасайтын және жұлдыздарға қарап бал ашатындар туралы: «Мен осы нәрселермен айналысатындардың біреуі болса да Аллаһтың алдында жақсылыққа ие бола алады деп ойламаймын», - деп айтқан (Ибн Уахб «әл-Жәми’те», 690; Абду-р-Раззақ, 19805; әл-Бәйһақи «Сунан әл-Кубрада», 8/139 және басқалар).
Бұл асарда өздерін ғайыпты білетіндер ретінде көрсету мақсатымен сандар арқылы сәугейлік жасайтындар мен жұлдыз-жорамалмен айналысатындар және өздерінің айналысып жатқан нәрселері адамдардың тағдырына әсер етеді деп мәлімдейтіндер сәуегей-балгерлердің анықтамасына кіріп кететіндеріне әрі сондықтан да Аллаһ Тағаланың алдында несібеден жұрдай болатынына нұсқау бар.
Асардан алынатын пайдалар:
Асарда ғайыптың кілті ретінде сандар арқылы жорамал жасаумен айналысудың тыйым салынғанына нұсқау бар, өйткені бұл таухидке қайшы келеді. Алайда егер сандар басқа бір бағыттарда, мысалы, уақытты, күнді белгілеу үшін қолданылса, бұда тыйым салынған еш нәрсе жоқ.
Асарда жұлдызнамамен (жұлдыз-жорамалмен) айналысудың тыйым салынғандығына нұсқау бар, өйткені бұл адамның көпқұдайшылыққа түсіп кетуіне себеп болады.
Асарда мұндай адамдармен алданудың тыйым салынғанына нұсқау бар, өйткені олар көпқұдайшылыққа алдап шақыратын еліктіргіш тұзақ болып табылады.
------------------------------------------------------------------------------------------------
Достарыңызбен бөлісу: |