Жиырма үш жыл бір ғұмыр



Дата04.11.2016
өлшемі0,54 Mb.
#105

Алғысөз
Қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі, алғашқы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, жалындаған жастық ғұмыры қамшының сабындай қысқа болған Саттар Ерубаев тірі болғанда 2014 жылы 100 жасқа толар еді.

Жарық жұлдыздай ағып өткен қас-қағым өмірінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсете білді. Көлемі шағын болса да салмақты, мазмұны құнды мұра қалдырды. Алғашқылардың бірі болып өндіріс тақырыбына жазылған туындылары бүгінге дейін жаңа шығарма тәрізді. Жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді.

Осыған орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы жалынды жазушы Саттар Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Аққан жұлдыздың жарығы» атты әдістемелік құралын ұсынып отыр. Әдістемелік ұсыныста жазушының өмірі мен шығармашылығы, кітап көрмесінің үлгісі, жазушы туралы зерттеу еңбектері, қаламдастар лебіздері, арнау өлеңдері мен әдебиеттер тізімі берілген. Әдістемелік ұсыныс өмірден аққан жұлдыздай ерте кеткен, ал шығармалары әлі күнге дейін мазмұнын жоймай, жаңашылдықты суреттеп тұрған Саттар Ерубаев өмірі мен шығармашылығы бүгінгі буын жастарды қызықтырады деп есептейміз.



Жиырма үш жыл – бір ғұмыр

(Саттар Ерубаевтың туғанына 100 жыл толуына

арналған кітап көрмесінің үлгісі)
1 бөлім: «Аз ғұмырды – мәз ғұмырға айналдырған»
Бұл бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылығы, әр жылдары жазылған новеллалары, балладалары, публицистикасы қойылады.
Дәйексөз: Саттар Ерубаев - әдебиеттегі ғажап құбылыс!

Құлбек Ергөбеков


П бөлім: «Өрелі ойлар»
Бұл бөлімде Саттар Ерубаевтың шығармашылығының зерттелуі, әдеби сыншылардың жүрек жарды пікірлері, естеліктер жазылған кітаптар, мерзімді басылымдар қойылады.
Дәйексөз: Саттар - өмір дегенде өксігін баса алмай, өнерінің барлық гүлін аша алмай өткен зор талант иесі.

Тұрсынбек Кәкішев



Өмірбаяндық деректеме

(1914-1937)


Қазақтың көрнекті қаламгері Саттар Асқарұлы Ерубаев 1914 жылы Шымкент облысы, Түркістан ауданында дүниеге келген. Ауыл балалары сияқты молданың қаталдығынан қашып Саттар Түркістандағы бастауыш мектепке барып оқиды. Бастауыш мектепті бітіргеннен соң жетіжылдық орыс мектебін үздік аяқтап шығады.

1930 жылы белсенді комсомол мүшесі, зерек оқушы екені ескеріліп Саттарды жоғары оқу орындарына даярлайтын Алматы қаласындағы дайындық курсына жолдамамен жіберіледі. Осы жылы Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына оқуға түсіп, оны 1933 жылы үздік бітіріп шықты. Саттар Ерубаев «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлтшылдық әдебиеті» деген диплом жұмысын профессор Павел Николаевич Медведевтің басқаруымен өте жақсы қорғап, аспирантураға қалдырылды, бірақ өлкелік комсомол комитетінің талабы бойынша Қазақстанға оралып, әуелі «Ленинская смена», соңынан «Лениншіл жас» газеттерінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1934-1935 жылдарында Алматыдағы жоғарғы ауылшаруашылық мектебінің философия кафедрасында ассистент болды, лекция оқып, семинар жұмысына басшылық етті. Жаңа ашылып жатқан опера және балет театрының директоры болып шамалы уақыт қызмет атқарды.

1934 жылы 5 шілдеде Өлкелік партия комитеті «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты редакторының орынбасары етіп тағайындайды.

Саттар Ерубаев Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезіне делегат болып қатысып, Одақ мүшелігіне алғаш қабылғандардың бірі.

1936 жылдың қыркүйегінен бастап КазПИдің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті болып, әдебиет тарихы мен теориясынан лекциялар оқыды. Осы жылдары М.Жангалинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастырды.

Саттар Ерубаевтың «Тракторшы комсомолдың жыры» (1932), «Колхоз базарында» (1933), «Ақын жыры» (1933), «Үш шахтер туралы баллада» (1934), «Меруерт алқа» (1936) баллада-өлеңдерімен «Бақыт» (1934), «Өмір көркемдігі» (1936) новеллалары бар. Сол кезде жаңа соғыс ошағын туғыза бастаған фашизмге қарсы жазылған «Келесі соғыс туралы» (1934) новелласы бар. Жазушы «Өмір келбеті» (1933), «Төрт қыз» (1935) очерктері, «Жалқаулар» (1933), «Сенбіліктен қашқан бәтеңке көрдіңдер ме?» (1933) атты сықақ әңгімелері мен шығармалары жаңа өмірдің белсенді жыршысы болды. «Қолқабыс» (1933), «Балалар әдебиетін жасайық» (1934), «Ақындарға ашық хат» (1934) публицистикалары да сол кездің өзекті мәселелеріне арналған.

Саттар Ерубаев «Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды» - депті. Әдебиет сүйер қауымға мәлім «Менің құрдастарым» романын дәл осы кезде жаза бастады. Бұл роман қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастау тарихынан, 1930 жылдардағы Қарағандыдағы ірі өнеркәсіп орындарының тыныс-тіршілігін баяндаған, алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдерінің бейнелерін сомдаған туынды. Аяқталмаған «Менің құрдастарым» романы бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма. Артына көлемі шағын болса да салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрлары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиетіміздің алтын қорына енді.

Жазушы аударма саласында да біраз тер төкті. Ол К.Чуковскийдің «Сарыарқаның ерлері», Ю.Березиннің «Сексенбайдың қысқаша өмір тарихы», А.Сурковтың «Бір қатарда», жапон жазушысы Ридзимори Си Китидің «Қол соқпаған адам», немістің прогрессшіл жазушылары С.Глецтің «Фашистер мен соғыс», Ф.Войскоптың «Сыналу», И.Эренбургтың «Австрия тауларында» атты шығармаларын қазақша сөйлетті.

1966 жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық алғашқы болып берілді. Түркістанда мұражайы бар. Осы қалада мектепке, көшеге аты берілді. Қарағандыда мектепке, үлкен көшеге аты берілген.


Аққан жұлдыздың жарығы

(жазушы, публицист Саттар Ерубаевтың туғанына

100 жыл толуына арналған шығармашылығына саяхат)
Безендірілуі: кітап көрмесі, жазушы туралы ой-пікірлер, сырлы өлең жанрынан үзінді, сахнаны гүлдермен, музыкалық орталық, басқа да саз аспаптарымен, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.

Қатысушылар: жүргізушілер – боз бала мен бойжеткен, кітапханашылар, оқырмандар.

Қонақтар: жазушы өмірін зерттеуші ғалымдар, өнер сүйер қауым, әншілер қатысады.

Ең негізгісі: мүмкіндігіне орай туыстарын шақыруға болады.



(әр кітапханашы осы өтетін шараны өздерінің кітапхана қорына байланыстырып, мүмкіндіктерін ескере отырып кітап көрмесінің, шығармашылық кештің аттарын өзгертіп, түрлендіріп алуларына болады).
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!
Қазақ халқының аяулы ұлы, Қазақстанның алғашқы жазушылар съезіне қатысып, одаққа мүше болған, Қазақстан жастарының Ленин комсомолы сыйлығын алғаш иеленген ұлағатты тұлға Саттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған жазушының шығармашылығына саяхат кешіне қош келіпсіздер!

Әдебиет – ардың ісі ғана емес, Алланың адам баласына тартқан сыйы. Оның басты мақсаты – адам жүрегіне терең бойлау, жанына сұлулық нәрін егу, рухын асқақтату. Сол ғибратты тағылымға адал болу кез келген суреткердің мұраты.

Саттар Ерубаевтың суреткерлік шалымы алуан қырлы. Новеллалары, балладалары, сатиралық суреттемелер мен серкесөздері, роман, сын мақалалары, аудармалар, өлең жолдары халқымыздың рухани игілігіне қызмет етіп жүр.

Уақыттан мықты құдірет жоқ дегенімізбен оның қайраны жүрмейтін жандар болады екен. Осының бірі Саттар Ерубаев. Саттар Ерубаевтың аяулы есімін айрықша сезіммен аялайтындар уақыт озған сайын көбейіп, молая бермек. Мейірімсіз өмір оны 23 жасында арамыздан жұлып әкетсе де, сол сұм өлімді «мәңгілік өмірмен» - шығармашылық еңбегімен жеңген ұлы дарын.

Саттар Ерубаев 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының «Арыс» совхозының Ұзынқұдық жайлауында туған. 1937 жылы 2 маусымда ауыр науқастан өмірден өтті.

Эстетикалық талғамы өскен бүгінгі қазақ оқушылары Саттар шығармашылығымен танысқан уақытта ең алдымен дара өнерпаздың беті бар, мәдениеті биік жазушы екенін аңғарады, мезгілсіз қаза тапқанына қанша күйінсе де, қымбат мұрасына сонша сүйсінеді. Саттар Ерубаев шығармашылығын саралай келе, жазушының роман, новелла, баллада, өлеңдеріне саяхат жасайық.

Бірінші аялдама - Саттардың көлемді тұңғыш та ақырғы, атақты жалғыз романы «Менің құрдастарым». Бұл романды жазардан бұрын өзінің қаламын прозаның кіші түрлері арқылы ұштап алды. Оның очерктерінде өмір шындығы дұрыс іріктеліп, адамның мінез-құлқын сипаттайтын детальдар жарқын көрініп отырды. Осы прозаның үлкен жанрында өндіріс адамдарының жан күйін қызғылықты етіп суреттеген алғашқы туындыларының бірі. Романның аяқталып бітпеуі, шығарманың негізгі сюжеттік, тартыстық желілері ақырына дейін тартылып үлгермеген. Сонда да болса «Менің құрдастарымның» үлкен ойға, білікке құрылғандығы, таңдаған байланыстары, проблемалары, тапқан қаһармандары, олардың өсу жолдары өз кезіндегі әдеби елеулі құбылыстардың бірі болды. Мәселең, Рахмет, Ықылас, Лиза бейнелері өмірден алынған жанды бейнедей әлі де әсерлі. Көшпелі кедей отбасында дүниеге келіп, жоғары оқу орнын тамамдаған. Инженер атағын алып, жиған білімін, бойындағы қайратын Отанына қалтқысыз беруге талпынды. Қарағандыға келіп өндіріске орналасқан Рахмет образы сол кездегі әдебиетімізге келген жаңалық деуге болады. Бұл күнде елімізде қазақ жастарынан шыққан инженер де, техниктер де аз емес, олардың көркем шығармаға енген әдеби бейнелері де мол, бірақ 1930 жылдардағы қазақ әдебиетіндегі Рахмет образына барабар келетін ұнамды тұлға некен саяқ ұшырайтын еді. Автордың озық идеалы Рахмет пен Лиза бейнелері арқылы көрініс тапқан. Рахметтің талғамы күшті, өмірдің барлық саласынан жеткілікті хабары бар, мәдениет шыңына ұмтылған өршіл жігіт. Рахметтің өз айналасындағылардан шоқтығы биік. Романдағы Лиза образының сипаты Рахметтен басқаша. Егер Рахмет тұйықтау болса, Лиза ақжарқын, бұл әр кейіпкердің ұлттық ерекшелігін айқындау үшін әдейі жасалған. Расында да біз Лиза бейнесі арқылы орыс қыздарының мінезіне тән болатын ерекшеліктерін айқын көреміз. Лизаның ұлттық характері аса шеберлікпен баяндалған. Лиза бұйығылықты, сөзге қалам-ау деген күдікті білмеген, қылығы тартымды, сөзі назды жан. Лиза мен Рахметтің жарасуын жастар арасындағы ыстық сезімді нанымды суреттеу арқылы жеткізу халықтар достығының символына айналдырып жіберген. Ықылас пен Дәмелі арасындағы қиыншылық шешіліп, адамгершіліктің ақ туы желбіреді, бұл да жаңаша түсіністік өнегесі еді. Романдағы ұзақ конфликтіктің иелері Рахмет пен Кулевакин арасындағы тартыс өндірісте болатын жәйттар. Алайда бұлар жастық жалынға, өршіл талапқа толы өмірді баяндап әдебиетімізге үлкен олжа әкелді, «Менің құрдастарымның» көркемдік құнын, эстетикалық әсерлігін байыта түсті.
Келесі аялдама С.Ерубаевтың «Өмір келбеті» очерктері (орыс тілінде) – кешегі «Кешегі езілген жарлы – бүгін ауқатты, мәдениетті колхозшы» және «Төрт қыз» деген очеркі өзінің көркем пейзаждарымен, ойлы да, оюлы тілімен, нақтылы шындықтың әсерлі суретін көрсетумен әсерлі.

Қомақты ойды философиялық пайыммен жеткізетін новеллалардың орны мүлдем өзгеше. Ендігі аялдама С.Ерубаевтың новеллалары. Күрделі ойды көлемі шағын түрде жеткізіп беруде оңай дүние емес «Бақыт» деген көркем әңгімесінің тілі шұрайлы, өршіл романтикаға толы, оқушыны бірден баулап алатын дүние. Бақыт деген не? - деген сұрақ нәзік жанды жазушыны терең ойға батырды. Шаруасы кем, қолы қысқа Барлыбайдың нанды аңсап зар қаққанын, әкесі Жақсыбайдың әкелген нанына қарнын тойдырып алып қуанғанын көргенде: «Мен бақыт деген нан ба екен деуші едім» - деген қорытындыға келеді. Артынан жаңа өмір жаңалығымен жүзбе-жүз кездескенде бақыттың мәні де, мазмұны да басқаша екендігін түсінеді. Осы әңгімені қорытындылай келіп, бақыт деген еңбек екеніне көзімізді жеткізді, сөйтіп бақыт деген не? – деген сұраққа жауап бергендей болады.

Ал «Өмір көркемдігі» деген новелласында С.Ерубаев өмірдің көркемдігін көріп өзгені де осы сұлулықтан, көркемдіктен ләззат алуға дұшар етті. Новелладағы Дәмелі бейнесі оның сұлулығы, кербез мінезі, күлкісінің тазалығы, оттай ыстық көзқарасы, ал осының бәрін туғызған Дәмелінің бақыттылығы, қуанышы, шаттық өмірі, уайымсыздығы екенін кішкене шығармасында оқушысына түсіндіріп береді.
Келесі аялдама Саттар Ерубаевтың поэзиядағы өнерпаздығына арналады.

Өмір деген тұңғиықтың түбінде

Мен жүр едім,

Өлім деген суық сөздің тілінде

Мен жүр едім.....

Бұл Саттар өлеңі. Оның әрбір өлеңі тақырыбының нақтылығымен көзге түседі. С.Ерубаевқа ақындық паспортты баллада әперді. Баллада біздің әдебиетімізге, поэзиямызға Саттар арқылы келді. Баллада – сюжетті, лироэпикалық шағын көлемді шығарма. «Өмір туралы рапорт», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Орамал», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» - отызыншы жылдардағы поэзиямыздың тың саласы балладалар жазу дәстүрі.

Бұл өлеңнен артық нәрсе бұл жалғанда таппаспын.

Сен өсесің алма ағаштай бауырында ақ тастың.

Сен гүлдейсің, алма ағаштай бұраласың сымбайсың,

Орамалды, айтшы қалқам қай жігітке бұлғайсың.

Орамалдың жиектері көк лентамен торланған.

Себеп менің құрдасыма, жолдасыма арналған.

Ол құрдасты, ол жолдасты мен бір жерде табармын.

Оң жақтағы оңашаға алып оны барармын

Мұның қалай, дермін оған менің бақытым кем бе екен.

Бір сыйлыққа екі адамның жүгіруі жөн бе екен –

бұл – «Орамал» атты балладасы.

Саттар Ерубаев өзінің аз ғана өмірінде 20 шақты өлең-жырымен, оның ішінде тартымды да ойлы балладаларымен ақындық атаққа ие болған ұшқыр дарын.

Жалпы дарындар өмірі жарық дүниеде кешкен күнімен емес, артта қалдырған мұрасының өміршеңдігімен өлшенетін сияқты.

Туған жерінің гүлдеп өркендегенін, жерлестерінің ерен еңбегін көріп көңілі шалқып:

Жиырма жылдың бойында,

Өсіп ем-ау қойныңда,

Жылдар жылжып өтсе де,

Болдың-ау сен ойымда.

Қолтығыңда жүріп ем,

Қырың менен ойыңда.

Бірақ кетіп оқуға,

Жырлар жырлап беріп ем,

Өзгерістер жайында.

Атасы бір төрт аяқ,

Тебісіп өскен малдай-ақ,

Қойындасын қорада

Төрт түлік малдан басқа мал

Бітіп пе еді далаға.

Осыларды ойласаң,

Жырламасқа бола ма?! - деп туған өлкесін бір сәтте ойынан шығармаған, мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген далаға техниканың келгенін қуана жырлайды:


Комбайыншы құрдасым

Ток тетігін ұстаған

Сенде арман бар ма екен,

Қуанышпен дос болған.

Комбайыншы жолдасым

Қырман тойын тойлаған - деп жырлаған С.Ерубаев жырындағы комбайыншы Емберген оның құрбыларының бірі. Суреткер осы жыр жолдары арқылы өмірге енген жаңалықтардың ауыл адамдарына жетіп, оны меңгеріп жатқан ерліктеріне қатты риза болып жазғаны.

Саттар Ерубаевтың аз ғана болса да саз жырларын естеліктерді оқып отырып Меруерт атты қызға ғашық болғанын білеміз. Бұл қызбен жан досы Зейін Шашкинмен оның жұбайы Жәмилә таныстырған. Меруерт қыз өзге адамға тұрмысқа шығып кетсе де, оған деген сезімі суымайды, «Меруерт алқа» балладасында қазақ қызының сұлулығын, пәктігін, барлық әдемі теңеулермен жырлаған.

Аспандағы күміс айдай, жас ақынның жары бар,

Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар,

Құралайды күміс айды, тура қарап көріп өт.

Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт.

Қас қарайып күн де батад, сәулелері таралып,

Қыз да шығад құралайша жібек шашын таранып – дейді қаламгер. Меңдеген аурудан құтылу мүмкіндігі болмай, күш-қуаты көктемгі қардай еріп, азайып құрып бара жатқан шақта Меруертті жиі еске алуы Ерубаевтың жүрегінің құпия соққан дүрсілін сездіргендей әсер етеді.

Саттар Ерубаевтың әкесі Асқар, сол өмір сүріп жүрген тұста белсенді еңбек етіп, ауқатты отбасының бірі болып есептеледі. Құлақтың баласы атанып бойтаса болу үшін атасы Ерубайдың атына жазылды. Атасы Ерубай өз тұстастарының ортасында беделді, елді аузына қаратқан, шындықты айтар, батыр тұлғалы адам екен. Сол елдің Мырзабай датқасы «Шапсам – қылышым болар» деп өзіне жақын ұстамақшы болады, бірақ Ерубай датқаға қол бала болғысы келмейді. Дәл осы тұста Мырзабай датқаның қаталдығынан қара суықта тоған байлап жүріп, бір жас жігіт мерт болады. Бұл хабарды естіп Ерубай Мырзабай датқаны ат үстінен аударып алып сабап тастайды. Ерубай ақсақал әбден қартайып сексен жасында дүние салыпты. «Өлімге өкпе жүрмейді» - деп Мырзабай датқа көңіл айта келіп баласы Асқарға: «Ерубайдың менде өтелмеген қарызы бар» деп Асқарды ауылдың старшыны сайлап кетіпті. Атасы Ерубайдың өміріне қанық болған немересі Саттар атасының атынан өзі өлең жазған. Өлеңді оқи отырып Ерубай ақсақал жазған екен деп қаласың.

Елу жылдар бұдан бұрын өлген едім, жан балам,

Танымасаң енді таны, сен – немерем, мен – бабаң,

Бұл өмірде сексен жасап өліп кеткен адам ем,

Мойнымдағы міндетімді атқардым деп санап ем.

Жер бетінде сүйретіліп жүріп едім бір ғасыр

Ол ғасырдың сүйетұғын ұлы жоқты жан ашыр.

Жер бетінде сүйретіліп жүріп еді бір датқа

Қан арқылы, мал арқылы жеткен шіркін мұратқа.

Күнгей менен теріскей боп, сұлап жатқан дала еді.

Сол далада қазақ деген сорлы халық бар еді.

Бетегеден биік еді, аласа еді жусаннан,

Қайтқан құстай көшіп жүрген, Бақыт көрмей қашаннан.

Жел білетін ұшатынын, сай білетін қонарын,

Құдайы да, адамы да ойламаған обалын.

Сол халықты Датқа жүрген жаншып басып арқасын,

Қаннан артық ағызған ол, сусын ішіп қаңғасын.

Бұл жауыздың сұмдықтығын, ойлап біліп түсіндім,

Бір күн барып ат үстінен жұлып оны түсірдім.

Ер үстінде ұйықтамасаң – атқа мініп нең бар еді?

Халық қамын жей алмасаң –датқа болып нең бар еді.

Домалатып сабап алдым жұрт алдында датқаны.

Жерді жарып осы хабар сары даланы қаптады.

Міне, осы жолдарды жазу арқылы атасының бүкіл өмір тарихын көз алдымызға алып келді. Сонымен бірге Саттар Ерубаев Европа үлгісіндегідей пародия әзіл-оспақ бізде жоқ деп, сол әдеби үлгіні алғашқы болып ұсынған суреткер. Саттар Ерубаевтың өзі: «Әдетте мені пародия жазушы деп атайды. Расында да менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақта мен қазақ әдебиетінде пародия жанрында бірінші жаза бастадым» - деген.

Бекең келсе, Бекең келед,

Бекең әне елден келед.

Қойны-қоншы роман, повесть,

Қырман басқан жерден келед – деп бұл Бейімбет Майлинге жазған оспағы, шаржы.

Қимылда ақын қимылда,

Ендігі жазар «Далаңнан»

Маған орын қидың ба? – бұл Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасына пародия.

Өз тұсындағы шала сауатты қожа-молдаларды да әзіл оспаққа ендіріп пародия жазды. Молдалардың білімсіз тек пітір ғана алушы екенін

Имам ықтап, білім қашты.

Табанына дінді басты.

Қалиулин Закария да

Шынын айтып хабарласты.

Жұмық ұлы Орынбай да

Бұл да өзінің сырын ашты.

Өзі ақсақ, шала молда

Соның үшін фітия, пітір

Алушы ем деп шынын айтты – деп дінді шала білетіндер сыналды.

Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі – Саттар. Аз ғұмырды – мәз ғұмырға, қысқа ғұмырды қыран ғұмырға айналдырған арда тұлға жайында ойланғанда бір сәт осындай толғамға келесің. Саттар Ерубаев жайында сөйлегенде толқымай-тебіренбей, жайбарақат күй кешу мүмкін емес. Бар бала ғұмыры романтикадан тұратын, ал өзінің өршіл, арманшыл шығармаларымен біздің бәріміздің жүрегімізге романтикалық рух егіп кетті. Саттар шығармаларының жаны – драма. Драма – жас дарын шығармаларының әрін кіргізер нәрі. Бәлкім Саттар феномені осында шығар:

Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,

Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.

Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім,

Өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім.

Бәсе, қане, мәңгі жасау өлмеушілік қайда екен?

Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен.

Содан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды,

Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды – деп кетті жалынды жас суреткер. Саттар Ерубаев әдебиеттегі ғажап құбылыс! Құбылыс жас талғамайды, талантты таңдайды!..

Саттардың сұлу сырлары....


Көктем туралы
Күн нұрымен қосылып,

Көктем үйге енеді.

Араласып көктеммен

Лирика да келеді.


Жатырсың, міне қалқатай,

Омырауың ашылып,

Иығында, жастықта

Жібек шашың шашылып.


Әуесіне көктемнің

Бөлменің іші толып тұр.

Күмістей сенің күлкіңе

Өлеңнің іші толып тұр.


Көктемнің мынау әуесін,

Күлкің сенің жамылған.

Өлеңнің де қуаты

Сол көктемнен алынған.


Көктемгі әуе бөлменің,

Көлеміне сыймай тұр.

Көктемгі күлкі, қуаныш

Өлеңіме сыймай тұр.


Өлке
Жиырма жылдың бойында

Өсіп ем-ау, қойныңда,

Жылдар жылжып өтсе де,

Болдың-ау, сен ойымда.

Қолтығыңда жүріп ем,

Қырың менен ойыңда,

Жиырма жылдың бойында

Өсіп ем-ау қойныңда

Бірақ кетіп оқуға

Жырлар жырлап беріп ем

Өзгерістер жайында.

Орамал
Бұл өлеңнен артық нәрсе бұл жалғанда таппаспын.

Сен өсесің алма ағаштай бауырында ақ тастың.

Сен гүлдейсің, алма ағаштай бұраласың, сынбайсың,

Орамалды айтшы, қалқаш, қай жігітке бұлғайсың.

Орамалдың жиектері көк лентамен торланған.

Себеп менің құрдасыма, жолдасыма арналған.

Ол құрдасты, ол жолдасты мен бір жерде табармын.

Оң жақтағы оңашаға алып оны барармын.

Мұның қалай, дермін оған, менің бақытым кем бе екен

Бір сыйлыққа екі адамның жүгіруі жөн бе екен.

Меруерт алқа


Аспандағы күміс айдай, жас ақынның жары бар,

Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар.

Құралайды күміс айды, тура қарап көріп өт.

Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт.

Қас қарайып күнде батад сәулелері таралып,

Қыз да шығад құралайша жібек шашын таранып.


Күнде кетед көк бетінен сәулелері таралып,

Қыз да шығад күлімсіреп, көк лентаға оранып.

Ақын сонда «Сәулем», - дейді, - қалқам, – дейді – жар» - дейді,

«Күнге арналған, күндей күлген жібек жырым бар», - дейді.

«Күнге оранған, күндей күлген күміс күйім бар», - дейді;

«Меруерт қып менікі деп меншігіңе ал», - дейді.

Сұлу сонда: «Күнге арнаған жырыңды өзің ал», - дейді.

«Маған меруерт болатұғын бір-ақ нәрсе бар», - дейді.

-Күнге арнаған күміс күйдің беріп едің талайын,

Енді маған көсемге арнап жыр жазып бер, алайын.

Көсемді айтып жыр жазып бер, жүрегімді орайын.

Омырауға, жібек шашқа лента қылып тағайын.

Көсемді айтқан жырдан артық меруерт бар ма тағатын,

Одан артық сыйлық бар ма ақындардан алатын.

Одан артық лента бар ма сұлуларға тағатын,

Одан артық бақыт бар ма іздеп жүріп табатын!

Мәңгілік өмір туралы жыр
Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,

Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.

Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім,

Бір жабыққан көңілімді аша алмастан жүр едім.

Күнде күліп ататұғын, ақ сәулелі алтын таң,

Бұлбұлымның үніменен мені былай жыр қылған:

Арқаның ардагері, ақын Жырау.

Алдында қазылған ор, қалың шырмау.

Өмірге екі туып, екі келмей,

Арманда, есіл ерім, кетесің-ау.

Бір адамның, бір өмірі маған аз ғой деуші едім.

Туып өліп кетуде де маған аз ғой деуші едім...

Ағаш – екеш ағаш тағы көп көгеріп қуарар,

Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар,

Ебелектей ербең етіп жер бетінен кетерсің,

Өміріңде өзің жөнді із қалдырмай өтерсің.

Өмір деген өксігімде баса алмастан жүр едім.

Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім.

Өмірдің де, уақыттың да сарындарын мен көрдім

Мола болған ғасырлардың қабірлерін мен көрдім.

Мың жылдардың қу сүйегі – мола ішінде мен тұрдым.

Аудармалары жайлы бірер сөз...


Саттар Ерубаев ұлы орыс әдебиетін жіті оқып, көп зерттеп одан тағлым алды, нәр алды. Орыс әдебиеті оған құнарлы әсер етті. Ленинградта оқып жүріп әдебиеттің небір майталман ұстаздарынан ұлағат алды. Осы жерде: «Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде, оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой» - деген Мұхамеджан Қаратаевтың сөздері еске түседі. Орыс, шетел жазушыларының туындыларын оқып қана қоймай қазақы оқырманға аударма жасап жеткізді.

Жиырма үш – ақ жасаған аз ғұмырында К.Чуковскийдің «Сарыарқаның ерлері», Ю.Березиннің «Сексенбайдың қысқаша өмір тарихы», А.Сурковтың «Бір қатарда», сондай-ақ жапон жазушысы Ридзимори Си Китидің «Қол соқпаған адам», немістің прогресшіл жазушылары С.Глецтің «Фашистер мен соғыс», Ф.Войскоптың «Сыналу», И.Эренбургтің «Австрия тауларында» атты шығармаларын қазақша сөйлетті.

Саттар Ерубаевтың шығармалары 1957 жылы жинақ болып шықты.

Саттар жайлы ой-толғаулар...


Мен орыс өлеңін осынша қуатты оқыған қазақты содан соң көрген емеспін. Саттардың бір қызығы – ол өзінің өлеңдерімен қатар прозалық шығармаларында жатқа айта беретін.

Әбілда Тәжібаев.


Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой.

Мұхамеджан Қаратаев.


Саттар музыканы өте жақсы түсінетін, сүйетін еді. Музыка менің жанымды тербетіп, көңілімді уатады дейтін еді ол. Бах, Мендельсон, Шубертті өте жақсы көріп, зерек түсінетін.

Зейін Шашкин.


Саттардың журналистік еңбегіне назар аударғанда әрбір хабарды, мақаланы қызықты етіп жазуға талаптанғанын айтып өтпеске болмайды.

Тұрсынбек Кәкішев.


Саттарды білетіндердің бәріде оның білімімен озған қарапайым интеллигент екенін, жолдасын артықша құрметтейтін бауырмал жан болғанын жақсы біледі.

Әбіш Байтанаев.


Саттардың столымда тұрған кітабы өзі қасымда отырғандай әсер етеді. Аңсаған сайын оқимын. Оның адамды ерекше бағалайтын, құрметтейтін сезімтал қасиеттерін достық жүрекпен еске аламын.

Асқар Лекеров.


Қазақ жазушыларының арасында ғылыми фантастика жанрында тұңғыш қалам тербеген де Саттар. Рас, фантастиканың кейбір элементтері қазақ әдебиетінде бұрын да болатын, дегенмен ғылымның соңғы жетістіктерін негізге алған фантастикалық шығарманы алғаш рет Ерубаев жазды.

Бейбіт Қойшыбаев.


Саттар Ерубаев жайында сөйлегенде толқымай-тебіренбей, жайбарақат күй кешуі мүмкін емес. Бар бала ғұмыры романтикадан тұратын ол өзінің өршіл, арманшыл шығармаларымен біздің әрбіріміздің жүрегімізге романтикалық рух егіп кетті.

Құлбек Ергөбеков.

Саттарға арнау өлеңдер
Жанерке

(Саттар Ерубаев туралы баллада)


Сонау-сонау Алматыдан алып-ұшып хат келді.

Хат келді де, Бапа апайға бір қуаныш ап келді.

Секілденген жанарының ағы менен қарасы

«Демалысқа барып қайтам» - деп жазыпты баласы.


Шүкір-шүкір, жалғыз ұлы қазір елге мақтаныш,

Ер жетті де арман қуып туған жерден кетті алыс.

Алыс кетсе, несі өкініш, көңіл көгі аршылар

Көңіл көгі аршыларда намыс атын қамшылар.


Үш күн өтті Саттар туған ошағына келгелі,

Үш күн бойы ескі досы кітап болды ермегі.

Сәл кідірсе, жастық шағы балақ түріп қашардай.

Терең тарих айдынына үңіледі бас алмай.


Атқан таң мен батқан күннің бәрі есіңде тұра ма?

Бірақ бұл күн ұмытылмас, ұмытылмас сірә да.

Саттар қызға жыр оқыды от ұшқындап көзінен.

Ертең сапар, Анасын да ала кетпек өзімен.

Мұхтар Шаханов
Саттар Ерубаевқа
Мәңгілік орын алып тұрсын көктем,

Жырларын, жүректерді дүрсілдеткен.

Мен саған мәр-мәр тастан белгі қойдым.

Көкем-ай жиырма үшінде қыршын кеткен.

Арғы атамыз айтулы шешен екен.

Белгісіз борышымның өтелері.

Ағатай талай жерде есіме алдым

Құрдасты сүйегенде көкелері.

Аспанда тұр есімің жарқыл қағып

Қайта-қайта оқыдың саңқылдадың.

Мен сапарға шығарда туған елден

Сен оралдың ақ қардай қаңқыл қағып.

Мазалады үнемі сұрақ мұңды

Дәуір сенің әніңе құлақ түрді.

Күліп түскен суреттің ар жағында

Жиырма үш жасар жан көкем жылап тұрды.

Қасымхан Бегманов

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі


Ерубаев С. Менің құрдастарым: Роман.- Алматы: Жалын, 1979.-536 б.
Ерубаев С. Мәңгілік өмір: Новеллалар, роман, балладалар мен жырлар, сын мақалалар, естеліктер.-Алматы: Жазушы, 1993.-544 б.
Ерубаев С. Менің құрдастарым: Роман.-Алматы: Атамұра, 2003.-176 б.
х х х
Ерубаев Саттар //Қазақ ССР. 4 томдық қысқаша энциклопедия. Т.4.: Тіл, әдебиет, фольклор, өнер, архитектура.- Алматы: Каз.Сов.энциклопедия, 1989.-234-235 б.
Ерубаев Саттар //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.- 228-229 б.
Ерубаев Саттар // Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Аруна, 2005.- 188 б.

х х х
Бегманов Қ. [Саттар Ерубаев туралы]: Өлең /Бегманов Қ. Менің Түркістаным.-Алматы: Атамұра, 2008.-296 б.


Бердібаев Р. Ғасырлар толғауы: мақалалар мен зерттеулер.-2-ші басылым.-Алматы: Жазушы, 1977.-320 б.
Ергөбек Қ. Жиырма үш жыл – бір ғұмыр: [Саттар Ерубаев туралы] /Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар.-Астана: Таным, 2003.-106 б.
Қаратаев М. Саттар мен ұшырасқан сәттер: [Саттар Ерубаев туралы] /Қаратаев М. Шығармалары, сын зерттеулер.-Алматы: Ана тілі, 2010.-390 б.
Қойшыбаев Б. Саттар Ерубаев.-Алматы: Ғылым, 1993.-88 б.
Кәкішев Т. Жастық жыршысы: [Саттар Ерубаев туралы] /Кәкішев Т. Дәуір дидары.-Алматы: Жазушы, 1985.-226 б.
Шаханов М. Жан ерке: Поэма: [Саттар Ерубаев туралы] /Шаханов М. Эверестке шығу.-Алматы: Атамұра, 2003.-24 б.
Шілтерханов Ә. Саттар туралы сыр: [Саттар Ерубаев туралы] /Шілтерханов Ә. Үш бәйтерек: Естелік, эссе.-Алматы: Жалын, 1988.-109 б.
Мазмұны
Алғысөз 1 б.
«Жиырма үш жыл – бір ғұмыр» - кітап көрмесінің 2

үлгісі
Өмірбаяндық деректеме 3


«Аққан жұлдыздың жарығы» - атты жазушы

шырмаларына саяхат 5


Саттардың сұлу сырлары.... (өлеңдері) 11
Аудармалары жайлы бірер сөз 13
Саттар жайлы ой-толғаулар (үзік сырлар) 14
Саттарға арнау өлеңдер 15
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі 16

Құрастырған: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: Дүйсебаева Ж.А. – кітап қорын сақтау бөлімінің

меңгерушісі







Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет