АНЫҚТЫҚ-ТАНЫҚТЫҚ КАТЕГОРИЯСЫ МЕН ШАҚ КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ
Етістіктің граматикалық категориясының бірі –шақ. Етістік амал -әрекет ұғымдарының атаулары я сол ұғымдары білдіретін сөздер болатындықтан, оған тән сөздер, қашанда, белгілі дәрежеде мезгіл ұғымдармен байланысты болады. Өйткені, амал -әрекет, қимыл, қозғалыс атаулының барлығы да үнемі белгілі бір мерзімде жүзеге асырылады. Мезгіл ұғымына байланыстармай етістікті және сөз табыс деп тануға да, анықтауға да болмайды. Олай болса, шақ категориясы етістікті өзге сөз топтарынан әрі ерекешеліктерін, әрі ажырататын ең негізгі граматикалық категория болып есептеледі.
Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы, басқа да категориялар сияқты, бірте –бірте дамып, мазмұны жағынан да, формалары да үнемі жетіле отырып қалғандықтан, өзіне лайық орынққан жүйесі бар аса бай граматикалық категория.
Шақтың өзіне тән тұлғалары мен атқаратын қызметтері адамның сөйлеу кезінде айқындалады. Табиғи заңдылық бойынша, қимыл-әрекет сөйлеп тұрғанға дейін немесе сөйлеп тұрған кезде не сөйлеп болғаннан кейін болатыны анық. Бірақ сол кездегі амалдардың қай шақта орындалғандығын ажырату біршама қиындықтар тудырады. Оның себебі, біріншіден, шақтардың өзара жігі жымдасып жатқанында болса, екінші жағынан шақ пен рай категориясының мазмұны мен формасының ажыратылмағандығында жатса керек. Мысалы, барар еді, баратын еді, бармақ еді, барған еді, барып еді, барар ма еді, жығылып қала жаздап еді, айтқысы келіп отыр екен және т.б.құрылымдарды бір шаққа немесе бірнеше шаққа қатыстыру қиындық тудыратыны рас.
Айтушы немесе сөйлеуші не нәрсені сөз етсе де, өзінің ойын, көзқарасын мезгілмен байланыстыра айтады. Сондықтан рай мен шақ ұғымдары бір-бірімен байланысты болып келеді. А. Ысқақовша айтқанда, «Шақ категориясы рай категориясына қарағанда, әлдеқайда кең категория. Өйткені адам сөйлегенде, қашан да болсын, тек амал-әрекеттің тек жалаң өзін ғана емес, оның мезгілі мен орнын да дәйім ойда (көңілде) ұстаумен қатар, өзінің олар жайындағы көзқарасын, қатынасын да білдіреді. Әрине, бұл ерекшелік қашан да болсын, шақпен байланысты, ал шақ тек ашық райда ғана болады; амалды (әрекетті) тек индикатив қана реальді іс (процесс) етіп, оны белгілі бір мезгіл аясында көрсетеді; өзге райларда бұл қабілет болмайды».
Бүгінге дейін қазақ тіл білімі үшін маңызын жоймаған еңбектердің бірі А. Байтұрсыновтың “Тіл – құрал” оқулығы. Онда шақ көрсеткіштері ашық раймен байланысты қарастырылады. Автор осы шақтың екі түрін көрсетеді де, 4 қалып етістіктерінің жіктеулі түрін нағыз осы шақ деп бөліп айтады. Мысалы, жазамын, жазбаймын, жүр, тұр, отыр, жат. Ал өткен шаққа етістіктің -ды -ді, -ты, -ті жұрнағы арқылы жіктелген түрін келтірсе, келер шаққа -ар тұлғалы етістіктің жіктелген болымды, болымсыз түрлерін жатқызады.
Етістіктің көсемше, есімше түрлерінде етістікке тән рай, шақ, жақ категорияларын, жекеше, көпше түрлерін көрсетеді. Үнемді, үнемсіз көсемшелердің рай түріне жіктелу үлгісін ұсынады. Ғалым көсемшенің күрделі және аналитикалық формалы етістік құрамында кездесетіндігін байқайды. Есімшені үш топқа бөліп, олардың: осы шақтық есімше, өткен шақты есімше, ұйғарынды есімше деген түрлерін көрсетеді.
А. Байтұрсыновтың қазақ тілін зерттеуші басқа ғалымдардан артықшылығы – тілдің типологиялық ерекшелігін біліп, тілдік тұлғаларды дұрыс ажырата білуі мен қазақ тіл білімі ғылымына қатысты терминдерді ана тілімізде беруі.
Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов етістіктің үш шағын және олардың мағыналық топтарын көрсетеді. Өткен шақты тоғыз түрге бөледі: айғақ өңді өткен шақ, аулақ өңді мойындау өңді, күмән өңді, айғақ баяғылық, аулақ баяғылық, әдетше баяғылық, опық баяғылық, арман баяғылық, негізінен -п тұлғалы көсемше және -ған тұлғалы есімше арқылы, -ушы, -атын тұлғалары арқылы жасалатынын мысалдар арқылы көрсетеді.
Ал келер шақтың а) кесімді келер шақ, ә) болжалды келер шақ, в) мақсатты келер шақ, г) тілекті келер шақ деген төрт түрін береді. Қазіргі грамматикаларда Қ. Жұбанов көрсеткен өткен шақ пен келер шақ бірдей жүретін “сенімсіз төл шақ: жазса игі еді” рай категориясында қаралады. Осы шақты дағдылы осы шақ (қазір ауыспалы осы шақ), дәл осы шақ (қазір нақ осы шақ) деп бөледі. Отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің морфологиялық түрленуіндегі айырмашылықтары және семантикалық белгілерінің әр түрлі болуына ғалым назар аударып, дәл осы шақты (нақ осы шақ) білдірудегі мағына реңктеріне айрықша тоқталады. Атап айтар болсақ, отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің осы шақ көрсеткіштері екені; көмекші етістік қызметінде болуы; шақ, жақ қосымшаларын қабылдауы; екі райдың (ашық рай, бұйрық рай) көрсеткіші болуы; қимылдың өту сипаты мағынасын білдіруге қабілеттілігі айтылады.
Н. Сауранбаев шақты ашық райдың ішінде қарастырып, өткен шақты: ескі өткен шақ, жедел өткен шақ, бұрын өткен шақ, тыянақсыз өткен шақ деп 4 мағыналық топқа, осы шақты: ауыспалы, нақтылы осы шақ деп екіге, келер шақты: шексіз келер шақ, шекті келер шақ, мақсатты келер шақ деп топтастырады.
Шақ категориясы жайлы жазылған монографиялық еңбек – Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы” [5] деп аталатын зерттеуі. Ғалым түркі тілдеріндегі шақ категориясының зерттелу тарихынан бастап, қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы жайын жүйелі түрде, ғылыми тұрғыда баяндайды. Автор етістік шақтарын, оның мағыналық түрлерін былайша топтастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |