Ахмет Байтұрсынұлы жалғауларды жай жалғау (көптеу, септеу), жақ жалғау (тәуелдеу, жіктеу) деп топтастырады. Қызығы, Н. Ильминский, П. Мелиоранский, H. Созантов еңбектеріндегі көптік жалғау халық, ру аттарына, жануар, дене мүшелерінің атауларына, қос сөздерге жалғанбайтыны туралы айтылады. Ғалым "Тіл құралында" септіктің бес түрін көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы: "Септік жалғау бесеу"; 1) ілік жалғау "да"; 2) барыс жалғау "ға"; 3) табыс жалғау "ды"; 4) жатыс жалғау "да"; 5) шығыс жалғау "дан"5, 2003, - дейді. Ахмет Байтұрсынұлы атау, көмектес септіктерін септік құрамына қоспайды. Ахмет Байтұрсынұлы атау септікті "нольдік форма" деп таныған. Байқап қарасақ, бүгінгі кездегі тілші ғалымдар нысана етіп, Ахмет Байтұрсынұлы септеу үлгісін пайдаланады. П.М. Мелиоранский "салыстырмалы" (сравнительный падеж) септік жалғауы ретінде - дай тұлғасын қосып, 7 септеу берген 47, 31. М. Тереньтев, И. Лаптев пен H. Созонтов 9 түрін атайды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін терең пайымдағандықтан төмендегідей сипаттайды: жіктеуді анайы- сыпайы жөнге ажыратып, анайы жіктеуді І жақ (мендік), II жақ (сендік), III жақ (бөгделік); сыпайы жіктеуді І жақ көпше түрі жоқ екенін көрсетіп, жіктеу үлгісі бірізділікпен, жүйелі түрде баяндалған болатын. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінде жіктік жалғауларының жіктеу есімдіктерінен шыққаны айтыла келіп, соған сәйкес I жақ көрсеткіш -мын-мін түрінде, II жақ -сын-сін түрінде берілсе, кейінгі қазақ зерттеушілер еңбегінде II жақ көрсеткіштері -сың-сің түрінде көрсетіледі.
Ғалым есімдікке төмендегідей анықтама береді: «Есімдік дегеніміз — есімдердің, яғни зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің, орнына жүретін сөздер, мəселен, мағлұм дегеннің орнына «мен» деймін, саған сөйлегенде атыңды атаудың орнына «сен» деймін, анау баланың атын атаудың орнына«ол» деймін. «Мен», «сен», «ол» деген сөздер зат есімнің орнына жүрген себептен есімдік болады» [1; 226]. Есімдіктерді бес түрге бөледі: 1) жіктеу есімдігі; 2) сілтеу; 3) сұрау; 4) жіктеу; 5) танықтық есімдігі.
Жіктеу есімдіктеріне қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүргендей мен, сен, сіз, ол түрлерін жатқызады. Жіктеу есімдіктерінің септелуін көрсетіп, олардың септелуінде басқа зат есімдердің септелуінен ерекшелік бар екенін айтады. Оларды мысалдармен дəлелдейді. Сілтеу есімдіктерінің мағынасына қарай жақындағыны жəне алыстағыны көрсететін болып бөлінеді дей келіп, мысалдармен дəлелдейді. Автордың есімдіктерді түсіндіруінде қазіргі теориямен салыстырғанда еш өзгешелік жоқ.
Сұрау есімдігіне: «Сұрау есімдігі дегеніміз — біреуден бір нəрсе сұрағанда айтылатын сөздер», — деп анықтама береді [1; 227]. Оған кім?, не?, қайсы?, қандай?, нешеу?, қанша?, нешінші?, қашан? деген есімдіктерді жатқызады. Бұның қазіргі теориядан айырмашылығы жоқ.Жіктеу есімдіктеріне мынадай анықтама береді: «Жіктеу есімдігі дегеніміз — нəрсенің жігін айта сөйлегенде айтылатын сөздер, мəселен, бəрі, барша».
Жіктеу есімдіктеріне мына есімдіктерді жатқызады: өз (өзім, өзің, өзі), бəрі, барша. Олардың тəуелдік жалғауының 3 жағында септелуін көрсетеді. Ғалымның бұл терминді алуындағы бір кемшілік — бұл терминнің қалыптасқан «жіктеу есімдігі» (мен, сен, ол) терминімен сəйкес келіп, онымен омоним болуы.
Ғалым есімдіктің бұл түрінде өз есімдігі қарастырылған. Қазір бұл есімдік (өздік есімдігі) есімдіктің парадигмалық түрін құрайды. Ал бəрі, барша есімдіктері жалпылау есімдіктері деп аталады.Есімдіктердің 5-ші түрі танықтық есімдігіне мынадай түсіндірме береді: «Танықтық есімдігі дегеніміз — нəрсенің жоқтығын, яки анық белгілі еместігін көрсеткенде айтылатын сөздер. Мəселен, һешкім, һештеме, дəнеме, һешбір. Бұлар жоқтықты көрсетеді; кей, қайсыбір — бұлар түгел еместігін, біреу, əлдекім, əлдене анық белгілі еместігін көрсетеді» [1; 230].
Қазіргі морфологияда һешкім, һештеме, дəнеме, һешбір болымсыздық есімдіктерге жатқызылса, біреу, əлдекім, əлдене есімдіктері белгісіздік есімдіктерге жатады.