1930-1988 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ РАЙ КАТЕГОРИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ҰСТАНЫМДАР.
Жалпы түркологияда, оның ішінде қазақ тіл білімінде ұзақ уақыт бойы талас тудырып жүрген мәселелердің бірі – рай категориясы. Бір қызығы – бұл категорияны топтастыруда алшақтық болғанмен, оны тануда алшақтық жоқ. Зерттеушілердің барлығы дерлік райды:
«сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы», - деп түсіндіреді. Райды осы негізде тануда бұрынғы зерттеушілер арасында да, бүгінгі таңдағы ғалымдар арасында да бірауыздылық байқалады.
Рай категориясын арнайы сөз етіп, өзінше топтастырған ғалымның бірі – Қошке Кемеңгерұлы. «Грамматика казакского языка» мен «Оқу құралында» райлардың берілуі жағынан кейбір өзгешеліктері бар:
«Грамматика казахского языка» 1927
|
«Оқу құралы» 1928, 1929
|
1. ашықрай
2. бұйрықрай
3. қайраурай (жазшы)
4. болжау рай (жазар еді)
5. шартты рай
шартты райдың реңктері:
а) қалау рай
ә) мұң рай
б) ереуіл рай
в) реніш рай (жазсамшы)
г) сенімсіз рай (жазар ме екен)
ғ) көніс рай (жазамын да, жазамын дағы)
д) теріс рай (жазса игі еді)
|
ашық рай
бұйрық рай (жаз, жазшы, жазсаңшы, жазғыр)
болжау рай (жазар еді)
шартты рай (жазса, жазса екен, жазсаң еді, жазсаңшы)
қалау рай (жазса екен, жазар ма еді, жазғай еді, жазғай еді дағы)
теріс рай (жазса игі еді)
|
Г.В.Архангельский құрастыруымен жарық көрген «Грамматикада» қалау рай мен теріс рай т.б. шартты райдың реңктері ретінде берілсе, «Оқу құралында» олар жеке-жеке берілген.
«Грамматикада» райдың бір түрі ретінде танылған қайрау рай «Оқу құралында» бұйрық рай реңкі ретінде түсіндіріледі. Бұл орайда біз Қ.Кемеңгерұлының райды тануын түсіну үшін «Оқу құралындағы»кестеге жүгіндік. Ал «Грамматикадағы»бұл алшақтық Г.В.Архангельский тарапынан қосылған өзгеріс болуы да ықтимал.
Достарыңызбен бөлісу: |