Жиренше
Бір күні Жиренше ханның үйінде отырғанда бір адам ханға сыйға бір піскен қаздың етін алып келген екен. Сонда хан Жиреншеге:
— Сен сөзге де шеберсің және әр нәрсенің бәріне де шебер шығарсың, мына қаздың етін мен, ханым, екі ханзада, екі қаныкей, өзіңмен жеті адамға бірдей қылып бөлші, — депті.
Сонда Жиренше ойланбай, пышағын қынынан суырып алып, әуелі қаздың басын кесіп алып:
— Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз, бұл басты сіз тұрғанда кім жейді? — деп, басты ханға беріпті. Екі аяғын кесіп алып, екі ханзадаға: «Сіздер атаңыздың ізін басып, хан боларсыздар»,— деп, екі ханзадаға береді. Екі қанатын кесіп алып: «Сіздер жатжұртқа барсаңыздар, осы екі қанатпен ұшып барарсыздар», —деп, екі қанатын екі қаныкейге береді. Қаздың көт жағын кесіп, бәйбішеге: «Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз, бұл — қаздың жаясы. Бұл жаяны сіз тұрғанда, кім жейді?» — деп, ханымға береді.
— Мен бас жейтін хан емеспін, жая жейтін ханым емеспін, аяқ жейтін ханзада емеспін, қанат алатын қаныкей емеспін, маған қаздың ортасы да жарайды, — деп, қаздың бар етін алып, үйіне жүріп кетіпті.
Жиренше мен Алдар
(I нұсқа)
Ел аузындағы Шығайбай, Алдар көсе әз-Жөнібек кезінде болды /10-ғасыр/. Жәнібек қарауында болды. Алдар өте қиялшыл, сөзге ұста адам болды. Бір кезде хан мен бидің қата істеген билігін тауып, ел алдында бір ойын ашатын болды.
Жәнібек көсені елден жоюға билерге ақылдасты. Тапқан амалдары: ауыр сұрақ қоялық, сұрақты тапса, ат басындай алтын берейік, таппаса, елден қуалық деп, уәделесіпті.
Жәнібек: «Сонда оған қандай сұрақ қоясыздар?» — дейді. Көсенің қасында екі шал серігі бар еді, бірінің сақалы — ақ, шашы қара, бірінің сақалы — қара, шашы ақ екен. Алдардың өзі көсе екен, дейді. Билері:
— Бірінші, көсе не үшін көсе болды? Мұны тапсын. Екінші, көсенің бір серігінің сақалы ақ, шашы қара, не үшін бұлай болды? Соны тапсын. Үшінші, бір серігінің сақалы қара, шашы ақ, не үшін бұлай болды? Мұны тапсын, — десіпті. [Мұны тапқан Жиренше еді].
Жәнібек Жиреншеге бұйрық қылды:
— Осы үш адам ертең менің алдымда жауап берсін, соны жеткіз,—деді.
Жиренше әлгі екі шалды тауып, көсеге қосып, үшеуін жаяу айдап, ханның ордасына әкеледі. Ордаға жақындағанда Жиренше:
— Анау ханның ордасы, ханға барып, жауап бересіңдер,— деп, өзі: «Анау ауылда жұмысым бар», —деп жүріп кетті.
Көсе шалдардан:
— Хан бізді неге шақырды, білдіңіздер ме? — деп сұрайды. Шалдар:
— Білмедік, — деп жауап береді. Сонда көсе:
— Білмесеңіздер, мен үйретейін. Хан бізден ауыр сұрақ сұрайды, тапсақ, бір дорба алтын береді; таппасақ, дарға асады, болмаса, елден айдайды.
Шалдар көседен:
— Жәнібектің сұрайтын сұрағын бізге үйрет, алтынды сен ал, — деп жалынады. Көсе:
— Мақұл, —деді.
Көсе бірінші шалға үйретеді:
— Менің сақалым ағарғаны, қайғым көп. Сақалым қайғының қарсы алдында тұрды. Шашым бөркіммен қапталғандықтан, ешнәрсе байқамай, қара күйінде тұрады. Жәнібек: «Не қайғы көрдің?» — десе, мынадай де:
«Қатын шайпы, ұл тентек, екеуледі, ей, ханым,
Өтпес пышақ, жүрмес ат, төртеуледі, ей, ханым!
Ер қартайды, мал тайды, алтаулады, ей, ханым, дерсің»,—депті.
Көсе екінші шалға үйретеді: «Менің шашым анамнан туғаңда бірге шыға туған емес пе, бұл сақалым жиырма жасқа келген соң шықты емес пе? Жасы үлкен шашым бұрын ағармай, қайтеді? Егер шашым жиырма жастан бастап шыққаны қате болса, елімнен сұра дерсің».
Бұл үш жауапкер Жиреншенің шақыруы бойынша ханға келді. Жәнібек:
— Үшеуіңнен сұрақ сұраймын: сұрақты дұрыс тапсаң, үш дорба алтын берем, таппасаң, елден шығасыңдар, — деді. Жәнібек:
— Көсе, бет алдыңда ерлердің сақалы не мұрты жоқ, бұған не себеп? — деді.
Көсе:
— Бөксем әкеме, кеудем шешеме ұсаған, — деді. Жәнібек:
— Сенің сақалың қара, шашың неге бұрын ағарған, бұған қандай себеп болды? — деді.
Бұлар көсенің үйреткен сөзін айтып, отыра берді. Жәнібек үшеуіне үш дорба алтын тастады. Көсе алтынды хан алдында өз дорбасына салып, көтеріліп, кете берді.
Бір кезде ордаға Жиренше келіп:
— Жауапкерлер келді ме? — деп сұрапты. Жәнібек:
— Келіп, жауап беріп, құтылып кетті. Шалдарға тиісті алтынды көсе менің алдымда өз дорбасына салып, алып кетті. Сондықтан көсенің үйреткені білінді, — дейді. Жиренше:
— Қу көсе, шалдарға обал қылған екен. Ең болмаса, сол жарым алтынды сөзбен жеңіп алайын, —деп Жиренше көсені қуады. Үйлеріне жеткізбей қуып жетіп, тоқтап, көседен сұрақ сұрады:
— Жер ортасы қайсы, ел ортасы қайсы? Құдайдың хақ бұйрығы қайсы? —дейді Жиренше. Көсе:
— Жап-жақын еді ғой, —деп, мойнын соза беріп, қарап:
— Байеке, атыңызға мініп, қарап айтайын, бойым жетпей тұр,—деді. Жиренше атын берді. Көсе атқа мініп, аулағырақ бір төбеге шығып, жауап берді. Көсе айтады:
— Жер ортасы осы екен. Ел ортасы да осы екен. Бізді айдағанда сен атты, біз жаяу едік, енді мен атты, сен жаяу, Құдайдың хақ бұйрығы дегенің осы екен, — деп, атын бір ұрып, жүре беріпті. Жиренше жаяу қалды. Жиренше:
— Жығылған жерім де, ұялған жерім де осы,—деп, ханға келді.
Достарыңызбен бөлісу: |