Тері. Жүктілік кезінде бүйрек үсті безі қызметінің жоғарылауына байланысты әйел терісінде дақтар пайда болады.
№4 тақырып бойынша дәріс
Босану физиологиясы. Босанудың биомеханизмі: босану ағымымен босану кезеңдерін жүргізу.
Босану - физиологиялық құбылыс, бұл кезеңде жатырдан ұрық, бала жолдасы қағанақ суымен бірге босану жоддарынан ығыстырып шығарылады.
Босану мерзімінде (partus maturus normalis) жүктіліктің 37-41 аптасында, мезгілінен ерте босану (partus preamaturus), жүктіліктің 37 аптасына жетпей; мерзімінен кеш босану (partus seretinus), жүктіліктің 42 аптасынан жоғары болғанда кездеседі.
Босанудың клиникалық ағымын үш кезеңге бөледі. Бірінші кезең - жатыр мойнының ашылуы. Екінші кезең - ұрықтың босану жолдарынан өтіп, туылуы. Үшінші кезең - плацентаның жатыр қабырғасынан бөлініп бала жолдасының туылуы.
Бірінші кезеңде ретті толғақ басталып, жатыр мойны жайылып, толық ашылады (10-12 см). Жатыр мойнының ашылуы толғақтың күшіне, жиілігіне, ұзақтығына байланысты. Босанудың басында толғақтың ұзақтығы - 10-15 сек; ортасында - 30-40 сек; соңында - 45-50 сек. Толғақтың күші үш түрлі болады: әлсіз (10-15 сек), орташа (30-40 сек) және күшті (45-50 сек). Босанудың басында толғақ 15-20 мин сайын қайталанып, біртіндеп жиілейді. Босанудың бірінші кезеңінің ағымында латентті, белсенді фазаны ажыратады.
Латентті фаза – ретті толғақтан бастап, жатыр мойнының 3–4 см ашылғанға дейінгі аралығы. Бұл фазада жатыр фармакологиялық дәрілердің әсеріне сезімтал болады. Ұзақтығы: тұңғыш босанушыларда – 4–8 сағат; босанып жүрген әйелдерде – 4–6 сағат. Латентті фазаның ұзақтығы жатыр мойнының "пісіп-жетілуіне" және фармакологиялық дәрілердің әсеріне байланысты. Латентті фазадан кейін бірден белсенді фаза басталады, бұл фазада жатыр мойны тез жайылып, 4 см-ден 8 см-ге дейін ашылады. Осыдан кейін бірден нәресте басының төмен түсуімен - бәсіңкі фаза басталады. Латентті фазадағы жатыр мойнының ашылу жылдамдығы: 0,35 см бір сағатта.
Белсенді фазада – 1,5–2 см сағатына тұңғыш босанушыларда, 2–2,5 см сағатына босанып жүрген әйелдерде. Бәсіңкі фазада – 1–1,5 см сағатына. Сонымен жатыр, мойнының ашылу қарқыны жатыр бұлшық еттерінің жиырылуына, жатыр мойнының резистенттілігіне байланысты. Жатыр мойны ашылған сайын, оның жиектері жұқаланып, жатырдың төменгі сегменті пайда болады. Жұқаланған төменгі сегмент пен жатыр денесінің аралығы жолақ тәрізді – оны контракциялы "сақина" дейді. Контракциялы "сақинаның" деңгейі бойынша, жатыр мойнының ашылу дәрежесін анықтайды. Жатыр мойнының ашылуы ұлғайған сайын, контракциялы "сақинаның" деңгейі шаттан жоғарылайды. Жатыр мойнының ашылу механизмі тұңғыш және босанып жүрген әйелдерде бірдей емес. Тұңғыш босанушыларда алдымен жатыр мойнының ішкі ернеуі ашылып, жатыр мойны жайылып, жұқарады; содан кейін сыртқы ернеуі ашылады. Босанып жүрген әйелдерде жатыр мойнының сыртқы ернеуі ішкі ернеумен бір мезгілде ашылып, жатыр мойны қысқарады. Жатыр мойнының ашылу қарқыны: тұңғыш босанатындарда бір сағат ішінде - 1 см; босанып жүрген әйелдерде – 2 см. Жатыр мойнының ашылуымен қатар, бір мезгілде нәрестенің төменгі бөлігі біртіндеп босану жолдары арқылы жылжиды. Толғақ басталғанда нәресте басы жамбас қуысына түседі, ал жатыр мойны толық (10–12 см) ашылғанда, оның басы үлкен сегментімен жамбастың кіре беріс жазықтығында немесе жатыр қуысында орнығады. Нәресте басымен орныққанда қағанақ суы алдыңғы және артқы бөлігі болып екіге бөлінеді; себебі нәресте басы жатырдың төменгі сегментінің қабырғасын босану жолдарының негізгі сүйектеріне басып тұрады. Жатыр мойны толық ашылғанда қағанақ қуығы өзінің физиологиялық функциясын жоғалтады. Жатыр мойны толық ашылғанда, жатыр қуысы қысымының артуы салдарынан, қағанақ қуығының қабықшасы жарылып, қағанақ суының алдыңғы бөлігі төгіледі (қағанақ суының мезгілінде кетуі). Егер қағанақ қуығы өз бетінше жарылмаса, оны арнайы құралмен жарады. Қағанақ қабықшасы толғақ басталмай жарылса — қағанақ суының мезгілсіз кетуі; ал толғақ басталғанан кейін немесе жатыр мойны толық ашылмай жарылса — қағанақ суының ерте кетуі дейді. Бірінші кезеңнің ұзақтығы: тұңғыш босанушыларда – 11–12 сағат, босанып жүрген әйелдерде – 7–8 сағат.
Достарыңызбен бөлісу: |