Әкем Алашбай Шешем Торғай
Бала кезімнен өте бұзық болып өстім. «Шаш ал десе бас алатынмын». Әкем мен шешемнің еркесі болатынмын. Әкем Алашбай соғыстан 1942 жылы бір қолын беріп келді. Шешем Торғай бала туып-бағып, үй шаруашылығымен болды. Біз алты ағайындымыз, үш ұл, үш қыз. Әке-шешеміз шамасы келгенінше балаларын оқытты. Көбіне бізді шындыққа, әділдікке, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамаңдар деп тәрбиеледі. Құдайға шүкір, ұлдары ұяда қыздары қияда демекші өздері қартайып, немере сүйіп отыр.
Кеңес заманында құдай жоқ, әруақ жоқ деген атеизм уақытында арақ ішіп, темекі шегіп жүргенімде менде бала тұрмады. Бала 6-7-8 айлық болғанда шетіней берді. Алғашқы екі келіншегімнен бала баға алмайсыңдар деп ажырастым. Осы үшінші әйеліммен тұрып жатқанда да солай болды. Бұны бір баласымен алып едім,. майкөтен болып артынан бала ілесер деп. Бұл әйелден алтыншы баламды жерлеп келіп, бір досымның үйіне барып, сол үйде арақпен мені жұбатып отырғанда 6-7 жасар қызы келіп,досымның мойнына асыла кетті, құлағына бір нәрсе сыбырлады. Сол-ақ екен, досым дастархандағы тәттіден бір уыс алып берді. Сол кезде ойыма шешемнің сөзі түсті.
- «Балам, арақты неге ішесің? Арақ сендерге жақпайды. Әкелерің де шарап ішіп жүргенде бала тұрмай қойған. Әкең де 6 бала жерлеп, шарабын қойғаннан кейін көрген мына сендерсіңдер»- деп айтушы еді. Сол жерде достарыма:
- Мен бүгіннен бастап арақты қойдым, балам қай күні босағама келін әкеледі, сол күні өлгенше ішемін - деп кеткен едім. Содан арақты қойып кеттім . Көргенім үлкенім – Еркебұлан 1990 жылғы, кейінгі – Ғалымжан 1992 жылғы.
1991 жылы асқазан ауруы айналдырды. Алғашқыда гастрит, язва деп арты ракқа айналды. Дәрігерлер, хирургтар операция ұсынды. Жараны кесіп алып тастаймыз, кейін мүмкін жазылып кетерсің, 2-3 жыл өмір сүресің деген еді. Бұрын ішіп жүргенімде 2-3 рет операцияға түскенім бар еді. Осыны алдырмай-ақ пышаққа түспей-ақ қояйыншы деп жүрдім. Алғашқыда ішкен асым бірде тамақтан өтіп, кейде өтпей қалып жүрді. Кейін қара судың өзі өтпей қалды. Бауырларым өлетін болды деп малымды, ұнымды дайындаған болатын. «Өлмеске өлі тауық жолығар» деген мақал бар. Бір күні жиенім Жамбыл келіп:
- Көке, Жамбыл қаласынан бір құмалақшы келіпті. Мамам екеуіміз сол кісіге барып едік. Ол кісінің құмалағына сіз түстіңіз. Жүріңіз, алып барайын, - деді.
- Мейлі, барсам барып көрейін- деп үйден шықтық. Сөйтіп Сатпаева көшесінде біреудің үйінде квартирада тұрып жатыр екен Қарлығаш деген жас келіншек. Мен кіре беріп едім:
- Аға, не өлемін деп жүрсіз бе?-деп сұрады.
- Өлмегенде нем қалды. Бір қасық су өтпей қалды- дедім.
- Аға, өлмейсіз, өмір-жасыңыз ұзақ, сізге намаз- құран оқу керек. Әулие аралау керек- деді.
Мен ойланып тұрып:
- Больница ракты жаза алмаған, мынау не далбаласалап тұр- деп ойлап едім.
- Аға, не далбасалап тұр дейсіз бе, өмір сізге керек маған емес. Міне адресім, мен Таразға қайтамын, 2-3 күннен кейін әулиеге жүремін - деді Қарлығаш. Үйге келіп Рымкүлге айттым.
- Барып көр, өлмейсің деп отыр ғой.
Әрі бері ойлап, ақыры өлемін ғой, барсам барып көрейін деп Жамбыл қаласына жиналдым.
Жас та өтер бірте-бірте кәрі де өтер,
Баянсыз бұл жалғанда бәрі бекер
Жаһанда мәнгі жасар жан жоқ сірә
Кетеміз; кетті, келер, тағы келер.
Кеңес Одағы тарап бензин жоқ, автобустар тоқтап дүкендер босап жатқан кез еді.Мен Жамбылға барған күні жер сілкініп, ел деген уап-шуап далада жүрген еді.Мен адрес бойынша Қарлығаштын үйіне бардым , тамырымды ұстап бүгіннен қалмай кетуіміз керек ,кешігіп қалмайық - деді.Жүгіріп жүріп біреуден сатып алып, біреуден сұрап алдық , әйтеуір сол күні Жаңатас тас жолына шығып, «Біссіміллә» деп Баба Түкті Шашты Әзиз әулиеге шықтық. Барғаннан кейін көргенім киіз үйде отырған ақсақал Рахымбай деген кісі мен кемпірі екеуі. Сөйтсем жаңағы Рахымбай ақсақал сол әулиенің шырақшысы екен. Әулиенің басына барып, құран оқыды. Біраз отырдық, сыртқа шыққан соң бұлағына бардық. Құран оқыды.
- Аға, «Бісмілләһи Рахман-Раһим» деп ниет қылып, мына судан ішіңіз, Алла шипасын берсін- деп. Қарлығаш кесемен су алып берді. Мен кеседегі суды: «Бісмілләһи Рахмани-Раһим» деп ниет қылып ішіп едім, су тамағымнан тастай болып өтіп, ішімді аралап кетті. Сонда ғана ішегімнің ұзын екенін байқадым. Сондағы дүниенің рахатын-ай десеңші! Тағы да екі кесе іштім. Сөйтіп киіз үйге келіп, керегеге сүйкеніп отырып ұйықтап қалыппын. Бір уақытта, ауызым кеуіп тілім таңлайыма жабысып шөлдеп тұрдым. Далаға шықсам таң қылаң беріп келе жатыр екен. Есіктің алдында шырақшының кемпірі есік алдын сыпырып жүр екен.
- Апа, шөлдеп кеттім, қайдан су алсам екен?-деп сұрадым.
- Е, сен кешегі ауырып келген баламысың? Бар, әулиеден атаңнан барып алып іш,-деді. Сондағы зәремнің ұшып, қорқып жан-жағыма қарамай әйтеуір жүгіріп отырып барып, апыл-ғұпыл су ішіп алды-артыма қарамай қайта шықтым. Егерде сол кезде біреу алдымнан шыға қалса жүрегім жарылатындай болды. Келгеннен соң дәрет қышады, барып едім қан өтті. «Е, өлген жерім осы екен ғой, адам өлер алдында тазаланады деуші еді» деген ой келді. Таңғы шайға отырдық. Сонда көптен бері тамағымнан өткені бір кесе шай іштім, бір бауырсақ жедім. Сол күні әлі есімде «Бісміллә» деп қолыма құран ұстаған күнім 27 тамыз еді. Сол күннен бастап Қарлығаш маған ұстаз болып, жол көрсетті. Қазір Қарлығаш ақ жолды тастап кеткен,базарда сауда жасап ақша-дүние қуалап кетті.
Аяндықпен әулиеге барып жүрдім. Суынан әкеліп ішіп жүрдім. Соның өзінде су бірде өтіп, бірде өтпеді. Қиналдым. Ауыр жұмысқа жарамай, балаларым кішкентай, әрі жас. Тамақ керек, отын-су керек дегендей жұмыс істеп жүргенімде жинаған-тернегенімді арзанға сатып сөйтіп әйтеуір күн көрдік.
Намаз-құран оқып жүріп, Алла нәсіп етіп жәйлап құмалақ ашып, адам қарай бастадым.
«Ат басындай алтын...»
1994 жылы жетінші рет аян көріп, Баба Түкті Шашты Әзизге әулиеге шықтым. Барып түнеп жатқанымда түсімде бір үлкен ата келіп: «Балам, ат басындай алтының бар астында арабша жазуы бар ұстайтын жері найзаның ұшы Әскербек ағаңның үйінен барып ал». Ояна кетсем, түсім екен. Таң атып қалыпты, намазға тұрдым.
Ауылға келгеннен кейін ертеңіне Алға совхозына Маңғаз апамның үйіне бардым. Есіктің алдында жүр екен. Малына жем- су беріп. Аман-саулықтан кейін айттым:
- Апа, мен аяндықпен келдім. Бір кісі ат басындай алтының бар, астында арабша жазуы бар, ұстайтын жері найзаның ұшы Әскербек ағаңның үйінен барып ал деді.
- Қарағым, қай әулиеден көрдің?
- Баба Түкті Шашты Әзизден.
- Қанша рет бардың?
- Жеті рет.
- Өлім аузынан қалдың, ә? – деді.
- Иә, апа. Рак болып бір қасық суға зар болдым ғой.
- Е, сондай адам келеді деп еді. Саған нәсіп еткен екен ғой.
---Жүр үйге-деді.
Үйге кіріп, дастархан басына келіп отырдым. Маңғаз апам арғы ішкі бөлмеге кіріп кетті. Біраздан соң қолында кішкентай ғана түйіншегі бар келіп отырды да, түйіншегін шеше бастады,. 5-6 бет орамалға ораған кішкентай ғана жылтылдаған таза күмістен жасалған мөрді алып шықты.
- Балам, әкелерің осы үйде «ат басындай алтын бар, көреміз» деп көре алмай кетті. Ешкімге көрсетпей, Ақмоншақ әжелерің тығып ұстап еді, өлетіннің алдында маған «аманат» деп табыстап кетті. Қыздарға, жиендерге беруші болма! Ұрлатып алма! Бұл мөр Қайдауыл бабаларыңн ан келе жатқан аманат. Әкеден балаға бір-бірінен сұрап алып отырған. Бұл мөрдің жарыққа шығатын күні бар. Дін тозып, дін аяққа басылған кезде аяндықпен жарық көреді деген еді әжең. Балам, қанша өмірім қалды дейсің, Әскербекке айтып кетем, мен өлгеннен кейін аларсың, көзімнің қарашығындай сақтап едім, - деді Маңғаз апам.
- Апа, бұл мөрдің қасында кішкентай ғана құран кітабы бар еді. Ол қайда ?-деп сұрағанымда:
- Бар, бұл мөрмен бірге құраны да бар еді. Сауытбек ауылындағы күйеу бала Сауранбай қызым Құндызкүлде. Балалары тұрмай өле бергеннен кейін сұрап алған еді. Ол құранды алғалы балалы болды ғой, қарағым. Ол қыздан сұратайын,-деді. Сөйтіп біраз отырып, мен мөрді әрі-бері ұстап көріп:
- Ат басындай алтын деп еді, алтыны қайсы?-деп неше түрлі ойға кеттім. Жаңадан құран үйреніп жүрген кезім. Құран оқып үйге қайттым. Көп ұзамай Маңғаз апам қайтыс болды, қайтыс болғаннан кейін бір жылдан аса аталарым:
- Бар, сұрап ал аманатыңды! - деп мазалай бергеннен кейін Әскербек ағадан барып сұрап алдым. Үйге әкеліп, тығып ұстап,
анда-санда шығарып құран оқып, қайта тығып қойып жүрдім.
1273 жылғы шаңырақтан түскен мөр. (Жабық түрі)
Достарыңызбен бөлісу: |