Зерттеудің жаңалықтары. Сөз мәдениеті осы кезге дейін негізінен тілдік құрылымдық жүйеде зерттелсе, ендігі жерде антропоцентристік бағытты бағдарға алуы жұмыстың негізгі жаңалықтарының бірі болып табылады.
Сөздің коммуникативтік сапасына баға беру тілдік норма жағынан қарастырылса, ендігі тұста тілдік және тілдік емес мәнділіктерді тек нормативті аспектіде қарастырмай, функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени аспектіде зерттеу; тілдік тұлғаны сөз мәдениеті пәнінің түпқазық ұғымы ретінде алу; сөз мәдениеті бұғанға дейін сөйлеуші (автор, коммуникатор, адресант сөз субъектісі) позициясы тұрғысынан қарастырылса, ендігі тұста тыңдаушы (адресат, коммуникант, реципиент) тұрғысынан қарау, соның негізінде сөздің сапасына баға беру зерттеудің коммуникативтік аспектідегі жаңалықтары болып саналады.
Тілдік норманы кодификациялауда практикаға сүйену басым болса, ендігі кезекте оның сүйенетін теориялық негіздерін көрсету, тілдік және тілдік емес нормалардың түрлерін айқындай отырып, сөздің сапасын анықтауда тілдік нормаға сүйену жеткіліксіз, тілдік емес нормаларды да ескеру, тілдік, тілдік емес нормалардан ауытқулардың себептерін уәжді ауытқудың әсерімен ықпалын ашу зерттеудің нормативті аспектіге қатысты жаңалығы.
Сөзді вербалды және когнитивтік әрекеттердің нәтижесі ретінде қарау, тілдік тұлғаны сөз мәдениетінің іргелі түпқазық ұғымы ретінде алу, тілдік тұлғаның санасындағы тілдік және тілдік емес білімдер жүйесін когнитивтік құрылым ретінде қарай отырып, коммуникацияның сәтті/сәтсіздігін білімдер жүйесімен байланыстыру зерттеудің когнитивтік аспектісімен байланысты жаңалығы деуге болады.
Мәтінді адресант тарапынан тілдік ақпараттар кодқа салынған лингвистикалық таңбалар жүйесі, лингвомәдени ақпараттар кодқа салынған таңбалар жүйесі, эстетикалық мәнділіктер мен этикалық мәнділіктер кодқа салынған таңбалар жүйесі ретінде алып, мұндай күрделі семиотикалық жүйедегі кодты адресаттың қалай ашатынына талдау жасау зерттеудің лингвомәдени аспектідегі жаңалықтары болып табылады.
Сонымен бірге тілдік қарым-қатынастың этикалық нормасын ерекше конвенционалды жүйе ретінде қарастыра отырып, қарым-қатынастың эксплицитті және имплицитті түрде қандай тілдік құралдармен, амал-тәсілдермен жүзеге аса алатынын көрсету зерттеудің этикалық аспектісіне қатысты жаңалығы деуге болады.