Жоба: «Ұлттық құндылықтар»



бет29/32
Дата21.09.2024
өлшемі6,85 Mb.
#204832
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
жоба ұлттық (2)

Малта- дегеніміз сорпаға не ыстық суға езілген құрт.Сорпадағы не судағы қиыршық құртты езу үшін кей кезде әжелеріміз қойдың бас сүйегіндегі азу тістерін қолданған.Малтаға немесе құрткөжеге ыдысқа тұздап сақталынған сүзбе құртты да пайдаланылған.Малта сорпаға құрт қалдығын езуден жасалады

Құрткөженің қарапайым жасалу жолы :Суық суға ұнды езіп алу керек, өйткені суық суда ұн тез әрі түйіршіксіз біркелкі езіледі.Суық суға езілген ұнның үстінен қайнаған ыстық су құйып сұйықтықты молайтамыз. Араласқан қоймалжыңды отқа қайрадан қайнатамыз да үстіне құрт және сары май салынады,Ол қайнаған соң көжені ожаумен әбден сапырамыз.
Қажетті заттар:
0,5 литр суық су
100г ұн
100 г сүзбе құрт
1 литр ыстық су
50 гр сары май

Әбден сапырылғандықтан оның ішіне сары майдың қосылғаны да білінбейді.Құрткөже аса қуатты әрі жұғымды ас.Бұрынғы кезде қыстың қытымыр аязы мен ақ түтек боранында тебін малын далада жайған аталарымыз құрткөженің буының арқасында өзін де малын да аман сақтаған деседі.Жас босанған келіншекке енелері 40 күнге дейін буының тез бекісін және ана сүті құнарлы болсын деп тура осы мәзірмен жасалған құрткөжені берген.Сиырды сауып алған соң, сүтті жылы күйінде сүт машинасына құйып тартады. Сүттің қаймағы алынады да, қаймақтан бөлінген сүтті көк сүт деп атайды. Оны ағаш бөшкеге құйып жинай береді. Көк сүт құйылған ағаш бөшке күн шуағы мол түсетін күнгей бетке қойылады. Бөшкенің бір бүйірін дөңгелете кесіп, тесік жасайды да, сол тесікті бекітіп тұратын ағаш тықпа жасайды. Тартылған көк сүтті ағаш бөшкеге құйып, аузын мықтап бекітеді. Ол кешке дейін күн көзіне пісіп, ақырып тұрады. Сары суы бөлініп, іркіті бетіне шығып быжиды. Міне, сол кезде бөшкенің бүйіріндегі тесікті ашып, сары суын ағызады. Іркіт ішінде қалады. Бұл әдіс күнде қайталанады. Ағаш бөшке ашыған іркітке толған уақытта іркіт дайын болды дегенді білдіреді.


Іркіттің жасалу әдісін білдік. Іркіттен құрт қалай алынады. Көкейімізді тескен сұраққа жауап іздеп жүріп, соңында мынадай қорытындыға тоқтадық
Ауылдағы қазақ есік алдына жер ошақ қазады да тай қазанды қойып, құртты осы қазанда қайнатады. Алдымен, құрттың түбі күйіп кетпес үшін қазанның айналасын майлайды. Қазанға Ағаш бөшкеде жиналып пісілген іркіттің бәрін құймай, алдымен бір – екі шелегін ғана құяды. Астын тұтатады. Құрт қайнатуды жер ошақтағы жанып жатқан оттың да үлкен маңызы бар. Отты малдың кепкен жас тезегімен тұтатып, үстіне қыстан шыққан қойдың қалың қиын үстемелеп салып отырады. Ағашты көп пайдалана бермейді. Ағаш қатты жанатындықтан қазанның астын жабыстырып, күйдіруі немесе тасытып жіберуі мүмкін. Ондай жағдайда құрт күйік дәм татып кетеді. Малдың қиы құртты баяу, бабымен қайнатады. Бастапқыда құйған екі шелек іркіт қайнауға айналғанда тағы да қалған екі шелек іркіт үстінен еселенеді де одан әрі қайнатылады. Құрт қайнап жатқан кезде оның түбі күйіп кетпес үшін арнаулы құрт қайнатқышпен әлсін-әлсін қазанның түбін, ернеуін қырып, араластырып отырады. Әбден қойылған құртты кенеп қапқа құйып керегеге асып қояды. Сонда оның қалған суы тағы да ағып, құрғайды. Бұдан кейін шараға салып, аздап дәміне қарай тұз араластырады да қолмен бөлшектеп, сығып немесе алақанда айналдырып өреге жайып кептіреді. Құртты кептіру үшін әр түрлі формаға келтіреді. Оның негізі түрлері – күлше, жарма, сықпа және шүйірмек. Күлшені жасағанда құртты кесектеу етіп (уысқа сиярлықтай) домалақтайды. Одан соң оң қолдың бас бармағы мен төрт саусағының арасына қысып бүйірін жұқартып, дөнгелек формаға келтіреді. Күлше ұзақ уақыт сақтау үшін жасалады. Кейде күлшенің бүйірін тесіп моншақ сияқты жіпке тізіп, керегенің басына, өренің ашасына іліп кептіреді. Оны көп кептіру керек, әйтпесе іші көгеріп кетеді. Сықпаны жасағанда құртты шағындап қана алып,төрт саусақтың бүгуіне салып сығып жасайды. Шүйірмектің мөлшері сықпаның жартысындай ғана болады. Шүйірмек жасағанда құртты екі саусақты бүгуіне салып, екінші жағын басқа қолдың бармағымен батыра қысады. Бұл тез кебеді. Көгермей, қызбай біртегіс кебу үшін өреде жатқан кезде оны бірнеше рет аударып отырады. Ал құртты кептіргенде ыдысқа салмай шидің үстіне жайып кептіретіні шидің арасы саңылау болады. Сонда астынан соққан ауа лебі құртты біркелкі,ә рі тез кептіріп,күн қызуымен жарылып кетуден сақтаған.Осындай әдіспен қайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала береді.
Құртты әсіресе ауа – райы ыстық оңтүстік аймақтармен солтүстіктің кейбір жылы аймақтарында істеу ыңғайлы. Себебі құрт аса ыстықты қажет ететін тағам. Күн көзі дұрыс түспейтін, қоңыржай аймақтарда құрт жасау нәтижелі іс бермейді. Себебі Күн көзінен алынған қуатты энергия құрттың бойына табиғи дәруменді сіңіреді. Әрі құрттың көгермей, шірімей кебуіне де аса қуатты күн көзі ғана пайдасын бермек. Осындай әдіспен қайнатып, кептіріп алған құрттың 2 немесе 3 жылға дейін азбай сақталуының сыры осында.
Құрттың қай түрі болса да өреге кептіріледі. Күлше мен жарманы қысты күні жеу үшін, ал,сықпа мен шүйірмекті жазды күні, күзде шайға салу үшін дайындайды. Қайнатқан құрттың өзі үш түрлі болады: бірі –ақ құрт. Ол көп ашымаған майдан әбден арылған іркіттен қайнатылады. Ақ құрт аталатын себебі, тұзын көбірек етіп қосады. Ол көбіне жазда, күзде желінеді. Екінші- қара құрт. Ашуы жеткен іркітке аздап сары май қосып қайнатады. Тұзын аздап қана қосады. Құрттың осы түрін қыста езіп, дәмді құрт көже даярлайды. Үшінші – ежігей құрт. Ежігей де құрттың жасалу жолымен әзірленеді. Бірақ ол өте ашымаған іркіттен жасалады. Әзірлеу кезінде бір шелек іркітке екі шелек қаймағы алынбаған сүт қосып қайнатылып дайындалады. Әбден қайнап суы сарқылып піскен ежегей суы сорғытылып сәл кебір тартқаннан кейін алақанға салып сығып өреге қатарлап жәйіп кептіріп алады. Ежігей кепкен кезде де ащы құрт сяқты тас болып қатып қалмайды. Үгітіліп тұрады. Әбден кептірген ежегей жазда да, қыста да дәмі де, түсі де озгермейді. Ежігейді кептірмей де пайдалануға болады. Үстіне сары май, қаймақ құйып, қонақтарға ұсынады. Сондықтан да оны дастарқанға салуға даяр тұру үшін ыдыста екі ـүш күн сақтап қойса да бұзылмай сақтала береді. Кұрт күшті ас, ол әр түрлі тамаққа қосылады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет