Қорытынды Жалпы адамзат тарихында белгісіз тылсым күш иелерінің, қай уақытта, қай заманда болмасын өмір сүргенін бәріміз жақсы білеміз. Қазіргі күнгі ірі емдік сеанс иелері, «экстрасенстер» және өздерін бақсы санап жүргендерді нағыз бақсы деуге болмайды. Бұлардың бойларынан бұрынғы бақсы емес, қатардағы жәй бақсының да таза қасиетін таппайсың. Бұлар бақсылық өнердің жетіскен түрі емес, ең артта қалған түрі. Кейінгілер қаншалықты тылсым күш иесімін дегенімен олардың негізгі мақсаты атаққұмарлык, пайдакүнемдік екені рас. Бақсылық өнер тазалықты қалайды. Әрине киесіз пенде жоқ. Мәселе киені ұстай, мәпелей, күте білу басты нәрсе. Бірақ халық пейілі кеңейіп, өмір жақсарып, тұрмысымыз оңға басқанда Алла тағала ел ортасынан, Қойлыбай бақсыдай болмаса да, орташа бақсыдай ақ көңіл сиқырлы киелі кісіні шығаруы мүмкін. Бүгінгі тылсым күштің құпиясы сырына қанық жандар жоқтың қасы. Бақсылықты бөтенсімей ғалымдарымыз зерттеп, оның құпиясын ашуға ықпал еткені жөн. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2006 жылдың 22-24 шілдесінде Алматы қаласында «Қазақтың бақсылық өнері» атты Халықаралық форум өтті. Содан бері ғылым саласында бақсылық өнеріне оң мән беріле бастады. Бақсылык өнері халқына қайтадан жақсылық жолымен оралсын деген ниетімізді Алла тағала қабыл еткей. Қасиетті ұлы бақсылар рухы риза болғай!