«Туған өлкем- Меңдіқара!» жобасы
Іске асыру мерзімі: қысқа мерзімді (1 жетілік)
Жобаның түрі: ақпараттық-шығармашылық.
Жобаға қатысушылар: тәрбиешілер, балалар 2-3 жас, ата-аналар.
Жобаның мақсаты:
- балаларды туған жеріне деген сүйіспеншілікке, елін мақтан етуге, адамгершілікке, тыныштықты қолдауға, ұлттық келісім мен патриоттық сезімге тәрбиелеу;
- Меңдіқара аймағында тұратын халықтар және қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы балалардың көзқарасын және ой-өрісін кеңейту;
- балаларды ауданымыздың назар аударарлық орындарымен таныстыру;
- еліміздің келешек азаматы – бала тұлғасының қалыптасуында тәрбиеші мамандығының мәртебесін және әлеуметтік маңыздылығын көтеру
Баланың жанжақты дамуы дегеніміз адам іс-әрекетін жанжақты дамыту және жетілдіру. Әлемде бізді қоршағаннның барлығы баланың қоршаған ортаға деген қызығушылығын оятады, біз өз жұмысымызда балаларды қоршаған әлемнің керемет болуы үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Балалар дыбыстарды дұрыс айтып үйренуі, дұрыс сөйлей білуі, сөйлем құра білуі керек, сонымен бірге көріп тұрғанын дұрыс бейнелеуі үшін ойлай, талқылай білуге үйренуі және дұрыс түсінуі, жағдайды бағалай білуі, өз бетінше шешім қабылдай білуі тиіс. Бұл жобада біздің мақсатымыз балалардың ой-өрісін кеңейту. Балаларды Меңдіқара аданына, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке, еліміздегі тыныштық пен келісімге, еліне құрмет тұтуға тәрбиелеу.
Іске асыру механизмі:
· Тақырыптық сабақтар, әңгімелесулер;
· Көрнекілеу іс-әрекеті;
· Балабақшаны мерекелік безендіру.
Педагогтардың іс-әрекеті:
· Әдебиет таңдау
· Әңгімелесу
· Ойын мен шығармашылық сабақтар өткізу
· Бақылау
· Жинақтап қорыту
Балалардың іс-әрекеті:
· Ойын
· Шығармашылық (Бейнелеу өнері, қол еңбегі)
· Бақылау
Ата-аналармен жұмыс:
· Әңгімелесулер, әуезді мерекеге қатысу
· Үй тапсырмасы (балалармен бірлескен шығармашылық)
Жоспарды іске асыру
Тәрбиешілер мен балалардың біріккен қызметі.
Меңдіқара ауданы — Қостанай облысының солтүстігінде орналасқан әкімшілік бөлік.
Меңдіқара ауданы өз атауын XIX ғасырда өмір сүрген атақты Меңдіқара бидің есімінен алады. Бастапқыда аудан 1921 жылғы 1 сәуірде ұйымдастырылды, алайда 1928 жылы екі аудан құрылды: Боровской кенті орталығымен Боровской ауданы және Ораз кенті орталығымен Меңдіқара ауданы. 1930жылы ұйымдасып,
1963 жылы қаңтарда Боровской ауданы болып қайта құрылды. Жерінің аумағы 6,6 мың км². Тұрғыны — 29,6 мың адам (2015 жыл). Меңдіқара ауданының құрамында 12 ауылдық және 1 кенттік округ, 58 ауылдық елді мекен кіреді. Аудан орталығы – Боровской ауылы. Меңдіқара ауданының жер бедері жазық. Шеткі жақтары Тобыл,Үй, Обаған өзендерінің және олардың шағын салаларының аңғарларымен тілімделген. Аудан аумағында жер бедері оңтүстіктен солтүстікке қарай едәуір еңіс, теңіз деңгейінен биіктігі 200 м-ден 83 м-ге дейін төмендейді.
Меңдіқара ауданында жер қойнауындағы кен байлықтарынан темір кентасы, отқа төзімді балшық, әйнектік және қиыршық құм, т.б. барланған. Меңдіқара ауданының климаты тым континенттік, қысы суық, жазы жылы. Ауаның орташа температурасы қаңтарда -17…-18 °C, шілдеде 20…22 °C. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300–350 мм, оның 70–75%-ы жылдың жылы мезгілінде жауады. Ірі көлдері: Қамыстытеңіз, Алакөл. Алакөлде балықшылық дамыған. Меңдіқара ауданы түгелдей қара топырақ белдемінде орналасқан. Тобыл мен Обаған өзендері суайрығының негізгі батыс бөлігін қара, ал оның қарағай ормандары өсетін жерлерінде күлгін топырақ алып жатыр. Өзен аңғарлары мен жайылымдардың топырағы аллювийлі. Сортаң топырақ негізінен Обаған өзенінің аңғарында кездеседі. Қара топырақты жерлері түгелдей дерлік егін егуге пайдаланылады. Дөңес жерлердің едәуір бөлігіндегі ормандарда қарағай, қайың, терек, т.б. өседі. Меңдіқара ауданында жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, қарсақ, т.б., ал кемірушілерден күзен, ақтышқан, аламан, қосаяқ, сарышұнақ, оңтүстігінде суыр кездеседі. Өзендер мен су айдындарында ондатр, құндыз,т.б., ормандарда елік, түлкі, т.б. тіршілік етеді. Құстардан дала бозторғайы, бөдене, орманда қара және ақ құрлар, шіл,өзен мен көлдерде: үйректің бірнеше түрі, қасқалдақ, қаз, аққу, су жағаларында: жылқышы, тауқұдірет, қызғыш мекендейді.
Меңдіқара ауданының басым көпшілігін қазақтар құрайды. Одан басқа орыстар, украиндар, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Меңдіқара ауданы халық жиі қоныстанған ауданның бірі. Мұнда халықтың 1 км²-ге шаққандағы тығыздығы 5,5 адамнан келеді. Елді мекендер, көбінесе Тобыл мен Обаған өзендерінің бойында орналасқан.
Меңдіқара ауданы негізінен ауыл шаруашылығына маманданған аудан. Мұнда ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 506,6 мың га, оның 303,5 га-сы егістікке пайдаланылады. 2002 жылы ауданда 497 шаруа қожалықтары, 68 ЖШС, 5 АҚ, 7 ӨК ұйымдастырылды. Егіншіліктің басты саласы – астық өндірісі. Мал шаруашылығы ет-сүт бағытындағы сиыр, ет-май бағытындағы шошқа, аздап биязы жүнді қой және жылқы мен құс өсіруге маманданған. Ауданда 41 мың га жерді орман алып жатыр. Оны күтіп-баптаумен және өсірумен Боровской, Ұөзынкөл және Усаков орман шаруашылықтары айналысады. Меңдіқара ауданында ауыл шаруашылығы шикізаты мен жергілікті табиғи ресурстар негізінде май шайқау, ұн тарту, құрылыс материалдарын өндіру, ағаш өңдеу өнеркәсібі өркендеген.
Боровской ауылында май зауыты, диірмен, кішігірім тігін фабрикасы, кірпіш зауыты, темір-бетон, қиыршықтас, әктас және ағаш бұйымдарын жасайтын цехтар, педагокикалық колледж, кәсіптік-технологиялық мектеп, жалпы білім беретін 47 мектеп пен мектеп-интернат, 28 кітапхана, 10 мәдениет үйі, аудандық аурухана, тубдиспансер, қымызбен емдейтін санаторий, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 6 дәріхана бар.
Экономиканы дамытудың заманауи кезеңінің нәтижесі – бұл берекелі жерде еңбек еткен меңдіқаралықтардың көптеген ұрпақтарының еңбегінің нәтижесі. 30-шы жылдары бірінші Аяқ-Молдыбай, одан кейін Долбушин МТС құрылды. Осы кезеңде озат ұжымдық шарушылықтар: «Боевик», «Трудовая сила», «Земледелец», «Охотник», «Май-Алап», «Жаңа тұрмыс», «Екпінді», «8 Марта», «Дружный», «Красный Повстанец» пайда бола бастады. Сондай-ақ май жасау артелі, астық қабылдау кәсіпорны, шыны зауыты, әр түрлі фермалар, өнеркәсіп артельдері ашылды. МТС үшін механизаторлар кадрлары Боровской механизация мектебінде (кейін ол Боровское ОКТУ, қазір – кәсіптік-техникалық колледж) дайындалады.
Ал тың игеру дәуірі ауданның экономикасы мен мәдениетіне жаңа леп берді. Тың игеру жылдарында аудан шаруашылықтарында 432 мың гектар тың жер игерілді. Қысқа уақытта ұжымдық шаруашылықтар негізінде 11 кеңшар ұйымдастырылды. Жаңа орында «Буденный ат.», «Краснопреснен» және «Харьковский» кеңшарларының орталықтары қаланды. Тың игеру жылдарында меңдіқара жерінен 9 Социалистік Еңбек Ері шықты. Г. Каюмовтың, И. Крупскийдің, В. Трояковтың, А. Татаренконың, А. Дубенцовтың, А. Захаровтың, М. Яровойдың, К. Дөненбаеваның есімдері газет беттерінен түспеді. Меңдіқаралық Н. Синенко алғаш Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері атанды.
Ауданда аудандық аурухана мен дәріхана, ал Ауылдық кеңестерде – медициналық пункттер жұмыс істеді. Мәдениет мекемелерінің кең желісі қызмет етті. Ауданда денсаулық сақтау саласының калыптасуы мен дамуы қазақтың тұңғыш дәрігерінің бірі Мұхамеджан Қарабаев есімімен байланысты. Оның бастамасымен қымызбен емдейтін емхана ашылды, ол кейін туберкулезге қарсы санаторийге айналды. 1941 жылғы желтоқсанда қымызбен емдейтін емхана Мәскеу қаласының балалар үйінен 301 баланы қабылдады және соғыс аяқталғанға дейін осы мекемеге емделу үшін жаралылар мен науқастар түсіп отырды. Тарихи очерктердің деректері бойынша бірінші мектеп 1887 жылғы желтоқсаннан бастап жұмыс істей бастады. 1954-55 жылдары барлық кеңшарларда мектептер ашыла бастады. Мектептер құрылысы үшін аудан ауыспалы Қызық Туды алды. Ауданда 1931 жылғы мамырдан бастап қазақ және орыс тілдерінде аптасына бір рет аудандық газет шыға бастады.
Меңдіқара өлкесі тарихының үздік беттері әлі де алда. Өзінің кіші Отанына, далалы өлкені астық өлкесіне, бейбітшілік пен ізгілік өлкесіне айналдырған тамаша адамдарда деген мақтаныш – бұл нағыз отаншылдық деп айтуға болады, ол терең өзен сияқты меңдіқаралықтардың жүректерінде таусылмайды.
Меңдіқара ауданының мәдени мұрасы
Қозыбаев Манаш Қабашұлы
(1931 – 2002)
Меңдіқара аудандағы Тазкөл ауылында туған. 1953 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін аяқтағаннан кейін Қостанай мұғалімдер институтында оқытушы болып жұмыс істеді. 1958 – 1974 жылға дейін оның ғылыми қызметі СОКП ОК жанындағы марксизм Институтының Қазақ филиалымен байланысты болды, мұнда ол аға ғылыми қызметкер, ғалыми хатшы, сектор меңгерушісі болып еңбек етті.
1974 – 1979 жылдары – Алматы зоотехникалық –мал дәрігерлік институтының, одан кейін С. М. Киров атындағы ҚазМу жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі. 1986 жылдан – Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, содан кейін институт директоры.
М. Қ. Қозыбаев ғұмырының үлкен бөлігін энциклопедиялық білімнің таралуына арнады. Ол әзірлеген материалдар отандық та, сол секілді әлемдік те баспалардың Қазақстан туралы анықтамалық – ақпараттық жарияланымдарына негіз болды.
Академик М. Қ. Қозыбаев Қазақстан тарихының «ақтандақтарын» зерттеуге сүбелі үлес қосты. Ол 800-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектердің, соның ішінде 30 монографияның авторы. Академиктің еңбектері көптеген жақын және алыс шетелдерде шыққан.
Академияның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын, 1997 жылы ел Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын (берілді) алды. Қостанай қаласының құрметті азаматы.
Оңайбаев Мырзалы Қасымханұлы
(1943 – 2006)
Ұзынкөл ауданының Обаған ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысы уақытында 1943 жылы туған. Қарапайым отбасында төрт ұл болды: Төкен, Мырзаш, Кәпен, Мырзалы. Ол үшінші бала болды. Обағанның 7 классын бітіріп, Боровскойдағы Меңдіқара педучилищесіне түсіп, 1959 жылдан 1963 жылға дейін оқыды. Төтірнші курста оқып жүріп, Мырзалы сол оқу орнының студент қызы Мәрзияға үйленді. Жас мұғалімдерді Жетіқара ауданына «Житикаринский» совхозына жұмысқа жіберді, сол жерде Мырзалы қазақ тілінен сабақ берді. Сырттай Уральский педагогикалық институтінің тарихи- филологикалық факультетінде оқыды.
1967 жылы Оңайбаевтар отбасы еліне қайта оралды. Бұл жерде олар мектепте жұмыс істейді, ал содан кейін Мырзалыны «Россия» совхозының жұмыскерлер комитетінің төрағасы етіп сайланды.
1968 жылы Комсомол ауданына көшті, онда 8 жылдық Тастыөзек мектебінде оқу меңгерушісі болып істеді.
1979 жылдың қарашасында Мырзалы Қасымқанұлы коммунистік партияның қатарына кірді. 1980 жылы КазССР-дің Білім Министрлігі оны «Отличник народного просвещения КазССР» белгісімен марапаттайды. Көп ұзамай Мырзалы Қасымқанұлы «Коммунизм таңы» газетіне Қарабалық және Федоров аудандары бойынша тілші ретінде жұмысқа шақырылды. 1987 жылы Мырзалы Қасымқанұлы Қазақстан журналистерінің Одағының мүшесі болды. «Коммунизм таңы» газетіндегі жұмыс қиындау болғанымен, бір жағынан қызықты болды. 1992 жылы оны білікті журналист ретінде Боровской ауданына «Меңдіқара үні» газетіне редактор (сол кезде мемлекеттік және орыс тіліндегі екі газет «Сельские вести» біріктірілген болатын) болып ауыстырылды. Сол уақыттан Мырзалы Қасымқанұлы 2006 жыл бойынша аудандық газетті басқарды.
Мырзалы Қасымқанұлы жастайынан белсенді өмір сүрді. Шығармашылық қабілетімен, жақсы дене бітімінің дайындығымен көзге түсті. Бұған аудандық спартакиадалардан дистанцияға секіруден алған көптеген дипломдары бар екендігі куә болуда. Ол аудандық және облыстық көрсетілім – фестивальдарының өзіндік шығармашылығының қатысушысы ретінде дипломдар мен құрмет грамоталарының иесі. Оны бірнеше рет ұстаздардың тамыз конференциясындағы мәндік баяндамалары үшін грамоталармен марапатталды. Халық шығармашылығының ІІ Жалпыодақтық фестивалінің лауреатына дейін Тастыөзек селолық клубының өнерпаздықтың қатысушысының жолын өтті. Мырзалы Қасымқанұлы әлденеше рет облыстық айтыстарда Меңдіқара ауданының ар-намысын қорғады.
Ол өзінің барлық өмірі ішінде сөзге ие болу өнеріне шаршаусыз жетті, ұрпақтарына: «Қарыздарды қайтарамын», 2000 жылғы басылым. «Халық, олар көркем жасалған заттың негізін туындатқан» 2004 жылғы басылым, ол Қазақстан мен қазақстандықтарды, шағын отанымызды танытып отыратын керемет кітаптарды қалдырды.
Сухенко Василий Никифорович
1924 жылы 20 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданының Введен ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 18 тамызда Қызыл Әскерге шақырылған болатын. Златоустовский училищесінде оқығаннан кейін сержант атағында 1943 жылы наурызда майданға бағытталған болатын. 1943 жылдың 17 шілдесінде соғысқа кірді. 1943 жылдың 13 қарашасында Қызыл Әскерден Василий Никифорович босатылды. Соғыстан кейін ол кісі суретке түсірумен айналысты. 1964 жылдан бастап 1974 жыл бойынша аудандық газетте фотокорреспондент болып жұмыс істеді. Зейнеткерлікке дейін екі жыл жас техниктердің станциясында балаларға фото кино сабақтарын берді. 1979 жылдан бастап зейнеткерлікте. Марапаттар: Отечественной войны 1 степени ордені, «За боевые заслуги» медалі, «За доблестный труд» медалі, «За освоение целинных земель» медалі, «За отвагу» медалі. Маршал Г. К. Жуковтың алғыс хаты мен мерейтойлық медальдар. Қазіргі уақытта Боровское ауылында тұрып жатыр. Үш баласы, 8 немересі, 4 шөбересі бар.
Поляков Александр Васильевич
Мен 1936 жылдың 3 желтоқсанда Боровской ауылында тудым. Әкем сол уақытта аудандық есептік басқармасында қатардағы шенеулік болып жұмыс істеді. Шешем үй шаруашылығымен айналысты. Көп балалы отбасында өстім: жеті ұл, бір қыз болды. Боровской орта мектебін бітірдім. Пионер болды, комсомол қатарында тұрды. Мектептен кейін Челябі қаласының №1 техникалық училищесінде оқыдым. Токарь – әмбебап мамандығын алдым. Закавказьяда әскерде болдым. Радист – радиотелеграфист жұмысын атқардым. Әскерден кейін бізді радистерді Баку қаласына жұмыс істеуге қалдырды, бірақ мен Қазақстанға оралдым. Ол уақытта мен баянда жақсы ойнадым. Отбасымыз өнерлі болды. Бәрімізде аспаптарда ойнадық. Әкем табиғатынан гармоншы болды. Соғыс уақытында отбасымыздағы жалғыз қыз 15 жасар Надежда АМҮ-де би билеген. Әскерден кейін ағаммен бірге токарь болып істейін деп едім бірақ жолым болмады. Биге келіп, қолыма баян алдым, солай Мәдениет үйінде баяншы болып қалдым. Мәдениет жүйесінде 5 жыл жұмыс істедім, 10 жыл Меңдіқаралық педучилищесінде ән мен музыка пәнінен сабақ бердім. Рудныйға бармай, Боровскойда қалып, жаңа ашылған балалар музыкалық мектебінде баяннан дәріс бердім.
Сырттай екі жарым жыл Магнитогорск музыкалық училищесінде оқыдым. Отбасылық жағдайымен оқуымды аяқтай алмадым. Бірақ та мен өмір бақи білімімді шыңдадым. Соның нәтижесінде мен өнер мектебінің оркестр классында сабақ бердім.
Жұмыс бабында аранжировка, өңдеу, шығармашылықпен айналасуға қажет болды. Менің көп шәкірттерім кәсіби музыканттар болды.
Баяншылар-аккордеонистер оркестрі облыстық конкурсттарда талай жүлдеге ие болды. Ұстаздардың эстрадалық оркестрінің жетекшісі болдым. Музыкалық аспаптардың күйіне келтірушінің жұмысын атқардым.
Өткен уақытқа көз жүгіртіп, ойға қаласын, мамандықты таңдағанда дұрыс жолды таптым. Жұмысымды ынтамен істедім.
1997 жылы зейнеткерлікке шықтым.
Менің еңбегім грамоталарымен марапатталды.
Марапаттар: 1. ОК ОЛКЖҰ грамотасымен
2. «Победитель соцсоревнования» белгісі
3. «Ветеран труда» медалі
4. «Отличник образования РК» белгісі
Зейнеткерлікте шығармашылықпен айналыстым, өлең шығара бастадым, частушкалар, эпиграммалар, әзіл-сықақтар мен анекдоттар жаздым. Солардың бәрі де газетте жарияланды.
Дөненбаева Кәмшат Байғазықызы
(15.09.1943 жылы туылған, Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы) — ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер, тың игеруші, танымал механизатор, Социолог Еңбек Ері (1975). Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында жұмыс істеуден бастаған. Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «Каменск-Уральский» кеңшарында механизаторлар даярлайтын курсты (1968), Қостанай ауыл шаруашылық техникумын бітірген (1977). 1961 жылдан «Харьковский» кеңшарында тракторшы болып еңбек еткен. 1972 жылы әйел механизаторлар арасында өткізілген облыстық жарыста 1-орынға, республикалық жарыста 3-орынға, 1973 жылы Зерноградта (Ростов облысы) бүкілодақтық жарыста жүлделі орынға ие болды. 1973 жылы 26579 га, 1974 жылы 38158 га, 1975 жылы 37199 га жұмсақ жер жыртып, жылдық міндеттемесін асыра орындады. Қазақ қыздарының ауыл шаруашылық техникаларын меңгеруіне үлгі-өнеге болды. 1990 — 93 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарады. 1980 — 85 жылдары КСРО Жоғары Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976). 2 рет Ленин орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған
Баязид Жолбарыс
Қостанай обл. Меңдіқара ауд. Лаба ауылында дүниеге келген.
1951 ж. Талдықорған қаласында қазақ орта мектебін бітіріп, Алматы-дағы қазіргі Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп және оқуын аяқтағаннан кейін төрт жылдай «Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінің редакциясында әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болып қызмет атқарған.
1959-1966 жж. Қостанай облыстық газетінің үш ауданындағы меншікті тілшісі, Жанкелдин аудандық газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарған.
1966-1968 жж. Алматының екі жылдық жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, оны бітіргеннен кейін Қостанай облыстық газетінде бөлім меңгерушісі, он жылдан астам редакцияның жауапты хатшысы болған.
1982-1986 жылдарда облыстық мәдениет басқармасының халық шығармашылығы және мәдениағарту жұмыстарының әдістемелік орталығында аға ғылыми қызметкер бола жүріп, VІ-ХІ Қостанай облыстық, облысаралық және республикалық ақындық айтыстарды әзірлеу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінде белсенді жұмыстар атқарды.
1982-1994 жылдарда Б. Майлин атындағы облыстық әдеби бірлестіктің қазақ поэзиясы секциясына жетекшілік етті.
1986 жылдан құрметті демалысқа шыққанға дейін сегіз жыл облыстық телерадиокомпанияда қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарған.
2000-шы жылы облыста өткізілген әдеби конкурста поэзия номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынға ие болды.
2004 жылы облыстық меңенаттар клубының «Қазына» сыйлығы берілген.
2008 жылы «Астанаға - 10 жыл» медалімен марапатталған.
Қостанай қаласының және Меңдіқара ауданының құрметті азаматы.
2013 жылы «Құрметті қажы» алтын медалінің иегері.
Жұмабаев Ғаббас
5 мамырда Қостанай облысындағы Меңдіғара ауданының Ақсуат ауылында туған. 1942 жылы Меңдіғара қазақ педагогикалық училищесін бітірген.
1945–1947 жж. өз ауылында мұғалім болған.
1947 жылдан бастап бірыңғай журналистік қызметке көшкен.
1947–1955 жж. Қостанай облыстық газетінде әдеби қызметкер және жауапты хатшы болып қызмет істеген.
1959 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін көп жылдар бойына «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған.
«Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Ара» журналында фельетонист, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы информация агенттігінде (ҚазТАГ) аудармашы болып қызмет атқарды.
Он шақты жыр кітабы шыққан. Л.Толстойдың «Крейсер сонатасы» повесі мен он шақты әңгімесін, К.Хетагуровтың өлеңдер жинағын, Г.Х.Андерсеннің ертегілер кітабын, С.Вургуннің «Бакудастан» поэмасын, Н.Тихоновтың, С.Прокофьевтің және басқа орыс ақын жазушыларының шығармаларын аударған.
Бірнеше медальмен марапатталған.
Шығармалары: Нөсер. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жазушы», 1961; Мерей. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жазушы», 1963; Арманым. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жазушы», 1966; Жомарт күз. Өлеңдер, поэмалар, балладалар. А., «Жазушы», 1969; Исповедь. Стихи, баллады, поэмы. А., «Жазушы», 1972; Алтын толқын. Өлеңдер, балладалар, поэмалар жинағы. А., «Жазушы», 1978.
Көбеев Спандияр
1 қазанда қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында туған. Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қарағайлыкөл ауыл мектебінде (1892–1895), Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте (1895–1897), педкурста (1898–1901) оқыған. Бүкіл өмірін ауыл мектебінде ұстаздық етуге арнайды. Оқу, тәрбие салаларындағы ісіне орыс әдебиеті шығармаларының тәлімдік жағын пайдаланды. Крыловтан аударған, т.б. мысалдары «Үлгілі тәржіма» деген атпен Қазанда басылды (1910). Бұдан кейін Ы.Алтынсарин үлгісімен қазақ мектептеріне арнап оқу кітабын құрастырды. «Үлгілі бала» деген атпен жарияланған (1912) бұл кітапты ол К.Ушинскийдің «Родное слово» оқулығының үлгісімен жазды. Оған өзі аударған Крылов мысалдарын, орыс педагог-жазушыларының шағын әңгіме-өлеңдерін, қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын, балалардың өмір тануына қажет әр алуан қызықты әңгімелер қосқан. «Қалың мал» романы (1913) – қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардың алғашқы үлгілерінің бірі. Жазушы-педагог ұстаздық қызметін жалғастыра отырып, Түбек, Бурабай, Ақсуат мектептерін ұйымдастыруға белсене қатысты. Өз өмірі мен ұстаздық, жазушылық жолы оның «Орындалмаған арман» (1951, 1954) атты мемуарлық кітабында баяндалған.
2 рет Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
Шығармалары: Таңдамалы шығармалар. А., 1960.
Тоғызақов Қасым
3 қарашада Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында туған. 1926 жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, Қостанайдағы педагогика техникумында оқыды. Оны бітірген соң, 1930 жылы Ленинградтағы А.И.Герцен атындағы педагогика институтының орыс тілі мен орыс әдебиеті факультетіне түскен.
1934 жылы Алматыға келіп, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімінің меңгерушісі болып істеген.
1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болып, онымен бірге Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барады. Ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялаған және оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбесөз орысшаға аударған.
1934–1940 жж. М.Лермонтовтың «Демон», «Мцыри», «Хаджи Абрек», «Ақынның өлімі», «Тамара», т.б. шығармаларын, А. Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны», В. Маяковскийдің «В.И.Ленин», Н.Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмаларын, Н.Гогольдің «Үйлену» пьесасын, А.Чеховтың «Шағаласын», А.Толстойдың «Алтын кілтін» қазақшалаған. А.Твардовскийдің «Василий Теркин», А.Мицкевичтің «Тукай», П.Антокольскийдің «Ұлым» атты поэмаларын, сонымен қатар Д.Бедныйдың, Лебедев-Кумачтың, Безымянскийдің, И.Вазовтың, Я.Колостың, Я.Купаланың, басқа да ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. И.Шуховтың «Өшпенділік» атты романын, Х.Есенжановпен бірге Бальзактың атақты «Шегірен былғары» романын тәржімалады.«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсына либретто, «Сібір Омар» атты поэма жазды.
Шығармалары: Сібір Омар. Өлеңмен жазылған роман. А., «Жазушы», 1967; Омар Сибирский. Роман в стихах. А., «Жазушы», 1968; Таңдамалы. А., «Жазушы», 1980.
Біздің жерлестеріміздің шығармашылығы
Мырзалы Оңайбаев
Елдік тойын тойлайық
(Ауданның 70 жылдық тойында оқыған толғау)
Өлкеде би де болған, емші, қажы
Асылдар – Меңдіқара, Қостан батыр
Есімін енді білдік, бір белгі жоқ
Жерменен жексен болып олар жатыр.
Билікті осы өңірде жүргізіпті
Арғының бір баласы Меңдіқара.
Барымта жасатқызбай ұлдарына,
Әділ жан атаныпты жеке дара.
Қастерлеп. әділдігін ырым етіп,
Аталды ауданымыз Меңдіқара.
Тәуелсіз достық туын көтеруде?
Келісіп орыс, қазақ екеу ара.
Дегенмен өкініш бар жүректерде
Аяққа ұлт намысы басылғандай
Ұйымшыл, ынтымақты елді қара
Олардың ұлт дегенде рухы қандай?
Қыз түгіл жатқа жесір бермейтұғын
Дәстүрді сақтайтындай бар ма шара
Діннен де, тілден безіп жүре бердік
Шиқандай ұрпақ болдық бітеу жара
Сондай бір орыстану салқыны ғой
Бабаны жоқтамадық зират етіп
Намысты қолдан берген жайымыз бар
Арада бодан қалды, жақсы кетіп.
Биік рух ұрпақ еді – ел арманы
Мұраға жомарт жермен намыс алды.
Төмендеп рух кетсе – ақ намыспенен
«Ұлт» дейтін о, қазағым неміз қалды?!
«Жұмыртқабір шіріген» деп ұрпақты
Кінәлап жүре берсек кім боламыз?
Қос тілмен шұбар жылан улай берсе,
Жеміссіз өсімдіктей тез соламыз.
Білгенді кейінгіге айту парыз
Аруағы бабалардың болсыншы жар
Түгендеп жоқты бүгін, барға ие
Жүздерін жарқын ұстар ұрпақ та бар.
- Әкеге ұлды қарсы қойған заман –
Дедік біз қазір кімбіз ойлайықшы
Арылып бодандықтан о, ағайын,
Елдіктің тойын бүгін тойлайықшы.
Боровой поселкесі.
Терең ойдың мекені
(Аудандық кітапхананың 80 жылдығына орай)
Оқып қана бар сырына қанасың
Елемеген қор қылғандай анасың.
Кітап деген ғұламалар жалғасы
Алсаң қолға шырақ болып жанасың.
Жастарымыз жаңа ойға құштар-ақ
Ескі ойлар жаңашанды ұштар-ақ.
Ғұламалық сол біліммен келеді
Кітапты ап болып жүрме ұшқалақ.
Терең ойды ешкім саған сатпайды
Білімділер тереңмін деп айтпайды.
Өсер басың кітаппенен дос болса
Ізгілік те сенен алыс қашпайды.
Қарызымды қайтарамын
Өкпелімін, о тағдыр, өкпелемін
Ұлыңмын ба, о, елім айтшы кіммін?
Айтқан сөзім заяға кетіп жатса,
Жалғандыққа мен үшін қояр кім мін?!
Әзәзілге жаным қас, мен әділмін
Қара қылды қақ жарар орақ тілмін.
Ұлықтарға жақпаймын тура айтып,
...Ар алдында биікпін, тіпті пілмін.
Сондадағы өзіңе қарыздармын
Сен сияқты бірде кең, бірде тармын.
Неге екенін білмедім осы сырды
Ой шаршатты бірақ та әзір бармын.
Шындық іздеп осылай уақыт озды.
Жастық өтіп кәрілік қолын созды.
Бар байлықты уыстап бермей тұғын
Адам азды немесе заман тозды.
Тіршілік тағдыр берген сыйы болар
Өсімдік нәрін тастап ол да солар.
Қарызды қайтармасам ойлы сөзбен
Туған соң ақын болып маған ол ар.
Жолбарыс қажы Баязид
Туған елдің тағдыры
Қазақтың жері байтақ бұл неткен кең еді.
Ойменен өлшеп әлемге жарты тең дедім.
Көрген жұрт әр кез таңданып, шыны, сүйсінеді.
Қызығар сонша ғажайып нұрлы бел ме еді!
Алатау, Арка, Атырау, Алтай киелі,
Кез тоймас көркі балқытады жүйке, жүйені.
Бабалар бір кез аманат өткен бүгінге сенім мен серт деп
Ұрпақ та мәңгі сүйеді.
Қарасам казір бүгінгі тарих, биіктен,
Даламның ұлы күндері өткен күйіктей.
Қаншама ғасыр ерлікке бастап қазақты.
Қорғады бағын қасиеті ерен сүйікті ел!
Туған ел тағдыры толғантып талай ер жеттік,
Қорғайтын елді қандай ер, қайдан келмек кім?!
Жай-күйі жердің әлі де болса не ғайбыл,
Дегбірсіз ойға дем берер кімі бар жер-көктің?!
Күдік пен қауіп, мазалайды жанды тербеп мұң.
Дүние заңы: кеткендер қайтып оралмас,
Жақсылық әсте өткенмен бірге жоғалмас.
Тізгіні елдің көшсе егер жат жұрт қолына
Елдіктің мәні, сән, күйі қайтып оңалмас!
Арманды шыңға ұмтылған шабыт қиялдай,
Мақсаты елдің, көңілі көптің қиянда.
Ынтымақ, бірлік тамырын жайып тереңге,
Киелі көе ту көгінде елдің желбіреп
Күш берсің мәңгі,
Шақырып рухы, күйі алға!
Ақ сәуле
Сағынышым өзің боп қайда барсам,
Саған әр кез сырымды айқара ашам.
Жәнат жалған жүзінде кез болдың деп,
Гүлді өпкен самал боп аймаласам.
Ақ арманға бөлеген жанымды шын,
Көкірегімнен көкке ұшқан әнімбісің.
Құштар қөңіл сені іздеп тағат көрмей,
Өтер ме екен жалғаннан жалын құшып.
Әсем лебіз сағындым сөздерінді,
Мөлдір қара сыр толы көздерінді.
Нұры ойнайды жүзінде мың жұлдыздың,
Сен болмасаң іздер ем өзге кімді!
Қол жетпейтін қиял құс көнілдегі,
Аққу – арман сен болдың көгімдегі.
Әнге айналған ақ сәулем аспандағы,
Жетелейді сен жаққа өмір мені.
Мерейлі Меңдіқара
Ауданның құрылғанына 85 жыл
Меңдіқарам сенсің ұшқыр қанатым,
Жер-көкте жоқ жерұйығым, жәнатым.
Аңсап келіп, бал ауаңнан бір жұтсам,
Жан құмарым, сағанышым қанатын.
Өзге өңірге ұқсамайтын дара тым,
Сен аманда жұртым аман баратын.
Тобыл мен Обағандай қос өзен,
Құшағында жұлдыз-бағым жанатын.
Қарағайлы, ақ қайынды орманы,
Үйеңкі тал тірлік күйін толғайды.
Елшібек пен Алакөл бар, Теңіз бар.
Айдын көлдер құт, береке ол дағы.
Егісті өңір толқып жатқан жондағы,
Дала ырысы, егінші әні, толғамы.
Жасыл жайлау, өріс толы төрт түлік,
Өсе берсін, азаймаса болғаны!
Мерейі өскен Меңдіқара үнінде,
Қуаныш пен шаттық рух мол бүгінде.
Көңіл шалқып мерекеңді тойлаймыз
85-ге келген сенің күнінде.
Ұлықтаса ұлықтардай жыр, өлең,
Бір қыран ер ел төрінде түлеген.
Жалғастырған екі ғасыр арасын,
Танылды көп асыл тұлға гүл-ерен!
Қырық жыл өтіп өмірдің сан сынынан,
Тағдырың толғайды бүгін шыңынан.
Еркін елдің Еңбек Ері атанған
Сайран мырза астықты аймақ нұрынан.
Арман-заман салған екен жарысқа,
Шама келсе басу ләзім намысқа!
Мәңгі Елдің күйін күйттер қазаққа
Ертеңге емес, қарау парыз алысқа!
Достарыңызбен бөлісу: |