Жоғары оқу орындарындағы білімгерлердің ІТ құзыреттілігін қалыптастырудың кейбір мәселелері
Джантлеуова Ж.Б.
Қазіргі қоғам өмірінің барлық салаларындағы жаңа техника мен технологиялардың қолданылуы, соларды іске қосатын жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарды даярлауды талап етуде. Осыған орай, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиялық қалыптасу мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек»/1/ деп атап көрсетті. Ал, мемлекет келешекте де бұл үшін барлық мүмкіндіктерді, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуін жалғастыра береді. Еліміз Тәуелсіздіктің 21 жылы ішінде жастардың білім алуына айтарлықтай көңіл бөлуде. Мәселен, соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті. Ал, соңғы 12 жылда білім алуға берілетін гранттар 182 пайызға ұлғайды.
Келешектегі мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім ордасы жоғары оқу орны болып саналады.
Қазақстанның жаңа даму сатысы мемлекеттің әлемдік дамыған елдер қауымдастығының қатарына енуге бағытталған. Еліміздің білім берудегі мемлекеттік саясаты интеграцияланған әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру және әлемдік еңбек рыногына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды қамтамасыз ету. Осыған орай, Қазақстанның жоғары мектебі 2010 жылы 12 наурызда Болон декларациясына қол қойып, басты мақсаттың орындалуына бір қадам алға жылжыды, ол өз кезегінде жоғары кәсіби білім беруге жаңа жаңғыртуларды енгізуге, Европалық коммисияның қаржыландыратын жобаларына қазақстандық ЖОО қатысуына қосымша мүмкіндіктер берді, сонымен қатар ЖОО оқытушылары мен білімгерлері Еуропа елдерінің университеттерімен академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындары Университеттердің Ұлы хартиясының талаптарының бірі болып саналатын оқытудың кредиттік жүйесін еуропалық бірыңғай кредиттік жүйемен үйлестіруді жетілдіруде. Кредиттік жүйе бойынша сабақты оқытудың уақыты қысқартылып, жаңа оқу әдістемелік кешендер мен оқулықтар орындалуда.
Академиялық ұтқырлық бойынша 2012-2013 оқу жылының 1-семестрінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану және тарих-география факультеттерінің 2-курс білімгерлері Болгария, Венгрия және Польша мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында өз мамандықтары бойынша білім алып келді.
Қазақстандық білім беру жүйесі Болон үрдісіне өткелі бері бірқатар жұмыстар атқарды. Ал, кейбір жағдайлар қазір де эксперимент және тәжірибе түрінде орын алуда. Мәселен, талапқа сай элективті курстар мен оқытушыларды таңдау барысында білімгерлердің таңдау жасамаған оқытушылары әрі қарай еңбегін жалғастыруын тоқтату керек еді. Бірақ қазіргі кездегі оқытушылардың еңбек ақы төленуі бұрынғы жүйе бойынша қалғандықтан, бұл үрдіс педагогикалық кәсіби құзыреттілігіне сай емес мамандардың қызмет етуіне, оқытушылар арасындағы бәсекелестіктің қалыптасуына мүмкіндік бермей тұр. Осындай жағдайлардың нәтижесінде бітірушілердің кәсіби құзыреттіліктері жоғары деңгейде қалыптаспағандықтан, жұмыс берушілер барлық уақытта олардың іс әрекеттеріне қанағаттанбайды.
Қазақстанның ЖОО үлгі болатын жоғары талаптарға сай Астана қаласында әлемдік деңгейдегі беделді жоғарғы оқу орны-Назарбаев университеті қызмет етуде, ол экономиканы сапалы инженерлік-техникалық мамандар және ғылыми кадрлармен қамтамасыз етеді.
Қазіргі экономика мамандардан шығармашылық ізденісті, өз бетінше шешім қабылдап, ЖОО алған теориялық білімдерін тәжірибеге енгізуге даяр болуын қажет етеді. Демек, бүгінгі жұмыс орындары қызметіне сай кәсіби құзыреттілігі қалыптасқан мамандарға сұраныс жасауда.
«Құзырлық» термині бұрыннан бері қоғамның барлық іс-әрекеттерінде қолданылып келген. Орыс тілі сөздігінде «құзырлық» «кез – келген адамның бір саланың мәселелерінен хабардар болу» деп түсіндіріледі. Білім беру саласында «құзырлық» 70- жылдары АҚШ-та тіл теориясына байланысты қалыптасты. «Құзырлық» және «құзыреттілік» мәселелері Н. Хомский, Р. Уайт,Дж. Равен, Н.В. Кузьмин, А.К. Маркова, В.Н. Куницина, А.В. Хуторской, И.А. Зимняялардың еңбектерінде талдау жасалған. Педагогикалық құзыреттілік ұғымына өз үлесін қосқан қазақстандық ғалым Н.Д.Хмель «Жалпы педагогикалық үрдісте шебердің қажетті және толық білімі және оның дағдысы мен тұлғалық қасиеттері максималды нәтиже береді»деген. /2/
Жеке тұлғаның бойындағы кәсіби құзыреттілік-олардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өз істеріне машықтанған, біліктілігі жоғары маман.
Мамандардың негізгі кәсіби құзыреттілігінің ажырамас бөлігі ақпараттық құзыреттілік. Ақпараттық құзыреттілік – мамандардың компьютерлік білімділігі, жаңа ақпараттық технологияларды қолдана алу (мультимедия, электронды пошта, Интернет) мүмкіндігі. Білім және ғылым министрлігінің энциклопедиялық сөздігінде «ақпаратты - технологиялық құзыреттілік» бағдар жасау, өздігінен іздену, талдау, іріктеу, түрлендіру, сақтау, түсіндіру және ақпарат пен білімді тасмалдауды шынайы техникалық нысандармен ақпараттық технологиялардың көмегі арқылы жүзеге асыру біліктігін болжайды. /3/ Өйткені, бүгінгі күні ақпараттық технологиялар қоғамның барлық салаларында қолданысқа ие. Мәселен, төлем терминалдары, электронды үкімет порталдары, телекоммуникация және т.б. жатады. Осыған орай, Елбасы биылғы жолдауында «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» деді. /1/
Ақпараттық құзыреттіліктің негізгі құралы компьютер болып саналады. Ақпараттық құзыреттілік оқыту процесінде бірнеше мәселелерді шешеді: оқу процесін жаңа материалдармен, дерек көздерімен, мемлекеттік іс қағаздары мағұлматтарымен қамтамасыз етеді және оның жеткізу жолдарын жеделдетеді. Оқу процесінде ақпараттық технологиялар арқылы ең озық тәжірибелерді таратуда E-learning маңызы зор. Интернет ақпараттарды іздеуші құрал ретінде, Access office - тік программа арқылы база құруға, excel есептерді шығаруға қолданылады.
Мамандардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру мәселесін шешу үшін: олардың компьютерлік сауаттылығын арттырып, жоғары оқу орнында информатика пәнін оқытудың жаңа әдістерін жетілдіру қажет.
Қолданылған әдебиеттер
1. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы 2012ж. 19 желтоқсан / Егемен Қазақстан
2. Н.Д. Иванова Компетентностный подход к построению содержания образования 12-летней школе Республики Казахстан // 12 жылдық білім беру 2010ж. № 10
3. Энциклопедиялық сөздік – Алматы 2009ж.
Достарыңызбен бөлісу: |