Жоспар: Фразеология. Фразеология туралы түсінік



бет1/2
Дата09.08.2020
өлшемі20,14 Kb.
#76255
түріҚұрамы
  1   2
Байланысты:
Фразеологизмдер туралы тусиник


Фразеологизмдер туралы түсінік.

Жоспар:


1. Фразеология. Фразеология туралы түсінік.

2. Фразеология – тұрақты сөз тіркестерін зерттейді.

3. Фразеологизмдердің түрлері.

Тірек түсінік: Фразеология тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен құрамын, құрылысын, жасалу жолдарын қарастырады. Фразеология  тұрақты сөз тіркестерін зерттейді. Фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбек, тұтастық. Мақал-мәтел  халықтың даналық туйіні.

Фразеология лексикологияның арнаулы бір саласы бола отырып, тұрақты сөз тіркестерінің түрлерін, олардың құрамы мен құрылысын және жасалу жолдарын зерттейді. Тіл  тілдегі сөздер өзара бір-бірімен тіркесіп қолданылады да, олардан сөз тіркестері жасалады.

Тілдегі сөз тіркестерінің екі түрі болады: оның бірі  еркін тіркес те, екіншісі тұрақты фразеологиялық тіркес.

Еркін тіркес. Сөздердің еркін тіркесінде сөздер ыңғайына қарай әр түрлі сөздермен тіркесе береді. Мысалы: жақсы деген сөз (жақсы) қыз, (жақсы) бала, (жақсы) жігіт сөздерімен еркін тіркесіп тұр. Еркін тіркестің құрамындағы бір сөздің орнына сәйкес келетін басқа сөздерді қолданып айтуға болады.

Ал тұрақты фразеологиялық тіркестерде сөздер бұлай кез келген сөздермен тіркесе бермей, тек белгілі бір сөздермен тіркесіп айтылып, әбден қалыптасып, тұрақты сөз тіркесі болып келеді. Мысалы, қой аузынан шөп алмас (момын) деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер сол тіркестің ішіндегі сөздермен тіркесіп барып қана тұрақты фразеологиялық сөз тіркесін жасап тұр. Егер ондағы бір сөздің орнын ауыстырып, қойдың орнына ешкі сөзін қойып, ешкі аузынан шөп алмас деп қолданса, онда тұрақты тіркес бұзылып, фразеологиялық тіркес болудан қалады.

Тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орны еркін тіркестің құрамындағы сөздердің орнына қарағанда, әлдеқайда тұрақты, бекем болады. Олардың құрамындағы сөздер бірінен-бірі ажарымай, сол қалпында қолданылады. Фразеологиялық сөз тіркестері деп әбден қалыптасып, нық орныққан, өзгертуге келмейтін тұрақты сөз тіркестерін айтамыз.

Фразеологиялық тұтастықтар деп бөлініп ажыратылмайтын, беретін мағынасы жағынан құрамындағы сыңарлардың мағынасы мүлдем тұйық тіркестерді айтамыз. Мысалы: үріп ауызға салғандай деген тұрақты тіркестегі сыңарлар (үріп, ауыз, салған) жеке лексикалық мағыналарынан айрылып, барлығы тұтасып келіп, лексикалық мағыналарынан алшақтап, мүлдем басқа {сүйкімді} деген мағынаны білдіріп тұр. Немесе: ала жібін аттамау, мұртын балта шаппау тұрақты тұтасқан фразеологиялық тіркестердің қай-қайсысын алсақ та мағынасы өзін құрастырушы сыңарлардың ешбірінің мағынасымен байланыспаған. Әңгіме ала, жіп, аттамау туралы болып тұрған жоқ. Бүтіндей тіркес мүлдем басқа мағынаны (ұрлық-қарлық жасамау) білдіріп тұр.

Фразеологиялық бірліктер деп мағынасы жағынан ажыратылмай, сөз тіркесінің бүтіндей мағынасы мен лексикалық сыңарлардың мағыналарының бірігіп тұтасуынан туатын тұрақты фразеологиялық тіркестерді айтамыз. Фразалық бірліктегі сөздердің астарлы, образды мән-мағыналары ұғынылатын негізгі түсінікпен байланысты болады. Мысалы: тайға таңба басқандай (анық, ашық), түймедейді түйедей ету (үлкейту). Тұрақты фразалық тіркес сөздердің еркін тіркесі негізінде әбден қалыптасып, жымдасып кетуінен жасалған. Мысалы, шалқасынан түсу (көнбеу, келіспеу) бұл фразалық бірлікте шынында адамның кенет құлап түсуінің бейнесі, астарлы, келтірінді мағынасы жатыр.

Фразалық тізбектер деп мағынасы жағынан құрамындағы сөздердің мағынасымен байланысып жататын, тіркесу тұрғысынан орнығып тұйықталған сөз тіркесін айтамыз. Тұрақты сөз тіркесінің бұл түріне мыналарды жатқызуға болады: асқар тау, шалқар көл, қыпша бел, мидай дала, жосадай қан. Мұндағы тізбектердің құрамындағы асқар, жосадай, қыпша деген сөздер тек аталған сөз тіркестерінде қолданылады да, басқа сөздермен тіркеспейді және бұл сөз тіркестерінің қай-қайсысының болмасын беретін мағынасы өзін құрастырушы жеке сыңарлардың бірінің мағынасымен мағыналас болып, алшақтамай тұр. Мысалы, қыпша бел  сөзі бел туралы, оның нәзіктігі туралы, немесе асқар тау  таудың биіктігі туралы болып тұр, сөйтіп, беретін мағыналары құрамындағы сөздердің мағыналарынан алшақтамаған.

Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер. Мақал-мәтелдер мен қанатты нақыл сөздер фразеологиялық бірліклердің бір түрі ретінде қаралғанда, олардың да әбден орнығып, қалыптасқан сөз тіркестері немесе сөйлемдер екені ескеріледі. Мысалы, таулы жер бұлақсыз болмас, сулы жер құрақсыз болмас~ теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер т.б. Мақал  араб тілінен кірген сөз. Мұның мағынасы  {орынды сөз}, {тиісті орнында айтылған сөз}. Мақал - деп әрі ықшам, әрі көркем, терең ойлы, кең мазмұнды, асқан шеберлікпен жасалып, жымдаса байланысқан сөз өрнегін айтамыз. Мақалдарда дәлелдеу мен қорытынды, пікір айту бірдей келіп отырады: ексең егін  орарсың тегін~ ақыл  тозбас тон.

Мәтел - деп тұжырымы тиянақталмай, жанамалай айтылған образы ықшам, халықтық сөз өрнегін айтамыз. Мысалы, көппен көрген ұлы той~ қызым саған айтсам, келінім сен тыңда. Мәтелдерде ой-пікір, топшылау мақалдағыдай тікелей кесіп айтылмайды да, образды түрде жанамалай айтылған ишара басым болады: шаш ал десе, бас алады~ шабан үйрек бұрын ұшар. Мақалдар мен мәтелдер  талай замандар бойында жасалып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын халықтық мұра. Мұнымен бірге жаңа заманға, жаңа өмірге сай мақал-мәтелдер де жасалып отырады. Мысалы, сын түзелмей мін түзелмес~ істің тетігін маман шешеді.

Нақыл сөздер. Нақыл  араб сөзі. Арабша {нақыл} өсиет, мысал айту деген мағынаны білдіреді. Нақыл сөздер деп - мақал-мәтелдерге үндес, көркем, терең мағыналы қысқаша сөз өрнегін айтады. Кейде нақыл сөзді  қанатты сөздер деп те, афоризм деп те айта береміз.

Қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылар, ғалым адамдардың айтқан сөзінде не жазған шығармаларында, мақал-мәтелге үндес әрі көркем, әрі терең сөз өрнектері нақыл сөздер болады. Ақын-жазушылардың айшықты сөздері нақыл сөзге айналу үшін терең мағыналы болумен бірге, мақал-мәтелдер сияқты құрылысы жағынан ықшам, әрі көркем, айтуға жеңіл болуы керек. Мысалы, көркем сөздің шебері Абай шығармаларынан мынадай нақыл болып кеткен сөздерді кездестіреміз:

1. Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын.

2. Жаман тату қазады өзіңе ор,

Оған сенсең, бір күні боларсың қор.

Мағыналы терең ойды қысқаша бейнелейтін мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесін нақыл сөз дейміз. Яғни, нақыл сөздерге сан алуан құбылыстарды, әлденеше рет бақылаудан туған қысқа әрі ойлы, образды, үзілді-кесілді айтылған, авторы белгілі, баламалық касиеті мол, тұжырымды ереже-қағидалар жатады.

Ал, қанатты сөз айтайын деген ойды қысқа, әрі бейнелі көркем түрде білдіретін өзіндік әуен, ырғағы бар, ел аузында жатқа айтылып кеткен, ұтымды сөздер тізбегі болып табылады. Бұған: Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің (Абай). Тасын ала берсең, тау да таусылады (Халық сөзі) т.б. деген өткір, тапқыр сөздер тізбегін атауға болады.

Ал, өсиет-дидактикалық сөздер тобына қысқа сөзбен көп ойды білдіретін, ашық мағыналы, үгіт-насихаттық қызмет атқаратын аталы даналық қағидалар жатады. Жоғары қарап оқ атпа,

Өзіңнің түсер басыңа (Ыбырай)

Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдерді қолданылу аясы, экспрессивтік қызметіне қарай үш топқа бөлуге болады:

1. Стильаралық (бейтарап) фразеологизмдер. Бұл топқа барлық стильдерде бірдей қолданыла беретін тұрақты сөз тіркестері енеді. Мысалы: көз әйнек, ас қазан, құс жолы.

2. Сөйлеу тілінің фразеологизмдері. Сөйлеу тілінің фразеологиясы күнделікті тұрмыста, ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады, сонымен қатар көркем әдебиетте де, персонажда, кейіпкер тілінде белгілі дәрежеде қолданылады. Сөйлеу тілі фразеологиясы құрамына қарапайым, тұрпайы, әзіл, сықақ, профессионализм сияқты мәндегі фразеологимздер енеді. Мысалы: тым дәндиіп кету~ індеріне су құю~ беттің арын белбеуге түю~ дымын шығармау. Сөйлеу тіліне тән фразеологизмнің бір ерекшелігі  оның құрамына енген сөздің көбіне біреуінің мағынасы күңгірттеніп, өлі түбір сөздер болып келуі. Мысалы: қыбын табу, парқын айыру.

3. Жазба тіл фразеологизмдері. Жазба тіл фразеологизмі ауызекі тіл негізінде қалыптасып, дамып келеді. Жазба тіл фразеологизмінің қайнар көзі  халықтың сөйлеу тілі фразеологизмі. Жазба тіл фразеологизмі поэтикалық, публицистикалық және терминдік сипатта болады. Мысалы: 1. Поэтикалық фразеологизм: сүмбіл шаш, ая көз, құралай көз. 2. Публицистикалық фразеологизм:

аталық қамқорлық, сара жол, отандық сезім.

3. Терминдік фразеологизм: өндіргіш күш, материалдық-техникалық база.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Фразеология деген не?

2. Фразеологизмдер нешеге бөлінеді?

3. Фразеологизмдердің еркін тіркестерден айырмашылығы неде?

4. Фразеологизмдердің пайда болу жолдары қандай?

5. Мақал-мәтелдердің өзіндік белгілері қалай көрінеді?

6. Фразеологизмдердің стильдік түрлері?



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет