Жоспар: І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім


Аналитика-семантикалық тəсіл



бет5/7
Дата08.02.2022
өлшемі145,15 Kb.
#130859
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
kurs ishi

Аналитика-семантикалық тəсіл

Болмыстың танылған ерекше белгілерін таңбалаудың көнеден келе жатқан тəсілінің бірі – аналитика-семантикалық сөзжасам тəсіл. Аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі тілдің дамуында маңызды рөл атқарған. Тілдің ежелгі бастауында түбіртектің, түбірдің бірігуі арқылы екіншілік мағына жасалып, жаңа сөздер туындаған. Тіліміздегі бір буынды түбірлер санатындағы ГСГ (ГС+Г, Г+СГ, т.б.) тұлғасындағы атаулар түбіртектердің осындай бірігуі нəтижесінде болған деп пайымдауға негіз бар. Қазіргі қазақ тілінде аналитикалық-семантикалық сөзжасам тəсілінің мынадай сөзжасамдық қалыптары қалыптасқан: 1) тұлғалардың бірігу қалыбы; 2) тұлғалардың қосарлану қалыбы; 3) тұлғалардың тіркесу қалыбы. Аналитика-семантикалық сөзжасамдық тəсілінің өзіндік ішкі байланысу заңдылығы бар. Кез келген екі тұлғаның бір-бірімен қосарлануы не бірігуі, тіркесуі мүмкін бола бермейді. Өзге де сөзжасамдық тəсілдердегі сияқты мұнда да парадигматикалық жəне синтагматикалық қатынастар орындалуы тиіс. Халықтың болмыс белгілері мен қасиеттері туралы ұғымды, түсінікті танып, оны таңбалауының ішкі заңдылықтарына сəйкес аналитика-семантикалық сөзжасамдық тəсілде де халықтық дəстүрлі дүниетаным мен ментальдылықтың берік жүйесі орныққан. Осыған сəйкес жаңа номинативтік белгісі бар ұғымды таңбалауда лингвистикалық жəне экстралингвистикалық факторлардың орындалуы шарт: Экстралингвистикалық фактор:  болмыстың ерекше жаңа белгілері мен қасиеттерінің адам танымында танылуы;  номинативті мағына мен атаудың семантикасы тұрақталып қалыптасуы үшін қажетті фактор – уақыт.  екіншілік мағыналы туынды сөздің жеке атау ретінде қабылдануы не қабылданбауы. Лингвистикалық фактор:  бұрыннан белгілі болмыс атаулары туралы ұғыммен жаңа номинативтік белгінің ұқсастығы, мəндестігі негізінде уəжделуі;  сөздердің ішкі семантикалық құрылымының сəйкес келуі;  валенттілік заңының орындалуы;  синтагматикалық байланысқа түсу ерекшелігінің сақталуы;  коннотациялық мағынасының қонымдылығы. Өзге сөзжасамдық тəсілдермен салыстырғанда, аналитика-семантикалық сөзжасамдық тəсілдің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік аналитика-семантикалық сөзжасамның толық мағыналы сөздер арқылы жаңа туынды мағына жасай алуымен байланысты. Туынды сөздің жаңа сөзжасамдық мағынасының ішкі семантикалық құрылымы күрделі болады əрі оған екі негіз мағынасы да бірдей қатынасып, «ортақ» жаңа сема жасайды. Туынды сөз мағыналарында себепші негіздің тура да, ауыспалы да мағынасы болуы мүмкін. Сөз мағынасының туындауына танымның əр түрлі заңдылықтары (ассоциация, аналогия, абстракция) қатынаса алады. Қабылдаудың осы негіздерінің нəтижесінде атаудың жаңа екіншілік мағынасы түзіліп пайда болады. Қазақ тіл білімінде аналитикалық сөзжасам тəсілі құрылымдық бағытта жақсы зерттелген. Сөзжасамдық бағытта жазылмаса да сөздердің қосылуы арқылы жаңа атаулардың жасалуы туралы мəселелер ең бірінші профессор Қ. Жұбанов зерттеулерінде айтылған болатын. Ғалымның «Образование сложных слов в казахском языке» атты зерттеу еңбегі өз кезеңі үшін сүбелі зерттеулердің бірі еді. Осы зерттеуде: «Сложение или композиция, есть образование нового слова путем соединения двух или более слов в одно», – деп бастай келе, грек, латын, роман, герман тілдеріндегі ғылыми зерттеулерге жəне оның тілдік деректеріне сүйене отырып, құнды пікірлер айтады. Автор сөздердің жаңа ұғымды білдіріп, бір-бірімен қосылғанының өзіндік сипатын таныту үшін олардың жеті түрлі негізгі құрылымдық-грамматикалық сипатын айқындайды (473-474 б.). Біздіңше, Қ. Жұбанов пікірінің ең маңызды тұсы жаңа атаулардың жасалуындағы аналитикалық тəсілдің болатынын əрі оның əр түрлі сөз таптарының бірігуі не қосылуы арқылы жасала алатынын көрсетіп беруі болса керек. К. Аханов өзінің «Грамматика теориясының негіздері» атты зерттеу еңбегінде күрделі сөз бен сөз тіркесінің бір-бірінен ара жігін ажырату, олардың əрқайсысының шегін айқындау тіл білімінің ең күрделі проблемаларының бірі екенін ашық жазады. Ғалым күрделі сөз бен еркін сөз тіркесінің ара жігін ажырату мəселесі лексикология мен грамматиканың қарастыратын принципті мəселесі деп бағалайды (1996, 51-б.). Шынында да солай. Бұл мəселе, сондай-ақ сөзжасамның негізгі зерттеу нысанына енеді. Себебі сөз тіркесінің нəтижесі жаңа атау болса, атаудың жасалу, орнығу, қалыптасу процесі бар. Осы процесті, атаудың жасалу процесін зерттейтін сала – сөзжасам. Ал оның дайын күйіндегі қалпы – сөз, ол лексикологияның зерттеу нысаны. Жаңа атауға негіз болып, оны жасауға дереккөз, материал болып тұрған еркін сөз тіркесі – синтаксистің нысаны. Сондықтан да аналитикалық сөзжасам негізінде жасалған туынды сөздерді тек кешенді аспектіден зерттеу қажет болады деп есептейміз. К. Аханов көрсетілген зерттеуінде жалпы тіл біліміндегі қалыптасқан негізгі теорияларға сүйене отырып, күрделі сөздердің басты белгілерін «семантикалық тұтастық, сөзқұрамдық тұтастық, синтаксистік тұтастық» деп көрсетеді. Сөйтіп, ғалым күрделі сөздің негізгі айырмашылығы мен ерекшелігін сөзқұрамдық жəне синтаксистік тұтастықтан іздейді. Бұл дəстүрлі құрылымдық тіл білімінің негізгі ғылыми жетістіктерінің бірі еді. «Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан (бүтін) күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің сөзқұрамдық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді», – деп жазуында үлкен мəн бар деп білеміз (сонда, 60-б.). Сөздің парадигматикалық қатарға мүше болып, бір бүтін күйінде жұмсала алуы дегеніміз, түптеп келгенде, жаңа ұғымды айқындайтын жаңа атаудың, яғни туынды сөздің пайда болғанын анықтайтын негізгі фактор. Сондықтан да мұндағы ғалымның көрсетіп отырған сипатын сөзжасамдық аспектіден де терең түсініп, бағалау орынды болмақ. К. Аханов сөз тіркесі мен атау сөзді бір-бірінен ажыратуда ең маңызды фактор ретінде «сөздің құрылымдық тұтастығын» көрсетеді. Автор тіл біліміндегі сөзқұрамдық тұтастық туралы ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Сөйтіп, күрделі сөздің құрылымдық тұтастық белгісінің мəнісін былайша түсіндіреді: «Күрделі сөздің, əсіресе идиомалық мағынасы бар күрделі сөздің сыңарлары орын алмаспайды, қалыптасқан күйінде басқаша түрде тіркесе немесе біріге я қосарлана алмайды. Егер күрделі сөздің сыңарлары орнын алмастырып, қалыптасқан күйінен басқаша тіркесе алса, ол өзіне тəн мағынасынан да айырылады, күрделі сөз болудан қалады» (сонда, 62-б.). Яғни автордың пайымдауынша, құрылымдық тұтастығы мен құрастырушы сыңарларының орнының бекемдігі жағынан күрделі сөздер тұрақты тіркестермен ұқсас келеді. Кейінгі зерттеулерде тұрақты тіркестің өзі де атау ретінде, соның ішінде туынды сөз ретінде қарастырылып жүргені белгілі. Автордың айтқан ойлары осы ғылыми зерттеулермен іштей үндесіп жатыр деп айтуға болар еді. К. Аханов зерттеуінде «Күрделі сөз бен синтаксистік (еркін) сөз тіркесі жəне олардың бір-бірімен жігін ажырату мəселелері» атты арнайы тарауша бар. Мұнда осы мəселеге қатысты негізгі теориялық тұжырымдар айтылады. Біз өз зерттеуімізде осы ғылыми тұжырымдарға сүйенеміз. Күрделі сөздерді синтаксистік еркін сөз тіркестерінен ажыратудың қиындығы барлық күрделі сөздерге тəн емес, тек күрделі құрамды сөздерге ғана тəн екенін автор ашық айтады. Автор «боз торғай, қара торғай, ащы шек, тоқ шек» деген сияқты сөздерді мысалға келтіре отырып, мұндағы боз, қара, ащы, тоқ сөздері соңғы сыңарлардың анықтауышы емес, олардың сынын да, сапасын да білдірмейді, тұтас атау ретінде жұмсалады деп нақты тілдік дəлелдер арқылы айқындап көрсетеді. Синтаксистік еркін тіркестер сөйлеу кезінде жасалатыны белгілі. Олар ойдың мазмұнына сəйкес, сөйлеу кезінде құрастырылатына басты назар аударылу қажет екенін К. Аханов қадап айтады. Күрделі сөздер жөнінде өзіндік ғылыми ой айтып, олардың басқа сөздерден басты айырмашылығын көрсетіп берген ғалым А. Ысқақов болды. Зерттеушінің күрделі сөздерге берген анықтамасына назар аударалық. Осында олардың еркін сөз тіркесінен өзіндік ерекшелігі болатыны да тілге тиек етілген деп шамалауға болады. «Күрделі сөз деп кемінде екі я онан да көп дара сөзден (жалаң я туынды түбірлерден) құралып, ритм ырғақ жағынан бір ұдай, лексика-семантикалық жағынан біртұтас, лексика-семантикалық жағынан бір бүтін тұлға болып бірлескен тұрақталған құрама сөзді (я сөз тіркесін) айтамыз». Автор айтып отырған «құрама сөз» деген терімсөз К. Аханов еңбегінде де кездеседі. Онда құрама сөз терімсөзі күрделі сөз терімсөзімен жақын деп танылады. А. Ысқақов зерттеуінде күрделі сөз бен еркін сөз тіркесінің арасындағы байланысты көрсеткенімен, олардың арасындағы кей жақындық туралы пікір білдіре қоймаған. Зерттеу нысанына, негізінен, ешқандай қарама-қайшы пікір туғыза қоймайтын біріккен сөздер, кіріккен сөздер, қосарланған тіркестер, фразалық тіркестер алынады. Мұның да өзіндік себебі бар болуы керек, өйткені бұл еңбек жоғары оқу орындарына оқулық ретінде ұсынылған, сондықтан онда ғылыми пікірталастан бұрын студентке толық түсіндіру идеясы басым болары түсінікті. Ғалым аталған еңбегінде бірінші рет қазақ тіліндегі лексикалану процесіне мəн береді. «Жай синтаксистік тіркестің тұрақты сөз тіркесіне тəн қасиетке ие болып, бір ұғымның атауы ретінде жұмсалуын лексикалану дейміз», – деп жазады да, ондай тіркестердің құрамындағы сыңарларының логика-семантикалық, грамматикалық байланыстары көмескіленбейтіндігі, өз орындарында тұрып, бір тұтас лексикалық мағынаны беретіндігі жөнінде пікір айтады (94-б.). Автордың пайымдауынша, еркін сөз тіркестерінің лексикалануынан туындайтын сөздер көбінесе терімсөздер мен күрделі атау сөздер. Біз жаңа сөзжасамдық зерттеулерге сүйене отырып, аналитикалық-семантикалық тəсіл негізінде пайда болған сөздердің ішкі мағыналық құрылымы арқылы да олардың жаңа атаулық қасиетін айқындаймыз. Себебі кез келген жеке сөз өзінше қалыптасқанымен, оның ортақ заңдылықтары болды. Ал сөздер жеке атау немесе еркін сөз тіркесі бола ма деген сұраққа жауап берілу үшін оның тек сөзқұрамдық құрылымын айқындау аздық етеді. Сондықтан да сөзқұрамдық зерттеулердің көпшілігінде күрделі сөздерге берілетін мысалдар мен еркін сөз тіркестерге берілетін мысалдар араласып кетіп отыратыны жасырын емес. Профессор Н. Оралбаева қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы туралы көптеген құнды ғылыми тұжырымдар айтқан. Сөзжасамның жеке сала ретінде бөлініп шығуына да көп еңбек еткен зерттеуші ғалымның 1971 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формасы» атты докторлық диссертациясында күрделі лексикалық бірліктердің сипаты жөнінде құнды пікірлер бар. Саралап байқағанымызда мұндай ғылыми пікірлер мен ойлар К. Аханов пен А. Ысқақов еңбектерінде де кездеседі. Дегенмен Н. Оралбаева осы пікірлерді күрделі сөздерге тиімді пайдалана отырып, жүйелі түрде көрсеткен. Сондықтан зерттеулердің түйіні ретінде біз осы пікірді толықтай келтіруді жөн деп санаймыз: 1. Сөз тіркесі кем дегенде екі сыңардан тұрып, соған сəйкес екі лексикалық мағына білдіреді; 2. Күрделі сөз тіркесінің сөйлемдегі жеке бір сыңары сөз ретінде қатысады; 3. Күрделі сөздің сыңарларының арасында синтаксистік байланыс болмайды; 4. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлары сөйлемдегі басқа сөздермен сөз тіркесін жасай алмайды, күрделі сөз тұтас күйінде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, бір ғана сөйлем мүшесі болады. Ал сөз тіркесінің əрбір мүшесі жеке-жеке қызмет атқарады (21-б.). Н. Оралбаеваның бұл талдап көрсетіп отырған факторлары, негізінен, күрделі сөздердің грамматикалық құрылымындағы басты белгілері деп танимыз. Сонымен бірге еркін тіркес негізінде жасалған күрделі сөздердің өзінің атау ретіндегі семантикалық құрылымын талдап, олардың өзіндік ерекшелігі мен өзіндік белгілерін анықтау қажет болады. Мұндай зерттеудегі басты бағыт сөздің номинативтік сипатымен тікелей байланысты қарастырылуы керек. Яғни жеке атау ретінде сөздің туынды арнайы мағынасы болуы қажет. Күрделі сөздер жайында арнайы зерттеу еңбек жазған Б. Қасым күрделі сөздердің негізгі теориялық мəселелеріне назар аударады. Автордың, əсіресе зерттегені күрделі сөздердің уəждемесі, Орхон-Енисей, ортағасырлық жазбалар мен халық ауыз əдебиеті үлгілеріндегі күрделі аталымдардың (бұл Б. Қасым терімсөзі) қалыптасу жолы мен дамуы. Негізгі зерттеу нысаны күрделі сөздер болғандықтан да зерттеуші күрделі сөздің негізгі белгілерін атамай кете алмайды. Сондықтан Б. Қасым да өз еңбегінде күрделі сөздің негізгі белгілерін көрсетеді. «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер: уəждеме жəне аталым» атты зерттеуінде былай деп жазады: «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер – біріншіден, тұтас бір ұғымды білдіреді, екіншіден, құрамындағы сыңарлар үнемі мағыналық бірлікте болады, үшіншіден, сыңарлар өзара ыңғайласа құралып, тұтастықта жұмсалып, бір ұғымның күрделі аталымын қалыптастырады» (66-б.). Байқап отырғанымыздай, бұл аталған белгілер де жоғарыдағы К. Аханов пен А. Ысқақов зерттеулерінің ізімен грамматикалық ерекшеліктері арқылы айқындалады. Қазақ тіл біліміндегі күрделі сөздердің негізгі белгілері туралы басты тұжырым ортақ, ғылыми-теориялық терең қайшылық байқала қоймайды. Автор одан əрі күрделі сөздердің жасалуында сыртқы тұрпаты мен ішкі мазмұны жағынан біркелкі еместігін көрсете отырып, олардың сыртқы тұрпаты ғана емес, ішкі мазмұнының ерекшелігіне де кеңінен назар аударады. «Күрделі сөздің аталым ретінде басын құраушы, біріктіруші – ішкі лексика-семантикалық мазмұн олардың қалыптасуының негізгі жолы болып табылады», – деген ой айтады. Сөйтіп, сөздің күрделенуі, номинациялануы жəне туынды сөзге тəн тілдік заңдылықтарға бағынатынын айта отырып, мынадай заңдылықтарды айқындап көрсетіп береді:  сіңісу: қарлығаш, қолғап…  элипсис: егеуқұйрық, кезқұйрық…  үндесу: қолғабыс, қолғанат…  ықшамдау: сарымай, саруайым...  эндоцентрлі: теміржол, желбау…  экзоцентрлі: қарашаңырақ, қарашығын…  трансформация: тұсаукесер, құлаққағыс… Автордың пайымдауынша, бұл көрсетілген заңдылықтар мен белгілер күрделі сөздің мағынасын құраушы болса, ұғым белгілерінің туындауына қызмет етеді (67-б.). Ə. Аблақов, С. Исаев, Е. Ағмановтың «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің дамуы мен лексикалану процесі» атты еңбегінде «Сөз тіркестерінің лексикалануы» мəселесіне көңіл бөлінеді. Мұндағы негізгі көтерілген мəселе аса ауқымды. Онда лексикалану процесінің тарихи үдеріс екенін əрі оның өзіндік даму жолы болғанын айта келіп: «Сөз тіркестерінің сөйлеу процесінде біртіндеп лексикалық единицаға айналуы (номинативтенуі) қазақ тіліндегі сөз жасаудың ең бір өнімді тəсілдерінің жəне оның ішінде көне тəсілдерінің бірі болып саналады», – деп жазады (310-б.). Ғалымдар кəрі жілік, тоқпан жілік, ортан жілік, су жылан, оқ жылан деген тіркестерді мысалға келтіре отырып, бұл тіркестер əуел баста еркін сөз тіркестерінің қатарына жатқанын, өйткені аталған тіркестердің алдыңғы сыңарлары соңғы сыңарларының қасиетін, белгісін білдіріп, өздері толық лексикалық мағынасын сақтағанын, сөйлемде белгілі бір қызмет атқарғанын айтады. Бірақ тілдің дамуы барысында үздіксіз қолданыстың нəтижесінде лексикаланып, тіркес құрамындағы алдыңғы сыңарлардың қасиетін, белгісін білдіру мүмкіндігінен айырылып, мағыналық дербестіктен қол үзіп, заттың атауын ауысқанын, сөйтіп, күрделі сөздердің қатарына қосылғанын талдап жазады. Сөйтіп, əуел бастағы еркін сөз тіркесі сөйлеу процесінде қолданылу нəтижесінде жаңа мағыналы туынды сөзге айналғанын тəптіштеп түсіндіреді. Ғалымдар осындай лексикалану процесі нəтижесінде пайда болған сөздерге жер-су атауларын да қоса келе, мұның өзі тілдің тарихи қалыптасуы мен дамуы бойында жасалатын үдеріс екенін айтады. Еркін сөз тіркесінен бірте-бірте қалыптасқан сөздерге, сондай-ақ бой жету сөзін ала отырып, оның бойжеткен тұлғасына дейін даму жолында бұрынғы қолданыстарында бойға жетіп, бойға толып, т.б. түрінде де қолданыста болғанын нақты мысалдармен жазып дəлелдейді. Яғни бұдан жасайтын негізгі түйініміз, ғалымдар еркін сөз тіркесінен жаңа атаулар жасаудың тарихи үдеріс əрі оның қазақ тілінде, сондай-ақ барлық түркі тілдерінде бар құбылыс екенін дəлелдеп келтіреді. Аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған атаулар адам танымының нəтижесінде танылған ұғымды номинативтік белгілерінің ерекше қасиеті мен сапалық сипатының өзге заттар мен құбылыстардың бойындағы жақын, мəндес, ұқсас, қарама-қарсы, абстрактілі, ассоциативті мəн туғызу жағ- 355 дайына орай таңбалайды. Айталық, «баспасөз» лексемасының екіншілік мағынасының жасалуына себепші негіз болған «баспа» жəне «сөз» тұлғаларының қайсысының мағыналық деңгейі жоғары не төмен, жаңа атау жасауда қайсысы артық сема қосып, тірек сыңар қызметін атқарып тұрғанын айқындау мүмкін емес. Өйткені сөзжасамдық мағына үшін екі тұлғаның қосар мағыналық үлесі бірдей. Туындаған жаңа сөзжасамдық мағына екі тұлғаның да мағыналық құрылымындағы номинативтік белгілерді тиісінше қабылдап, өзінше ерекше семалы жаңа денотаттық мағына туғызады. Бұл туынды екіншілік мағына себепші негіздердің мағынасы арқылы бірдей уəжделеді. Аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған туынды сөздердің құрамындағы себепші негіздердің біреуі тірек сөз, біреуі көмекші сөз деуге келмейді. Туынды сөздің екіншілік сөзжасамдық мағынасында себепші негіздің екеуінің де семалық үлесі болады əрі олардың үлес салмағы екіншілік мағына семасының ерекше семасын туғызуға бірдей қатысады. Аналитика-семантикалық сөзжасамдық тəсіл арқылы туынды сөз жасалу процесінде бір тұлғаның мағынасы негізінде бірнеше атау жасалуы ықтимал. Бірақ бұл оның тірек мағыналылық сипатын таныта алмайды, тек сөзжасамдық парадигма жасау қабілетін көрсетеді. Мысалы: бұға ауыздық аяқ бүлік көздену жылан жібін аттамау ала көлеңке көңіл қарға құйын қолдық таң шабыр бота 356 Себепші негіздің бірінші сыңары ала сөзінің күрделі мағыналық құрылымы арқылы жасалған туынды сөздердің сөзжасамдық парадигмасы көрсетілді. Бұл атаулардың əрқайсысы ала тұлғасының тура не ауыспалы мағынасы арқылы уəжделеді, дегенмен екіншілік мағынада ала сөзі тірек сыңар емес, тек өзіне тəн ғана сема қосып, жаңа атаудың мағыналық құрылымының белгілі бөлігін ғана құрайды. Екінші сыңардағы атаудың мағынасы көмекшілік сипатта қалмайды, номинативтік белгіні айқындайтын ерекше мағына туғызуда өзінің семасын қосады. Қазақ тілінде сөзжасамдық парадигмалық қатар түзуші сыңар тек бірінші сыңар ғана емес, екінші сыңар да сөзжасамдық парадигма жасай алады. күлім қара көк отты қысық күн десе ақ ала бадырақ көз ескі жаутаң жəудір төрт өткір құралай оң сегіз Егер сөзжасамдық тұлғалардың біреуін тірек сыңар ретінде таныр болсақ, олардың орны тұрақты болар еді. Ал тілдік деректерде мұндай тұрақтылық байқалмайды. Яғни тұлғалық сипаты тұрғысынан да, мағыналық жағынан да себепші негіздердің біреуі тірек сыңар бола алмайды, екі сыңар да туынды сөздің мағыналық құрылымын туғызуға бірдей дəрежеде қатынасады. Сондықтан аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған туынды сөздердің құрамындағы атаулардың кез келгені ішкі мағыналық құрылымының ауқымына байланысты əр түрлі сөзжасамдық парадигмалық қатар туғыза алуы мүмкін. Бұл сөзжасамдық парадигма бойынша жасалған туынды сөздердің мағынасы əр алуан болып, құрамындағы себепші негіз мағынасы бойынша уəжделеді де, əр түрлі грамматикалық тұлғамен түрлене таңбалануы мүмкін. Айталық, жоғарыда келтірілген атауларда сигнификаттық, денотаттық, коннотациялық мағына мөлшері əр түрлі. Сегізкөз, алабота, алабұға, алақарға сөздерінің денотаттық мағынасы, көк көз, отты көз, өткір көз, ала көз, ала таң, бадырақ көз, күлім көз, жаутаң көз, қысық көз сөздерінің сигнификаттық мағынасы, ала көз, ала көңіл, ала аяқ, күн десе көзі, ескі көз, төрт көзі (түгел), ала көздену, ала жібін аттамау, ала құйын, ақ көз, ала көз сөздерінің коннотациялық мағынасы мол əрі айқын. Мұндай мағыналық көпқырлылық танымның тереңдігімен, болмыс туралы ұғымның номинативтік белгілерінің танылу деңгейімен байланысты болса керек. Аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған туынды сөздердің тағы бір негізгі ерекшелігі олардың байланысу сипатында. Құрамы мен мағынасы күрделі туынды сөздердің бір-бірімен байланысу жолдарының да өзіндік қалыптасу жүйесі бар. Біріккен сөздерді сөзқұрамдық бағытта қарастырған ғалым А. Ысқақов олардың сабақтаса не салаласа байланысатыны туралы пікірін білдірсе, С. Исаев біріккен сөздер мен тіркесті сөздер арасындағы байланыстың өзіндік ерекшелігін айқындай келе, олардың арасында салаласа байланысу болмайды дей келіп, мынадай тұжырымды, дəлелді ой айтады: «Бірнеше сөздің бірігіп, тіркесіп барып күрделі сөз қатарына өтуі нəтижесінде біріккен сөздердің де, тіркесті сөздердің де компоненттері арасындағы синтаксистік байланыс өшіріліп, олар тұтасып кетеді де, сөйлемде бір сөз мəнінде жұмсалып, бір ғана синтаксистік байланыс өшіріліп, бір ғана синтаксистік қызмет атқарып, өзі байланысқан сөзге бірдей қатысты болады» (Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, 1998. – 277-б.). Аналитика-семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған туынды сөздер бір бүтін бірлік деп санар болсақ, олардың арасында салаластық не сабақтастық қатынас болу мүмкін емес. Өйткені туынды сөздің мағыналық құрылымы ортақ, тұлғалық тұтастығы анық, синтаксистік тұтастығы бар. Əуелде екі тұлға арқылы бірігіп немесе еркін сөз тіркесі түрінде жұмсалғаны-мен, тіл дамуында жеке атау ретінде ұғынылып, екіншілік сема иеленіп, туынды сөз ретінде танылған соң олардың арасындағы сабақтаса не салаласа байланысу да бірте-бірте жоғалады, жаңа атау жасауда оның орнына синтагматикалық қатынас орнайды. Яғни болмыстың танылған белгісі мен қасиетін таңбалауда бір бүтін күйінде, жеке атау сипатында жұмсалады. Туынды сөз – болмыстың танымда айқындалған белгісі мен қасиетінің тілдегі таңбасы. Жеке ұғымның номинативтік белгілерін таңбалайтын ерекше атау болғандықтан, олардың арасында тек синтагматикалық қатынас болуы – атау заңы. Өйткені сөзжасамдық қатынасқа түсетін себепші негіздердің бір-бірімен байланысуында бағыныштылық сипат жоқ, тек валенттілік қасиеттеріне байланысты жеке ұғымды атау қажеттілігінен туындайтын синтагматикалық қатынас бар деп бағамдаймыз. Аналитикалық сөзжасам нəтижесінде туындайтын атаулардың құрамындағы себепші негіздер арасындағы байланыс синтетикалық немесе фонетикалық сөзжасам нəтижесінде жасалатын туынды сөздердің құрамындағы тұлғалардың байланысынан ерекше бола алмайды. Негізгі заңдылық сөзжасам процесінде орындалатын жаңа туынды атау жасауға байланысты болғандықтан, олардың арасындағы қатынас та, байланыс та ортақ заңдылықтарға бағынады. Мұның өзі тілдің жүйелілік сипатынан шықса керек. Яғни жиырма екі, он алты, тоқсан екі, Сарыарқа, Жетісу, қойшы, сазгер, қамшыгер, балапан, көңілді сияқты атаулар туындағанда екі сөзжасамдық тұлғаның арасында қандай байланыс бар деп түсінер болсақ, сөздердің тіркесуі арқылы жасалған өзге атауларда да осы заңдылық орындалатынын айту керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет