Сөзжасамның көне əрі ежелгі тəсілдерінің бірі – семантикалық сөзжасам. Тіл білімінде сөздің ешқандай тұлғалық өзгеріске түспей-ақ, мағыналық даму нəтижесінде екіншілік мағына берудің мұндай тəсілін сөзжасамдық конверсия деп те атайды. Сөзжасамдық конверсия аффиксацияға қарама-қарсы қойылады. Яғни аффикстік тəсіл арқылы сөз мағынасы тек белгілі тұлғаның (жұрнақтың) жалғануы арқылы ғана екіншілік мағына иелене алса, конверсияда туынды атаудың жасалуы үшін ешқандай тұлғалық өзгеріс болмайды. Сөз өзінің тұлғалық жамылғышын өзгертпей-ақ екіншілік мəнге ие бола алады. Сөзжасамдық конверсия – транспозицияның бір түрі. Транспозиция – кең ұғым. Кез келген транспозиция жаңа атау жасай бермеуі мүмкін, яғни сөз контексте ғана жаңаша мəн алуы не грамматикалық тұлғаларды жалғанып, жаңаша мағына иеленуі ықтимал. Бірақ бұл конверсия емес. Конверсия болу үшін атаудың ерекше белгісін таңбалап, екіншілік мағына беруі, туынды сөз жасалуы шарт. Түркологияда сөзжасамды зерттеу нысаны еткен ғалымдар А.А. Юлдашев, А.Г. Гулямов, Э.В. Севортян, Б.О. Орузбаева, Ф.А. Ганиев, А.Н. Кононов, М.А. Хабичев, т.б. конверсия тəсілін арнайы зерттемегенмен, оның көне сөзжасамдық тəсіл екенін жазады. Тұлғалық өзгеріссіз-ақ сөздің мағыналық дамуы арқылы туынды сөз жасалуы туралы теориялық мəселе қазақ тіл білімінде жеке зерттеу нысанына айналған жоқ. Осы күнге дейінгі жазылған оқулықтар мен оқу құралдарында сөзжасамның суффикстік тəсілі мен аналитикалық тəсіліне көп көңіл бөлінеді де, сөздің ішкі мағыналық дамуы арқылы жасалатын сөзжасамдық конверсия немесе семантикалық сөзжасамның теориялық мəселелеріне талдау жасалмайды. Дегенмен қазақ тілінің ішкі табиғатында сөздің мəні мен мағынасын өзгерту үшін оған жұрнақ жалғау не екі сөзді біріктіру тəсілі ғана қолданбаған. Сонымен бірге сөздің мағыналық дамуы негізінде де көптеген туынды атаулар жасалған. Түбір мен негіздің шегінде болғандықтан, конверсиялық сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздердің қалыптасу кезеңі көне кезеңде белсенді болған. Сөз мағынасының жіктеле дами келе, ерекше дифференциалаушы семаларға ие болып, жеке денотаттық жəне сигнификаттық мағына алып бөлініп, туынды сөз ретінде танылу процесін зерттеу сөзжасамның негізгі нысанына жататыны белгілі. Жаңа сөздің жасалуы семантикалық аспектіде қарастырылады. Атау болғандықтан, туынды сөз мағынасы атау теориясы арқылы анықталады. Сөзжасамдық тəсілдің өзге түрлері арқылы туынды сөздер жасалғанда, атаудың ішкі семантикалық құрылымымен бірге тұлғасы да өзгеріске түседі, яғни екіншілік мағына жасалуымен бірге атаудың дыбыстық жамылғышы да өзгеріске түсіп, таңбаның жаңалығы бірден көзге көрінер еді. Мағынадағы болған өзгерістің көрінісі тұлға арқылы айқындалып тұрады. Дыбыстық жамылғыш еш өзгеріссіз қалып, сөз мағынасы көпмағыналыққа немесе өзіне мағыналас ерекше номинативті семаға өзгеруі арқылы жаңа атау жасалуы, болмыс белгілері мен қасиеттерінің жақындығын, ұқсастығын, мəндестігін, тектестігін таңбалауда мол пайдаланылған. Сөздің денотаттық мағына беруінің өзі затты не құбылысты атау қабілетімен байланысты. Сөздің мағыналық дамуы əлемдік бейнені атау қажеттілігінен туындайтыны белгілі. Егер мұндай таңбалау қажеттілігі болмаса, жаңа туынды атау жасалмайды, туынды сөз жасалмаса, тілдік даму болмас еді. Қазақ тілінің байлығы сөздің əр алуан мағынада қолданыла алуымен астарласып жатады. Бір сөздің бірнеше мағынада жұмсала алуы – тіл дамуының негізгі заңдылықтарының бірі. Түркі тілдеріндегі етістік пен есімнің гомогендігі тікелей конверсияның нəтижесі ретінде бағаланады. Яғни тіл дамуында болмыстың атауы мен оның іс-əрекетін атау бір тұлғамен таңбаланған. Мұның да өзіндік ішкі заңдылығы болса керек. Белгілі бір зат, оның қозғалыс-қимылы, белгісі – əуелде бір ғана дыбыстық жамылғыш арқылы таңбалана келіп, кейіннен сөйлеуде əр түрлі қызмет аясында қолдану барысында əр түрлі мағыналық дамуға жеткен. Түркітануда бұл туралы айтылған ғылыми пікірлер мол (Г. Вамбери, В.В. Радлов, Г.М. Мелиоранский, Г.И. Рамстедт, В. Банг, Ж. Дени, В.А. Котвич, Н.К. Дмитриев, И.А. Батманов, А.А. Юлдашев, А.К. Боровков, Э.В. Севортян, А.Н. Кононов, А.М. Щербак, М. Томанов, Ə. Ибатов, Е.З. Қажыбеков, т.б. (қараңыз: Б. Салқынбай «Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект»). Сөздің дыбыстық жамылғышын өзгертпей-ақ туынды мағынада жұмсалу қасиеті, ең алдымен, сөйлеуде, атаудың əр 309 түрлі қызметте жұмсалуымен байланысты пайда болады. Сөз мағынасының жіктеле дамуындағы сөйлеудің рөлі мен маңызы ерекше. Тек сөйлеу арқылы ғана атау өзінің туынды мағынасына жіктеліп, жаңа ұғымды атау қабілетіне ие бола алады.Семантикалық сөзжасамның атау жасаудағы белсенді қызметі тіл дамуының ең көне кезеңінде болған. Бұл туралы М. Томанов өзінің «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты еңбегінде былай деп жазады: «Синкретикалық түбірлер мен негіздерді шолу мынадай қорытынды жасауға алып келеді: ең алдымен, етістіктер мен есімдердің грамматикалық формалар арқылы өз алдарына грамматикалық кластар есебінде қалыптасуы – тіл дамуының барысында пайда болған тарихи құбылыс. Тілдің өте ежелгі дəуірінде бір-бірінен синтаксистік қоршау арқылы ғана ажыраған сөздер келе-келе жеке грамматикалық форманттарға ие болып, лексикалық, синтаксистік жағынан да ажыраған. Олай болса, тарихи тұрғыдан сөздердің етістік жəне есім деп аталатын грамматикалық кластарға жіктелуі тілдің грамматикалық құрылысының дамуымен, соның нəтижесінде аффиксация тəсілінің пайда болуымен байланысты. Алайда аффиксация тəсілінің пайда болуынан кейін де түбірлердің синкретизмі жойылып кете қоймаса керек» (Тіл тарихы туралы зерттеулер. – Алматы, 2002. – 137-б.). Ғалымның бұл қорытындысынан бірнеше тұжырым жасауға болар еді: 1) семантикалық сөзжасам – тілдегі ең көне құбылыс; 2) болмыстың ерекше белгілері туралы ұғым семантикалық сөзжасам негізінде жаңа атауға ие болады. Бұл атау дыбыстық жағынан ерекшеленбеген, тек мағыналық жағынан ған жіктелген тұлғалар; 3) семантикалық сөзжасам негізінде сөз таптарына бөлініс пайда болды; 4) семантикалық сөзжасам негізінде пайда болған туынды атаулардың өзіндік грамматикалық категориялары бірте-бірте қалыптаса бастады; 5) семантикалық сөзжасам аффиксация тəсілінен бұрын пайда болып, зат есім мен етістіктің жіктелуіне, олардың гомогендік табиғатының болуына ықпал еткен; 6) семантикалық сөзжасам тəсілі қазіргі күнде де туынды сөз жасау үшін маңызды тəсіл. Семантикалық сөзжасам негізінде жасалған туынды сөздердің мағыналық құрылымын тану аса күрделі. Түркітануда семантикалық сөзжасам негізінде жасалған атаулар көптеген ғылыми еңбектерде омоним ретінде де танылғаны белгілі. Дегенмен сөздің мағынасын терең зерделегенде мұндай туынды сөздердің арасындағы генетикалық-мағыналық байланысты айқындау аса қиындық туғызбайды. Кей ғылыми зерттеулерде «синкретизм» тарихи омоним ретінде қате анықталғаны да белгілі. Бұл туралы А.Н. Кононов өзінің «Грамматика языка тюркских рунических памятников (VІІ-ІХ вв.)» зерттеуінде жақсы баяндап, бұл мəселенің дұрыс шешілуіне көп үлес қосқан еді. Автор түркілік түбірлердің мағыналық қырын теориялық тұрғыдан терең барлай келе, олардың мағыналық жақындығын айқындап, омоним ретінде қарастыруға болмайтынын ашық жазады (сонда, 79-80-б.). Тілдің ішкі даму табиғатын тап басып тауып, ішкі иірімдерін түйсіну оңай шаруа емес. Əсіресе тұлғалық жағынан ерекшеленіп көрініп тұрмаған сөздердің ішкі мағынасына терең бойлау оңай емес. Сондықтан да тұлғасы ортақ, мағынасы əр түрлі болып тұрған таңбаның (бірі – зат есім, бірі – етістік) тарихи даму байыбына бармай-ақ омоним ретінде тани салу оп-оңай. Бірақ ғылыми жағынан толық дұрыс тұжырым бола алмайды. Тұлғалық жағынан ешқандай өзгеріске түспей-ақ мағыналық байланыстылығы мен негізділігін сақтай отырып, туынды мағынаға көшуін, олардың мағыналық ерекшелігін тек сөйлеуде (речь), лебізде (высказывания) немесе контексте ғана айыруға болады. Яғни сөздің мағыналық дамуы сөйлемдегі қызметімен тікелей байланысты. Семантикалық сөзжасам негізінде жасалған туынды сөздердің мағынасы сөйлемде туындайды, сөйлем ішінде анықталады. Жекелей тұрғанда мұндай тұлғаларды бір-бірінен айырар, мағыналық ерекшелігін анықтар белгі жоқ. Сондықтан сөз қасиеті тек сөйлеуде не контексте ғана айқындалады. Семантикалық сөзжасамның тарихи бір буынды түбірлердің мағыналық дамуында өте маңызды рөл атқарып, заттық жəне қимылдық мағыналы атауларды жасағаны туралы бұрын айтқан болатынбыз (қараңыз. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект). Сондықтан біз қазіргі тіл тұрғысында семантикалық сөзжасам тəсілімен жасалған атаулардың мағыналық құрылымын саралаймыз. Семантикалық сөзжасам парадигмасы. Семантикалық сөзжасам, негізінен, бір буынды түбірлердің мағыналық дамуы арқылы жасалды. Бір буынды түбірлердің қазіргі тілімізде заттық жəне қимылдық мағынасының болуы – конверсиялық дамудың яки семантикалық сөзжасамның нəтижесі. Қазіргі қазақ тілінде семантикалық сөзжасам процесі негіздің аясында іске асады. Семантикалық сөзжасамдық үдеріс тек бір таңбаның мағыналық дамуы негізінде болғандықтан, оны парадигмалық деңгейде қарау дұрыс нəтижеге қол жеткізеді. Семантикалық сөзжасам парадигмасы дегеніміз (ССП) – түбірлес сөздердің мағынасы арқылы бір деривация деңгейінде тұлғалық өзгеріссіз жасалған туынды атаулардың жиынтығы. Бір түбір арқылы пайда болған туынды сөздердің мағынасы бір-бірінен бөлек бола алмайды, түбірлес сөз ретінде мұндай туынды атаулар мағынасы жақын, сабақтас, мəндес болады. Мұның өзі семантикалық сөзжасамның омоним ұғымымен шектесе алмайтынының белгісі. Сөз мағынасының семантикалық сөзжасам жолымен жаңа доминант мағынаға өтуі аз ғана уақыт мөлшерінде іске асатын құбылыс емес. Болмыстың жақын, мəндес белгілері мен қасиетін таңбалау үшін сөйлеуде, лебізде бірте-бірте пайда болатын тілдік үдеріс. Семантикалық сөзжасам парадигмасын анықтау жəне оның ішкі семантикалық құрылымын пайымдау оңай емес. Тұлғалық жағынан дараланбай, тек мағыналық жағынан ғана ерекше номинативті сема иеленетін, сөйтіп, жеке ұғымды атайтын мұндай тілдік таңбаның айырымын бағамдау контекстегі қызметі арқылы ғана бағамдалады. Семантикалық сөзжасам арқылы жасалған атаулар парадигмалық шеп құрай алады. Бұл парадигмалық шеп кейін жеке сөзжасамдық тізбек жасап, əр түрлі грамматикалық категориямен түрлене береді. Кез келген түбірлес сөз парадигмалық шеп жасай алмайды. Парадигмалық шепке ену үшін сөздің ерекше номинативті мағынасы болып, туынды атау ретінде танылуы қажет. Яғни парадигмалық шептегі сөздердің мағыналарында сөзжасамдық мағына болуы шарт. Мысалы: кеңес-кеңес-кеңес, кесек-кесек-кесек, кеш-кеш, көсеу-көсеу, құн-құн, керней-керней, т.б. Сөзжасамдық парадигмалық шеп дегеніміз – семантикалық сөзжасамдық тəсіл арқылы жасалған номинативті туынды сөздердің парадигмалық қатардағы жиынтығы. Семантикалық сөзжасамдық парадигмалық шепке енетін туынды сөздердің заттық не ұғымдық мəні тек контекстегі қызметі арқылы белгілі тұлғалармен валенттілік негізде тіркескенде айқындалады. Семантикалық сөзжасам негізінде жасалған атаулар сөзқұрамдық тұлғалармен түрленіп, сөйлеуде қызмет атқарғанда ғана негізгі мағыналары айқындалады. Яғни мұндай сөздердің туынды мағынасы олардың грамматикалық түрленуі негізінде контексте айқындалады. Мысалы: Бұлар өзара кеңесіп отырды. Ауданда үлкен кеңес ашылмақ. Кеңес үкіметі орнап, кедейдің көзі ашылып-ақ қалып еді. Келтірілген мысалдардағы кеңес сөзінің əр түрлі туынды семалары сөйлем ішінде айқындалып тұр. Бірінші сөйлемдегі кеңес сөзінің мағынасы – «ақылдасу, пікірлесу», іс-əрекеттің қимылы. Екінші сөйлемде «кеңес» сөзі – мəжіліс, жиналыс мағынасында жұмсалып, атаудың екіншілік мəнін анықтайды да, туынды мағынаны таңбалайды. Үшінші сөйлемдегі «кеңес» атауы «саяси ұйым» мағынасында жұмсалып, туынды мəнге ие болған. Демек, атау тұлғалық жағынан өзгеріске түспей-ақ контексте ерекше сема иеленген. Семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалған атаулардың қай сөз табына жататыны мен грамматикалық сипаты сөзқұрамдық парадигма арқылы түрленгенде немесе синтаксистік валенттілік негізінде сөйлем ішінде қызмет атқарғанда анық көріне алады. Айталық, «жаз» атауының туынды мағыналары: Жаз І Жаз ІІ Жаз ІІІ Жаз ІV парадигмаларында көріне алмайды. Тұлғалардың əрқайсысының жеке, арнайы семаларын аңғарып, пайымдау үшін олардың грамматикалық жағынан түрленіп, сөйлем мүшесі ретінде сөйлемде, контексте келу жолына, жүйесіне назар аудару керек. Яғни сөз синтагматикалық байланысқа түсіп, өзінің ерекше мағынасында көрінуі қажет. «Жаз» атауы синтагматикалық байланыс арқылы əр түрлі парадигмалық қатынаста көріне алады: хат қамыр дəм ауру көрпе дастарқан топырақ жаз орамал қағаз бас көңіл құлаш бауыр көз бой сөз Тіліміздегі «жаз» сөзінің синтагматикалық байланысу сипаты белсенді; атау семантикалық валенттілігі жағынан сəйкесе келе көптеген сөздермен тіркесіп, өзінің мағыналық ауқымдылығы мен кеңдігін танытады. Əр түрлі қызметте жұмсалу барысында сөзде мағыналық реңктер айқындалып, тілдік дамуда бірте-бірте семалық жіктелістерге түседі. Атаудың семантикалық сөзжасам нəтижесінде пайда болған ерекше номинативтік мағыналарын былайша саралауға негіз бар: 1) жаз – белгілі нысанды жаймалау, тегістеу семасы; қимылдық мағына; 2) жаз – жаймаланған, тегістелген нысанның атауы; жазық жер, тегіс жер; заттық мағына; 3) жаз – белгілі ойдың, пікірдің нысан бетіне түсірілуі, жазылуы; қимылдық мағына; 4) жаз – мезгіл атауы; табиғаттың жазылу, жайылу семасы; заттық мағына; 5) жаз – ырзық, несібе бұйыру; Алланың жазуы, тағдыр мағынасы; заттық мағына; 6) жаз – аурудан, дерттен арылу, жазылу; қимылдық мағына: 7) жаз – кінəлі, айыпты саналу; қимылдық мағына. Бір себепші негіз «жаз» тұлғасы арқылы жасалғандықтан, семантикалық сөзжасам нəтижесінде пайда болған сөзжасамдық шеп құрайтын атаулардың ортақ семасы болады, түпкі негізгі семасы бір болады. Көрсетілген мағыналардың барлығы да «жаз» сөзінің негізгі мағынасы арқылы жіктеле келіп, контексте қолданылу ыңғайына қарай əр түрлі номинативтік таңба ретінде танылған. Сондықтан ерекше мағынаның əрқайсысы да туынды екіншілік мағына ретінде таныла алады. Бұл мағыналардан өзге семантикалық даму нəтижесінде күрделі сөздердің құрамында келіп, ауыспалы мағынаға ие болған, ерекше номинативтік мəнді таңба туғызуға себеп болғандары да кездеседі: бас жазу, бой жазу, бауырын жазу, дəм жазу, дəм-тұз жазу, көңіл жазу, құшақ жазу, қабақ жазу, құлаш жазу, көз жазу, Алланың жазуы, Тəңірінің жазуы, т.б. Ауыспалы мағыналар метафоралық қолданыстың нəтижесінде туындайды. Бұдан басқа «жаз» сөзінің басыңқы сыңарда келуі арқылы да көптеген күрделі тұлғалардың семалық сипаты айқындала алады: жаза басу, жазып қалу (не жазды), жазып кету, т.б. «Жаз» сөзінің негізгі, өзек семасы белгілі құбылыстың не заттың белгілі нысан бетінде жайылуы, жазылуы (көрпені жаз, жай; дастарқанды жаз, жай; орамалды жай, жаз; қолды жай; т.б.) Адам танымының дамуы барысында ойлауда болатын абстрактілік, ассоциациялық қабылдау мен түсініктің нəтижесінде өзек мағына əр түрлі семалық жіктеліске түседі. «Жаз» сөзінің нысан бетінде жайылу, жазылу семасы дами келе, ойдың қағаз бетіне түсуі, жайылуы, табиғаттың жазылуы, жайнауы семаларына жіктеледі. Ұғымдық дамудың таңбалық көрінісі семантикалық сөзжасам негізінде таңбаланып, «жаз» сөзінің семантикалық дамуын туғызады.«Жаз» атауының дерттен айығу, сауығу семасы да абстрактілі ойлау жүйесінде танылған ұғымды таңбалау үшін жіктеліп шыққан. Яғни əуелгі «нысанның тəуір болуы» бүктетіліп, үйіліп тұрған нəрсенің басқа формаға ауысып, жазылуы семасымен негізделіп, номинативтік ерекше белгілер арқылы жаңа сигнификаттық сема ие болады. Сондай-ақ жазу етістігі арқылы уəжделе келе «Алланың жазуы», «Тəңірінің жазуы», «пешенедегі жазу» сияқты абстрактілі ұғымды таңбалайтын сигнификаттық (ұғымдық) мағыналар қалыптасқан. Мұнда да «жазу» семасы шалғай семантикалық өрісте сақталады. Халықтың діни түсінігі бойынша адам баласының маңдайына жазылған Алланың жазуы орындалады. Ол жазуды жұлдыз, сан, адамның түрі мен алақанының формасы арқылы толып жатқан көріпкелдік тəсілдермен астрологтар, жұлдыз жорамалшылары, хироманттар, т.б. оқи алады деп есептеген. Семантикалық сөзжасам негізінде туындаған екіншілік мағыналы атаулардың парадигмасын анықтау күрделі. Ол негізінен сөздің семантикалық-функциональдық дамуымен тығыз байланыста қарастырылады. Семантикалық сөзжасам нəтижесінде туындаған атаулардың өзек семасы, ортақ семасы сақталады. Олар бір-біріне омоним бола алмайды. Түбірлес сөздер ретінде олардың түпкі мағыналарының ортақтығы шалғай семантикалық өрісте сақталады. Семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы бір денотаттың іс-əрекеттік, заттық, сапалық мағыналарын таңбалауға болады. Атаудың уəжделу заңдылығына сəйкес семантикалық сөзжасамдық тəсіл бойынша жасалған таңбалар бір денотаттың атауына, қимылына, сапалық белгісіне не қасиетіне қатысты болады. Бұл, əсіресе бір буынды түбірлердің семантикалық дамуы арқылы жасалған атаулардың табиғатынан айқын танылады. Айталық, Бай І; Бай ІІ; Бай ІІІ; Бай ІV; атаулары бір парадигмалық шеп құрайды. Қазіргі қазақ тілінде бұлардың ішкі мағыналық құрылымы ерекше семаға ие, өзіндік номинативтік белгілері бар туынды сөздер. «Бай» сөзінің өзек семасында белгілі нысанның молдығы, көптігі, кеңдігі, ауқымдылығы, мол затқа ие болу, т.б. мағыналары бар. Танымның дамуымен бірге бай ұғымы да кеңи түседі де, оның əр түрлі номинативтік белгілері ерекшеленіп, жаңа таңбаларға жіктеледі. Айталық, заттың (малдың, байлықтың) жеке адамда мол, көп болуымен байланысты «бай» тұлғасы субъектілік мағынада «бай адам» сипатында жұмсала келе, жеке таңба ретінде тұрақталады. Сөйтіп, атаудың мағыналық дамуы нəтижесінде оған жаңа ерекше мағыналық реңк жамалып, туынды сөз пайда болады. Тілдің кейінгі дамуында байлығы мол адам жеке тап ретінде танылған тұста «бай-феодал» семасы жеке бөлініп, ерекше мағына жасайды. Бай-күйеу, əйелдің ері мағынасы да «байдың» ие болу, бар болу семалары арқылы ерекшеленіп, жеке атау ретінде бөлініп шыққан. «Бай» атауының жеке номинативті мағыналарға жіктеліп, семантикалық дамуға жетуі, сөйтіп, бірнеше жаңа мағына беретін таңбалар туғызуға себепші негіз болуы, ең алдымен, халықтың дүниетанымының дамуымен жəне контексте жүйелі қолданылуымен байланысты. Яғни атаудың жеке номинативті мағынаға ауысуы функциональдық-семантикалық қызметімен тікелей байланыста қарастырылады. Таңбаның атрибуттық қызметте жиі жұмсалуының нəтижесі оның сындық мағынаға алмасуына негіз болған. Анықтауыштық қатынаста қолданған сөз заттық денотатқа алмасып, «иелігінде көп малы бар, үстем тап» мағынасын иеленген. «Бай-бай-бай» сөзінің өзек, ортақ мағынасы біреу – заттың көптігі, молдығы. Осы ортақ мағына арқылы мынадай жаңа туынды мағыналар семантикалық сөзжасамдық тəсіл негізінде жасалған: 1) Бай – бай болу, бар болу. Мысалы: Ай үлкен сəске тұсына жетіп, толықсып тұрған шақта ол бай аулының төбесінен келіп түскен. Əдетте, бай үйі ақ шаңқан болар еді (Ш. Мұртаза). 2) Бай- бай адам, феодал. Мысалы: Теңдікті аңсайтын, біреу бай, біреу кедей болғанын қаламайтын, біреуді біреудің қанауын қаламайтын, жазықсыз қан төгуді жек көретін, кісі баласын сен орыссың, сен қазақсың, сен татарсың деп бөлмейтін əділетті қоғам құруға талпынған адамдар (Ш. Мұртаза). 3) Бай – əйелдің ері, күйеуі. Мысалы: Менің байымды қалада істеп жүрген жерінен «ауылға бар, ауылға бар» деп ұран тастап осында жібердіңіздер (Т. Ахтанов). 4) Бай – сансыз, көп, мол. Мысалы: Қазақ даласы кенге бай. Бұл көрсетілген тұлғалар контексте қолданыла келе, функциональдық-семантикалық даму нəтижесінде екіншілік мағынаға ие болған атаулар. Семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалатын атаулардың ерекше семасының орнығуы уақытқа да тəуелді. Атаудың номинативтік мағынасының жасалуы, халық дүниетанымында қабылдануы уақыт факторы мен заманға сай болатын əлеуметтік факторларға, ғылым мен білімнің даму деңгейіне тікелей байланысты. Яғни сөздің ерекше номинативтік белгілерге ие болып, жаңа туынды мағынаға ие болуы уақыт шегінде болатын əлеуметтік-саяси өзгерістермен де астасып жатады. Мысалы: хакім-əкім-əкім, өкім-өкім, бұйрық-бұйрық, т.б. атаулар саяси қоғамдық терімсөз ретінде қалыптасса, зейінзейін, болмыс-болмыс, таным-таным, сезім-сезім, түсінік-түсінік, түйсік-түйсік, т.б. атаулардың семантикалық дамуы арқылы психологиялық терімсөздер түзілген, өздік-өздік, есім-есім, шылау-шылау, үстеу-үстеу, анықтауыш-анықтауыш, сан-сан т.б. – лингвистикалық терімсөздер; баға-баға, сапа-сапа, құнқұн, т.б. атауларының мағыналық дамуы арқылы экономикалық терімсөздер қалыптасқан. Төл сөздердің мағыналық дамуы арқылы жасалған мұндай терімсөздерді конверсияның жемісі деп қарастырамыз. Олардың мағыналық құрылымында семалық өзгерістер болады, терімсөздік мəн алып, ерекше номинативтік қалыпқа түсіп, екіншілік мағына иеленеді. Дегенмен себепші негіз бен екіншілік мағына арасында ортақ мағына мен өзек мағына толық сақталады. Мысалы: «болмыс» сөзінің негізгі мағынасы Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде былайша түсіндіріледі: 1. Дене-бітім, тұла бой. Майданда жеңгіш халқымыз, Болмысы болат батырдан, Жалынды сəлем айтамыз, Жазушыдан, ақыннан (Т. Жароков). 2. Философиялық терімсөз. Болмыс – адам өмірінің, оның іс-əрекетінің қажетті жағдайы жəне қайнар көзі. Байқап отырғанымыздай, терімсөз сипатындағы «болмыс» сөзі əуелгі «болмыс» атауы арқылы уəжделген. Сондықтан олардың арасында өзек сема мен ортақ сема сақталады. Яғни екі атаудың арасындағы ортақ сема – белгілі нысанның барлық бітімін, негізін таңбалауы. Тілдің дамуы барысында макросемадағы əрбір сема доминанттық сема ретінде бөлініп шығады да, жеке мағыналық атау ретінде бөлініп, бірнеше түбірлес туынды сөздерді туғызады. Түбірлес сөздер мағынасының генетикалық тектестігі сақталады. Сөзжасамдық қажеттілік туғызатын салдар – бір ғана тұлғадан əр түрлі ерекше мағынасы бар атаулар туғызу. Сөзжасамдағы ең негізгі нəрсе – номинативті мағыналы туынды сөз жасау. Ал атаудың қай сөз табына жататыны, қандай грамматикалық категориялармен түрлене алуы – сөзқұрамның зерттеу нысаны. Сөзжасамның негізгі шарты – туынды сөздің мағыналық құрылымын айқындау болғандықтан, жіктеліп шыққан туынды атаулардың қай сөз табына жататыны маңызды емес, олардың ішкі семантикалық құрылымын терең айқындау маңызды. Осы реттен сөз мағыналарының дамуын біз сөз табы ретінде зат есім не етістік пайда болды деп, бір-бірінен алшақ қарастыра алмаймыз. Олардың бір денотатқа қатысты əр түрлі ұғымды таңбалауын маңызды деп бағалап, атаулардың номинативтік мəніндегі ерекшелік пен семантикалық байланысын, семантикалық өрістегі сипатын айқындауға талаптанамыз. Олай деуіміздің басты себебі мынада: осы күнге дейін сөзқұрамдық аспектіден қарастырылып келген бір буынды түбірлердің жəне негіздердің мағыналық сипаты терең семантикалық құрылым негізінде қарастырылмаған. Олардың зат есім-етістік болып жіктелуіне сəйкес, семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалған көптеген түбірлес туынды атаулар омоним сөздер ретінде түсіндіріліп келді. Алайда семантикалық аспектіден терең зерттеу жүргізгенде бір түбірден тарап, конверсиялық негізде жаңа таңба ретінде танылатын атаулар омоним бола алмайтынына көз жеткізуге болады. Айталық, М. Белбаеваның «Қазақ тілінің омонимдер сөздігі» еңбегінде «ою» сөзінің қимыл атаулық жəне заттық мағыналары омоним ретінде танылған: Ою. І. ой-у. Жаңағы үкіден енді мал су ішпей, үлкендер басқа бір тұстан суат оюға мəжбүр болды. Ою. ІІ. зат. Бір нəрсенің бетіне түсірілген түрлі нақыс, бедер, өрнек. Жалма-жан от жағылып еді, үй еңсесі көтеріліп, туырлықтың оюлары көзге шалынды (158-159 б.). Сөзқұрамдық тұрғыдан қарастырғанда, «ою» бір мағынасы зат есім, екінші мағынасы етістік болып, əр түрлі грамматикалық категориялармен түрленіп, бір-біріне омонимдес сияқты болып көрінуі ықтимал. Дегенмен атаулардың семантикалық терең құрылымына назар аударар болсақ, мəселе мүлде басқаша. «Ою-ою» сөздері – семантикалық сөзжасам нəтижесінде пайда болған туынды сөздер. «Ою» қимыл атауының түбірі – ой. Мағынасы – белгілі нысанды шұңқырлап, ою қимылын таңбалайтын атау сөз. Белгілі бір затты не нысанды ойу қимылының атауы «ою» тұлғасы арқылы таңбаланады. Сол ою процесінің нəтижесінде жасалған зат – «ою» деп таңбаланып, семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалған туынды сөз ретінде танылады. Олай болса, ою-ою таңбалары түбірлес сөздер. Олар семантикалық даму нəтижесінде белгілі бір қимылдың атауы мен сол қимыл нəтижесінде жасалған зат атауын танытады. Сондықтан бұл атаулардың мағыналық тектестігі айқын, өзек семасы мен ортақ семасы бар. Ою-ою сөздерінің ортақ семасы – белгілі бір ойу процесі мен сол ою нəтижесінде жасалған зат атауын таңбалаумен байланысты болады. Демек, ою-ою сөздері бір денотатқа қатысты əр түрлі номинативтік белгіні анықтау үшін жіктеліп пайда болған туынды атаулар ретінде танылады. Олар омоним сөздер емес, керісінше ортақ семалары біртектес, сөздің мағыналық дамуы нəтижесінде ерекше семаға ие болған туынды атаулар. «Ою» зат есімі қимыл есім мағынасы негізінде уəжделген. Екі атаудың да себепші негіздері ортақ болғандықтан, олардың мағыналары бір-бірінен мүлде бөлек бола алмайды. Тек номинативтік ерекше белгілері арқылы жеке сөз болып қалыптасқан, себепші негіз арқылы уəжделген, семантикалық сөзжасамдық тəсіл негізінде жасалған туынды сөздер ретінде танылады. Көрсетілген сөздікте сүю-сүю сөздерінің де мағыналары омоним ретінде танылған: Сүю. І. ет. Достық, махаббат сезімдерінің белгісі – бетке ерінді тигізу, өбу. Қасына келіп отырған Жанатты Жақып маңдайынан сүйіп, шашынан сипап бірсыпыра отырды. Сүю. ІІ. ет. құмарту, ұнату, қалау. Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы əн мен тəтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Əнді сүйсең, менше сүй (сонда, 167-б.). Сүю-сүю тұлғаларының мағыналары контекстегі қолданысына қарай жіктелген. Негізгі жəне өзек мағыналары бір екені айдан анық. Туынды сөздің жасалуына уəж болып тұрған себепші негіз «сүйдің» мағынасы белгілі бір құбылысқа немесе нысанға деген ынтық көңіл. Зерттеуші көрсетіп отырған мағыналар бір-біріне омоним бола алмайды. Өйткені олардың мағыналық құрылымында айтарлықтай өзгешелік болған жоқ. Негізгі ерекшелік бір контекстегі сүю нақты нысанға арналады да, екінші контекстегі сүю абстрактілі құбылысқа (кейде затқа) арналады. Сүю-сүю сөздері семантикалық даму нəтижесінде контекстік ыңғайда əр түрлі мағыналарға жіктеле алатын тұлғалар ретінде танылады. Бұл атаулардың ерекше номинативтік белгілері де толықтай анықталып, ажыратылмағандықтан, толық туынды сөз ретінде таныла алмайды, контекстік сипатта ерекше мəнді иелене алады деп бағалаймыз. Тіл-тілдегі сөз жасау үрдісінде семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жаңа туынды атау жасау – тілдің ішкі мүмкіндігінің молдығы мен даму сипатын танытатын негізгі факторлардың бірі. Тегінде, тіл дамуы шеттен енген кірме сөздердің есебінен емес, төл сөздердің мағыналық дамуы арқылы жасалған атаулардың санымен екшеледі. Семантикалық сөзжасамдық тəсіл атау мағынасының сапалық құрылымын тереңдете түседі, байыта түседі. Таным өзгерісіне сəйкес болатын жаңа ұғымды атауда олардың ұғымдық жақындығы, ұқсастығы, тектестігі ескеріледі. Жаңадан танылған ұғымды атау үшін болмыстағы ұқсас, тектес заттар мен құбылыстар санада екшеліп, олардың номинативтік жақын белгілері таңдалады. Жаңа ұғымның ерекше номинативтік белгісі оның арнайы мағынасын туғызуға негіз болады. Семантикалық сөзжасамдық тəсіл арқылы жасалған туынды атаулар, негізінен, денотаттың жақын, ұқсас, тектес белгілері арқылы уəжделеді. Қазіргі қазақ тілінде бір буынды түбірлермен бірге негіздер де семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жаңа туынды мағынаға ие бола алады. Тілдегі жүйелі құбылыс болғандықтан, семантикалық сөзжасам тəсілі сөздердің мағыналық дамуын туғызып, екіншілік мағына жасауға мол мүмкіндік береді. Мысалы: «Тамыр» сөзінің мынадай мағыналары ерекше номинативтік мағынада жұмсалады да сөздіктерде омонимдік тұлғалар ретінде танылады: Тамыр І. зат. өсімдіктің түбір тарамы. Кетпеннің ізімен су жүгіріп, Ақбидайдың тамыры қуат алды. Тамыр ІІ. зат. қан жүретін жол. Тамырлары адырайған, арық қолы əлсіз дірілдейді. Тамыр ІІІ. зат. Дос-жар, көңілдес. Жақсы көрер тамырдың атын алма, тайын ал (Белбаева М. Қазақ тілінің омонимдер сөздігі. – Алматы, 1988. – 171-б.). Көрсетілген үш сөз семантикалық парадигма жасап, ерекше мағынада жұмсалады. Өзара семантикалық шеп жасайды. Тамыр-тамыр-тамыр сөздерінің мағыналық жақындығын айқындап көрелік. Өсімдіктің түбір тарамы мағынасын беретін тамыр тұлғасы мен қан жүретін жол мағынасын беретін тамыр тұлғасының мағыналық жақындығы таңбаланып тұрған денотаттың сыртқы ұқсастығы мен ішкі тектестігі арқылы көрінеді. Тамыр сөзінің негізгі мағынасы – белгілі бір нысанға қоректік заттарды жеткізіп тұратын байланыстырушы, өмір сүруінің негізі саналатын мүше. Оның болмыстағы əр түрлі денотатқа арналуына байланысты мағыналары жіктелген. Өсімдіктерге су мен қоректік зат апаратын мүше – тамыр ерекше атау ретінде жіктелген де, ағзаға қан жүгіртетін жол тамыр да өзінше ерекше мағынаға ие болған. Өсімдік тамыры мен қан тамырларының арасында ұғымдық жақындық бар: екеуінің негізгі қызметтері бір, қасиеттері ортақ. Сондықтан тамыр-тамыр сөздері бірін-бірі арқылы уəжделіп, семантикалық даму нəтижесінде жаңа ерекше мағынаға ие болып, туынды сөз ретінде қалыптасқан. Тамыр атауындағы бір жол, бір тамыр арқылы бүкіл денеге қоректік зат апару мағынасы мен тамыр арқылы алыс-беріс жасау семасы негізінде оның екінші ауыспалы мағынасы тілдің кейінгі дамуында жіктеліп шыққан. Қазақ халқының дүниетанымында, əдетте, тамыр болатын адамдар ағайын, жақын адамдар емес, тек көңілдері жақын, сыйлас адамдардың арасындағы достық сезім ұғымы таңбаланады. Яғни тамыр– алыс-беріс жасап жүрген дос-жар адамдар. Тамыр атауының өзек мағынасында əуелгі белгілі нəрсені жеткізуші, байланыстырушы мағынасы сақталып тұр. Тамыр-тамыр-тамыр атауларының өзіндік ерекше мағыналары айқын болғанымен шалғай семантикалық өрісте олардың мағыналарындағы ортақтықты, тектестікті аңғаруға болады деп пайымдаймыз. Атаулардың бұлайша мағыналық дамуы семантикалық сөзжасам тəсілінің нəтижесінде пайда болып, тілдік даму нəтижесінде екіншілік мағына орныққан. Тіліміздегі бар сөздердің мағыналық құрылымын жіктеу, саралау арқылы жаңа атау туғызу соңғы жылдары, тіпті, жиі қолданыс табуда. Мұндай факті, жоғарыда атап өткеніміздей, əсіресе терімсөз жасау үрдісінде айқын аңғарылуда. Еліміз егемендік алғалы тілімізде қолданылып жүрген көптеген терімсөздерді қазақшалау қолға алынуда. Терімсөздерді қазақшалауда əр түрлі тəсіл қолданылып келеді. Соның негізгі тəсілінің бірі – семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы іске асырылуда. Бұл тəсілдің тиімділігі орысша не орыс тілі арқылы енген өзге терімсөздердің мағыналық, ұғымдық ерекшелігі мен беретін мағыналық құрылымына сəйкес төл лексикалық бірліктер таңдап алынып, оның мағыналық құрылымына ерекше шартты сема жалғанады да, терімсөз ретінде ұсынылып, қабылданады. Ұғымның ішкі мəнін дұрыс ашып, айқындайтындықтан, семантикалық сөзжасам арқылы жасалған терімсөздер тез қабылданып, тілдік айналыстағы қолданысы өміршең болады. Айталық, Мемлекеттік терімсөзологиялық комитеттің 2000 жылғы 25 қаңтардағы мəжілісінде бекітілген терімсөздер тізбесінің ішінде мынадай терімсөздердің жасалуы семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған: Акт – кесім; Акт – перде (əдеби); Таблица – кесте; База – негіз, қор; Менталитет – діл; Монополист – алпауыт; Монстр – құбыжық; Набросок – нобай; Превратно – теріс; Процент – пайыз; Предположение – жорамал; Штраф – айып, т.б. (Терімсөзологиялық жинақ. – Алматы, 2002. – 462-466 б.). Келтірілген мысалдардағы терімсөз ретінде танылып отырған атаулардың барлығы да тілімізде халықтық жалпы қолданыста бұрыннан кездесетін сөздер. Олардың терімсөздік мағыналары осы құжат негізінде бекітілген. Демек, атаулардың терімсөздік табиғатын айқындайтын жаңа екіншілік мағыналары туынды сөз жасалғанының кепілі. Атаулардың бұрыннан халық тіліндегі жалпы қолданыстағы мағынасы мен терімсөздік мағынасының арасында семалық айырмашылық болатыны сөзсіз. Мысалы: Қазақ тілінде «кесім» сөзі жалпы халықтық əдеби тілде бұрыннан белсенді қолданылатын атау. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «кесім» сөзінің мағыналық түсінігі былайша көрсетілген: Кесім. І зат. 1. Айыптау шешімі; шығарылған үкім, кесік. Соттың бүгінгі кесімі де осы оқшау істің жайына байланысты өзгеше кесім боп шықты. 2. Үзілді-кесілді пікір, тұжырымды ой қорытындысы. – Ендеше мен де сол кесімге келдім білем, – деді Исатай. «Кесім» сөзінің негізгі мағыналық құрылымында белгілі жағдайға, іс-əрекетке байланысты айтылатын не шығарылатын шешім, тұжырым, ой қорытындысы, т.б. семалары бар. «Акт» терімсөзінің кесім тұлғасында берілуінде сақталатын тілдік уəжділік бар. Яғни акт – мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар қаулы-қарар ұғымын бейнелейтін таңба. Бұл ұғым мен кесім атауының мағыналық құрылымының арасында жақындық, сабақтастық – белгілі жағдайға байланысты шығарылған шешім, тұжырым т.б. ортақ семасы арқылы көрініс табады. Кесім-кесім сөздері мағыналық құрылымының дамуы негізінде екіншілік туынды мағынасында жұмсалып тұрғандықтан, семантикалық сөзжасам тəсілі нəтижесінде жасалған атау ретінде танылады. Ал «акт» таңбасының екінші мағынасының перде деп аталуында да осындай тілдің ішкі мағыналық дамуына негізделген уəжділік бар. Мұндағы акт тұлғасының негізгі мағынасы операның, балеттің, драманың бөлімі мағынасында жұмсалады. Бөлім арасында сахна пердесі жабылып, бірінші бөлімнің аяқталғанын білдіреді. Сахнада жабылған перде бөлімнің аяқталғанын білдіретіндіктен, перде тұлғасы акт мəнін, ұғымын білдіру үшін жұмсалған. Тілімізде «есікке, терезеге, театр сахнасына құрылатын шымылдық» мағынасы семантикалық тəсіл негізінде дами келе, операның, драманың, балеттің бір бөлімі мағынасында қолданылған. Мысалы: Үш перделі комедияның алғашқы пердесі ойналып болып, екінші пердесінің ең қызық тұсы ойналып жатқан шақта сахнаның шамы жалп етіп сөнді де қалды. «Перде» сөзінің семантикалық дамуы оның ішкі мағыналық құрылымындағы сəйкес семалар негізінде, яғни ортақ, өзек семалардың болуы арқылы орындалады. Сырттай қарағанда пердеперде атауларының мағыналық сипаты бір-біріне сəйкес келмейтіндей көрінуі ықтимал. Бірақ операның не балет бөлімдерінің арасын бөліп тұратын негізгі көрсеткіш шымылдық-перде болғандықтан, акт мағынасында жұмсалуының тілдік уəжі бар. Семантикалық сөзжасамдық тəсіл нəтижесінде жасалған терім-сөздердің мағынасында ортақ сема мен өзек сема семантикалық шалғай өрісте сақталады. Олардың жасалуының негізгі шарттарының бірі – атау мағынасының уəжділігі деп танылады. Көрсетілген маңызды белгілер семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалған атаулардың жалпы заңдылығын анықтауға мүмкіндік береді: 1) сөздің мағыналық дамуы жаңа туынды атау жасайды; 2) семантикалық сөзжасам нəтижесінде жасалған атаулар, негізінен, бір денотатқа қатысты болады. Бір денотаттың атына, қимылына, сапасына, қасиетіне, белгісіне қатысты номинативтік белгіні таңбалайды; 3) семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған атаулардың екіншілік мағына алуы уақыт факторына, қоғамдық-əлеуметтік, саяси-мəдени өзгерістерге де байланысты; 4) семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған атаулар өзара семантикалық парадигма құрайды; 5) Семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы туындаған атаулардың өзек семасы мен ортақ семасы шалғай өрісте сақталады. 6) семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған туынды сөздер түбірлес сөздер болғандықтан, мағыналық тектестікте омонимдік құбылысқа оппозиция болады. Сонымен, семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы сөз тудыру көне замандарда белсенді қолданылған. Сыртқы таңбалық жамылғышы өзгеріссіз қалып, мағыналық жіктеліс нəтижесінде жаңа екіншілік мағына туғызу арқылы атау жасау процесі аффиксация тəсіліне дейін өнімді қызмет атқарған. Сөз мағынасы микросемаларға жіктелу арқылы ерекше арнайы семаларға ие болған. Сөздің семантикалық дамуы мағынаның полифункциялық қызметімен тікелей байланысты. Бір ғана лексеманың əр түрлі қызметте жұмсалуы тұлғаның сол қызметте орнығуына алып келеді де, бірте-бірте осы мағынада тұрақталады. Семантикалық сөзжасам тəсілі арқылы жасалған атаулардың мағынасын лингвомəдени, лингвогенездік аспектіден саралау жоғары ғылыми нəтижелерге қол жеткізеді. Мағына дамуы – ұғымның, танымның дамуының көрінісі. Семантикалық сөзжасамдық тəсіл арқылы жасалған атаулар бір-бірімен генетика-семантикалық байланыста болады. Себепші негіздегі өзек мағына екіншілік мағыналы туынды сөздердің шалғай өрісінде сақталады.