1.3. Қылмыстардың көптігінің ажыратылуы
Қазіргі қылмыстық заңдар бойынша қылмыстардың көптігінің төмендегідей түрлері айқындалып, ажыратылады:
1) қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы;
2) қылмыстардың жиынтығы;
3) қылмыстың қайталануы.
а) Қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуы
Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы дегеннің мағанасына тереңірек үңілер болсақ, ол – бір тұлғаның екі немесе одан да көп қылмыстар жасауы. Бұл әрекеттері үшін тұлғаның сотталған – сотталмағандығы ескерілмейді.
Теория жүзінде де, практика жүзінде де қылмысты бірнеше рет жасау екі түрге бөлінеді: жалпы және арнайы.
Қылмыстардың қайталануының кез келген түрі, оның қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен деңгейіне қарамастан жалпы бірнеше рет қайталану деп табылады. Жалпы бірнеше рет қайталану қылмыстардың саралануына ықпал жасамайды, бірақ жаза тағайындау кезінде сот бұл жағдайды жауаптылықты ауырлататын мән – жай ретінде ескеруі мүмкін. (ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағы).
Кінәлі тұлғаның ұқсас немесе біртекті екі немесе одан да көп қылмыс жасауы арнайы бернеше рет жасалу деп танылады. ҚК-тің 11-бабының бірінші бөлігінде дәл осындай бірнеше рет жасалу туралы айтылған: «Осы Кодекстің Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында немесе бабының бөлігінде көзделген екі немесе одан көп әрекетті жасау – қылмыстардың бірнеше рет жасалуы деп танылады».
Нақты жағдайлар тұрғысынан өзара айырмашылықтары болғанымен, бірдей қылмыс құрамының белгілерінен тұратын қылмыстар, ұқсас (бірдей) қылмыстар деп есептеледі.
Мысалы, бір тұлғаның кісі өлтіру қылмысын екі рет жасауының бір – бірінен қылмыстың жасалған уақыты, орны және басқа да нақты жағдайлары тұрғысынан өзара айырмашылығы болуы мүмкін, бірақ бұл ҚК-тің 96-бабында қарастырылған қылмыс құрамының белгілері бойынша ұқсас (бірдей) болып келеді.
ҚК-тің ерекше бөлімінің бірқатар нормаларында ұқсас қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуының орын алуы саралаушы мән-жайлар болып табылады. (ҚК-тің 96-бабының екінші бөлігінің “а” тармағы; 120-бабының екінші бөлігі және т.б.).
Заңмен тікелей қарастырылған жағдайларда біртекті қылмыстардың да бірнеше мәрте жасалуы ескеріледі. Белгілі бір объектіге немесе оған ұқсас объектіге қайталап қиянат келтіруші, кінәнің түрі бірдей және басқа да объективтік және субъективті ұқсас белгілерден тұратын қылмыстар (мысалы, ұрлық, тонау, қарақшылық, т.б.) біртекті қылмыстар деп танылады. Біртекті қылмыстарды есепке алу мүмкіндігі ҚК-тің 175-бабына қатысты 3-ші ескертуде тікелей қарастырылған, атап айтқанда онда былай делінген: «Осы Кодекстің 175-181-баптарындағы бірнеше рет жасалған қылмыс деп осы бапта, сондай-ақ осы Кодекстің 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады». Осыған орай, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, бұған дейін де мүлік ұрланғандықтан ғана емес, сонымен қатар, кінәлі тұлға жоғарыда аталған қылмыстардың бірін бұрын жасаған жағдайда да бірнеше рет жасалған деп танылатын болады.
Бірнеше рет жасалу ұғымы, кінәлі тұлғаның сотты болған қылмыстарымен қатар, оның қылмыстық жауаптылыққа әлі тартылмаған әрекеттерін де қамтиды. Аяқталған немесе аяқталмаған қылмыс деп саралануына, кінәлі тұлғаның бұл қылмыстардың орындаушысы немесе оған бірлесіп қатысушы болуына қарамастан, бұл әрекеттер – бірнеше рет жасалған деп танылады.
Бірнеше рет қайталанудың заң тұрғысынан алғандағы мәні мынада: біріншіден, жоғарыда айтылғанындай ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағына сәйкес сот оны жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырылатындығында. Екіншіден, ҚК-тің 11-бабының бесінші бөлігіне орай «Қылмыстардың әлденеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтыратын мән-жай ретінде көзделген жағдайларда адамның жасаған қылмысы осы Кодекстің Ерекше бөлімінің қылмыстарды бірнеше мірте жасағаны үшін жазалауды көздейтін бабының тиісті бөлігі бойынша айқындалады» деп көрсетілетіндігінде.
Достарыңызбен бөлісу: |