1.3. Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері
Қазақ тілі оқыту мақсаттары үш топқа біріктіріледі.
1. Білім беру мақсаттары: оқушыларға ана тілі туралы ғылымның негіздерін беру; тілдің қоғам өміріндегі маңызын аша көрсетіп, оны меңгерудің өндірісте, қоғам өмірінде аса қажетті екендігін түсіндіру; оқушының ана тілінен жақсы білім алуына мүмкіндік туғызу; тілдің қатынас құралы екендігіне көздерін жеткізу; түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың ауызша, жазбаша тілдерін дамытып, онымен қаруландыру; оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру; өздігінен сөйлей, жаза білуге жол ашу.
2. Тәрбиелік мақсаттар: оқушылардың тілдік құбылысқа көзқарасын қалыптастыру; тілдің адам қоғамымен бірге жасасып, өмір сүретінін, қоғам үшін қажетті қарым-қатынас құралы болатындығын түсіндіру; тілдің жан-жақты дамуына жасалып отырған жағдай қазақ тіліне мемлекеттік дәреже беру актісімен дәлелденіп, оқушылардың сенімін арттыру, көздерін жеткізу; оқушылардың салт-дәстүр сезімдерін қалыптастыру, қазақ тілі сабақтарында еңбек тәрбиесін уағыздап, еңбек ардагерлері жайындағы мағлұматтар арқылы еңбекке баулу.
3. Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту: ана тіліне деген қызығушылықты арттыру; оқушылардың байқағыштық, елес-болжамдық, ес, ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына жол ашу; оқушылардың тілдік проблеманы өздері шеше алатындай дәрежеде үйрету; тіл фактілеріне, құбылыстарына жан-жақты, жинақты түрде қарау қабілетін, өз бетімен тіл фактілерін талдау іскерлігін қалыптастыру.
Қазақ тілі пәнінің міндеттері: 1) Толық сауатты адамдар даярлау; 2) оқушылардың творчестволық күштерін, танымдық қабілетін, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
Қандай адамды толық сауатты дейміз? Тілдің өзі мен оның грамматикалық құрылысы туралы білімдердің белгілі бір жиынтығын меңгерген адамды; ана тілінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана алатындай болып қаруланған адамды; әдеби тілмен дұрыс сөйлеудің, мәнерлеп оқудың дағдысын игерген, грамматикалық және стилистикалық тұрғыда ауызша, жазбаша тіл ұстартуды жақсы игерген адамды толық сауатты адам деп есептейміз. Қазақ тілін оқыту міндеттерін мектептің ойдағыдай жүзеге асыру жағдайлары, қазақ тілін оқытудың қиын да күрделі міндеттерін шешу мына сияқты шарттарға (мектептің жалпы материалдық базасынан басқа) тікелей байланысты: бір жағынан мұғалімнің теориялық және практикалық даярлығы дәрежесіне, тәжірибесіне, екінші жағынан мұғалімнің қолында қазақ тілін оқытуды жақсы жолға қою үшін қажетті құралдардың болуына байланысты. Мұндай құралдардың қатарына мыналар жатады: а) бағдарламалар (түсінік сөзі бар) - оқылатын материалдың мазмұны мен көлемін анықтайды, материалды сынып-сыныпқа бөлуді реттейді; ә) оқулықтар мен оқу құралдары (көрнекі құралдар) - мұғалімнің жәрдемімен оқушылар сыныпта пайдаланады, өздігінен жұмыс істеу үшін сабақта және үйде пайдаланады; б) ғылыми талданған мектептің, үздік тәжірибесін ескеріп жасалған пәнді оқыту әдістемесі.
Достарыңызбен бөлісу: |