Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беру барысында олардың саналы түсіну қабілеті дамытылып отырылады. Тілдік фактілерге байланысты мәліметтерді оқушылар жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі керек. Саналы түрде меңгеру үшін мынадай жұмыс түрлері іске асырылады: 1) Тілде берілетін мәліметтерді жеке түсіндіріп, ол мәліметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отыру. Түсіндіру кезінде объектілердің өзіндік белгілері толық қамтылуы қажет; 2) Түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындау керек; 3) Күнделікті, тоқсандық және жылдық қайталаулар кезінде өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) Орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білуі керек; 5) Күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгеруі керек.
Білімді саналы меңгерту - мұғалімнің білімдарлығы, түсінігінің айқын дәлдігі, жеткілікті түсіндіруінен көрінеді. Білімді саналы меңгерген оқушы өз белсенділігін оқудың бүкіл барысында көрсете алады. Саналы көзқарас білімді саналы меңгерумен бірге, оқушының іскерлік пен дағдыны саналы меңгеруге қалыптастырады. Бұл принцип - қағида, қазақ тілінен беріліп отырған білімді шеберлікпен айқын да, анық түсіндіргенде, таным процесінің аяқталу барысында /жаңа білімді түсіндіргеннен кейін/ белсенділік танытады.
Белсенді оқушы алған білімін жаттығу кезінде де көрсете алады. Белсенділіктің көрінбеуі жайында академик Ю.К.Бабанский: “Сабақ үстінде белсенділіктің көрінбеуі - оқытушы білімді саналы игермегенін, «формализм» ең алдымен, айқын ситуацияға сәйкес методикалық әдіс-тәсілді таңдай білмеуінен көрінеді”, - дей келіп, екіншіден, мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасының нашарлығынан - деп, олардың сабаққа деген ықыласын, ынта-жігерін жоятынын айтады (Ю.К.Бабанскйй. "Оптимизация процесса обучения", Москва, 1977. Принципы обучения, с. 26.). Қазақ тілі сабағында білімнің төмен берілуі, оқушының психологиясымен санаса алмаған, педагогикадан да хабары шамалы, методиканы жете білмеуден болады. Ғалымдардың пікірінде, мұндайды – «оқытудағы формализм» дейді. Білімді саналы да, сапалы игерген оқушылар - сабақта үнемі белсенділік көрсетіп отырады.