Жоспар: Мұғалімдік мамандықтың ерекшіліктері



бет22/35
Дата01.10.2024
өлшемі0,49 Mb.
#205487
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35
Байланысты:
Педагогиканың жалпы негіздері Лекциялар

Біліміне қарай саралап оқыту
Оқытудың барлық түрі, әсіресе бағдарламалық оқыту саралап оқытуға мүмкіндік береді. Саралап оқытуды қолданған мұғалім әрбір оқушының мүмкіндіктерін және талап-тілектерін ескереді. Саралап оқытудың мақсаты – оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын ояту. Саралап оқытуда оқыту мазмұны өзгертіледі, оқушыларға әдістемелік көмек беріледі.
Саралап оқыту үшін мұғалім оқушының оқу іс-әрекетіне, оқу материалын қабылдауға дайындығын тексеріп, жаңа оқу материалын меңгеру кезінде оқушы кездесетін қиыншылықтарды алдын ала біліп, оқушыларға, топқа тапсырмалар әзірлеп, оқытудың тиімділігін үнемі талдап отырады. Мұғалім келесі сабақтарда қандай жұмыс істелетінін біліп, саралап оқытуды жүйелі түрде қолданады.
Егер саралап оқыту жекелеген оқушыларға қатысты болса, онда ол жекелеп оқытуға айналады. Жекелеп оқыту үшін алдымен оның кімге керектігі анықталады, ол мектепте оқуға дайын емес немесе нашар дайындалған оқушыларға керек. Мектепте оқи бастаған балалардың арасында айырмашылық көп. Мұғалім әр оқушының жеке тұлғасын мұқият бақылап тестіден өткізіп, оқу мүмкіндіктерін анықтап, олардың жұмыс істеу тәсілдерін таңдап, ата-аналармен кеңеседі.
Әсіресе оқу қиынға түсетін оқушыларға ерекше назар аудару керек. Баланың оқуын қиындататын көптеген себептер бар. Мектеп жасына келгенмен дамуында құрбыларынан 1,5-2 жыл кейін қалатыңдар бар.
Қозғалыс іскерлігі дұрыс қалыптаспаған оқушылар жаза алмайды, сурет салып, тәжірибеде түрлі іс-әрекет жасай алмайды. Дене тәрбиесі сурет, ермексазбен жұмыс, еңбек пәндерін меңгеруде үлкен қиыншылықтарға душар болады. Олардың нашар жұмыстарын өздеріне қайта жасатқанмен, ол өз дамуында артта қала береді. Баланың оқуына оның қозғалысының дұрыс дамымағандығы кедергі жасайды. Мұндай оқушылармен жеке жұмыс өте қажет, қозғалыстарын арнаулы жаттығулармен түзетіп, бұлшық еттерін жаттықтыру керек.
Кейбір оқушылардың кеңістік туралы түсініктері дұрыс дамымаған. Бұлардың ақыл-естері дұрыс, бірақ оларды санай білуге үйрету қиын. Әсіресе он санынан кейін санауға қиналып, геометриялық фигураларды көз алдарына елестете алмайды, жобалауға қабілетсіз. Осы қиыншылықтарды жеңу үшін оқушыларға түрлі бедерлер, есте қалған зат не құбылыс бойынша сурет салғызып, конструкторлардан түрлі заттар жасатуға болады. Бұл жұмысқа ата-аналар тартылады.
Есте сақтау қабілеті бұзылған оқушылармен де жеке жұмыс істеу керек. Бала материалды қайталай алады, бірақ қарапайым тақпақты, көбейту кестесін жаттай алмайды. Мұндай балаларға жеке бағдарлама жасалады, онда көрнекілікті және «тіректі» қолдану, қабілетін жаттықтыратын тәсілдер қарастырылады.
Дисграфия – дыбысты әріппен жазғанда танымау, сөздерді құрастырып, әріптерді жаза алмау. Дисграф балалар дыбыстарды шатастырып, сөздерді дұрыс айта алмайды. Бұл аурулық емес, ми қызметінің уақытша бұзылуы. Жеке жұмыс бұл мәселені шеше алады.
Дислекция – дыбысты қандай әріппен белгілеуді түсіне алмау. Мұндай қиындық тілі жай шыққан балаларда байқалады.
Жалпы дамудың жеткіліксіздігі де баланың оқуда артта қалуының себебі болады. Денесі нашар дамыған балалар тез шаршап, жұмыс қабілетінің төмендігін көрсетеді. Денсаулығы нашар балалар шамадан тыс жұмысты тез сезеді. Оларға арнайы жасалған күн тәртібі керек. Егер бала қалыпты мектепте оқыса, оған ерекше күн ырғағы, қысқартылған жұмыс графигі қажет.
Әртүрлі ауытқулары бар оқушылар саны азаймай отырғандықтан кейбір мектептерде теңестіру сыныптары, түзету топтары ашылған. Олардың жұмысы бала дамуына жақсы әсер етіп, ол біраз уақыттан соң қалыпты балалар оқитын сыныпта оқиды.
Жекелеп оқыту үшін сыныпта 20-30 оқушы болса, олардың мүмкіндіктеріне сәйкес мұғалім 4-5 дифференциалдық топ құрады. Ондағы оқушылармен жеке және топтық жұмыстар жүргізіледі. Саралау тәсілдері:

  • Тапсырманың мазмұны барлық оқушылар үшін бірдей, бірақ жақсы оқитын оқушыларға тапсырманы орындау уақыты қысқартылады;

  • Тапсырма мазмұны бір, бірақ жақсы оқитын оқшыларға көп, күрделі тапсырмалар беріледі;

  • Тапсырма барлық сыныпқа бірдей беріледі, бірақ үлгерімі нашар оқушыларға тапсырманы орындау жеңілдету үшін көмекші материалдар;

  • Сабақтың бір кезеңінде мазмұны әртүрлі, күрделілік деңгейі де әртүрлі тапсырмалар жақсы, орташа және нашар оқушыларға беріледі.

  • Өздік жұмыстың бір вариантын жеңілдету және әрбір топқа күрделілігі 3 деңгейлі тапсырмалар беру;

  • Есептерді оқушылардың деңгейіне қарай беру.

Саралап оқытуды қолданып, мұғалім үлгерімі төмен оқушыларға жеңіл тапсырмаларды орындатып, жақсы оқитындарды тез қарқынмен оқыта бермейді. Мұғалім, бұл уақытша шара, саралау тәсілі тапсырма орындауға үйрегенше қолданылатыны оқушыларға түсіндіріледі.
Сонымен саралап оқыту барлық балаларды сапалы оқытуға көмектеседі. Сабақта саралап оқыту тапсырмалардың мазмұнын, орындалу уақытын өзгерту, мұғалімдердің жеке оқушыларға әдістемелік көмек беруі арқылы іске асады.

Топтық оқыту


Өзін-өзі оқыту – оқушы белгілі бір сөздік жұмысты (оқылатын объектімен, оқулық, приборлармен жұмыс істейді, есеп шығарады, зерттеу жұмысы) орындап, оның нәтижелері туралы жазбаша есеп береді.
Өзара оқыту (жұптық оқыту) – оқушылар тұрақты жұпта немесе құрамы өзгеретін жұпта жұмыс істейді де, қандай да бір мәселені бір-біріне түсіндіріп, өз тақырыптарын қорғап, жолдасының жұмысының нәтижесін бағалайды.
Топтың бір тақырыппен жұмыс істеуі – топ ішіндегі оқыту. Оқушылар топтарға бірігіп, топ ішінде өзара әрекет жасап, жаңа материалды түсіндіріп, оны талқалап, өзінің іс-әрекетін бағалап, сөйлеуге әзірленеді.
Топтардың бір-бірін оқытуы - әртүрлі мәселені шешіп, іс-әрекет жасап жатқан топтар теоритектер және эксперимент жасаушылар уақытша бірігіп, тәжірибе, ақпарат алмасып, мәселені талдайды.
Мұғалім рөліндегі оқушы – бір немесе екі оқушы бүкіл сыныпты оқытады.
Топтарды құру тәсілдері:

  • формалды біріктіру – 2 партада отырған 4 оқушыны немесе бір қатарда отырған оқушыларды бір топқа біріктіру;

  • оқушылар тобы құрамын мұғалімнің анықтауы. Беделді мұғалім топтың тез құрылуына себепші болады;

  • оқушылар сабаққа дейін өз еріктерімен 4-6 адамнан тұратын топтарға бөлінеді;

  • сынып немесе мұғалім алдымен белгілі бір өлшемдер бойынша болашақ топтың жетекшілерін таңдап, жетекші топтарға жеке оқушыларды қабылдайды. Мысалы, әрбір жетекші өз тобына шақыратын оқушының есімін атайды, ол келіссе жетекшіге келеді. Содан соң кезекпен келесі жетекші өз тобына оқушылар қабылдайды. Топтардың саны бірдей болуы керек:

  • Мұғалім өз тобына балалар қабылдайтын оқушыларды белгілейді, содан соң жасақталған топтарда жаңа топ жетекшілері сайланады.

  • Мұғалім немесе оқушы тақырыптың негізгі сұрақтарының тізімін тақтаға жазады. Әрбір оқушы өзіне тапсырма алып, сол тапсырма таңдаған топқа кіреді. Егер топ үлкен болса, оларды шағын топтарға бөледі. Жасақталған топтың көшбасшысы сайланады.

  • Алдымен топтың жетекшісі сайланады, олар топтағы жұмыс үшін тапсырманы анықтайды, қалғандары тақырыптары белгілі топтардың құрамына кіреді. Тәсілдің тиімділігі беделді, үздік оқушылардың болуына байланысты.

  • Бір тақырып бойынша жан-жақты білім алу. Мысалы «тарих», «техника», «тәжірибе», «есеп», «ойын», «қиын мәселе». Оқушылар өздерінің нақты оқу мүмкіндіктеріне сай іс-әрекет түрлерін таңдап, топтарға бірігеді.

Топтық жұмыс оқушылардың өздерінің ұйымдастыруы. Топқа шешілетін мәселені, іс-әрекет түрін таңдау ұсынылады. Мұғалім топтық жұмыстың уақытын, білімдік өнімді тапсыру формасын береді. Топ эксперимент өткізуге керекті жабдықтарды тауып, кітапханаға, экскурсияға барады. Мұндай форма топтық жұмысқа әзірлігі жақсы сыныптарға қолданылады.
Топтарды кезең бойынша құру. Алдымен 3-5 оқушы тақырыпты оқып, мәселені шешіп, жақсы бағаларын алған соң топтарға бірігіп, сабақ кезінде басқа оқушылардан бөлек жұмыс істейді. Қалған оқушылармен мұғалім өз жоспарымен оқу жұмысын атқарады. Оқыту барысында топ саны көбейіп, белгілі бір өлшем бойынша шағын топтарға бөлінеді. Басқа оқушылар топқа кіргенше жұмыс осылай жүре береді. Мұндай форма оқушылардың топтық жұмысқа ауысуын ынталандырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет