Кәсіби өзін-өзі тәрбиелеу - қазіргі мұғалім тұлғасын дамыту факторы. Адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі адамзат тарихындағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Бұл мәселе атақты грек философы Сократтың, шығыстың атақты ғұлама ғалымдары Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлан-ғайыр еңбектерінен, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн Сина, Әбу-райхан әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Қожа Ахмет Яссауи сынды көрнекті ойшылдарымыздың тәлімдік тағылымдары мен даналық ой-пікірлерінен бастау алып, бүгінгі күні әлеуметтік, тәлім-тәрбиелік, психологиялық-педагогикалық идеялардың барлығының негізне айналуда. Өзін-өзі тәрбиелеудің толып жатқан әдіс-тәсілдерінің көпшілгі Абайдың қара сөздерінде де жан-жақты қарастырылатыны башамызға мәлім.
Мұғалімнің кәсіби өзін-өзі тәрбиелеуі дегеніміз оның педагог ретінде өзіндік жеке қабілеттерін педагогикалық қызмет талаптарына бейімдеу, кәсіби құзыреттілігін үздіксіз жоғарлату және рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту бойынша өз тұлғасын жетілдірудегі саналы іс-әрекеті.
Мұғалімнің кәсіби өзін-өзі дамыту үрдісінің нәтижесі – оның жеке тұлғалық қасиеттері мен кәсіби-педагогикалық қызмет талаптарының сәйкестілігінің жоғарғы дәрежедегі көрсеткіші. Педагогтың өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінің негізгі қозғаушы күші – өзін-өзі өзгерту мен жетілдіруге деген қажеттілік.
Әрбір болашақ ұстаз үнемі рефлексия жасау тәжірибесімен айналысуы қажет. Рефлексия (лат. сөзінен аударғанда reflexio – өткенге сүйену, артқа көз жүгірту) – толғану, өзін-өзі байқау, өзін-өзі тану, өзін-өзі бағалау. Сондықтан адамның өзін-өзі түсінуі, өзін басқалардың қалай қабылдайтыны жайлы өзін талдап бағалауы рефлексия деп аталады. Рефлексияның мәні – адамның өзінің білімін, біліктілігін, қабілеттерін, қарым-қатынас дағдыларын анықтап, бағалай алуы. Әр болашақ маманның саналы түрде өзінің кәсіби маңызды қасиеттерін, білім, біліктерін қорытындылауы рефлексия нәтижесінде ғана жүзеге асады.
Рефлексиялық мәдениеті қалыптасқан маман өзінің тұлғалық және кәсіби қасиеттерін шығармашылықпен өзгерте алады. Рефлексия өзіндік сана, өзін-өзі ұйымдастыру, өзін-өзі талдау, өзін-өзі бағалау сияқты кәсіби мәнді сапалармен сипатталады. Рефлексиялық дағдылар адамның өзіндік басқару қабілеттерін дамытуға, өз әрекеттерінің (танымдық, білімдік, қарым-қатынастық) нәтижелі болуына, олардың өз жауапкершілігін арттыруға бағытталады.
Рефлексияның атқаратын қызметтері төмендегідей жіктеледі:
Тұлғаның эмоциялық көңіл-күй жағдайын рефлексиялауы.
Тұлғаның оқу материалы мазмұнын рефлексиялауы.
Тұлғаның коммуникативтік байланыстардың себеп-салдарын рефлексиялауы.
Тұлғаның ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттерін рефлексиялауы.
Уақыт тұрғысынан қарастырғанда рефлексияның интроспективті, ретроспективті, проспективті түрлері ажыратылады.
Ретроспективті рефлексия – адамның өткен шақтағы іс-әрекеттерінің, тәжірибесінің әдіс-тәсілдерін қайта айқындауы, бағалауы.
Проспективті рефлексия – болашақта жүргізілетін іс-әрекеттің мүмкін болатын құралы мен болжамын анықтауы.
Интроспективті рефлексия - іс-әрекетті жүзеге асыру барысында ойлау үдерістерін қиындату, бақылау және түзету.
Мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуі және оны рефлексиялауы Д.Познердің пікірі бойынша кәсіби шеберлікті дамытудың кілті болып есептеледі. Әрине, даму үшін ең алдымен адам өзінің неге қол жеткізгенін, бұрынғы өткен тәжірибесін зерттеп, нені дұрыс, нені бұрыс істегенін анықтап, алға жаңа мақсат пен даму міндеттерін қоя алады (Д.Познер, 1985). Бұл идеяны төмендегі сурет арқылы жақсы есте сақтауға болады:
Сурет 2. Кәсіби шеберлікті дамыту жолы.
Егер рефлексияның нысаны педагогикалық мәселелер болатын болса, онда бұл педагогикалық рефлексия болып табылады. Қазақстандық педагог Н.Д.Хмельдің айтуынша педагогикалық рефлексия (педагогтың өзін-өзі талдауы) мұғалімнің өз әрекеттерін, көңіл-күйін ғана талдауға емес, сонымен қатар басқа адамдардың (оқушылар, әріптестері, ата-аналар) оның ерекшеліктерін, эмоционалдық реакцияларын және танымдық әлеуетін қалай қабылдайтынын талдауға бағытталған үрдіс. Педагогикалық рефлексия – мұғалімнің өз іс-әрекет мазмұны мен құрылымын жетілдіру үшін өз тәжірибесін тереңдете зерттеп талдауы.
Педагогикалық рефлексияның психологиялық ерекшеліктерін А.А.Бизяева жан-жақты зерделей келе оны мұғалімнің өз іс-әрекетін жетілдіру үрдісін зерттей алу қабілеті деп анықтап, рефлексияны дамыту тәсілдерін, рефлексиялық практикумдарын ұсынады. (Бизяева А.А., 2004). Рефлексиялық қабілеті дамыған педагог өз оқушыларында да осындай рефлексиялық қабілеттерді дамытуға тырысады.
Кез келген іс-әрекетке адам шығармашылық тұрғыдан қарауды қалыптастыруы қажет, себебі онсыз даму, ілгері жылжу, прогресс болмайды. Оқу-тәрбие ісінде оқушылардың шығармашылығын шыңдайтын, тек шығармашыл ұстаз ғана. Сондықтан көп мәселелердің шешімінің тиімділігі мұғалім тұлғасының шығармашылығына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |