Мұғалім қызметі тек болашаққа ғана бағытталған.Мұғалімнің іс-әрекеті, қызметі балалардың болашағына бағдарланып, оның еңбегінің нәтижесі де келешекте ғана көрініс береді. Мысалы, мұғалім еңбегінің жемісі нақты бір іс-әрекет орындалып болғаннан кейін емес, айлар, жылдар өткен соң, шәкірттің бір табысқа қол жеткізуіне байланысты бағаланады.
Белгілі жаңашыл-педагог Ш.А. Амонашвили: «Біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды бейнелеуге міндеттіміз. Биік адамзаттық, ортақ іске берілгендік, халық, мемлекет алдындағы өзіміздің қалтықсыз парызымызды сезіну бізді осындай адам етеді. Біздің әрқайсымыз – жүздеген тағдырдың туындатушымыз, біздің шәкіртеріміздің бақыты ұста дүкеніндегідей – кластарымызда шыңдалады! ... Біздің жанымызда, бәрі де: күлкі де, қатыгездік те, ұстамдылық та, қарапайымдық та, киген киіміміз де, біліміміз де, зеректік те, адалдық та, интеллектілік те, үйірімділік те, өмірге деген сүйішпеншілік те өріліп тұруы тиіс. Адами таңдаулы қасиет атаулының бәрі тән болуы керек» - деп мұғалімдер тұлғасын жоғары бағалайтыны да осы мамандықтың адам өміріндегі маңыздылығының бір дәлелі деуге болады.
Мұғалім қызметі үнемі гуманистік сипатта болады. Ұстаздық қызметтің тағы бір ерекшелігі - педагогтардың әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білуінде, әр баланың бойындағы қабілетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасай алу шеберлігінде. Ең бастысы мұғалім оқушының өзін тұлға ретінде сезінуіне көмектесіп, оның бойында өзінің ішкі жан дүниесін, өмірді, әлемді тануға деген қажеттілікті оята білуі керек. Сонымен қатар ұстаз ізгілік қағидаларын басшылыққа ала отырып, шәкірт санасында оның әрбір іс-әрекеті үшін өзінің, жолдастарының, мектептің, қоғамның алдындағы жауапкершілігін, адамгершілік қадір-қасиет құндылығын бағалай білуге тәрбиелеуі керек. Адами қадір-қасиет - адам бойындағы ең қымбат байлық. Тәлім-тәрбиелік, оқу-танымдық қызметін атқаруда мұғалімнің кәсіби жетістігі оның әр оқушысының мүмкіндігіне сенім арта білуіне, қажет болған жағдайда рухани қолдау көрсетіп, табандылық пен шыдамдылық таныта алуына тікелей байланысты.