Жоспар: Педагогикалық мамандықтың пайда болып қалыптасуы және оның көпфункционалдық сипаты


Педагогтың рефлексивтік іскерлігі



бет8/18
Дата09.09.2022
өлшемі115,8 Kb.
#149116
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18
Байланысты:
Тема № 1.2. Пед. қызмет пен Пед.мамандығ. ерекшелігі. ЛК,ПЗ,СРСП. Берикханова А.Е. от 24.08.22.

Педагогтың рефлексивтік іскерлігі. «Рефлексия» деген сөз адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық жағдайларын тереңірек талдап, ой елегінен өткізу арқылы бағалай білуі деген мағынаны білдіреді. Өз іс-әрекеттерін бақылап бағалау, өзіне сырт көзбен қарап іс-әрекет нәтижелерінің тиімділігін талдау, өзін басқалармен салыстыра отырып нені өзгертудің қажеттілігін түсіну арқылы педагогтың кәсіби тәжірибесі жетіле түсетіні анық. Қарастырылып отырған іскерліктер бір-бірімен тығыз байланысып келеді және өзара бірін бірі күшейте түсіп отырады. Педагогикалық кәсіптің шебері болу үшін болашақ мұғалімдер осы аталған іскерліктерді өз бойларында дамытуға барлық күш-жігерлерін жұмылдырып, бәсекелестікке қабілетті, құзыретті ұстаз болып шығуға талпынулары қажет.
ХХІ ғасыр педагогының құзыреттілік моделінің құрылымын төмендегі жіктемеден көруге болады:

  1. Жалпы мәдени құзыреттіліктер (құндылықтық, әлеуметтік, тұлғалық, этномәдени, полимәдениеттік, т.б.);

  2. Метапәндік (ақпараттық, коммуникативтік, педагогикалық этика, эмоционалдық тұрақтылық, т.б.);

  3. Жалпы кәсіби (базалық) құзыреттіліктер (тұтас педагогикалық процесс технологиясын жүзеге асыра алу, танымдык, конструктивтік, педагогикалық қарым-қатынас, хабарлау, ұйымдастырушылык, зерттеушілік, проективтік, рефлексивтік іскерліктер, т.б. )

  4. Арнайы пәндік құзыреттіліктер (пәндік, пәндік-әдістемелік, бейіндік, т.б.)




  1. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті. Мәдениет ұғымын ұрпақтан ұрпаққа әлеуметтік тәжірибені жеткізіп тұратын күрделі әлеуметтік байланыс ретінде қарастыруға болады. Әр адам қоғамдық мәдениеттің бір бөлшегі. Мұғалімнің жалпы мәдениеті - оның кәсіби іс-әрекетінде жүзеге асырылатын тұлғалық және әлеуметтік маңызды қасиеттерінің даму нәтижесі. Мұғалімнің кәсіби мәдениеті – оның кәсіби мәселелерді дамыған кәсіби ойлау негізінде шешудің дамыған деңгейі.

Мұғалім мамандығын таңдаған адамды бірден оның кәсіби ерекше қасиеті болып табылатын педагогтық әдеп ерекшеліктерінен тануға болады. Педагогтық әдеп – ұстаздың кәсіптік моралі туралы ілім. Педагогтық әдеп жай ғана сыпайылықты сақтау емес, ол шығармашылық ақыл-ой әрекеті, ол адам бойындағы мәдени мінез-құлықтың, білімділіктің жиынтығы. Кез келген қиындық туындататын педагогикалық жағдайларда мұғалім өзінің ақылдылығымен, мәдениеттілігімен, парасаттылығымен дұрыс шешім қабылдап, үнемі ұстаз атты ұлы есімге кір келтірмейтіндей абыройын жоғары ұстауға міндетті.
Педагогтың кәсіби іс-әрекет жетістігінің шарты – оның сөйлеу мәдениеті. Сөйлеу мәдениеті дегеніміз адамның қарым-қатынас жасаудың тілдік құралдарын дұрыс таңдай отырып, әдеби тілдің жазбаша және ауызша нормаларын меңгеру арқылы ойды айқын және әсерлі жеткізе алуы.
Мұғалімнің сөз сөйлеу әдебі дегеніміз кез келген жағдайларда сөздік, тілдік құралдарды дұрыс пайдалану ережелерінің жиынтығы. Әр маман үшін тіл мәдениетін дұрыс меңгеру оның абыройының артуының, кез келген ортада өзіне деген сенім мен құрметке бөленуінің негізі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас моральдық нормалармен реттелгендіктен бойында дұрыс қалыптастырылған тіл мәдениеті оның тәрбиелілігі, жалпы мәдениеттілігі, тұлғалық сапаларының өлшеміне айналады. Қарым-қатынасты орнату өнерін жақсы меңгерген адам өмірде де көп жетістіктерге қол жеткізеді, жұмысында да беделі мен абыройы жоғарлап, қоршаған адамдардың сый-құрметіне бөленетіні сөзсіз.
Тіл мәдениеті отбасынан басталып, кейіннен мектептің оқу-тәрбиелік үрдістерінде, жоғарғы оқу орындарында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізінде дамып қалыптасады. Педагог мамандар үшін ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасы мен тіл тазалығын сақтай отырып жеткізе білулері олардың коммуникативтік құзыретіліктерінің көрсеткіші болып табылады. Сөз сөйлеу әдебін қалыптастыру үшін әр педагог өздігінен білім алып, қосымша тренингтер, семинарларға қатысып, анықтамалық, лингвистикалық сөздіктермен жұмыс істеп үйренулері тиіс.

Осы салада арнайы зерттеу жүргізген мамандардың пайымдауынша педагогтардың тіл мәдениетінің жоғары болуында мынадай негізгі көрсеткіштер әсер етеді:


1) Сөйлеген сөздің дұрыстығы - әдеби тілдік нормалардың сақталуы (лексикалық, морфологиялық, стилистикалық, синтаксистік). Сөйлеу барысында сөздің дұрыс айтылмауы оқушының назарын бөліп оның мазмұнын толық қабылдауға кедергі болады.
2) Сөздің анықтылығы. Сөздің анық айтылуы оқушылардың қызығушылығын оятып, зейінін күшейтіп, сөйлесу үрдісінің нәтижесін тиімді етеді. Сөздің анықтылығы мұғалімнің ойлау қабілетімен, өз ойына деген сенімділігімен, тілдік стильдерді меңгергендігімен анықталады.
3) Сөздің нақтылығы педагогтың айтып тұрған нәрсесін терең білуімен, логикалық ойлау қабілетінің толық пайдаланылуымен, өз ойын нақты жеткізе алуымен, сөздерді орынды қолдана алуымен ерекшеленеді. Мысалы, емтихандағы оқушы өзінің нашар жауабын «білемін, бірақ соны айталмаймын» десе, ол оның білімінің жүйесіздігін, үстіртін екендігін, шалалығын көрсетеді. Сол сияқты мұғалімнің айтатын нәрсесі нақты болу үшін ол сол нәрсенің мән-мағынасын ең алдымен өзі жақсы түсініп алуы керек.
4) Сөйлесу барысындағы сөздің түсініктілігі тілдік құралдардың дұрыс таңдалуына байланысты. Сөздің түсініктілігі біріншіден, әңгімеге қатысушылардың қай тілде сөйлейтіндеріне байланысты. Қай тілде болмасын (орыс, қазақ, қытай, ағылшын т.б.) мұғалім жалпыға түсінікті, көпшілікке таныс сөздерді қолданып сөйлеуі қажет. Екіншіден, мұғалім өз оқушыларының жас ерекшеліктерін ескеруі қажет, себебі күрделі ғылыми тіл қаншалықты маңызды болғанымен, оқушылар санасына сыйымсыз болуы мүмкін.
5) Педагогтың тіл байлығы – оның сөздік қорының байлығы. Әр адамның сөз байлығы оның лексикалық қорындағы сөздердің санымен байланысты болып келеді. Әдеби кітаптарды көп оқу, көптеген мағыналы бағдарламаларды тыңдау, газет-журналдарды көп оқу сөздік қордың байи түсуіне көп септігін тигізеді. Бірақ тіл байлығын тек сөз санымен өлшеу де дұрыс болмауы мүмкін, себебі ол педагогтың ой байлығымен де тығыз байланысты. Мысалы, өткен ғасырларда бұқаралық ақпарат құралдары болмаған кездің өзінде қазақ даласында қаншама шешен-билеріміз, ақындарымыз, жырауларымыз, жазушыларымыз ой шеберлігінің шыңынан орын алып отырғанын ұлттық тарихымыздан білеміз. Ана тілінің мол байлығын игерген адам оның құдіретін, қадір-қасиетін түсіне алады. Зерттеуші мамандардың пікірінше қазіргі кездегі адамдардың сөздік қорында 7-9 мыңнан 11-13 мыңға дейін сөз қамтылады.
6) Тіл тазалығы сөйлеу әдебінің негізгі шараларының бірі. Кейбір адамдарда сөйлеу барысында қисынсыз бір сөздерді қыстырып сөйлеу әдетке айналып кеткен. Тіл тазалығы сөйлеу барысында қажетсіз артық сөздердің, бөтен, бөгде элементтердің болмауын талап етеді. Қисынсыз қолданылған сөздер, немесе қажетсіз болса да қайталана беретін сөздер мұғалімнің тілін шұбарлап, тыңдаушының көңілін бөліп, онда жағымсыз әсер қалдырады. Мысалы, «яғни», «әрине», «демек», «ана барғой», «жалпы», «жаңағы», «мысалы» т.с.с. сөздердің орынсыз қайталана беруі тыңдаушыларға жақсы әсер береді деп айту қиын. Керісінше бұндай сөздердің көп қайталануы адамның сөз қорының аздығын немесе сөйлеу мәдениетінің төмендігін аңғартады. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін адам арнайы жаттығуы қажет. Адамның сөйлеу әдебін бұзатын осындай сөздерді ғылыми әдебиеттерде «паразит»-сөздер деп атайды. Бұндай қисынсыз қыстырма сөздердің қолданылуының себептері де әр түрлі: көпшілік алдында сөйлеудегі қобалжу, өз ойын сыртқа шығарудағы қиындықтар, сөздік қордың аздығы немесе қалыптасып қалған әдет.
Сонымен қатар тіл тазалығына бір тілде таза сөйлеу де жатады. Әсіресе, қазір ұлттық тілдің, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып тұрғанының өзінде, оның шұбарлануы алаңдатушылық туғызады. Жаһандану салдарынан басқа тілдерді үйрену қажеттілігі туындап, білім беру жүйесінде үштілділік тұжырымдамасы жүзеге асырылуда, бірақ сол тілдердің ішінде әр азамат мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, оны келер ұрпаққа жеткізіп отыруы оның азаматтық парызы. «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге белгісі» - деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей, мұғалім болашақ ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінуі оның азаматтығының көрсеткіші болып табылады.
7) Айтылған сөздің мазмұндылығы ондағы берілген ойдың тереңдігімен, сезімге әсерлілігімен, мағыналылығымен, өзектілігімен, шынайылыққа сай болуымен анықталады. Әр сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөзді оқушының санасына сіңетіндей жеткізуге тырысу мұғалім үшін міндетке айналуы керек.
8) Сөздердің қажет еткенде бейнелі, көркем, эмоциялы болуы. Мұғалімнің сөйлеу интонациясының, дауыс ырғағы мен оның қойылымының өзін дұрыс ойластыру қажет, себебі сөздің қандай көңіл-күймен айтылып тұрғандығы өте маңызды. Сөйлемдер арасында пауза жасау арқылы адам тынысын түзейді. Интонация арқылы мұғалім өз пікірін мәнерлі, жағымды, көркем етіп жеткізуіне болады. Мысалы А.С. Макаренко балаларға «Кел мында» деген сөзді оншақты түрде дауыс ырғағын өзгерте отырып, әр-түрлі көңіл күй жағдайына сәйкестендіріп айта алған.
Мұғалімдердің сөйлеу әдебінде тек сөйлеу шеберлігі емес, сонымен қатар оқушыны мұқият тыңдай білу мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Тыңдау және есту: қайсысы дұрыс? Тыңдай білу және ести алу екеуі екі түрлі үрдіс десек болады. Тыңдау үрдісінде адам өзіне қызықты және қажетті ақпараттарды ғана қабылдайды. Ал ести білу дегеніміз әңгімелесушінің айтқан сөздеріне толық мән беру, оның не жеткізгісі келіп тұрғанын сезіне алу. Бұл өте маңызды және сирек кездесетін әңгімелесу дағдысы. Ал мұғалімнің кәсіби іс-әрекетінде тыңдай білу, оқушы үнін есту қаншалықты маңызды десеңізші! Әдетте сабақта мұғалімдер көп сөйлеп, оқушының ой-пікірі елеусіз қалатыны рас. Педагогикалық үрдісте егер мұғалім оқушының айтқанын толық ести алатын болса, оның ойын бөлмесе, оқушы одан сайын оған сырын ашып беруге тырысады. Ол оқушы үшін Сіз ең жақсы ұстаз болып табыласыз! Қазақ халқында «Тыңдалмаған сөз жетім» - деп айтылуы да осыдан шығар.
Сондықтан оқушы үнін тыңдау, оның ой-толғаныстарын есту арқылы оның жүрегіне жол таба білуге, жан сарайын түсінуге болатыны анық. Өйткені тек жағымды қарым-қатынас жасау арқылы ғана оқушының көзқарасы мен қасиеттері айқын көріне бастайды. Жеке оқушымен дұрыс қарым-қатынас орнатпайынша, еркін түрде әңгімелесіп көрмейінше оны жете білу мүмкін емес. Бұл идеяны біз ежелгі грек философы Сократтың «Сен сөйле, мен сенің кім екеніңді көрейін» деген ойымен негіздеп кетуімізге болады.
Балалармен қарым-қатынас жасау үлкен шығармашылықты талап етеді. Себебі оқыту-тәрбиелеу жұмысындағы әрбір педагогикалық жағдайда, сабақ барысында мұғалім дұрыс шешім тауып, ондаған балалар сынынан сүрінбей өтуі оның ұстаздық мәртебесін жоғарлатып, абыройын арттыра түседі. Мұғалім педагогикалық үрдіс субъектілерін жақсы танып, жақсы көру арқылы ғана педагогикалық қарым-қатынастың тиімділгіне қол жеткізе алады. Осыған орай белгілі педагог В.А.Сухомлинскийдің: «Тәрбиеші өнері ең алдымен сөйлеу өнерімен, адам жүрегін баурап алу өнерімен көрінеді» - деген сөздерін есте сақтаған жөн. Әрине, бұндай өнерді меңгеру үшін тартынбай талаптану, ерінбей еңбектену керек екені анық.
В.А.Сластениннің пікірінше педагогикалық қарым-қатынас - педагог пен оқушылардың арасындағы өзара әрекеттерінің мақсаты мен мазмұнынан туындайтын қатынастарды орнатудың, дамытудың, өзара түсінушілік пен әрекеттестікті ұйымдастырудың күрделі үрдісі.
Педагогикалық қарым-қатынаста педагог жетекші рөль атқарады, себебі ол баламен болатын қарым-қатынасты ұйымдастыру үшін алдын ала көптеген педагогикалық міндеттерді анықтайды, сол міндеттерді шешудің тиімді жолдарын іздестіреді. Қарым-қатынасқа байланысты қойылатын міндеттер коммуникативтік міндеттер деп аталады.
Мұғалім әр жастағы оқушылармен жұмыс жасауда педагогикалық қарым-қатынасқа қойылатын талаптар да өзгеріп отырады. Негізгі талаптардың бірі – педагогикалық үрдістің негізгі заңдылықтарының бірі болып табылатын оқушылардың жас ерекшлеліктеріне сай қарым-қатынас орната білу. Мектеп оқушылары үш буынға бөлініп білім алатыны белгілі: бастауыш, орта (жеткіншек шақтағы оқушылар) және жоғарғы. Енді осы буындарға сәйкес педагогикалық қарым-қатынас ерекшеліктерін қарастырып көрейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет