Педагог мамандығына қойылатын талаптар және XXI ғасыр педагогының құзыреттілік моделі. Адамзат тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайларына байланысты өзгеріп отырған. Ұстаз тұлғасына, тәрбиешілерге, тәлімгерлерге қойылатын талаптар тіпті Ежелгі Греция, Ежелгі Мысыр, Ежелгі Римдегі Демокрит, Аристотель, Сократ, Марк Фабий Квинтилиан сынды философтар еңбектері мен идеяларында көрініс табады.
Мұғалімдердің моральдық-психологиялық, этикалық сапалары туралы ойлар шығыс философы Әбу Насыр әл-Фараби еңбектеріндегі айырықша көңіл аударылған мәселелердің бірі. Ол мұғалім бойында шыншылдық, шәкірттеріне де, өзіне де талап қоя алушылық, ықыластылық, қаталдық, күш-жігер және педагогикалық такт сияқты қасиеттердің сақталуын қажет деп санаған. Әл-Фараби ұстаздың мінез-құлық нормасы қандай болуы жайлы былай деп жазады: «..ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – ұстаздың қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымға шәкірті селқос қарайтын болады». Педагогика ғылымының негізін қалаушы Я.А.Коменский (XVIIғ.) мұғалімдерге «ең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ» - дей отырып, балаларды оқыту-тәрбиелеу барысында мұғалімдерден табиғатқа сәйкестілік және дидактикалық принциптердің орындалуын талап еткен.
Педагогика тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар А.Дистервег, К.А.Гельвеций, К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, В.А.Сухомлинский сынды белгілі педагогтар еңбектерінде ерекше қарастырылады. П.Ф.Каптерев мұғалімдердің адамгершілік қадір-қасиеттерінің маңыздылығына көңіл бөле отырып, оқыту мен тәрбиелеу үрдістерінің тұтас жүргізілуі барысында «оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту» қағидасының сақталуын талап етеді.
В.А. Сластенин мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар жүйесін оның педагогикалық еңбекке кәсіби даярлығы ретінде қарастырады. Ол даярлықтың құрамына мұғалімнің психологиялық, физиологиялық, даярлықтары мен қатар ғылыми-теориялық және практикалық құзыреттілігін жатқызады. В.А.Сластениннің пікірінше: «Мұғалім профессиограммасы мамандықтың паспорты ретінде оның квалификациялық сипаттамаларын, яғни қоғамдық-саяси, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық білімдерінің көлемдерін және ғылыми негізделген ара-қатынастарын, сонымен қатар болашақ мұғалімге қажетті педагогикалық, әдістемелік іскерліктер мен дағдыларды қамтуы қажет». Профессиограмма – мұғалімнің, оқытушының, сынып жетекшісінің, педагогтың идеалды үлгісі, эталоны, моделі.
В.А. Сластенин ұсынған мұғалім профессиограммасында ол педагогикалық кәсіптің жалпы сипатын және жеке мамандыққа байланысты сипаттарын қарастыра отырып 4 тараудан тұратын мұғалімнің профессиограммасын береді:
Мұғалімнің қасиеті мен сипаттамасы. Бұған ол мұғалімдердің идеялық, кәсіптік-педогогикалық, танымдық бағыттылығын жатқызады.
Мұғалімнің психологиялық-педагогикалық дайындығына қойылатын талаптар. Мұнда ол мұғалімдердің білім, білік және дағдыларын біріктіре қарастырады.
Арнайы даярлықтың көлемі мен құрамы. Бұл тарау болашақ мұғалімдердің шеберлік деңгейінде еңбектенуі үшін қажет болатын жалпы ғылыми негізде дайындық көлемі мен арнайы даярлықтың қалыптасатын нақты білім, білік және дағдыны біріктіреді.
Мамандық бойынша әдістемелік жағынан даярлық мазмұны. Бұған мұғалімге қойылатын жалпы әдістемелік талаптар және жеке пән мұғалімдеріне қойылатын арнайы әдістемелік талаптар еңгізілген.
Жалпылап қарастырғанда қазіргі кезде мұғалім профессиограммасын құруда үлкен тәжірибе жинақталған. Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптарды үш үлкен кешенге бөліп қарастыруға болады:
- жалпыадамзаттық қасиеттері;
- кәсіби-педагогикалық қасиеттері;
- арнайы пән бойынша білім, білік, дағдылары.
Қазіргі таңда заман талабына сай мұғалімдік қызметтегі адамдарға талаптар да күшейе түсті. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында педагогтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған. Аталған заңның 7 тарауының 50-51 баптарында педагог қызметкердің мәртебесі анықталып, олардың кәсіптік шеберлігіне, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие бере алуларына байланысты жауапкершіліктері мен міндеттері қарастырылған.