1.3. Әлеуметтік жұмыс саласында тәжірибе мен әлеуметтік жобалауды ұйымдастыру әдістемесі
Қазақстан қоғамында реформалардың жүруі, әлеуметтік жұмысты ұйымдастырудың жаңа формаларының пайда болуы, дәстүрлі түрлерін жетілдіру, саяси тұрақтылық пен экономикалық өсуді нығайту жолында социономдардың практикалық іс-әрекеттері, оларды жүзеге асырудың әдістемелері мен технологиялары айрықша маңызға ие болады. Бұл ретте Қазақстанның әр аймағында, сол сияқты әр түрлі жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс жүргізудің ерекшеліктері бар екендігін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ жастардың өзі де әртүрлі субмәдениетке ие. Аймақтық, ауылдық және қалалық, студент және жұмысшы, т.б. ерекшеліктері қаншама. Бұған қоса жұмыссыздарды алсақ, олардың да әлеуметтік проблемалары шаш етектен. Осының барлығы да әлеуметтік жұмыс жүргізудің алуан түрін және ерекше тәсілін қажет ететіндігі сөзсіз.
Елімізде ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін әлеуметтік жұмыс саласында әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдеріне әлеуметтік көмек беретін тиісті мекемелер мен әлеуметтік қызметкерлер болып па еді? Бұған түрліше жауап беруге болады, олардың барлығын жиып келгенде мынаған саяды:
– Қазақстанда әлеуметтік қызмет мекемелері 80-жылдарға дейін болған жоқ;
– әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер 80-жылдары бой көрсете бастап, тек 90-жылдардың үстінде дамып, қанатын кең жая бастады;
– Қазақстанда әлеуметтік жұмыстың жекелеген формалары мен бағыттары ғана болып, ХХІ ғасырдың басындағы дамуға сай келетін әлеуметтік жұмыстың біртұтас жүйесі болған жоқ.
Осы айтылған пікірлер шындыққа сәйкес келеді деп санаймыз. Әлеуметтік жұмыс ұзақ уақыт бойы болғанымен, оны жүзеге асырудың біртұтас, кешенді жүйесі, арнайы әдістемесі әлі де кемшік күйінде қалуда.
Оның үстіне совет заманында жолға қойылған әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған медициналық, зейнетақы, тұрғын үй-тұрмыстық және басқа көмектердің желісі үзіліп қалды. Жастармен жұмыс істеудің де бірыңғай формасы қалыптаспай отыр. Осының бәрі де белгілі бір дәрежеде қиындықтар туғызуда.
Қазақстанда әлеуметтік жұмыс кәсіпқой қызмет ретінде қажеттілікке айналды. Практикалық қызмет формасы ретінде әлеуметтік жұмыстың өзіндік ерекшелігін ашудан бұрын қызмет дегенде нені түсінетінімізді анықтап алған жөн.
Ғылыми әдебиетте «қызмет» термині кең мағынаға ие. Мысалы, «орталық жүйке қызметі», т.б. Гегельдің «қызмет» терминін қозғалысқа қатысты қолданғаны белгілі. Философияда «қызмет» термині жалпы қоғамдық өмірді, оның жекелеген формаларын, тарихи процесін зерттеу құралы ұғымын білдіреді. Мұндай жағдайда ойымыз шашырап кетуі мүмкін.
Сол секілді ғылыми әдебиетте «мінез-құлық», «жай-күйі» деген терминдер де жиі кездеседі. Қызмет ұғымын әртүрлі түсіндіру қызметтің әртүрлі формалары мен типтерін жіктеуге көптеген негіздеме ұсынды. Бұған қызмет объектісі көбірек жатады. Осыған орай құқықтық қызмет, медициналық қызмет, өндірістік қызмет және т.б. туралы айтуға болады.
Егер біз осы негіздемені әлеуметтік кеңістікке қосатын болсақ, онда бұл жағдайда әлеуметтік қызметті бөліп алуға болады. Оның мақсаты – адамдардың тұлғаның тіршілігі мен қызметіне қолдау көрсету қажеттілігін бірге қанағаттандыру барысында қоғам өмірінің барлық саласында субъектілік ролін жүзеге асыруын оңтайландыру қызметі. Осы қызмет әлеуметтік жұмыс болып табылады.
Әлеуметтік жұмыстың басты мақсатына мыналарды жатқызуға болады:
а) жастардың дербестік дәрежесін, яғни өз проблемаларын өзі шешу, өз тағдырын өзі анықтау қабілетін арттыру;
ә) жастардың өз мүмкіндіктерін барынша ашуына және олардың заңда көзделген мүмкіндіктің барлығын алуына жағдай жасау;
б) жастардың қоғамда адаптациясы немесе реадаптациясы;
в) жастардың дене кемістіктеріне, көңіл-күйінің күйзелісіне қарамастан, өзін қоршаған орта тарапынан қысым көрмей, өзін лайықты адам ретінде сезініп өмір сүре алатындай жағдай туғызу;
г) мұның түпкі мақсаты жастардың әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаждығын барынша азайту /6/.
Әлеуметтік жұмыс қоғамда кәсіпқой және кәсіпқой емес деңгейде жүзеге асырылуы мүмкін. Кәсіпқой емес деңгейге ерікті көмек пен өзара көмектің әртүрлі формалары жатады.
ХХ ғасырдың 80-жылдары көптеген елде кәсіпқой емес көмектің алуан түрлі формалары қанат жайды. Мұның себебі әлеуметтік жұмыстың бастапқыда ерікті, филантроптық және қайырымдылық көмек ретінде пайда болғандығын, ең алдымен мұқтаж жандарға жан ашырлық сезімнен бастау алғандығына байланысты. Бұл кейіннен кәсіпқой әлеуметтік жұмыс түрлерінің пайда болуына ықпал етті.
Кез келген елдің даму тарихында осы немесе басқа тарихи кезеңде туындайтын әлеуметтік жұмыстар мен әлеуметтік проблемалар түрлері мен формалары арасында байланысты табуға болады. Кәсіпқой қызмет ретінде әлеуметтік жұмыстың әртүрлі формаларының пайда болуы көп жағдайда елдің дамуының полимәдени және ұлттық ерекшеліктеріне, әртүрлі әлеуметтік институттардың өзара қарым-қатынасының сипатына, қоғамдық сананың, ғылымның, мәдениеттің, білімнің даму деңгейіне де байланысты.
Қазақстанда әлеуметтік жұмыстың кәсіпқой қызмет ретінде (батыстық түсінік бойынша) даму барысы енді ғана дами бастағынын ұмытпаған жөн. Сондықтан да халықтың әртүрлі топтарына әлеуметтік көмек көрсеткенде әлемде қолданылып жүрген тәжірибені белсенді пайдаланған абзал.
Сол секілді әлеуметтік жұмысты ұйымдастыруда белгілі бір әлеуметтік құбылыстар мен процестерге қолдану үшін қалыптасқан теориялық-методологиялық тәсілдердің де бар екендігін есте ұстаған лазым.
Бұл ретте бір жағынан, жеке тұлғалық деңгейде әлеуметтік көмек көрсету, ықпал ету технологияларын, екінші жағынан – көмекке зәру индивидтің, әлеуметтік субъектінің тұрмысына, тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптастыру бойынша қызмет әдістерін ескеру керек. Осы контексте әлеуметтік жұмыс өзгермелі әлемде адамға әлеуметтік субъектілікті іске асыруға жағдай туғызу жөніндегі қызмет ретінде болуы тиіс.
Еуропаның көпшілік елінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлеуметтік саясат пен әлеуметтік қамтамасыз ету бағдарламасын, әртүрлі әлеуметтік топтарға қолдау көрсетуді жүзеге асыру үшін ресми құрылымдар құрылды. Медицина, руханиат және құқық қызметтерімен қатар қазіргі кезде әлеуметтік жұмыс та маңызды орын алады.
Қазіргі кезде әлемде әлеуметтік жұмыстың қоғамдағы ролі мен міндеттеріне түрлі көзқарастар бар. Біздің ойымызша, әлеуметтік жұмыстың алдында тұрған амңызды міндет индивидтің қоғамда, топта субъектілік ролін қамтамасыз ету және көрсету механизмдерін оңтайландыру болып табылады. Осы механизмдерді таңдау белгілі бір деңгейде жалпы қоғамдық жүйеде, қоғамның әлеуметтік құрылымында, әлеуметтік институттарында айқындалған.
Шет елдерде әлеуметтік жұмыстың негізіне мынадай қарым-қатынас жатады: қызметкер – клиент («клиент» ретінде қоғам да, әлеуметтік топ та, индивид те әрекет ете алады). Осы қарым-қатынасты іске асыру екі бағыт бойынша жүруі мүмкін: әлеуметтік жобалау мен болжам жасау (құрылымдық әлеуметтік жұмыс) және индивидпен немесе топпен тікелей жұмыс жүргізу (психоәлеуметтік жұмыс).
Қазіргі кезде Қазақстан қоғамы үшін, оның экономикалық, саяси және әлеуметтік-психологиялық жағдайын ескергенде, әлеуметтік жұмыстың кәсіпқой және кәсіпқой емес формалары мен бағыттарын өзгерістерге икемді және тиімді бейімделе алатындай біртұтас жүйеге интеграциялау қолайлы болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, қызмет ретінде әлеуметтік жұмысқа жүйелік тәсіл ерекше мәнге ие болмақ.
Кез келген әлеуметтік қызмет (оның ішінде әлеуметтік жұмыс) мақсат, құралдары, талаптары секілді компоненттерге ие. Дегенмен, әлеуметтік жұмыстың әртүрлі формалары мен түрлерінің пайда болуы үшін әртүріл негіздемелердің бар екендігін есте ұстаған жөн. Осындай негіздеменің бірі әлеуметтік тәжірибе саласы болуы мүмкін. Мұнда білім беру, денсаулық сақтау, бос уақыт және т.б. саласындағы әлеуметтік жұмыс туралы айтуға болады. Басқа негіздемелер ретінде әлеуметтік жұмыс клиенттері – жастардың, әлеуметтік тәуекел топтарының, суицидке бейім жандардың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері; үшіншілеріне - әлеуметтік қызметкерлер алдында тұрған мәселелер жатуы мүмкін. Бұдан басқа да негіздемелер табуға болады. Осы секілді бүкіл жағдайда әлеуметтік жұмыстың мақсаты нақтылана түседі.
Әлеуметтік жұмыстың әрбір түрі үшін қойылатын талаптар да әртүрлі деңгей мен саланы ескергенде нақтылана түседі: саяси, экономикалық, әлеуметтік-психологиялық және этноұлттық.
Бұл жағдайда құралдар ретінде әлеуметтік институттар, әлеуметтік жұмысты іске асыру әдістері қарастырылуы мүмкін.
Осыған байланысты әлеуметтік қызметтерге типология жасауға, практикалық әлеуметтік жұмысты ұйымдастыруға негіздемене бөліп алу ерекше маңызға ие болады. Әлеуметтік жұмыстың әралуан түрлері мен формаларын жіктеу негізіне әртүрлі негіздеме жатуы мүмкін, бірақ оларыдң бәрі де мынаған саяды:
● клиенттің проблемасымен жұмыс жүргізу;
● басқа қызметтермен, мекемелермен, ұйымдармен жұмыс жүргізу. Осы екі форманың ішінде өз кезегінде әлеуметтік жұмыстың әртүрлі түрлерінің жіктемесі жүреді. Сонымен, бірінші жағдайда, клиенттің проблемаларының сипаты туралы (ажырасу, жұмыстан шығу, жақын адамының қайтыс болуы, мүгедектік және с.с.); екінші жағынан – клиенттің ерекшелігі туралы айта аламыз, яғни клиент ретінде индивид те, топ та, сол сияқты ірі әлеуметтік топ ретінде қоғам да әрекет етеді.
Екінші жағдайда, бір жағынан, басқа қызметтермен, ассоциациялармен өзара қарым-қатынаста проблемалар туындайтын қызмет саласы туралы; екінші жағынан – осы ұйымдардың мәртебесі туралы (мемлекеттік, ұжымдық, қоғамдық, қайырымдылық, жеке меншік және т.б.) айта аламыз. Негіздеме ретінде «клеинтті» алалық. Бұл жағдайда мынадай қызметтер туралы айтуға болады:
а) халыққа әлеуметтік көмек көрсету қызметі, оның мақсатының бірі әлеуметтік мұқтаж отбасын, тобын анықтау (көп балалы, бүтін емес, студент, мүгедек жандары бар, қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан, жалғыз басты, кәрі) және оларға материалдық, медициналық, заң, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық көмек алуына қолдау көрсету болып табылады;
б) әлеуметтік реабилитация қызметі, оның мақсаты қиын ахуалға душар болған, түрмеден босанған, т.б. адамдарға әлеуметтік көмек көрсету;
в) отбасына әртүрлі көмек көрсету қызметтері:
отбасылық кеңес беру;
танысу қызметі;
ағарту және өзін өзі білім алу қызметі;
сексология кабинеттері;
педиатрия кабинеттері;
педагогикалық кеңес беру және басқалары.
Мына негіздемелерге төмендегідей қызметтер саласы жатады:
а) әлеуметтік-тұрмыстық көмек қызметі, оның мақсаты жалғыз басты кәрі адамдарға мүгедектерге көрсеьілетін қызмет түрлерін кеңейту;
б) отбасылық көңіл көтеру қызметі, оның мақсаты отбасылық туризмді, отбасылық серуенді, отбасының ұйымдасқан демалысын ұйымдастыруды ынталандыру, отбасы клубтарын, жас көп балалы отбасылар клубтарын құру.
Біздіңше, әлеуметтік жұмысты аймақтық, муниципалды деңгейде ұйымдастыру моделі адамның өмірлік қуаты, жеке және әлеуметтік субъектісі концепциясы базасында қалыптасуы тиіс. Осы концепцияға сай әлеуметтік жобаларды (бағдарламаларды) жүзеге асыру жекелеген адамдарға да, сол сияқты әлеуметтік топтарға да әртүрлі өмірлік ахуалда, әртүрлі әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психологиялық жағдайда көмек береді.
Достарыңызбен бөлісу: |