Жумадуллаева А.А.,Өтеген Қ.О. ,Сыдыкова З.Е.
ҚАЗАҚ ЭТНОПСИХОЛОГИЯСЫ
Шымкент - 2016
УДК 159.9(075)
ББК 88.4я7
Қ 17
Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің
Ғылыми Кеңесінің шешімімен бекітілді(хаттама№ 4 28.11. 2016ж.
Пікір жазғандар:
Құрбанходжаев С.Н. – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор
К.Ө.Қазыбаева – педагогика ғылымдарының кандидаты
Қ17 Қазақ этнопсихологиясы. Оқу-әдістемелік құрал. А.А.Жумадуллаева,,Өтеген Қ.О.,Сыдыкова З.Е. Шымкент:- ХГТУ, 2016. – 138 бет. 8.6 б.т
ISBN 978-601-243-143-8
Болашақ ұрпақты имандылық, қарапайымдылық, әдептілік, кішіпейілділік сияқты ұлттық қасиеттерге тәрбиелеудің сан ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық дәстүрі бар. Бұл оқу-әдістемелік құралда көне заманнан бергі қазақ ғұламаларының еңбектеріне сүйене отырып, тәлім-тәрбиенің ұлттық сипаты, қазақ этнопсихологиясының дамуы және қалыптасуы жайында мағлұматтар беріледі. Сонымен бірге халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қамтылған.
Оқу-әдістемелік құрал студенттерге, магистранттарға, оқырман қауымға арналады.
УДК 159.9(075)
ББК 88.4я7
ISBN 978-601-243-143-8
А.А.Жумадуллаева.,Өтеген Қ.О.,Сыдыкова З.Е.
І-бөлім.
ҚАЗАҚ ЭТНОПСИХОЛОГИЯСЫ, ОНЫҢ МАҚСАТ-МІНДЕТТЕРІ МЕН ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ
1.1 Қазақ этносы туралы түсінік.
Қай халықтың болса да мәдениетінің шарықтауы мен құлдырауы — табиғи заңды процесс. Бір кезде (біздің жыл санауымызға дейінгі II ғасырда) егіншілікпен, сауда-саттықпен айналысқан қытайлықтар мал шаруашылығымен айналысқан ғұндарға қарағанда мәдениеті жоғары, өркендеген ел болған. Соған қарамастан, қытайлардың Еуропаны жаулап алуына жол бермеген себептерге келсек, біріншіден, жауынгер ғұн халқының ерлік іс-әрекеті бөгет болса, екіншіден, қалың қытайлықтардың құрғақшылық, табиғаты қатаң даладан гөрі, суы мол, ауасы жұмсақ, қыс болмайтын Оңтүстік Азияның теңіз жағалауын мекендеуді қолайлы деп санауы, өзі мекендеген жерге бауыр басуы болды, үшіншіден, қытайлықтарға қарағанда, Вавилонды, Кіші Азия мен Сирияны, Египетті жаулап алған, Тұран ойпатын жайлаған, мәдениеті мен экономикасы күшті парсылықтар Еуропаға қарай қытайлықтардың аяғын аттатпады.
Бүгінгі аса мәдениетті, экономикалық жағынан күшті деп саналатын Еуропа елдері ол кезде (біздің жыл санау дәуіріміздің басында) Қытай, Персия елдеріне қарағаңда мәдениеті әлдеқайда нашар дамыған елдер болған. Әрбір мың жылда бір ұлы өзгерістің болуы, мәдениеті бай елдің соғыс, қуаңшылық, жер сілкінісі т.б. апаттар салдарынан мүлде құрып кетуі немесе әлсіреп, шала-жансар күйге түсуі, ал оның керісінше, артта қалған елдің тез қарқынмен дамуы табиғи заңды кұбылыс. Ертедегі Рим мәдениеті мен араб халифатының өркендеуі — осының айғағы.
Биосфералық процестің әсерінен Еуропа мен Азия құрлығындағы этностар мыңдаған жылдар ішінде төрт рет бүлініске ұшырады. Ол Ұлы Даланы мекендейтін этностарды орасан зор қоныс аударуға ұшыратты. Шығыста әлденеше рет ғұндар мен түрік, ұйғыр қағанаттарының қытайлықтармен қырғын соғысы болды. Аштық, өлім-жітім, табиғи апаттар этностардың бірінің туып, өсіп-өркендеп, кейін құлдырап құруын, бірінің орнына екіншісінің пайда болып, өркен жаюын туғызады.
Міне, осы тарихи процестерге негіздеп, ежелгі қытай, монғол жазбалары мен орыс, батыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, "қазақтар — түрік, монғол, үнді-иран тектес, Қазақстан территориясында тіршілік еткен Еуразия далаларының көшпелі үштігінен тараған сақ, ғұн, үйсін тайпаларының қосындысынан құралған ежелгі халық" деп қараймыз. Кез келген халықтың пайда болуы және қалыптасу тарихы — өте ұзақ та күрделі процесс. Экономикалық даму мен мәдени аралас-құраластық нәтижесінде, белгілі бір аймақта тілі ортақ, этникалық салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен өзіндік ортақ материалдық және рухани мәдениеті бар адамдардың берік қауымдастығы қалыптасады.
Қазақ халқы, негізінен, республиканың қазіргі жерін мекендеген байырғы тайпалардан қалыптасты және олардың этногенетикалық құбылыстарының түп тамырлары сонау қола дәуіріне, андронов мәдениеті деп аталатын көне кезеңге (б.з.б. XVIII—VIII ғ. ғ.) саяды. Егер сол көне дәуір ескерткіштеріне, айталық, қыш ыдыстардың ою-өрнегіне кез салып, Қазақстанның қазіргі уақыттағы ою-өрнегімен салыстырсақ, онда олардың көптеген ұқсастықтары мен ортақ үлгілерін табуға болады. Ертедегі темір дәуірінде (б.з.б. VII—IV ғ.ғ.) Қазақстан жерін сақ тайпалары — массагеттер, аргинейлер, дайлар, исседовдар т. т. мекендеген. Археолог-ғалым К.А.Ақышев осы кезеңге жатқызатын Есік обасынан табылған "хайуанаттық нақышта" шекілген алтын әшекейлері бар жауынгердің киімі ежелгі сақ шеберлерінің ғаламат өнерін көз алдымызға әкеледі. Тап осындай ою-өрнек белгілері қазақтардың қазіргі қолөнерінде де кеңінен қолданылады. Мұның өзі бұл өнердің ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, біздің дәуірімізге жеткен дәстүр екенін дәлелдейді. Ғалымдарымыздың көпшілігі қола және ертедегі темір дәуірлерінің жоғарыда аталған тұрғындарын (сақтарды, үйсіндерді, қаңлыларды) үнді-иран тайпаларына, Еуропа нәсіліне жатқызады. Біздің заманымыздың I мың жылдығының орта тұсында ғұндардың Солтүстік Монғолиядан Әмударияның төменгі ағысына дейінгі жерлерді басып кіруі этногенетикалық құбылыстардың жаңа кезеңі болып табылады. Осы уақыттан бастап түркілер-сақтар, үйсіндер, қаңлылар, қыпшақтар ұрпақтарымен жедел араласа бастады, түркі тілі басым тілге айналды. Түркі қағандығы құрылып, іле Батыс-Түркі қағандығының бөлініп шығуы (603 ж.), тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің өзара сіңісуіне жағдай туғызды.
Қазақ этногенезінде қимақтар мен қыпшақтар да үлкен қызмет атқарды. Ол Шығыс деректемелерінде Дешті-Қыпшақ (Қыпшақтар даласы) деп аталады. XI ғасырдың ортасынан бастап қыпшақтар оңтүстік орыс даласына еніп қоныстанды.
Қазақтар этногенезінде басқа тайпалар да, мысалға қазақ халқының қалыптасуында аса ірі бөлік болып табылатын наймандар мен керейлер де, үлкен орын алады. Түрік тайпаларының халық болып бірігуіне монғолдар шапқыншылығы кедергі жасады. Қазақстан жерлері үш моңғол ұлысының құрамына: ең үлкен бөлігі — Жошы ұлысының құрамына; Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі — Үгедей ұлысының құрамына енді.
Бұл жерлерде түркі тайпалары өздерінің ежелгі мәдениетін ғана емес, тілін де сақтап қала алды, қала берді, шапқыншы-моңғолдар түркі ортасына сіңісіп, олардың тілін және өздері жаулап алған халықтардың материалдық-рухани мәдениетінің көптеген салаларын қабылдады. Алтайдан Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жерлерді иемденген Алтын Орда деп аталатын Жошы ұлысының феодалдық мемлекеті ыдырап, XIV ғасырда оның құрамынан Ақ Орда бөлініп шықты да, ол Қазақстанның Солтүстік-Шығыстағы, Орталық және Оңтүстіктегі жерлерін иемденді. Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жерінде Моғолстан атты жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет құрды. XV ғасырдың басында Ақ Орданың орнына көшпелі феодалдық иеліктер — Ноғай ордасы және Өзбек хандығы пайда болды. Оның біріншісі Тобылдан Еділге дейінгі жерді алды. Ноғай ордасына маңғұт және алшын тайпалары қарады. Ал Өзбек хандығына Солтүстік Арал өңірі мен Сырдария бассейнінен бастап, Тобыл мен Ертіске дейінгі жерлер кірді. Онда қыпшақтар, қоңыраттар, қаңлылар т.б. жергілікті тайпалар тұрды. Бұлардың бәрінің ол кездегі атауы өзбек болатын. Қазакстанның орталығы мен солтүстік-шығысында орналасқан Өзбек хандығы "Қазақ хандығы" деп те аталды. Көбінесе "өзбек-қазақтар" деп те атайтын. Тек XV ғ. ортасында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбани ханның, бастауымен Орталық Қазақстаннан Мауераннахрге кетті де, "өзбек елі", "өзбек даласы" атанды. Сейтіп, бұл атау XVI ғасырдың басында Орта Азияға ауысты да, тұтас өзбек халқын білдіретін ат болды.
XV ғасырдың 50—60-жылдарында көшпелі өзбектер мемлекетінен Керей мен Жәнібек бастаған тайпалар бөлініп шыққаннан кейін, олар біржолата қазақтар деп аталатын болды. Сөйтіп, "қазақ" этнонимі оны құрған негізгі халықтың қалыптасуынан көп кейін барып шықты.
Шу және Талас өзендері алқаптарында Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының бас қосып, нығаюына және оларға туыстас тайпалардың қосылуына жол ашты. Қазақ хандығының құрылып, жеке мемлекет болуы XVI— XVII ғасырларды қамтиды. Ал жоңғарлардың (ойраттардың, қалмақтардың) қазақ даласына енуі XVII ғасырдың бас кезінде-ақ басталды. 1621—1723 ж. ж. арасында қазақ пен жоңғарлар арасында әлденеше рет соғыс болып, бірде қазақ, бірде жоңғар-қалмақтар жеңіп, халық қатты күйзеліске ұшырады. 1723 жылы қалмақтар қазақтарды ойсырата жеңіп, атақты "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" қырғынына ұшыратты. Қазақтар 1727 жылы Торғай даласының оңтүстік-Шығыс жағында алғаш жоңғарларға күйрете соққы береді. Ұрыс болған жер "Қалмақ қырған" атанады. 1730 жылы қазақ жасақтары жоңғарларды күйрете жеңіп, оларды қазақ жерінен қуып шығады. 1730 жылы Тәуке ханның дүние салуына байланысты, билік үшін күрес басталып, қазақ феодалдары хандыққа таласа бастайды. XVIII ғасырдың басында қазақ жерін жоңғарлардың басып алу қаупі туған кезде, қазақтардың Ресей бодандығын қабылдауы шарасыз қажеттілікке айналады. Осы жағдайда Кіші жүз ханы Әбілхайыр 1730 жылы орыс патшасы Анна Ивановнаға хат жолдап, "өзіне қарайтын Орта және Кіші жүздің барша қазақтары патша бодандығында болғысы келетінін" білдіреді. 1731 жылы 19 ақпанда Анна Ивановна Әбілхайыр мен барша қазақ атына жазылған грамотаға қол қояды. Дегенмен, Орта жүз қазақтарының Ресейге бағынуы бір ғасырға созылып, XIX ғасырдың 30—40 жылдарында аяқталады. Ал Ұлы жүз қазақтарының Ресейге бағынуы 1818 ж. басталып, 1848 ж. аяқталады. Сонымен, қазақ халқы өз ұлтының еркіндігі үшін Монғол, Жоңғарлармен 500 жыл соғысып бақса, ал орыс империясының тепкісінде 250—260 жыл болып келді.
Енді "қазақ" атауының төркіні жайында сөз етсек, ол жөнінде сан алуан пікірлер бар. Зерттеушілердің бұл жөніндегі болжам-пікірлерінің бастыларын үш топқа бөлуге болады. 1. Қытай қоғамдық академиясының этнография институты құрастырған "Қазақтың қысқаша тарихы туралы деректер жинағы" атты еңбекте: "Қазақ деген атау XV ғасырда жарыққа шыққан. Жәнібек пен Керей бастаған көшпелі тайпалар XV ғасырдың 60-жылдарында Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы шығып, Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісуға, Шу өзені бойына қоныс аударған. Алғаш рет осы тайпалар "қазақ" деп аталған. Мұның мағынасы: "Өз ұлысынан бөлініп шыққан, қашақтар" деген сөз. Бұл сөз кейін келе қазақтардың атына айналды",— дейді.
2. Ал қытай зерттеушісі Жаң Ши-Манның "Батыс өңірі тарихындағы ұлттарды зерттеу" деген еңбегінде ежелгі Қытай жылнамаларындағы "үйсін", "ұсын", яки "асу" деген ұлыс аттары "қазақ" атауларының дыбыстық баламасы дегенді айтады.
3. "Қазақ" атауы "Таң патшалығы тарихында" (VII— VIII ғасырда) "қаса", "хаса" түрінде жазылған. Бұл атаулардың тарихи деректемелерде жарық көруі тым ертеде деп есептейді. Жеке деректерге жүгінсек, үшінші тұжырымның шындыққа бір табан жақындығы байқалады. Араб саяхатшысы және жазушысы Мұхаммед әл-Ауфи 1228 жылы Үндістанда "Таңдаулы әңгімелер мен аңыздар жинағы" атты кітап жазған.
982 жылы парсы тілінде жазылған "Худуд әл-Ғалам" ("Әлем шекаралары") атты кітапта Алан мемлекеті және оның қалалары жайына тоқталып: "Алан елінде қасақ деген ұлыс бар",— дейді. Шығыс әдебиетінің әйгілі классигі Әбілқасым Фирдоуси (904—1020) өзінің "Шахнама" атты эпосында: "Қазақ", қазақ хандығы деген ел Көк теңіздің (Арал теңізі) солтүстігін мекен еткен күшті және көп санды ел" деп, Тұранның жауы Иранды "қорқытпақ" болғанын М. Ақынжанов өзінің "Қазақтың тегі туралы" деген еңбегінде айтады. Оныншы ғасырда араб авторы Мәсғудидің шығармасында "қасақ" деген халық аты аталады. Түркия профессоры 3.У.Тоған өзінің "Жалпы түркі тарихына кіріспе" атты еңбегінде тоғызыншы ғасырда араб авторы Әдһам әл-Купидің шығармасында "қазақ" деген сөздің бар екендігін атап көрсетті.
Әйгілі тарихшы, этнограф, тіл ғалымы А. Вамбери 1885 жылы баспадан шыққан "Түрік халықтарының этнологиясы мен этногеографиясы" деген кітабында көптеген жазба деректер келтіре отырып, қазақ деген аттың IX—X ғасырларда ел таныған, әлемге әйгілі халықтың аты болғандығын айтады. Қазақтың антропологиялық типтік ерекшеліктерінің, кейіп-келбетінің мәліметтерін жинап, зерттей келіп, қазақ халқының тіпті ертеде, оныншы ғасырдан ілгері қалыптасқан антропологиялық ерекшелігі бар ел деп батыл тұжырым жасайды. Монғол Халық Республикасы Ғылым академиясының қызметкері Ісләм Қабышұлы "хасаг" деген сөздің моңғол әдебиетінде X ғасырдан бастап белгілі болғанын, моңғолдардың "Батырлар жыры" мен "Бабалар шежіресінде" "хасаг" ("қазақ") деген сездің кездесіп отыратынын атап көрсетеді. Автордың айтуына қарағанда, ерте кезде монғолдар көшіп жүргендерді "қасақтар" деп атаған.
Тіл ғалымы Т.Жанұзақов: "Қазақ атауы Кавказдағы түркі тайпалары құрамында алтыншы ғасырдан бастап жалпы есім және этнотермин ретінде кездескен... кейіннен оныншы, он төртінші ғасырларда да осы қазақ сөзі түркі тайпалары арасында кеңінен тараған. Қыпшақтардың, ноғайлардың ішінде де қазақтар болған", - дейді.
Ал қазақтың белгілі қоғам кайраткері М.Шоқай өзінің "Түркістан" атты еңбегінде қазақ тарихына шолу жасай келіп: "...Түркістан — түркілер елі деген сөз сонау VI ғасырдың өзінде-ақ моңғол дәуіріне дейінгі көшпелілер империясын, түркі жұрты қанатын жая қоныстанған кең-байтақ аймақты сасанид әулиеті кезіндегі (III—VII ғ. ғ.) ирандықтар осылай деп атаған екен. Бұл көшпелілер империясының территориясы Қытай шекарасынан Персия мен Византия шекарасына дейін созылған. Түркілердің қоныстануы мен билік құру ауқымы кеңейген сайын саяси территорияны да ұлғайта түсіп, өзінің қазіргі ауқымына бұдан мың жылдан астам бұрын, шамамен X ғасырдың басында жеткен", - дейді.
Біз жоғарыдағы жазба деректер мен дәлелдерден "қазақ" атауының IX—X ғасырлардан бұрын-ақ төңіректің төрт бұрышына таныс, әлемге әйгілі ат болғанын көреміз, бұл атау оныншы ғасырдан кейін тіпті де кең тараған. Демек "қазақ" атауы тек XV ғасырда ғана жарыққа шыққан дейтін пікір дәлелсіз.
Ежелгі "усин", "үйсін" яки "асо" деген ұлыс аттары "қазақ атауының баламасы" дейтін пікір де орынсыз. Өйткені, "үйсін", "қазақ" атауы дыбыстық жағынан тым алшақ, оның үстіне, қазіргі қазақ арасында үйсін ұлысының аты сақталып отыр. Егер үйсін мен қазақ бір сөз болса, ол сөз қазір сақталмаған болар еді. "Қазақ"— жалпы халық аты, "үйсін"— қазақтың құрамындағы Ұлы жүз ұлысының аты.
Қазақ атауы "Таң патшалығының тарихында" (7—8-ғасырда) "қаса", "хаса" түрінде жазылған деген пікір ете дәлелді. "Иуан патшалығы тарихындағы аудармаларға қосымша" атты кітапта: "Түріктер мейлінше күшейген кезде... олардың батыс бөлегін қаса яки хаса деген ұлыстары қоныстанады. Батыс елдерінің ежелгі деректерінде бұл ұлыс — қазақ деп аталған. Қаса мен хаса деген атау осы қазақ атауының дыбыстық баламасы",— дейді. Ханзу (қытай) тілінің дыбыстық жүйесінің дамуы мен өзгеруіне байланысты, ханзу иероглифтері әр дәуірде әр түрлі дыбысталып (оқылып) отырған. Сондықтан, қытай тарихшылары бір ұлттың атын түрлі дәуірде түрліше әріптермен таңбалаған. Демек, VII—VIII ғасырлардағы көне жазу тілінде тарихтардағы "қаса", "хаса", "аса", "кіса", "хса", "касо" деген халық аттары "қазақ" атауының сол замандағы көне ханзу тіліндегі дыбыстық баламасы екені анық. Жоғарыда баяндалған Батыс пен Шығыс тарихшыларының деректемелерінде, оныншы ғасырдан бұрын пайда болған "қазақ" атауы осы пікірдің дұрыстығын дәлелдейді. Алайда "қазақ" атауы деректемелерде жарыққа шығысымен халық атына айналған емес, ол алғашқыда жеке ру-тайпаның аты ретінде айтылған содан соң тайпалар одағының біріккен ортақ атына айналған. Мысалы, кіші жүз алшын ұлысының құрамындағы жеті ру (кердері, керейт, табын, тама, жағалбайлы, телеу, рамадан) тайпалары "қарт қазақ" деп те аталып жүрген. "Қазақ" атауы кейін келе кеңейіп, халық — ұлт атына айналған.
1.2 Этнос ұғымдарының әртүрлі деңгейлері
"Этнос" гректің — еіпоs — тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Ғылымда "халық" терминінің орнына "этнос" термині орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негізгі тарихи түрі—"тайпа", "ұлыс" ("народность"), "ұлт" ұғымын түгел қамтиды.
Халық - "бір топ адам" (мәселен, "халық жиналды" десек) деген мағынасы бар екені белгілі. Сондықтан "этнос" терминін қолдану қолайлы.
Тайпа – аталас аралас-құралас отырған екі-үш рудың бірлестігі.
Ұлт – біртұтас территориясы, экономикасы мен мемлекеттік тілі, ұлттық болмысы (психика) қалыптасқан халықтар жиынтығы.
Ру – бір атадан тараған (13 ата) туыстық байланыстары бар тайпалар бірлестігі.
Адам ұжым болып тіршілік етеді. Оған әлеуметтік бірлестік деп те, этностық бірлестік деп те қарауға болады. Шындығында, әрбір адам, бір жағынан, белгілі бір қоғамның мүшесі бола отырып, сонымен бірге ұлттың (этностың) да мүшесі болып саналады.
Адам баласының әлеуметтік дамуы жақсы зерттелген және оның даму заңдылығы жан-жақты қарастырылған. Ал халық жөнінде (біз ендігі жерде оны шатастырмас үшін "этнос" деп алып қараймыз) түсініксіз, шатастырулар көп. Шын мәнісінде, этностан тысқары бірде-бір адам өмір сүрмейді. Кімге де болса, "сен кімсің?" деген сұрақ қойса, ойланбастан "орыспын", "французбын", "ағылшынмын", "неміспін", "парсылықпын" немесе "түрікпін" деп жауап береді. Олай болса, адамның санасындагы этнос жайындағы түсінік көпке ортақ. Бірақ ол әлі түсініксіз.
Жоғарыдағы сұраққа жауап беруші әрбір этнос мүшесіне: "Сен неге ол халықты немесе ұлтты өз ұлтым деп санайсың?" деп сұрақ қойса, оған анықтама беруге қиналады. Әсіресе, "сенің ұлтыңның басқа ұлттан қандай айырмашылығы бар?" дегенге бұрынғы Кеңес Одағында, бүгінгі ТМД елдерінде тіршілік ететін ұлт өкілдері тиянақты жауап бере алмайды. Ол заңды да. Себебі, 70 жыл бойы "бірыңғай тіл, бірыңғай мәдениет жасаймыз" деген ұранмен тіршілік еткен Кеңес халқы, "Келешек коммунизм кезінде дүние жүзінде бір ұлт, бір тіл болады. Ол француздың да, ағылшынның да, немістің де, орыстың да тілі емес. Оған барлық ұлт өз үлесін қосады" деген сталиңдік волюнтаристік теорияға имандай ұйыған ғалымдар әр ұлттың өзіндік ерекшелігін зерттеуге онша мән бермеді. Ұлт мәдениеті мен ұлт тілдері біртіндеп кірігетін өткінші процесс деп қарады.
Бүгінде этностық мәдениет пен ұлт тілдерінің өткені мен келешегіне көз жіберу үшін этностардың шығу тегін ғылыми методологиялық тұрғыдан қарастыру қажеттігі туып отыр. Бұл жөнінде соңғы жылдары ұлт мәдениетін ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, тұңғыш рет құнды еңбек жазған атақты тарихшы ғалым Лев Гумилев болды. Ол өзінің "Халықтар қалай пайда болады және жоғалады?" деген атақты еңбегінде, дүние жүзіндегі халықтардың пайда болу, өсу, өркендеуінің және олардың біртіндеп өшіп, жоғалу заңдылықтарын диалектикалық тұрғыда, тарих, география және биология (оның ішінде экология және генетика саласына) ғылымдары негізіне сүйене отырып, "этнос" туралы ғылыми дәйекті анықтама берген еді. Л.Гумилев "этнос" туралы соңғы уақытқа дейін әр түрлі түсінік-анықтамалардың болғанына тоқталады. Айталық, біреулер "этнос дегеніміз — шығу тегі бір халықтар" десе, екіншілер "этнос — тілдің бірлігіне негізделген мәдениеттің тууы" дейді. Ал үшіншілері "этнос — бір-біріне ұқсас адамдар тобы" десе, төртіншілері "этнос — сана-сезімдері бір адамдар тобы" дейді. Бесіншілері "этнос" — белгілі бір қоғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы" десе, ал алтыншылары "этнос — табиғаттың сыйы, этнос — әлеуметтік категория" дейді.
Ал енді "Жаңа этностардың пайда болу себептері неге байланысты?" деген сұраққа жауап іздесек, біріншіден, керші этностардың бір-бірімен соғысып, жеңілгендерінің қоныс аударуынан, сөйтіп олардың жаңа жерге келіп, жергілікті халықтармен, тайпалармен биологиялық араласынан (миграцияланудан) жаңа этностар дүниеге келді; екінші, бірнеше тайпалар мен халықтардың жаңа жерді отарлап, игеруінен пайда болады. Мысалы, ағылшындар мен испандықтар Солтүстік Американы жаулап алып, жаңа жерге қоныстануынан американ этносы пайда болды; үшінші, климаттық өзгеріс (қуаңшылық, су тасқыны т.б.) адамдарды туған жерінен ауа көшуге мәжбүр етеді. Олар басқа жерден тұрақ іздейді. Мысалы, қырғыз халқы XV ғ. басында Алтайдың солтүстігі мен Енисей өзені бойынан, ойраттардан бөлініп шығып, Қырғыз Алатауына көшіп келіп, жергілікті түркі тайпаларымен қосылып, жаңа этнос құрды. Бұл жерде жаңа этностардың ескі этностан бөлшектенуінен пайда болмайтынын, жаңа жерге келіп тіршілік етуші этностар тобының жергілікті этностар тобымен бірігуінен (қан араласуынан) пайда болатынын ескеру қажет. Яғни этникалық тіршіліктің географиялық ортамен байланыстылығын ескерген жөн. Осыдан келіп, Ә.Семплдің "Адам — жер бетінің өнімі" деген теориясы туындайды. Ал жер бетіндегі тіршілік күн нұрының күшеюіне, ғарыштық сәулелердің әсеріне байланысты. Ол әсер жер бетіне ауа қабаттарын жарып етіп, бірнеше қиындықтарды жеңіп барып жетеді. Осыдан келіп себептестік және қарама-қайшылық заңдары туындайды. Табиғатта да, қоғамда да қарама-қайшылықсыз, себеп-салдарсыз даму мүмкін емес.
Этностардың бір-бірінен этногенездік айырмашылығы олардың нәсіліне, тіліне, дініне, біліміне байланысты емес, тек мінез-құлқы мен жер бедерінің табиғатына үйреніп бейімделуіне байланысты деп қарауды география ғылымы қуаттайды. Мысалы, солтүстік Мұзды мұхит жағалауьшдағы ұлттар мен ұлыстардың салқын қанды болуы, олардың балық аулап, бұғы өсіріп, ет жеп тіршілік етуі, ал оның керісінше, Оңтүстік Африка халықтарының ыстық қанды болып келуі және тропикалық есімдіктермен қоректенуі географиялық-климаттық жағдайға байланысты ерекшелік.
Әр ұлттың өзіне тән мінез-құлық құрылысы ұрпақтан-ұрпаққа кешкен сайын өзгеріп отырады. Ол — этностың үнемі әлеуметтік дамуда болатындығының айғағы. Этнос мүшелерінің мінез-құлық құрылымының бірізділігі қарым-қатынас нормасына негізделген. Олар: 1) жеке адам,мен ұжымның арақатынасына, 2) жеке адамдардың өзара қатынасына, 3) этникалық топтардың арақатынасына, 4) этностар мен этникалық топтар арасындағы қарым-қатынасқа құрылады. Басқа этностардың басқаша нормалармен байланысқанына әр этностың мүшелері таң қалады және өзінің тұқымдастарына басқа халықтардың "өрескелдіктері" туралы таңдана айтатын болады.
Этнография ғылымы мұндай "сөлекеттіктерді" жеңе отырып, этникалық мінез-құлықты байқаудың принциптік жүйесін енгізді. Оған адамдар арасындағы қарым-қатынас нормасы деп қарады. Заман өзгерген сайын мінез-құлық нормалары да жаңарып отырады. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін қазақтарда "қалыңмал" беріп, әйел алу мүлде жойылды немесе өзбек әйелдері пәрәнжә жамылуды қойды.
Алайда, этностың дамуы біркелкі болмады. Ол доға іспетті дамуды бастан кешіреді. Себебі, этностың қоғамдық мәдени-экономикалық және географиялық жағдайға байланысты бірде шапшаң, бірде баяу дамуы мүмкін. Адам өмірі оны қоршаған табиғатпен, ғарыштық кеңістікпен, күн сәулелерімен, оның радиациясының жер бетіндегі тіршілікке, соның ішінде адамға да тигізетін әсерімен биосфералық жағынан тығыз байланыста өтеді. Бұл жөнінде Чижевскийдің "Күн бетіндегі отты борандардың жер бетіндегі жаңғырығы" атты кітабында айтылады. Күн бетіндегі отты борандар мен қопарылыс-жарылыстар пайда болғанда, жердің магниттік белдеуі бағдарын өзгертетін көрінеді. Сонымен бірге күн бетінен жерге еткір сәулелер атқылайды. Жер бетіндегі тіршілік әлеміне ерекше әсер ететін физикалық құбылыстар пайда болады. Чижевскийдің бақылауынша, күн бетінде пайда болып жатқан осы құбылыстар кезінде өткір сәулелердің шамадан тыс бөлінуіне байланысты вирустар көбейіп және олар желдің бағытымен ұшып келіп, бір жерге шоғырланып, әр түрлі жұқпалы ауруларды таратады, түрлі апаттар жиіленіп, адамдар арасыңда ақыл-есі ауысуын, асылып өлушілердің көбеюін, бір ұлт пен екінші ұлттардың өзара соғысып, қантөгістердің болуын туғызатын көрінеді. Биосфераның әсерінен болатын табиғи апаттан, жарылыстан кейін пайда болатын шалажансарлық жағдай этностарды бірден мүлдем құртып жібермейді. Дегенмен, ол этникалық жұлдыздарға (этностардың алдыңғы белсенді тобына) үлкен әсерін тигізіп, әлсіретуі, тіпті тұқымға орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Адам үнемі табиғат құшағында өмір сүріп, тіршілік ететін болғандықтан, күн сәулесінің де адамдардың психикасына ықпалын тигізетіні көпке аян. Яғни адамдардың өз еркін билеу әрекеті де табиғатпен тығыз байланысты. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы жиі-жиі болатын соғыс, қан төгіс, қақтығыстарды бір жағынан экономикалық үстемдік үшін, басқаларды тонап, талау арқылы баю, тіршілік ету үшін күрес деп қарасақ, екіншіден, ұлттар мен ұлыстарды басқарушы хандар мен патшалардың мінез-құлық әрекетіне, мемлекетті басқарушы адамдардың нерв жүйесінің қызметіне байланысты құбылыс деп ұғуға тура келеді. Мысалы, Гитлердің неміс ұлтын үстемдікке жаралған ақ нәсіл деп қарап, бүкіл Еуропаны басып алуды мақсат еткені, еврейлерді кемсітіп, асып-атуы Мальтустің теориясына негізделген фашистік-диктаторлық іс-әрекет. Ал біреулер мұны адамның физиологиялық жағымсыз қасиеті демей, "Алланың жіберген ісі" деп қарап, фашистік іс-әрекетті ақтамақ болды.
Этностардың тегі жеке адамдардың қабылдауымен анықталады, ал қоршаған орта ол фактіні бекітеді. Олай болса, адамның белгілі бір этносқа қатысын анықтау сезімге негізделген. Ал адам сезімі оның өзіндік ойлау және мінез-құлық ерекшелігін білдіреді. Этностардың, қала берді жалпы адамның мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеу этнопсихология мен этика ғылымдарының объектісі болып саналады. Адамның бір этносқа тән қасиеті оның бойына сәби кезінен бастап ата-анасының қарым-қатынасы, мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы дарып, қалыптасады. Олай болса, "этнос" дегеніміз белгілі бір жүйеге негізделген топ — ұжым екен. Ал әлеуметтік жүйенің көпшілікке ортақ түрі — отбасынан басталады. Отбасы — бір үйде тұратын адамдар жиьштығы. Жүйенің элементіне отбасы мүшелерінің күнделікті тұрмысында қолданатын заттары енеді. Яғни олардың үй-мүлкі, баспанасы, ыдыс-аяғы, киім-кешегі, көрпе-жастығы, құрал-сайманы т.б. тұрмыстық тұтыну заттары түгел кіреді. Отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, бір-біріне көзқарасы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы да жүйенің элементі болып есептеледі. Ал отбасылық жүйе этностық жүйенің қайталанатын атрибуты болып саналады. Этностық тайпалар (топтар) күнделікті тұрмысындағы, әдет-ғұрпындағы, мінез-құлқындағы, кезқарасындағы айырмашылықтары арқылы ерекшеленеді. Яғни әр түрлі халықтар белгілі бір аймақта пайда болып, сол аймақтың өзіндік ерекшелігіне (климатына, өсімдігіне, географиялық аймақтың хайуанаттары мен жәндіктеріне байланысты) бейімделіп, тіршілік етеді. Өзіндік мәдени және рухани мұрасын жасап қалдырады. Көрнекті тарихшы-этнограф Лев Гумилев: "Этнос дегеніміз — жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік аймақтың бірлігінде жатқан, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы",— деген анықтама береді. Біз осы анықтаманы басшылыққа аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |