Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016


Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)



бет7/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920).

XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың аса талантты демократ ақыны С.Торайғыровтың психологиялық пікірлерінің негізгі желісі Қазан төңкерісі алдындағы дала өміріндегі дүрбелеңмен сабақтасып отырғаны белгілі. Сондықтан да оның пәлсапасынан қоғамдық өзгеріс, жаңа заманның лебі жақсы байқалады. Мәселен, оның таным жайлы пікірінің негізгі түйіні: бізді қоршап тұрған сыртқы дүниенің ұшы-қиыры жоқ, ол сансыз атомдардан тұрады, бұлардың бірі тозып, өшіп жатса, екіншілері жанадан пайда болып жатады, адамның жан дүниесі де атомдардан тұрады, жан тәннің өзіндік заңдылықтарына орай көрініп отырады деуі ғылыми тұжырымның жақсы айғағы.

«Ойласам дүниеде қанша жан бар

Адам бар, ағаш бар, мал мен аң бар.

Жанды, жансыз нәрсенің бәрі дағы,

Әр себептің жемісі байқасаңдар.

Қасқыр болмақ, құс болып, ұшып қонбақ.

Сол болғандар болмаған өздігінен,

Болғызған еріксіз бір себеп қолдап».

С.Торайғыровтың пікірінше, адам табиғаттың туындысы. Ондағы себептіліктің жемісі. Ол дүниенің сырлары біртіндеп ашып, оны шама-шарқынша өзгертіп отыратын белсенді тұлға. Адам сыртқы дүниемен байланыса отыра, оны біртіндеп тани береді, сөйтіп өзінің ақыл-ойын дамытады.

Дүние, табиғат, тіршілік жөнінде осындай ғылыми жаратылыстық пікір айтқан ойшыл ғана айналада болып жатқан дүбірлі өзгерістер мен оқиғалардың шығу себебін, олардың түпкі негізінің неден жатқандығын, қозғаушы күштері кімдер екенін ажырата алмай, бұлардың басты себебін, адамның ақыл мен ой санасынан іздейді. С.Торайғыров қазақтың ұлы ойшылдары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларындағы сан тарапты озық та өнегелі идеяларды әрмен қарай дамыта түсіп, қазақтың қоғамдық ой-пікірінің дамуына елеулі үлес қосты, ол әсіресе қазақ зиялыларының педагогика және психология мәселелері жайлы салиқалы пікірлерін ғылыми жағынан ширата түсті. Мәселен, ол кезінде Абай қолдаған психологиялық ұғымдарды онан сайын саралау түсіп, мәнін айқындап, түсіндіріп береді. әрине, С.Торайғыров шығармаларында жан қуаттары ғылыми атаулармен аталмайды және олардың әрқайсысына жеке талдау жасамайды. Сұлтанмахмұт мұндай мақсатты алдана қойған жоқ, өйткені ол да Абай сияқты ғалым психолог емес еді.

С.Торайғыров қазақ тарихында бірінші болып жан мен тәнің яғни психика мен мидың арақатынасы туралы мәселе көтеріп, бұл екеуінің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіндірді. Ол жан мен тәнің ылғи да бірлікте тұтастықта, байланыста болатынын айта келіп:

«Дене азыққа тоюдан жан ер жетер...

Жан ер жетіп, дүниенің сырын табар»...., деп адамның тәні өсумен қатар жаны ақыл ой санасы сезімі де бірге өсіп жетіліп дамып отырады дейді. Тән мен жанның қоса өзгеруінің негізін Сұлтанмахмұт тәнде, яғни мида деп түсінеді. Адам өлгеннен кейін онда «қимыл жоқ сезім жоқ.... жек көру жоқ, махаббат жоқ... өмір жоқ, яғни бір сөзбен айтқанда тәннен бөліген жанда еш уақытта өмір болмайды», деп, осы мәселені материалистерше баяндайды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ ғұламалары сияқты Сұлтанмахмұтта адам тағдыры жайлы, оның қоғамдағы орны мен арман мүдде мақсаты туралы көп ойлап терең толғанды. Ол еңбекші халыққа жан ашып, дала өміріндегі тұрмыстың бүкіл тауқыметі кедей атаулының дасында екндігін, өмірдегі адамға қажетті нәрсенің бәрі де осылардың қолымен жасалып жатқандығын, ал патша отаршылары мен олардың жергілікті жердегі жандай шаптарда бұларды сүлікше сорып отырғандығын жақсы аңғарады. Ақынның ойынша адам өскен ортасының, өмір сүрген туындысы. «Дүниедегі нәрсенің бәрі деп жазды Торайғыров «кедей» поэмасына жазған эпиграфиясында, белгілі бір жағдай мен орта әсерінің нәтижесі. Бұл жағдай ортаны жасау жарату адамның қолынан келеді. Адамның хайуанаттан өзгешелігі де осында, адамның ақыл-оймен табылған нәрсені бәрі де осылай жасалған». Торайғыров адам психологиясының қалыптасуы іс-әрекет үстінде болып отыратын мұнсыз сана-сезімнің дұрыс қалыптасып, дамымайтынын; адам тіршілігінің мазмұнын да қоршаған ортасы, әлеуметтік жағдайлар билейтіндігін сондай-ақ, үй іші, отбасы, әке-шешенің де «көргені әке-шеше қандай болса, алмақшы оннан баласы да» деген дей, жас ұрпақ санасының қалыптасуында шешеуші рол атқаратындығын жақсы түсінген.

С.Торайғыров шығармаларында ерекше көңіл аударатын мәселе адамның оның әр түрлі жас кездеріне байлансыты жасаған психологиялық талдаулар. Ол қазақтың ойпікірі дамуының тарихында осы мәселе ғылыми тұрғыдан күн тәртібіне алғаш рет қоя білген ғұлама. Ақын адам психикасының дамуын басты басты төрт кезеңге бөледі (балалық шақ, жігіттік, ересектік, кәрілік). Ол бұлардың бір бірінен ерекшеліктерін жай қарапайым пайымдармен шектемей, ғылыми сарапқа салуды ойдаған.

Ақын шығармаларында жастық шақтың ерекшеліктері «сезімді ыстық жүрек», «дүние мен үшін жаралған», «қайғы алған жоқ жүректің бір бұрышын», т.б. дегендей сөз тіркестерімен сипатталып отырады. Сұлтанмахмұттың жігіттік кезеңге байланысты айтылатын ойының түйіні, жастық шақ қызығы мен қиыны мәңгі таусылмайтын, адам бақытын іздеуде таптырмайтын өте қолайлы кезең, сондықтан да шамаң келгенше осы кезде құлашыңды сермеп бақ. Өмірдегі орның қандай, нені таңдауың керек гәптің үлкені мәні, осында. Байлық, әкімдік, атақ, махаббат, т.б. адам бақытына қандай қатысы бар Ақын осылардың барлығына шолу жасай келіп, шын бақыт әділдікті, білімді, адал еңбекте деп өз ойын «Адам бағындырудың асылы еңбек, түбінде еңбексізді еңбек жеңбек», деп қорытында жасайды. Ақын жастық шақта адамның ақылой интеллектісі өте алғыр, дүниені танып білуге құмарлығы күшті, сондақтан да осы кезде оқуға, білім алуға ерекше ұмтылу қажет дейді. Білім алу, бәрінен бұрын адамның өзіне байланысты. Ол үшін ерік жігер, ұғыларлық зейін, зор үміт, таудай талап, шын ықылас, ұғымталдық, зеректік, т.б. аса қажетті шарттар.

Адамның көңіл-күй ерекшеліктері, сезім-эмоция секілді жан қуаттары да С.Торайғыров шығармаларында біршама сөз болған. Ақын басқа жан құбылыстары сияқты адамның сан алуан сезімдерін сыртқы ортаның, яғни белгілі себептердің нәтижесінен туып отырады дейді. Адам сезіміне әсер етпейтін нәрсе жоқ. Оған табиғат құбылыстары да, адамның суық және жылы сөздері де, денсаулық жағдайы да, тұрмыс күйі де т.б. үнемі әсер етеді. Сезім адам организімінде бет пішінінде, көз жанарында, қасқабағында, т.б. әр түрлі қимыл-қозғалыстар тудырады, ол жүрек жұмысына да байланысты дейді.

С.Торайғыров адамның ең жоғарғы сезімдерінің табиғатына ерекше көңіл бөледі, бұлардың қалай пайда болып, қалыптасып отырғандығын сөз етеді: мәселен, оның айтуынша «жақсы әнмен тәтті күй» яғни жақсы музыкалық әуен адамның құлағының құрышын қандырып қана қоймай оның сұлулық, әсемдік сезімдерінің қалыптасуына да ерекше әсер етеді. «Халықтың арғы бергісін қозғап, деп жазды ол «Өлең һәм айтушылар» деген мақаласында естеріне түсіріп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кемкетігін көрсетіп әдемі даусымен құиқылжытып тұрған да қандай тас бауыр болса да жібімеген еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы жайдағысы ойына қозғалыс түсіп, қандары қайнап тіпті арқалары қозып кетеді. Әркімнің көңіл көздерінен жастар моншақтап, бойлары балқығандай шартта-шұрт қол шапалақтасып... тарқайды». Осы үзінді де ақын мен ән күйдің қандай тас бауырды да жібітіп жіберетінін, қанды қайнататынын, көзден жас ағызып, бойды балқытатыны қол шапалақтатыны, т.б. адамның жан дүниесін нұрландырып, байытатындағы, сөйтіп адамды ерікжігер ләззатқа бөлейтіндігін айтып отыр.

Сұлтанмахмұт адамның ерік-жігер қасиеттері туралы да сындарлы пікір айтқан ақын. Оның шығармаларының кейіпкерлері қажыр-қайратқа толы, әрқашан да күреске әзір ылғи да, іс-әрекет үстінде көздеген мақсатына жету жолында тынбастан қимылдап, тіршіліктің тиімді жолдарын іздейді.

Бұл жерде ол белсенділік, қажыр-қайрат, төзімділік, шыдамдылық, өзін-өзі билей алу, батылдық, қауіп-қатерден жасқанбай т.б. адамның тамаша ерік-жігер қасиеттері жайлы толғайды.

Қайрат-жігер ерекше күшті мінезі темірдей берік адамға ғана көздеген мақсатына жете алады. Ақын жастарға: «жігерлі бол жасыма, жасқанба, қылышпен шапсада, найза нұсқада», бейнеттің сан алуан түрлеріне төзе біл, ылғи да таудай талабың болсын, келешектен күдеріңді үзбе, ылғи да талпынып күресе бер, өмір деген толған күрес, тәуекелге бел байлада күреске түс, оны жеңбей қойма, босқа ынжық болма, жалғыз ғана оқумен теңелмейсің, алаусыз азғын, қоян жүрек қорқақ болма деп талай рет тебіренген ғой қайран ақын. Абайдың да, Сұлтанмахмұттың да жастарға айтпағы ортақ: олар мына дүниеден өз орныңды таба біл, адам бол, қатарыңнан қалма, ерінбей еңбек ет! Сонда ғана мұратыңа жетесің, өмірден орныңды табасың дейтін ақыл кеңестер берді.

Ақын шығармаларында бұдан басқа да түрлі психологиялық құбылыстардың табиғаты сөз болды. Мәселен, Сұлтанмахмұт адамның әр түрлі қабілеті мен таланты, мінезі іштен туатынын, олар іс-әрекет үстінде қалыптасатынын, барлық адамның қабілеті де бірдей болатындығын айтады. «қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» деген мақаласында былай деді: «балалардың жайын түсіндіріп реттеймін деуге көне қоятын қазақ па? Біреуінің баласы жүйрік, бірінікі жорға, бірінікі шабан». Осындай пікірді ол басқа шығармаларында талай рет қайталаған еді.

Ақын ерекше мән беріп, көтерген тәлімдік мәселенің бірі жастарды ана тілді ардақта, оны қадір тұтып, сүйе білуге тәрбиелеу мәселесі. әр халықтың ұлттық психологиясының негізгі бір жағы сол ұлттың тілі. Ұлттық тіл сол халықтың нақты тарихы, оның өмірінің, сана сезімінің, ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп-ғұрпының шежіресі. Кімде кім болса өз халқының тарихын, оның тілін дұрыс білмейінше, әрі жан тәнімен сүймейінше өз халқының адал перзенті, сүйікті ұлы бола алмайды. Ана тілінің адам психолгиясынан алатын орнын жақсы білген Сұлтанмахмұт, оны жастарды адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеудің басты құралының бірі деп түсінген. Ақын ұғымында ана тілі туған халқының, өзіңе ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген анаңның тілі. Дүниеде анадан жақын не бар? Сондықтан да осы тілді қадірлеп, ерекше құрмет тұтқан абзал. Ана тілі бұл өмірге жаңа ғана келген нәрестенің ә дегенде еститін бірінші дыбысы, ол жас өспірім жеткіншектің айнала әлемді тамашалағанда білдіретін көңіл-күйі, ол бозбала мен бойжеткеннің бірін-бірімен танысуындағы жүрек тілі. Олай болса осы тілді ардақтап, ерекше қадір тұту қажет, қандай жағдайда да адамның бойында оның рухы сақталуы тиіс. өз ана тілінде «шүлдіреп, шолжыңдап, жығылыпсүрініп жүруге болмайды. Тіл қайнаған қанның, тебіренген жанның, толғанған көңіл мен жүректің сығындысы, тілде әр кез маңыз және дем болуы қажет. «Қазақ тілде бастырған кітаптардың қазақтың иесі де жоқ дені бытпырақ, қазақтығы «сіріге жамаған былғарыдай» деп, ақын өз ана тілін ардақтап, қадір тұтпайтын адамдарды аяусыз мінеп шенеді, жастардың ана тіліндегі сауаттылығы үшін мұғалімдер ата аналар қатты ойлануы қажет дейді. Өршіл де ойшыл ақынның осынау пікірлері қазіргі тіл туралы заңның іске асуы барысында қаншама маңызды екендігі өзінен-өзі түсінікті.




ІІІ-бөлім.

ҚАЗАҚ ЭТНОПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҰҒЫМДАРЫ
3.1 Ырымдардың психологиялық сипаттамасы
Қандай да бір халық болмасын оның әр түрлі ырымдары мен тыйымдары болған. Оның барлығын діни деуге болмайды. Бірақ ерте замандарда табиғат сырларын білмеген соң оларға түрлі себептер іздеп, кейде діни ұғымдарға тірелген. Кейде ол ырымдар мыңдаған жылдық халық тәжірибесінен туындаған болуы да мүмкін. Олардың көбісі, айталық қазақтарда әлі күнге дейін сақталып келеді. Мысалы «Ай» мен «Күннің» тұтылуы. Халық оның неліктен болатынын қазір біледі. Бірақ, қалыптасқан әдет бойынша әлі күнге дейін халық ежелдегідей қолайсыз жағдайдың нышаны деп үрейленеді, тасаттық береді, Құран оқып, Алладан жақсылық тілейді. Кешке, күн батып, қараңғы түскенде тауық шақырса, оны да жамандықтың нышаны деп тауықтың басын кескен. Қазақ жапалақ құстан (байғыздан) да қорыққан. Бұл құс әдетте ескі бұзылған үйлерге қонақтап, ұя салады. Түнде дауыс шығарып шаңқылдап жатады. Егер ол құс адам тұрған үйдің мұржасына қонса, оны апат нышаны деп қараған. Сондықтан, қазақ ит ұлыса одан да қатты қауіптенген, қорыққан. Ит жеті қазынаның бірі саналған. Егер ол ұлыса бір бәленің хабарын сезіп тұр деп түсінген. Тісі шыққан бала жылауық болып, мазасызданса, бұл оның бір жері ауырып тұр деудің орнына, одан да қауіптенген.

Сондай-ақ табиғатты болжайтын нышандар болған. Ол көбіне өмірден, байқаудан туғандықтан негізінде ғылымға қарсы болмаған. Көшпелі қазақ табиғатты болжағанда көбіне мұны малдың әрекетінен, күннің батуынан, айдың тууынан т. б. нышандардан байқап айтқан. Сонымен қатар ол өз болшағын да өзінше амалдап білген. Оған жататындар: түс жору, құмалақ ашу (салдыру), малдың жауырынына қарап болашақты болжау. Табиғатты болжауға қарағанда, мәселен құмырсқаның илеуін, күзде құстардың жылы жаққа ұшқанын байқап, қыстың қандай болатынын шамалап айтса және ол өңірден алшақ кетпейтін болса, адам өмірін болжау нақтылығы шамалы, көбісі көңіл тоқтатып, адамның өзіне өзі келуі үшін қажет болған.

Әлгі айтқандардай қазақта тыйымдық ырымдар да болған. Оған жататындар: табалдырықты баспау, есікті кермеу, үйге қарай жүгірмеу, малды теппеу, басына ұрмау, күл шашпау, ақты баспау, үйге кірген жыланның басына ақ құйып, үйден шығарып тастау, өлтірсе де үйден шығарып өлтіру , суға түкірмеу, шығып тұрған көкті жұлмау т.с.с.



Қазақта бұл айтылғандардан басқа да толып жатқан ырымдар болған. Мәселен, оң көздің тартуы бір жақсылықтың нышаны деп түсінген, ал сол көз тартса — керісінше, тіс шықырлатпау, пышақпен ойнамау, алақан қышыса — қолға ақша түседі деп сенген. Жолда кездескен жолаушыдан қайда барасың деп сұрамау, қайта «жолың болсын!» деп тілек айту, оған жолаушы «Әли болсын!»— деп жауап қайтарған.

«Қазақ қыз баланы қорламайды, қыз — ару, болашақ ана».



Қазақ жапан даладағы жалғыз ағашты кеспейді, зақым келтірмейді. Саясына барып паналап, ұйықтамайды. «Жалғыз қаласың» деп ырымдайды.

Қазақ аққуды, сарыала қазды, бұлбұлды және жалғыз жүрген құсты ауламайды, атпайды. Өйткені бұларды киелі құс деп есептейді.

Ымырт кезінде жатып ұйықтау қатер. Өйткені, бұл мезгілде жарық пен қараңғы, бақ пен сор, өлім мен өмір ауысады. Ымырт кезінде жатқан адам өлім тілегені деп ырымдайды. Себебі ол уақыт мал өрістен қайтатын, оларды жайғастыратын кез. Жұмыс қолы керек. Дені сау адам ол кезде жатпайды, қолқабыс жасайды.

Қазанды есік жаққа қаратып қисайтып аспайды. Ол құласа: «несібе төгіледі, ырыс шайқалады, ас азайып, дәм далаға қашады, отқа төгіліп дән күйеді, күл астында қалады, қазан шайқалады — ырыс шамданады» деп ырымдайды.

Қазақ мініп жүрген атының жал-құйрығын күземеген. Ол аттың егесі өлгенде ғана қаралы белгі деп көрсетілген.

Толып жатқан тыйымдардың бірі — тірі жандардың суретін салдырмау. Ол ислам дінінде бар. Оған дейін ондай тыйым иудаизм дінінде де болған. Себебі: ана дүниеге барғанда, оларға жан бітір деп қинайды екен. Ал, қазақ кілемдерінде архар, нар, жылқы суреттері жиі кездесетін. Содан кілемге адам бейнесін салып, оның аты-жөнін жазу тек кеңес дәуірінде орын алды. Бірақ та тау үңгірлерінде тасқа салынған суреттерде адам, арба, ат, басқа да жануарлар суреттері кездеседі. Бұл суреттер ислам дінінен әлде қайда ерте, бәлкім Тенгіриан дәуірінде дүниеге келген болса керек. Олай болса кілемдегі суреттерде әлгі ерте замандардағы ислам дініне дейінгі кезеңдердің қалдығы болса керек. Қорыта айтқанда, қазақтарда ырымдар көп болған. Бұл олардың тарихы өте ерте замандардан басталып, зат құбылыстарын байқаудан туындаған болса керек.

Қазақта ырым мен тыйымдар көп. Олардың бір шамасы басқа тарауларда да айтылды. Бұл тарауда мақсат — сондайлардың бар екенін арнайы айту ғана.

Тыйым сөздер:


  1. Құр ерге мінбе.

  2. Үйде ысқырма.

  3. Үйде адам санын санама.

  4. Тізеңді құшақтама.

  5. Табаныңды тартпа.

  6. Бейіт топырағын сәндеме.

  7. Ата-енеңнің, қайын ағаларыңның төсегіне отырма.

  8. Олар жатқан жерге жатпа.

  9. Киімді желбегей жамылма.

  10. Бір қолмен нан үзбе.

  11. Қолыңды айқастырма.

  12. Аяқ киімді төңкерме.

  13. Аяқ киімді төрге шығарма.

  14. Ескі сыпырғышты отқа жақпа.

  15. Арқанды аттама.

  16. Жер ошақты аттама.

  17. Ымыртта күл төкпе.

  18. Күн батқанда сыпырындыны далаға шығарма.

  19. Қараңғыда киіз қақпа.

  20. Итаяқты теппе.

  21. Есікті қатты жаппа.

  22. Құдыққа түкірме.

  23. Отқа түкірме.

  24. Үйге қарай жүгірме.

  25. Табалдырықты басып тұрма.

  26. Адамға қарап керілме.

  27. Кісінің үстінен аттама.

  28. Аттың жүгенінен аттама.

  29. Балтаны аттама.

  30. Көсеуді аттама.

  31. Бас киімді баспа.

  32. Үйге тырнақ алма.

  33. Қараңғыда тырнақ алма.

  34. Бейітті саусағьңмен шошайтып көрсетпе.

  35. Киімді теріс айналдырып тастама.

  36. Малды теппе.

  37. Есікті керме.

  38. Итке ожаумен ас құйма.

  39. Үлкеннің алдын кеспе.

  40. Босағаға тұрма.

  41. Дастарқанды қағазбен сүртпе.

  42. Сыпырғышпен баланы ұрма.

  43. Бос бесікті тербетпе.

  44. Дастарқаннан аттама.

  45. Бетіңді баспа.

3.2 Адамның сезім дүниесіне әсер ететін этнопсихологиялық түсініктер
Сыңсу. Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі — сыңсу. Түр жағынан сыңсу, қоштасу, көрісу, сарын делініп әртүрлі аталғанымен мазмұн жағынан бір-бірінен көп алшақтамайды. Өйткені қай-қайсысы да ұзатылар қыздың өз жұртына деген сәбилік ортақ сезімін білдіреді. Ол ұзатылар алдында жақын жеңге, құрбы қыздарын ертіп ет бауыр туыстарын, жекжат-жұрағаттарын, дос-жолдас, көрші-қолаңдарын аралап, қоштасып шығады. Қыздың сәукелесін жеңгесі киіп жүреді.

«Алтын да менің босағам, Базардан келген құйысқан,

Аттап бір шығам деп пе едім. Тарамай шашым ұйысқан.

Күміс те менің босағам, Келіп те кетіп жүріңдер,

Күңіреніп шығам деп пе едім.

Сағындырмай, туысқан»,— деп, бұлаңдатып өсірген өз жұртын қия алмай, бүкіл балалық шағы, бал дәурен өмірі көз алдына келіп, сол сәттегі мұң-сағынышын ұлттық сазды әуенімен, өз жүрегінен шыққан, немесе сонымен үндесетін шумақтармен білдіреді.



Ұзатылар қыз туған-туысқандарын аралап, қоштасқан кезде ағайындар арасындағы кейбір кикілжіңдер де ұмытылады, бауырлық сезім бәрінен де жоғары тұрады. Бірін-бірі қия алмай, бәрі де қиналады. Кейбір жөн білетін жеңгелер қайын сіңлісінің сыңсуына өзі де сыңси үн қосып, толқыған көңіл-күйді одан әрі тебірентіп жібереді.

Көңіл айту — көрісу акгісінің басты құрауыштарының бірі; адам қайтыс болғанда оның туыстарына қайғысына ортақтасып лебіз білдіру. Көңіл айту қазаға ұшыраған адамның туысын (туыстарын) жұбату мақсатында айтылады. Көңіл айтудың мазмұны, біріншіден, өлген адамның "ол дүниеде иманы саламатты, жатқан жері жайлы, топырағы торқа" болуын тілеу; екіншіден, тірі қалған туыстарын жұбату ("өлгеннің артынан өлмек жоқ", "өлім — табиғаттың (құдайдың) заңы", "тірі адам тіршілігін істейді"). Көңіл айту қайтыс болған адамның туыстарын моральдық демеу, қайғысына ортақ болып, жеңілдету мақсатында айтылады.

Көңіл сұрау — ауырған адамның «денсаулығын, жалпы күйін біліп, оған (достық немесе туыстық сезіммен жолығу иқты. Көңіл сұрау ауру адамға рухани демеу көрсету, оны және ұмытып кетпегенін, әрқашан көмекке келуге дайын екендігін білдіру мақсатымен жасалады. Қазақтың ұлттық моралінде ауырған адамға әдейі кіріп, көңілін сұрау қалыптасқан әдеп-дағдылардың бірі болып табылады. Егер ауру асқынып кеткен немесе беті қайтпайтын деңгейге жеткен болса көңіл сұрау ауыр психологиялық ахуалда өтеді. Мұндайда көңіл сұраушылар науқас адамға сыр білдірмей, оның назарын басқаға аударып, түрлі жаңалықтарды айтып, оны көңілдендіріп кетуге тырысады.

Көрісу — белгілі бір адам өмірден өтуіне байланысты оның жақындарының өлім актысы болғаннан кейінгі жүз көрісуі. Көрісу ауыр психологиялық жағдайда өтеді және өмірден өткен адамның тірі кезінде қандай әлеуметтік мәртебесі болғанына, жақын адаммен туыстығы немесе өзге жақындығы (таныстығы, достығы) болғанына қарай әр деңгейде өтеді. Қазақтың ұлттық моралі көрісудің барлық жораларының сақталуын құптайды. Көрісуге келген адам атпен келсе, үйге қарай шауып, содан кейін мінген атын өлім шыққан үйден алыс тастап, үйге дейін жаяу барады. Жақын туыс адамдар дауыс салып ("бауырым", "қарындасым", "қандасым", "жалғызым", "мені тастап кеттің-ау", "ел-жұртыңды кімге тапсырдың" деген сияқты сөздер айтып) жылап келеді. Өлген адамның жақын туыстары — ерлер сыртта есік алдында таяқ ұстап тұрады, әйелдер үйде жылайды. Әйелдер өлген адамның еңбегін, халыққа жасаған жақсылығын, туыстарына қарым-қатынасын жырға қосып айтады. Мұндайда өкпе-наз да айтылуы мүмкін. Егер дауыс салып отырған әйел көңіл айтуға келген адамның біріне қатысты өткір сөздер айтса, оны ер адам сабырлылықпен қабылдауға міндетті. Өлім үстінде жылап айтқан лебізге қарсы дау айтуға болмайды. Жылап немесе жыламай көріскеннен кейін туыстар (достар, қызметтестер, таныстар) өлген адамның жақын туыстарына көңіл айтады.

Сарқыт сұрау — үйге келген қонақ сыйлы, беделді, елге аты шыққан жақсылардан болса ілгеріде айтқандай «Жақсыдан шарапат» дегендей, ырым етіп, сарқыт сұраған. Сарқытты әдетте келіндер иіліп, сәлем беріп алады. Төрде отырған кісі бұл сәлемді қабылдап: «Көп жаса!», «Бақытты бол!» немесе «Ұл тап!» деп ризалығын білдіріп, тілек айтқан.

Бұйымтай сұрау. Қазақ үйіне келген қонақтан «Неге келдің?», «Қанша боласың?» деп сұрамаған. Қонақ қанша жатамын десе өзі біледі. Ал сол қонақ кетуге жиналып, атқа мінер алдында үй иесі не үйдегі әйелі «Не бұйымтайың бар?» деп сұраған. Қонақ сұрауын үй иесі мүмкіндігінше орындауға тырысқан.

Көріп отырғандай, осында қанша шыдамдық, сабырлық жатыр. Бұл да базарлық сұрау сияқты тек көшпелілерге тән көрініс.



Сүйінші сұрау. Жақсы хабар жеткізіп, тыңдаушысын қуантқан адам сүйінші сұраған. Жақсы хабардан соң әліне, мүмкіндігіне қарай үй иесі хабар жеткізген адамның сүйіншісін берген.

Ақыл сұрау. Басқа іс түскенде, шым-шытырық даулы әңгіме көтерілгенде ауыл ақсақалдарынан, байсалды кісілерден не істеу керек, мына мәселелерді қалай шешуге болады деп ақыл сұраған. Мұндай жағдайда ақыл беруші өзінің білгенін, көргенін айтып кеңес берген.

Жөн сұрау. Ақыл сұраудың бұл бір түрі — жолаушыдан баратын жөнін сұраған. Бір жерге барғанда, жөнсіздік көрсетпеу (айталық құдалыққа барғанда), кәдені бұзбау үшін қалай еткен дұрыс болады, қайткенде күлкіге қалмаймын, ісім оң болады деп жөн сұраған.

Бата сұрау. Бұл әлгі екеуіне жақын. Алыс жолға шыққанда, айталық ертеде Меккеге «қажылыққа» сапар шеккенде (ол кезде жол ауыр, кейде барғандар қайтып орала алмайтын жағдайлар да болған), не жас жігіт ел қор-ғауға аттанарда ауыл ақсақалына келіп, оның батасын алған.

Бата беру — тілек тілеу. Әлі күнге дейін дастарханға, не мал союға бата сұрайды. Осы әдеттер қазақты бауырмал еткен, бірін-біріне жақын тартқызған. Сондықтан да индивидуализм, қатыгез, менмендік қазақта өте сирек кездескен.

Тәберік сұрау. Бұл діни ырымға жатады. Бір кісі әулиелі жерге барып қайтса, не басқа бір қасиетті орыннан келсе, одан тілектестері тәберік сұраған. Тәберік базарлықтың бір түрі, діни мәнісі бар ырым.

Сыбаға дәмету. Қонаққа шақырылған кісі себеппен келе алмай қалса, сыбаға дәметкен. «Тойдан сарқыт, соғымнан сыбаға» дейді халық. Соғым қараша аяғы мен желтоқсанның басында болады. Соғымда ауыл жиналып сойылған малдың етінен ауыз тиеді. Келе алмаған кісіге оның сыбағасын қалдырады.

Жылу сұрау. Кейбір үйлер түрлі себептен күйзеліске ұшыраса, айталық қысты күнгі «жұттан» кейде малы қырылып, таяқ ұстап қалса, не басқа апатқа ұшыраса, ел болып, мал, дүниесін жинап беріп, оларды қатарға қосқан. Осы айтылғандар сияқты қазақта басқа да жақсы гуманистік әдеттер болған. Мұндай әдепті әдеттер адамдарды бір-біріне жақындатқан, қауымдас еткен.
Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет