Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016



бет4/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Шоқан Уәлиханов (1835—1865).

Қазақ топырағында қоғамдық прогресс үшін ғылым-білімнің маңызын ерекше көре білген Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов бүкіл әлемдік өркениет қорынан мейлінше мол сусындаған, жан-жақты білімді, озат ойлы, ерекше дарынды адам еді. Ол өзін терең тарихшы, ерінбес этнограф, батыл саяхатшы, талмас географ, білгір әдебиетші, шебер суретші, жалынды публицист, жан сырын ұққыш нәзік психолог ретінде көрсете білді. Не бары отыз-ақ жыл өмір сүрген Шоқан аз ғұмырының ішінде білім-ғылымның көптеген салаларына бағасын мәңгі жоймайтын үлес қосты.

Шоқан еңбектерінде психологиялық мәселелерге байланысты әр түрлі сипаттағы деректер баршылық. Осылардың ішінде басқа мәселелерден көбірек сөз болғаны — халқымыздың ұлттық санасы, оның ішінде өзіндік психологиялық ерекшеліктері туралы мәселе еді.



Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстан тарихы мен этнографиясын зерттеген шовинистік рухтағы орыс ғалымдарының еңбектерінде халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы бар мәдениетіне қиянат жасалып, тіпті ұлттық психологиямызға күйе жағылып, екінші сорттағы халық деп келгені белгілі.

Ұлттық психика саласында ерекше көрінеді, өйткені өнер адамдарының өз айналасын көркем түрде қабылдап алу ерекшеліктерін, біртіндеп қалыптасқан халықтың эстетикалық талғамдарын көрсететін қоғамдық сананың бір формасы.

Ғалым қазақ халқынын ұлттық психологиясын мына төмендегі пікірлерінде жеріне жеткізіп сипаттаған: «... қазақ барлық сенім, әдетімен де, - деп жазды ол, - ойын-сауығымен де, әр кезде жасаған адамдарының тарихи мәні бар оқиғаларды баяндайтын поэтикалық құны күшті аңыздар, өлең-жырлар жасаумен де, сауыққа құмарлығымен де, халықтық заңның көптеген кодекстерін сақтаумен де, соттық шешімдерімен де, полициялық шаралармен де, ел ақылдыларының қатарына қосылады». Өз халқының мәдениеті мен әдебиетін, әдет-ғұрпы мен психологиясын осыншама жоғары бағалаған Шоқанды қайтып қана қадір тұтпассың!

Шоқанның психологиялық пікірлерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады. Ғұлама ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғанын айтады. Ол қазақ, даласында кейінірек тараған шаман дінінің пайда болуының да белгілі себептері бар дейді. Білім-ғылымнан кенже, тәжірибесі аз адамның табиғатпен күрестегі енжарлығы, оған тәуелді болуы — діни елестер мен сенімдердің пайда болуының көзі. Оның ойынша діни сенімдердің пайда болуының екінші бір көзі адамның жан-дүниесінің, оның сана-сезімінік кейбір ерекшеліктерінен туындайды. Дүниедегі ерекше бір керемет - адамның өзі. Оның жаны, қабілеті, ойлайтын және бәрін білгісі келетін рухани өмірінің зерттелуі аса қиын нәрсе. Адамның табиғат күштерінен қорқуы - діни түсіндіктерінің пайда болуының басты себептерінің бірі. Жас сәбиге ұқсаған алғашқы адам үшін табиғаттың апаттары қанша қаһарлы болса да ол одан жасырына жан сауғалай алушы еді. Ендігі бір үлкен қырсық адамның өзінде болды, Өзі сезінетін, бірақ түсіне алмайтын сиқырлы күштен қорқу, үрейленуден теріс түсініктер туындады.

Шоқан қазақ халқындағы шамандық ұғымдарды (ем, ұшық, сиқыр, арбау, кесір, тіл тию, көз тию, ырым, т.б.) шығу тегін түсіндіргенде де оның психологиялық жақтарын ашқанда да материалистік позицияны берік ұстады. Ол осы ұғымдардың адам баласының ерте кезде табиғаттың алдында дәрменсіздігінен, оның сан қилы құбылыстарын түсінуге шамасы қелмеген кезде пайда болғандығын, мұңын, дала жұртының ғылым мен мәдениеттен кенже қалғандығынан күнделікті тұрмыста әлде де сақталып келе жатқандығын нақтылы мысалдар келтіре отырып, тәптіштеп түсіндіреді. Ғалым діннін гносеологиялық шығу тегін, тамырын ғылыми тұрғыдан түсіндіре алса да, оның әлеуметтік мәнін ашып көрсетпеді.

Шоқан психологияда өзіндік теориялық тұжырымдар ғана жасап қоймай, өзін шын мәніндегі практик психолог ретінде де көрсете алды. Оған ғалымның жекелеген адамдарға берген сипаттамалары жақсы дәлел. Мәселен, құлжалық Тоғалдай деген кісіге берген психологиялық сипаттамасында былай деп жазды: «Тоғалдай сығыр қисық көзін үлкен көзілдірігімен сәндеген, қаршыға тұмсық, арықтау келген қарт, оның аузы сәл қисық, үстіндегі ерні үш бұрыш сияқты, ортасы үш бұрыштың төбе қиығындай да, ернінің екі шеті ерінге тіреледі.... қушиған сүйір иегі қылтанақсыз, тап-таза. Еріндерінің арасынан онымен тамаша табысқан көгілдір-буырылдау, кофе түсті сынық тістері көрініп тұрды. Жасына қарамастан, ол өте сөзшең екен, шұнаңдап-ақ тұр. Үстіне жібек шапан киіп, қара белбеу буынған, оған дорба мен желдеткіш ілген». Ал Шоқанның қытай қызына берген мінездемесі де тамаша! «Бет ажары бірқыдыру сүйкімсіз де емес... қою қара шашы артына қарай жиналып, сәнді өрілген, сүмбідей өкшесіне түсіп тұр. Басына әр түрлі көбелектер мен сүйкімсіз бүршіктері бар қолдан істелген гүл шаншылған. Еріндеріне далапты қалың жаққан және ол маржан тасындай қып-қызыл. Ол өзінің қысықтау көзімен біресе жоғары, біресе төмен қарап, көз алдыңнан әсте кетпей қояды».

Шоқанның психологиялық пікірлері осы айтылғандармен шектелмейді, оның мол рухани мұрасында жан сырлары туралы басқа да түйінді ойлар баршылық.

Ыбырай Алтынсарин (1841 1889).

Ы.Алтынсарин де Шоқан сияқты арнаулы психологиялық еңбектер жазып қалдырмаған кісі, әйтсе де оның сан алуан ойға толы шығармаларынан (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары, т. б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Бұл пікірлер оның өзі айналысқан практикалық, істерінен туындаған сияқты. Ой қозғаған осындай түйіндерге: бала және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық, педагогикалық негіздері, мұғалім-ұстаз проблемалары, коғамдық психология мәселелері, т.б. жатқызуға болады.

ЬІ.Алтынсарин өз «Хрестоматиясында» жас өспірімдердің жан дүниесін, ақыл-ойын қалыптастыруға ұдайы көңіл бөлу мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп есептеді. Көшпелі қазақ баласының айналасын дұрыс қабылдай алуы, осыған орай оның байқағыштық қасиеттерін, арттыру, жетілдіру мақсатын көздеп, «Хрестоматияға» үнді ертегісінен мынадай бір тамаша үзінді берген: «Біреу ағашқа іліп қонған етін ұрлатып алып, айналасына жар салады. «Аласа бойлы, қолында қысқа мылтығы бар, соңында тарақ құйрық кішкентай иті бар бір қарт адам көрдіңіз бе?» деп. Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып тауып, ұрысын ұстапты-мыс. Ауылдас адамдары үндіден «ұрының түсі-түгін қайдан білдіңіз?» — деп сұрапты. Сонда үнді айтыпты дейді:— Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді, ол ағаштың астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жүргендегі ізінен байқадым - адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін: етімді ұрларда, мылтығын ағашқа сүйеп қойган екен, сонда мылтықтың аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті, жер мен сол жырылған қабықтың арасынан шамаладым. Ұрының қасында иті бар екенін және ол иттін әрі кішкентай, құйрығы тарақ құйрық екенін білгенім етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір құмайттырақ жерде отырған екен; соның құмға түсіп қалған ізінен және бұлғаңдатқан құйрығының табынан байқадым депті».

Ыбырай Алтынсарин осы үзіндіде байқағыш болудың адам өмірінде, оның дүние тануында қаншама маңыз алатынын, тіпті мұндай қасиет білімі жоқ, бірақ өмір тәжірибесі мол адамдардың басында да біртіндеп қалыптасатынын сөз етеді де, шәкірттерді, өмірді жан-жақты зерттеп білуге, түймедейден түйедейді таба білетін ізденімпаз, зерделі болуға меңзейді.

Ғұлама педагогтың осы ойларында қаншама тамаша психологиялық түйіндер жатыр. Ол шәкірттердін білімді жай жаттап алып, үстірт меңгермей миға тоқып, санасынан өткізіп, әрбір сөздің мәніне терен бойлап түсінуін талап етті. Ол мұғалімдерге барлық пәнді осылайша жүргізудің қажеттігін, яғни К.Д.Ушинскийдің тілімен айтқанда оқу жүйесіне барлық сезім мүшелерін (көз, қүлақ, иіс, т.б.) қатыстырып, оқушылардың қызығу белсенділігін арттыра берудін ерекше маңыз алатындығын ескертті. Ол сондай-ақ қазақ балаларынын өзіндік кейбір ұлттық ерекшеліктерін көрсете келіп, осы жәйтті де оқыту-тәрбие ісінде мұғалімдердің үнемі ескеріп отыруын қажет деп санады. Мәселен, оның өзі қазақ балалары үшін «Хрестоматия» құрастырғанда осы жағдайды қатты ескергені байқалады. «Қатаң тұрмыста өскен қазақтарға, - деп жазды ол, - мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балаларының оқығысы келмейтінін, оқыса күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті ренжитінін тәжірибемнен білемін. Қазақ балаларына, меніңше, мағыналы анекдоттар, жұмбақтар, ойына ой қосатын әңгімелер немесе оларды қызықтыратын, мысалы жібек құртының көбелектерінің өзгерулері, құндыздың өзіне үй салып алатыны сияқты әңгімелер тәуірірек болады».

Ы.Алтынсариннің тәрбиеші ұстаз, мұғалімдік өнер жөніндегі айтқандарында психологиялық түйіндер аз емес. Ол оқу-тәрбие процесіндегі мұғалім рөліне айрықша маңыз береді, мектеп ісінің сан-саласындағы жетістіктерді мұғалімнің білімі мен іскерлігіне, беделі мен өз жұмысын жан-тәнімен сүйе білуіне байланысты деп түсінді. «...Қазақ мектептерінің бар келешегі — деп жазды ол, — көбінесе істің қазіргі басталуына байланысты, сондықтан да мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін». Ол әсіресе Торғай облысында өзі инспектор болған жылдарында (1879—1889) мұғалім проблемасына, оның жеке тәлімгерлік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген еді. Ы.Алтынсарин мұғалімдердің оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруын, олардың «педагогикалық және оқытушылық» тәсілдерді меңгеру қажеттігін баса айтты. Ол мұғалімдердің алдына мынадай міндеттер қойды: нағыз мұғалім болу үшін шәкірттердің өзіндік ерекшеліктерімен мықты санасу қажет, ол үшін педагогикалық әдебиеттерді үнемі оқып, қадағалап отырмаса болмайды. Мұғалімге аса сезімтал, бала жанын жазбай танитын адам болу қажет екенін айта келіп, ол оқу-тәрбне саласында ізденбейтін мұғалімдерге қатты ренжиді. «Мұндайлар, - деп жазды - оқушыларды адастырады, сонан қойылған сұраққа оқушылардың жауап бере білмегеніне ренжіп, өздері де ашулана бастайды, тіпті оқушыларға өшігуге дейін барады. Содан кейін оқушыларды бұрынғыдан да адастырады, мүлде шатастырып, оларды тіпті ешбір бере алмайтын халге жеткізеді» дей келіп, сабақ методикасы төмен мұғалімдерді ол «баламен түсінісе алуға шорқақ, дарыны жоқ адам» деп сипаттайды. «Оқытушыларды бағалағанда,— деп жазды Ы.Алтынсарин — олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау қажет».

ЬІбырай Алтынсарин өз халқының жарқын келешегі үшін бар саналы өмірін сарп еткен, халыққа қызмет етуден артық іс жоқ деп түйген, туған халкын, ел-жұртын шексіз сүйген, нағыз отаншыл азамат еді. Сондықтан да оның көптеген шығармаларында қазақ халқының өзіндік психологиялық қасиеттері, салт-санасы, әдет-ғұрпы жайлы айтқандары ерекше назар аудартады.

Абай Құнанбаев (1845—1904).

Ақын творчествосында психологияның негізгі мәселесі — жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімнің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық, ұлттық психологияның жекелеген мәселелері де (адамның жеке басына және жас деңгейіне байланысты ерекшеліктер, әдеп, үлгі-өнеге, өзін-өзі тәрбиелеу жайлы оқу мен үйретудің, психологиялық негіздері, ұлттық мінез-құлық т.б.) көрініс тапқан. Ол бұларды талдап-талқылағанда адамның психологиялық өмірінің қыры мен сырына жаратылыстық-ғылыми тұрғыда түсініктеме беріп қоймайды. Алайда, Абай тұжырымдарының ауқымы мен тереңдігі — оның, әлем психологтарының, еңбектері таныс болғандығын айқын дәлелдейді. Нақтырақ айтсақ оның, психологиялық көзқарастары Аристотель, әл-Фараби көзқарастарымен астарласып жатады. Оның таным процесіне байланысты материалистік түсініктері Аллаға сену мен жанның мәңгілігі туралы ұғымдармен араласып отырады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман — алдымдағы келер заман», т.б. өлеңдерінде ойшыл ақын адамның тәні ғана өледі, ал жаны ешқашан да өлмейді деп тұжырымдайды.

Абай қоршаған ортаның шындығын мойындай отырып, ақыл мен сана еңбек барысында қалыптасатындығы туралы: «Ақыл, ғылым — бұлар кәсіби»,— дейді. Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек»,— деп, Абай адамның ішкі жан-дүниесінің ақыл, сезім және қайрат секілді қуаттарын біртұтас етіп алады. «Он жетінші сөзінде» (қайрат, ақыл, жүректің сөз таластыруы) тек бірлесіп, ынтымақтасқан жағдайда ғана күш алатын үш түрлі жан құбылысын әдеби-публицистикалық тұрғыдан көрсетпек болады. Ойшыл ақын негізгі үш бастау — ақыл, сезім және қайрат арасындағы тартыс арқылы адам мінезінің қарама-қайшылықтарын дұрыс түсіндіреді. Осы сұхбаттың логиқалық үйлесімі, дәлелдері, терминдік сөздердің байлығы (мақсат, кішіпейілділік, әділдік, қайырымдылық, елгезектік, қатыгездік, реніш, абырой, қайрат, жауыздық, қулық т.б.) оқырманды қайран қалдырады.

Абай адамның танымдық қасиеттерінің табиғатын ғылыми материалистік тұрғыдан түсіндіреді. Сезіну және түйсіну мәселелерін де дәл осы бағытта талдайды. Ақын сыртқы дүниенің адамның сезім мүшелеріне әр түрлі сипатта әсер ететінін айта келіп: «Құлақ болмаса, не қаңғыр, не күңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән — ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білсе, дүниеде не тәтті, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік?»,— деп көрсетеді. Алайда сезім мүшелерінің құлақ, мұрын, т.б. мимен байланысты дейтін түсінікке ол бара қоймайды.

Абайдың психологиялық мәселелерге көзқарасы, ең алдымен, поэзия мен өнердің міндеті — адам өмірін, олардың көңіл-күйі мен іс-әрекеттерін шыншылдықпен көрсете білу деген түсінігіне орай калыптасқан. Ол поэзия саласындағы талант иелерінің психологиялық кызметінің ерекшеліктерін, оның даму заңдылықтарын жете зерттеуі керектігіне зор мән берді. Ол өнердін, кез келген түрі адамның белсенді шығармашылық қызметінің барысында қоршаған орта шындығынан нәр алып, мазмұндық жағынан байи бермек деп есептеді. Ән мен күй өлең мен музыка қазақ халқының өмірі мен тұрмысынан ерте заманнан-ақ берік орын алып, олардың сенімді де айнымас серігіне айналған дүниелер. Куаныш пен қайғы, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік - бәрі де әнде бейнеленеді, сонда көрініс табады. Ән сырға толы, адамды шаттық пен қуанышқа бөлеп болашаққа жетелейді, жабыққанда жұбатады, шаршағанда демеу болады. Әнсіз өмір жоқ. Ол жүрек қылын шертіп, толғандырады, қиялға қанат бітіреді. Адам әсем әнді жылы сезімімен, ар ықыласымен, жүрегімен кабылдайды. Тек шын жүректен шыкқан ән ғана тыңдаушысын толғантып, қуанышқа бөлейді. Абай ән мен музыканы адамның әсемдікке деген құлшынысын қанағаттандыратын аса маңызды құрал, оның рухани дамуының негізі деп есептеді. Ол өзі де соңына көптеген тамаша әндерін мұра ғып қалдырды.

Ол қазақтың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуы тарихында алғаш рет акындық шабытты шақтың психологиялық астарына терең үңіліп, оны адам рухының ерекше күйі, жүректің лүпілдей соғып, қанды қыздыратын көзі деп сипаттады. Ақын шабыт шалқыған сәтте өмірден кол үзіп қалмай, керісінше күнделікті күйкі тіршіліктен жоғары тұрып, шындық пен әділдіктің қатал да қайтпайтын жаршысы болуы керек. Нағыз акын шабыт пен қуаттан күш алады, шабытсыз өнер жоқ. Онсыз өлең де тумайды. Өнердің, дәлірек айтқанда, музыка мен әннің мақсаты - адамдардың көңіл-күйіне әсер етіп, оларға рухани қорек беру, эстетикалық ғажайып рахат шәрбатынан сусындатып, жағымды этикалық қасиеттердің қалыптасуына жағдай жасау. Абайдың психологиялық мәселелеріне байланысты бізге жеткен пікірлері, оның қазақ тарихында тұңғыш рет психологиялық ұғымдар жасауға талаптанып, бұл ғылымға казақ тілінің аса бай сөздік қорынан бірқатар түсініктер (қылық, қуат, мінез, көңіл, қасірет, қуаныш, кұмарлық, күлкі, ықылас, талап, зерде, үрей, жалқаулык, табалаушылық, күншілдік т.б.) енгізіп, осы жолда қазақ фольклорындағы психологиялық түсініктерді өңдеп, әрлеп, нақтылап, орнықтырып қана қоймай, сонымсн қатар көшпелілердің психологиялық әлемі туралы өзіндік көзқарас жүйесін қалыптастырғанына келіп тіреледі. Абай адамның жан-дүниесіне қатысты түрлі ұғымдар мен түсініктердің мәнін айшықты тілмен әсерлі етіп жеткізіп, өлеңдері мен қара сөздері арқылы қазақ халқының қалың бұкарасы арасына психологиялық білімнің таралуына қолайлы жағдай жасады.
2.6 ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі қазақ ғұламалары мен қоғам қайраткерлерінің психологиялық пікірлері
Өзінің түп - төркіні мен ілкі бастауын сонау Орхон-Енисей жазбаларынан алатын ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер Қазан төңкерісіне дейін әлі де болса ғылыми-теориялық дәрежеге көтеріле қоймаған еді. Оның бірнеше себептері болды: біріншіден, Қазақстанда қоғамдық, гуманитарлық ғылымдардың сан-салалы тараулары бір-бірінен дараланып бөліне, олардың ғылыми атаулары қалыптаса қоймаған болатын. Екіншіден, әр ғылымның жекелеген ерекшеліктерін мұқият зерттейтін маман ғалымдардың тапшылығы, үшіншіден, ғылым салаларын өрістетерлік ғылыми-техникалық, материалдық базаның (зерттеу мекемелері, баспа орындары, т.б.) жұпынылығы себеп болды.

Әйтсе де осы кезеңде туған халқының жарқын болашағы, оның тәуелсіздігі мен бостандығы және рухани өрлеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда шыбын жандарын пида еткен аса көрнекті ғұламалар мен қоғам қайраткерлері қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, жазира кең далада рухани-мәдени дамудың жаңа кезеңі қазақ ренессансының (қайта өрлеу) іргесін қалаған еді. Бұлардың алдыңғы шебінде Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Н.Құлжанова, т.б. жүрді. Осынау біртуар жандар педагогика және психология ғылымдары саласында ғылыми еңбектер жазып, оқу құралдарын шығарып, тәлім –тәрбиелік ғылымдардың ұлттық терминдерін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Сөйтіп, кезінде ғұлама бабамыз әл-Фараби ілімінен бастау алған психология ғылымы шын мәнісіне ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында басқа қоғамдық ғылым-білім салаларынан бөлініп, дербес ғылым болып қалыптаса бастады.

Осы айтылғанға орай, ұлттық тәлім-тәрбие ілімінің іргесін қалаған қазақ зиялыларының психологиялық ой-пікірлері арнайы сөз болып, талдауға алынады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858- 1937).

Шәкәрім ХХ ғасырдың басындағы қазақтың қоғамдық әлеуметтік, мәдени-әдеби өміріне белсене араласып, туған халқына ізгілік пен имандылық, ғылыми ағартушылық идеяны тарату жолында ұлы Абайдың ұлттық нақышқа толы пәлсапалық-психологиялық дәстүрін әрмен қарай жалғастырып, халқына мол мәдени қалдырған ғұлама. Шәкәрім көптеген пәлсапалық-психологиялық (көбісі өлеңмен жазылған) шығармалардың авторы. Ал, ән мен күй, музыка саласында жазған еңбекетрінің өзі бір төбе. Шәкәрім шығармаларында адамда ғылыми ой-пікірлер көптеп кездеседі. Мәселен, ақынның психологияға байланысты көзқарасын «Анық пен танық», «Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», т.б. шығармаларынан кездестіреміз. Бұларда ғұлама адамдарға сыртқы дүниенің, қоршаған табиғаттың жұмбақ сырын ұқ, танып-біл, оның өлшеусіз байлығын мұратыңа, қасиетіңе жарат, бұл үшін алла тағала адамға ми берді, білу, нану, ұғыну, тану – бәрі ақыл ісі, олар мидан шығады деп тұжырым жасайды.

Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,

Мұрын иіс, тіл дәмінен хабар бермек.

Бесеуінен мидағы ой хабар айтып,

Жақсы-жаман әр іситі сол тексермек.

Шәкәрім адам жанының әр түрлі жағдайда көрінентінін айтады. Өзінше бұлардан орысша-қазақша термин жасағысы келеді. «...Инстинкт – сезімді жан, сознание – аңғарлық жан, мысль – ойлатын жан, ум – ақылды жан» дегендей әр түрлі қасиеттерді тізбектейді. Дене әр түрге түскен сияқты жан да өсіп, өніп, жоғарылайды ... толық терең ақыл адамнан шығады... Совесть (ұждан) – жанның тірегі ... ми, жұлын ... – жанның тұрағы, ол бұзылса, электрия сияқты жан да кетеді, дейді.

Ақын ми қызметі адамның сезім мүшелерінің әрекеті арқылы іске асады дей отыра, кісінің ойға алған ісін жүзеге асыруы, оның әділетті, әділетсіз болуы, ізгілікті қууы немесе жауыздық жолға түсуі, ақыл мен жүректің қызметі екендігін дәлелдегісі келеді. Сөйтіп, ол жанның миға байланысты екенін мойындағанмен оның мәңгі-бақи өлмейтіндігіне сенеді. Осыған орай ол былай дейді: «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын... жанның барлығын, өлген соң да жоғалмайтындығына... қанып қалған әдет, ... ақыл ісі ме?... Жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер ешбір жол, заң тазарта алмайды». Сондықтан ақыл мен жүректің жетегіндегі адам тіршіліктері барлық нәрсені сарапқа салып, байыбына барып, терең ойлаптопшылап ақылмен іс қылу, адамдықтың басты парызы дейді. Шәкәрім өзінің пәлсапалық сыпаттағы ой-пікірлерін әрмен қарай жалғастырып, жер жүзінде неше түрлі халық бар, олардың бәр-бәрі де жаратылыстың ішкі сырын ұғып-білуге ынтық, бірі «дүниені жаратушы тәңірі – күн» тіршілік күн нұрынан жаралады десе, енді бірі «құдай жоқ» деп жар салады, үшіншісі – көп құдайға табынса, төртіншісі – міне, құдай деп суретке табынып, ойын он жаққа жүгіртеді, осының бәрі дүние сырын білуге ұмтылушылық, - дейді де, өз ойын, - нағыз тәңірі жолы – қиянатсыз ақ жүрекпен адал еңбек ету, деп түйіндейді.

Шәкәрім жан мен тәннің ара қатынасы мәселесінде дәйекті пікір айтады. Мәселен, ол қандай жан болса да (жануар, адам) денемен, тәнмен байланысты болатындығын айта келіп «жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр» десе, енді бір шығармасында «дене сезіміне нанба, дене, сезім түгел алдайды... бәрін де тапқан таза ақыл ... бар ғылымның түп атасы – таза ақыл мен ойлану ... жан мен дене екі басқа деп, келетін ақын түйіндері жан мен тәннің байланысын көрсететін ғылыми-психологиялық тұжырыммен үйлеспейді. Бірақ та ақын жан сыры мәселесіне келгенде кемеңгер ұстазы Абай тұжырымдарын тереңдете түскендей жәйітті байқатады. Егер бұрын-соңды қазақи қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірлердің даму тарихында жандар айтылып келген болса, Шәкәрім «этнопсихология» терминін қазақ топырағында тұңғыш қолданғаны белгілі. Мәселен, ол бір шығармасында: «Жан сыры деп жазған, психология деген пән», - деген тіркесті қолданып, оны психологиялық пікірлерінің негізгі жүйесі, оның 1919 жылы қазақ тіліне тәжірмаланған «Психология» дейтін кітапқа жазған сынпікірінен (рецензия) жақсы байқалады. Қолжазба түрінде оншақты беттік материалдың жекелеген үзінділеріне назар аударатын болсақ, оның психологиялық көзқарастары жайлы толығырақ мағлұмат алатынымыз хақ. «Тіршілік – жан туралы» деп аталатын осы мақаланың жекелеген қисындары мына төмендегідей. «Сонша білімді адамдар әлі күнге дейін өзінің кім екенін анықтап білген жоқ... Біз кім екенімізді білмек болып, жан тіршілігін тексеретін «Психология» сияқты ғылыми кітапты оқысақ, жанның тіршілік сырын білмек түгілі миымызды қатырып, ол кітаптардан не ұғатынымызды білмей аң-таң боламыз... Міне дәлел: қазақ тіліне аударылған психология кітабын оқып қараңыз...

...Тіршілік басынан бар. Бірақ, ол тіршіліктің бізге анық сезілетін кезі де бар, сезілмейтін кезіде бар. Оның себебі: дүниенің қандай күйде, қандай түрде болғандықтан... Аюандардың денесі, адамнан көрі кемдігі болғандықтан:еркіндік, мүше қаруы да, терең ойлауы да кем болып отыр... Адам өз жанының сырын әбден анықтап білмей тұрып, өзінің кім екенін білмейді. Жан қасиетін анық білме, сонда адам түзеледі... Дүние дозақ емес, дейік. Табиғаттың байлығы барша жанға жеткілікті. Бірақ, есіл бейішті дозақ қылып отырған адам. Егер адамдар түгелімен біріне-бірі қиянатсыз туысқан болып, осы ақылын жұмсап, еңбек қылып, табиғаттың қасиетімен пайдаланып отырса, дүние бейіш болатынына ешкім дау айта алмас... өз жанының қасиетін білмей тұрып, адамның құлқы түзелмейді... ақылдың анық деп тапқан ақиқатын айтпауға ар көнбейді... Қай өнер, ғылым болса да оны табатын ақыл... Бар білімінің түп атасы ақыл». Шәкәрімнің осындай психологиялық пікірлері алдағы жерде арнаулы зерттеуді қажет ететіндігін дәлелдеп жатудың өзі артық болар.




Жумадуллаева а.а.,өтеген қ.о. ,сыдыкова з.е.
Кезеңдері 2.1 ежелгі түркі ғұламаларының этнопсихологиялық ой-пікірлері
Мәшһүр-жүсіп көпеев (1857-1931), ғұмар қарашев (1876 – 1921).
Міржақып дулатов (1885-1935).
Сұлтанмахмұт торайғыров (1893-1920).
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу