Оныншы тарау
КЕЙІНГІ ТӨРТ КҮН
Сөйтіп, Дик Сэнд «Пилигримге» капитан болды. Ол уақыт
оздырмай желкен көтеруге ұйғарды.
Жолаушылардың тілегі жалғыз-ақ: қайтсе де тезірек Вальпарайсоға
жету немесе Оңтүстік Америка жағалауының бірер портына іліну. Дик
Сэнд өздерінің бет алған бағыты мен «Пилигримнің» жүрген жүрісінің
тездігін бақылап, жүрістің орташа тездігін есептеп шығарып,
күнделікті жүрген жолының мөлшерін картаға түсіріп отыруға
ұйғарды. Мұны орындау үшін компас пен лаг болса жетіп жатыр.
Кемеде винтпен айналып жұмыс істейтін патент-лаг бар-ды. Бұл
құралдың циферблатындағы тілі, белгілі бір уақыттың арасында
кеменің жүріс тездігін көрсетіп отырады. Патент-лаг зор қызмет атқара
алады; құралдың құрылысы оп-оңай, мұны пайдаланудың əдісін
үйрену, «Пилигримге» жаңа келген тəжірибесіз матросқа да қиын
емес.
Бірақ мұның есептен жаңылдыратын бір жері бар — ол теңіз
ағысы.
Лаг та, компас та ағыс күшін есептей алмайды. Ашық теңізде
кеменің дəл қай жерде екендігін тек қана астрономиялық бақылаумен
шамалауға мүмкіндік бар. Бірақ олардың сорына, астрономиялық
бақылау жүргізуді жас капитан біліңкіремейтін-ді.
Алғашқыда Дик Сэнд «Пилигримді» Жаңа Зеландия жағалауына
қарай кері əкетуге ниеттенген еді. Бұл жол төте де жақын болатын.
Егер өнебойы кеменің алдынан соғып тұрған жел, кенет бұлардың
ыңғайына бұрылмаса, жас капитан алғашқы ниетін орындаған болар
еді. Жел бет алған бағытқа бұрылған соң, Америкаға қарай жүре беру
оңайырақ көрінді.
Жел ыңғайы 180° шамасы бұрылды да, енді солтүстік-батыстан
соғып, екпіні күшейе түскен тəрізденді. Мүмкіндігі болғанынша ілгері
басу үшін ыңғай соққан желді пайдаланып қалу керек.
Дик Сэнд барынша бакштагпен
39
жүруге ұйғарды.
«Пилигримнің» фок-мачтадағы тік желкені төртеу болатын:
мачтаның төменгі иініндегі фок, стенга марселі, брамстенгадағы
брамсель жəне бом-брамстенгадағы бомбрамсель.
Грот-мачтаға кішірек желкендер қойылады: төменгі иінде грот
болады да, оның үстінде топсель тұрады.
40
Бұл екі мачтаның аралығындағы штангаларға (бұлар грот-
мачтаның алдыңғы жағына бекітіледі) тағы да көлбеу стаксель
желкендердің үш қатарын қоюға болады.
Кеме тұмсығындағы бушпритке — көлбеу мачтаға сыртқы, ішкі
жəне бом-кливер — барлығы үш кливер қояды.
Кливерді, стакселді, көлбеу гротты рейге шықпай-ақ палубада
тұрып оп-оңай көтеріп немесе түсіріп қоюға мүмкіндік бар. Бірақ
желкенді фок-мачтаға орнату үшін, теңіз ісіне жетік болу керек. Бұл
желкендермен бірер маневр жасау үшін вантпен
41
өрмелеп стенгаға,
брамстенгаға немесе бомбрамстенгаға шығу қажет. Мачтаға тек
желкен көтеру үшін ғана шықпайды, жел кернеген желкеннің аумағын
азайту үшін де шығады, теңізшілер бұл маневрді «риф алу» деп
атайды. Сондықтан да матростар рейға салбыратып байланған
арқанмен өрмелеп шығып, бір қолымен арқаннан ұстап тұрып, енді бір
қолымен жұмыс істей білулері шарт. Бұл маневр, əсіресе, əдеттенбеген
адамға өте қауіпті: кеме бортының қырындай шайқалуын, матрос
мачтаны өрмелеп жоғарылаған сайын мачтаның əдеттегіден тыс қатты
шайқалатынын айтпағанның өзінде, оқтын-оқтын ішін тартып соққан
жел екпіні желкенді бірден кернеп, мачта басында тұрған матросты
борттан ұшырып түсіруі ықтимал.
Бақытқа қарай жел екпіні бір қалыптан айнымады. Теңіз толқыны
етек ала қойған жоқ, кеме де онша қатты шайқалмады.
Дик Сэнд капитан Гульдің вымпел көтерген белгісімен
«Пилигримді» апат болған жерге апарғанда, кеменің көлбеу гроты,
кливері, фок пен марселі көтерулі еді. Сөйтіп, кемені барынша
бакштагпен жүргізу үшін енді брамсельді, бом-брамсельді, топсель
мен стаксельді көтерсе, жетіп жатыр.
— Достарым,— деді жас капитан өзінің жəрдемшілеріне қарап,—
менің бұйрығымды дəл орындасаңдар болғаны, жұмыстарың
ойдағыдай алға басады.
Дик Сэнд штурвалда тұрып команда берді.
— Том, травить шток!
— Травит?
Том оның командасына толық түсіне алмады, не істерін білмей
арқанға жармасты.
— Ие деймін, травить! — Штокты босат деген сөз!
— Aha, енді түсіндім!
— Бат, сіз енді Томның істегенін істеңіз! Солай, жақсы Енді
шерттіре тартыңыз! Ие, шерттіре тартыңыз!
— Осылай ма?
— Солай, солай! Өте жақсы! Геркулес, енді сіздің кезегіңіз! Кəне,
шіреніп көріңізші, бұл арада күш керек!
Геркулеске шіреніп көр деу, ойланбағандық еді: алып негр бар
күшін салып тартқанда, арқан үзіліп кете жаздады.
— Оншама қатты тартпаңыз,— деп айқайлады Дик Сэнд күле
сөйлеп.— Сіз бүйтіп тартсаңыз, мачтаны түбінен жұлып құлатарсыз!
— Бұл менің ақырын тартқаным ғой,— деп ақталды Геркулес.
— Мұның аты «ақырын» болса,.. Геркулес, сіз былай етіңіз:
арқанды шындап тартпай, тек қана тартқан болыңыз, Сөйтіңіз,
істелетін жұмысты дəл орындаған болыңыз. Қане, досым! Тағы да...
Босатыңыз!.. Солай... Швартуйте! Ие, швартуйте деймін!.. Түсінбеді!
Байлаңдар. Солай, солай. Жақсы!..
Фоктың барлық желкені жайыменен бұрыла берді.
Желкенді жел кернеп, кеме алға ұмтылды.
Бұдан соң Дик Сэнд кливердің шкотын босатуға бұйырды.
— Достарым, өте жақсы істелді! — деп Дик Сэнд жаңа
матростарды мақтап қойды.— Енді грот-мачтаны үйреніп көрейік.
Бірақ сен, Геркулес абайла, тағы да бірдеңені үзіп алма!
Бұл маневрді матростар оңай істеді. Көлбеу грот тиісті бұрышқа
қойылып еді, дереу жел кернеп, алдыңғы желкеннің күшіне күш
қосылды. Одан соң көлбеу гроттың үстіне топсель көтерді, оны істеу
оңай, гитовидің
42
үстінен алып, арқандарын босатып, қайта байлай
салса болғаны. Бірақ Геркулес пен Актеон, кішкентай Джек үшеуі бар
күшін сала шкотты басып еді, гордель үзіліп кетіп, үшеуі бірдей
шалқасынан түсті, бір жақсы жері, ешқайсысы зақымданып, еш
жерлері жараланған жоқ. Бала мəз боп қалды.
— Оқасы жоқ, оқасы жоқ! — деп айқайлады жас капитан.— Үзігін
жалғап жіберіп қайтадан тартыңдар, бірақ қара күшке сала көрмеңдер!
Ақырында желкендер тиісінше керіліп байланып та болды, Дик
Сэнд штурвалдан қозғалған жоқ. «Пилигрим» шығысқа қарай тартып
келеді, ендігі қалған жұмыс, кеменің алған бағытынан аумауын
бақылау ғана. Мұны орындау оңай, өйткені, жел бір қалыпты соғып
тұрса, кеме өз бетімен лағып «қаңғымайды».
— Достарым, тамаша болды бұл,— деді Дик Сэнд.— Сіздер
кешікпей-ақ тəжірибелі матрос боласыздар.
— Тырысып бағамыз, капитан Дик,— деп Том қарт өзінің
жолдастары үшін жауап қайырды.
Талапты матростарды миссис Уэлдон да мақтап қойды. Мақтаудың
да пайдасы тиді, кішкентай Джек тыным таппай жұмыс істеді.
— Джек, мына арқанды сен үздің-ау деймін,— деді Геркулес күле
сөйлеп.— Өзің сонша күшті екенсің ғой! Сен болмасаң қайтер едік!
Бала мақтанғанынан құлағына дейін қызарып, досының қолын
ұстап қатты қысты да қатты-қатты сілкіп қойды.
Əйтсе де, «Пилигримде» əлі де болса көтерілмеген желкендер бар-
ды. Брамсель, бом-брамсель жəне стаксель көтерілмеген болатын.
Алайда бакштагпен жүзгенде бұл желкендер де көтерулі болса,
«Пилигримнің» жүрісі недəуір тездеген болар еді.
Дик Сэнд бұл желкендерді де көтеруге ұйғарды.
Стаксельді кеме палубасында тұрып, оншалықты қиналмай-ақ
көтеруге болады, ал фок-мачтаның тік желкендерін палубада тұрып
көтеруге мүмкін емес: оларды көтеру үшін рейге шығу керек. Дик
Сэнд өзінің тəжірибесіз командасын тəуекелге жібергісі келмей, бұл
жұмыспен өзі айналысты.
Ол штурвалды Томға тапсырып, кемені қалай бағыттаудың əдісін
дəл көрсетті. Сосын Геркулесті, Батты, Актеон мен Остинді бом-
брамсель мен брамсельдің горденіне қойып, мачтаға өзі шықты.
Жас капитан шапшаң да епті болатын, лездің арасында брам-рейдің
пертасына
43
өрмелеп шығып, брамсельді тартқан шкоттың түйінін
шешті.
Одан соң бом-брам-рейге
44
шығып, оның да шкотын шешті. Ол
жұмысын аяқтап, штирборт фордунының
45
бірімен сырғанап палубаға
түсті.
Жаңа матростар жас капитанның көрсетуімен желкен керіп, оның
етегін рейдің астыңғы жағындағы нокке
46
тартып байлады.
Бұдан соң грот-мачта мен фок-мачтаның арасына стаксель көтерді,
сонымен, желкен көтеру жұмысы сəтті аяқталды.
Геркулес арқан тартқанда қара күшке салмай, жайлап тартатын
болды, сондықтан ешнəрсені үзіп бүлдірген жоқ.
Қазір «Пилигрим» бар желкенін түгел көтеріп, заулап келеді.
Диктің лисельді
47
де көтеруге мүмкіндігі бар-ды, бірақ бұл
жағдайда оны көтерудің қиын екенін есепке алмағанның өзінде, дауыл
бола қалса, оны тез жинап алу аса қиын болар еді. Сондықтан жас
капитан көтерілген желкендермен қанағат етуге ұйғарды.
Томды штурвалдан босатты да Дик өз орнына барып тұрды.
Желге жан ене бастады. «Пилигрим» оң жағына таман қисая түсіп,
мұхит бетімен сырғи жөнелді. Оның артқа тастап бара жатқан жалпақ
ізі, кеменің сапалы жүрісіне куə еді.
— Міне, біз енді дұрыс бағытқа түстік, миссис Уэлдон,— деді Дик
Сэнд.— Тек қана ыңғайымыздан соққан жел айни көрмесін деп
тілейік!
Миссис Уэлдон жасөспірімнің қолын алып қатты қысты. Соңғы
сағаттардағы жан түршігерлік уақиғаның уайым-қайғысына өзінің
шаршағандығы қабаттасып қиналғанын сезе қойды да, өз каютасына
келіп, есеңгіреген кісіше, төсегіне барып құлай кетті.
Кеменің жаңа командасы палубада болды. Матрос негрлер
жұмыстың нендей түрі болса да орындау үшін, Диктің бір ауыз сөзін
күтіп, кеме тұмсығындағы вахтада тұрды. Бірақ əзірге желдің күші
бəсеңсіп немесе басқа жаққа ауыса қоятын нышаны жоқ, сондықтан
команданың істей қоятын жұмысы да жоқ-ты.
Бенедикт ағай өз жұмысымен аса шұғылдануда еді. Ол тіміскілеп
жүріп «Пилигрим» бортынан тапқан бір жəндігін лупамен қарап
зерттеп жатқан. Бұнысы тік қанатты əшейін бір шіркей; басы ішіне
кіріп кеткен, мұрты тарам-тарам ұзын, алдыңғы қанаты жарғақ тəрізді,
бірақ қанат қабығына айналған.
Бұл олжа Бенедикт ағайдың талайына қарай, камбуздан табылған-
ды. Үсті-басы шаң-тозаңға былғанып жарық біткенді сығалап жүрген
ғалымға Негороның ашуы келіп, аса бағалы жəндікті тапап тастағалы
аяғын апара бергенде ғана Бенедикт ағай əлгі жəндікке жармаса
кеткен. Оның ашуланғанын кеме аспазы елеген де жоқ.
Капитан Гуль мен бес матростың жолақжон китті аулауға кетіп,
сəтсіздікке ұшырағанын, оның соңында нендей уақиғалар болғанын
Бенедикт ағай білді ме? Əрине, білді. Білгені сол, «Пилигрим» қырғын
болған жерге жетіп, қираған қайықтың сынық тақтайлары су бетінде
қалқып жүрген кезде Бенедикт ағай палубада тұрған. Демек, кеменің
экипажы оның көз алдында қаза тапты деген сөз.
Бұл қайғылы уақиғаға Бенедикт ағай қынжылмады десек, оны
мейрімсіз деп айыптаған болар едік. Бейшара аңшыларды оның
аяғандығы жөнінде күмандануға болмайды. Ол немере қарындасы
миссис Уэлдонның ауыр халде қалғандығын да ойлап қынжылды.
Тіптен ол миссис Уэлдонға келіп: «Қорықпа! Сендердің қасыңда мен
бар емеспін бе? Мен тұрғанда сізге келер бəле жоқ!» деп еді.
Сосын өзінің каютасына кіріп кеткен. Бəлки, бұл қайғылы
уақиғаның ақыры немен тынарын болжағалы, шешуші əрекеттің
жобасын белгілеуді оңаша отырып кеңінен ойланғысы келген болар.
Бірақ жолда келе жатып, жоғарыда айтылып өткен тарақанға тап
болып, сол жəндік оның бүкіл ой-пікірін бүтіндей өзіне тартып алған.
Көз ашып жұмғанша болмай, дүниеде «Пилигрим» атты кеме, оны
Гуль деген капитан басқарғанын, ол бейшараның бүкіл экипажымен
бірге қаза тапқанын Бенедикт ағай есінен шығарды. Бұл жиіркеніш
жəндікті сирек кездесетін алтын қоңыздай көрді де, əлгі тарақанмен
əуре болып қала берді.
Алты
адамның
басын
жұтқан
жан
түршігерлік
апат
жолаушылардың есінен кетпестей уақиға еді, сонда да болса борттағы
тұрмыс бұрынғы қалпына қайта түсті.
Дик Сэнд алғашқы күндері күллі жұмысты бір өзі атқарып, жан-
жаққа жарылғандай болды. Кемені толық тəртіпке келтіріп, күтпеген
кездейсоқ жағдайларға қарсы əзір тұрарлық шараларды қарастырды.
Негр матростар жас капитанның əрбір ишара еткен бұйрығын қалт
жібермей орындап тұрды. Кешке таман «Пилигрим» бортында
көрнекті тəртіп орнады. Бұған қарағанда күллі іс бұдан былай да оңға
басады деп сенуге боларлық еді.
Негоро он бес жасар капитанның беделін түсіруге енді қайтып
қамданбады. Дикті бастық деп таныды. Ол көп уақытын бұрынғы
əдетінше өзінің тар камбузында өткізіп, палубаға сирек шығатын
болды.
Негоро тəртіп бұзуға болмашы ғана əрекет етсе, Дик Сэнд оны
құрылыққа жеткенше қамауда ұстауға бел байлады. Жас капитан ым
қақса болғаны, Геркулес кеме аспазын желкесінен алып трюмге
апарып тыға салуға əзір. Алыпқа бұл істі орындаудың ешқандай
қиындығы жоқ. Кəрі Нан тамаша аспаз, Негороның орнын сол басар
еді. Негоро өзінің қымбат адам еместігін жəне ізі аңдулы екенін де
сезсе керек, сыр білдірмей тыныш жүрді.
Жел күшейген үстіне күшейе берді, бірақ бастапқы ыңғайынан
ауған жоқ, түн болғанша желкен де ауыстырылмады. Мачталар
темірмен бекітілген, мығым, кеменің жалпы жағдайы айтарлықтай
жақсы — осының бəрі тіптен жел бұдан ары күшейе түссе де, желкенді
барынша желге кернетуге мүмкіндік береді.
Əдетте, кемелердің көбісі түн болысымен көтерулі желкендердің
көлемін азайтады, ең алдымен жоғарғы желкендерді — бом-
брамсельді, тағы басқаларын төмен түсіреді. Осы шаралар түгел
орындалса, кенет соққан дауыл кеме үшін қауіпті емес. Бірақ Дик Сэнд
бұл сияқты алдын ала сақтану шараларын қолданған жоқ. Өйткені ауа
райына қарағанда ешқандай күтілмеген қолайсыз жағдайдың бола
қоярлықтай түрі жоқ-ты. Ол мұхиттың осы иесіз бөлегінен шыққанша
кеменің жүрісін кеміткісі келмеді. Мұның үстіне бірінші түнгі вахтада
жас капитанның өзі тұрып, бəрін де өзі бақылауға ұйғарып еді.
«Пилигримнің» жүріп өткен жолының мөлшерін шамалау үшін
Дик Сэндтің бірден-бір қолданатын құралы компас пен лаг екендігін
жоғарыда айтып өттік.
Жас капитан əрбір жарты сағат сайын суға лаг тастатып, құралдың
көрсеткен мөлшерін өз қолымен теңіз журналына жазып отырды.
«Пилигримде» екі компас бар-ды. Оның біреуі штурвал үйшігіне,
рульшінің нақ алдына орнатылған. Компастың беті — картасы, күн
мен түннің қай минуты болса да, кеменің бара жатқан бағытын
көрсетіп отырады. Түн болса компастың екі жағына шырақ қойып
бетіне жарық түсіріледі. Екінші компас, бұрын капитан Гуль тұрған
каютаның қабырғасына ілінген. Бұл компас, капитанның каютада
отырып-ақ, рульшінің кемені тапсырылған бағдармен дəл жүргізіп
бара жатқанын немесе тəжірибесіздіктің, салақтықтың салдарынан
кеме басқа жаққа қарай қаңғып бара жатқанын бақылауына мүмкіндік
беретін.
Əдетте, алыс сапарға шыққан кемелердің компасы кем дегенде
екеуден болады, оның үстіне кемінде екі хронометр алады. Бұл
құралдардың бұзық, түзігін анықтау үшін көрсеткен бағдарын ауық-
ауық салыстырып отыру керек.
Дик Сэнд өзіне қажетті екі компасты аса сақтықпен пайдалануды
экипажына мұқият тапсырды.
Бірақ февральдың он екісінен он үшіне қараған түні, жасөспірімнің
өзі вахтада тұрған кезде, капитан каютасындағы компас жазым болды.
Компастың шегеге ілінген жез шығыршығы сыныпты да, еденге
түсіпті. Бұл уақиға ертеңгісін мəлім болды.
Шығыршық қалайша сынған?
Бұл бақытсыздық нендей себеппен болғанын ешкім шеше алмады.
Ақырында шығыршықтың үзілуін, тот жеп, шайқалудан шеге қажаған,
сөйтіп шығыршық жіңішкеріп үзілген деп шамаланды. Бірақ жағдай
солай болды ма, əлде басқаша ма, əйтеуір екінші компас сынып,
оңдауға келмейтін боп істен шықты.
Дик Сэнд қатты қынжылды. Ол ендігі жерде қолында қалған
жалғыз компасқа сеніп, кемені соның көрсеткен бағдарымен жүргізуі
керек. Екінші компастың бүлінуіне ешкім жауапты емес, дегенмен
мұның ақыры қолайсыз жағдайға соқтыруы ықтимал.
Диктің ендігі істейтін шарасы қолда қалған жалғыз компасты
кездейсоқ қырсықтан сақтау ғана.
Компас уақиғасы болмаса, «Пилигрим» үстіндегі жағдайдың бəрі
соңғы уақытқа шейін оңды болып келген еді.
Кемедегі істелетін қызмет уақытын бөлгенде, Дик Сэнд өзінің
штурвал вахтасында тұратын кезегін түнге келтірді. Ол күндіз бес-
алты сағат жатып дем алады, осы қысқа мерзімді демалыстың ішінде
əл жинап тынығып алатын. Капитан дем алып жатқан кезде, штурвал
вахтасында Том мен оның баласы Бат тұратын болды. Диктің дұрыс
басшылығы арқасында бұл екеуі аздап болса да жарамды рульші
болып алды.
Миссис Уэлдон Дикпен жиі кеңесетін. Батыл да, ақылды əйелдің
кеңесін жас капитан аса бағалады. «Пилигримнің» өткен күнгі жүрген
жолының картасын күн сайын əйелге көрсетіп отырды. Диктің картаға
негізгі түсіретіні, кеменің бара жатқан бағыты мен жүріс тездігінің
орташа есебі еді.
— Көріп тұрсыз ба, миссис Уэлдон,— деді жас капитан əйелге
қарап,— мына ыңғай соққан желді пайдаланып, кешікпей-ақ Оңтүстік
Америка жағалауына жақындап қаламыз. Əрине, кесіп айту қиын,
бірақ бізге алдымен көрінетін жағалау Вальпарайсоға іргелес болар
деймін.
Миссис Уэлдон «Пилигримнің» дұрыс бағытта келе жатқанына
жəне солтүстік-батыстан ыңғай соққан желдің межелеген жерге
жеткізіп тастайтынына күмəнданған жоқ. Бірақ бұл меже оған
соншалықты алыс көрінді! Кеменің құрғаққа баратын жолын астыртын
аңдыған қаншама қауіп-қатер бар, ауа райы бұзылып, жаңбыр жауа
қалса, теңіз бетінде толқын көтерілуі мүмкін! Аспан да, теңіз де бірдей
қатер.
Өзі қатарлы балалар сияқты, Джек те уақытын палубада əрлі-берлі
жүгіріп, Дингомен ойнап өткізетін. Соңғы күндерде Дик Сэнд балаға
уақытын аз бөлетін болды, əрине, бұл жағдайды бала да сезген еді,
бірақ Дикті жұмысынан қалдырмау керек екенін жас əйел бөбегіне
ұғындыра білді, тіл алғыш бала енді қайтып «капитан Диктің» мазасын
алып қыңқылдауды қойды.
«Пилигрим» бортындағы өмір осындай жағдайда өте берді.
Негрлер өздерінің жаңа кəсібі — матростыққа аз-аздап көндіге
бастады. Том қарт боцман қызметінің міндетін атқарды. Жас капитан
дем алған сағаттарда, күндізгі кезектің вахта бастығы Том болды.
Онымен бірге Бат пен Остин тұратын. Дик бастаған екінші вахта
кезегінде Геркулес мен Актеон тұрады. Сөйтіп, біреуі штурвалда
тұрып кемені басқарады да, қалған екеуі тұмсықтағы вахтада тұрады.
Кеменің жүріп келе жатқан жері мұхиттың иесіз бөлегі еді, бұл
шамадан қарсы келе жатқан кемеге жазатайым соқтығысу қаупін
ойламаса да болады. Əйтсе де, жас капитан вахтада тұрғандардан өте
сақ болып, қырағы бақылауды талап етті. Ол кеш болысымен белгі
фонарьларды (кеменің оң жақ бортына көк фонарь, сол жақ бортына
қызыл фонарь іледі) жағып қоюды тапсырды.
Дик Сэнд штурвалда тұрып түн артынан түн өткізді. Кей
уақыттарда өзінің əлі құрып əбден шаршағанын сезетін, өзінің қолы
штурвал дөңгелегін ұстап тұрғанын да сезбейтін-ді.
Бұл оның əбден шаршап қажығандығының салдары еді, бірақ мұны
ешкімге айтып шағынбайтын.
Сонда да болса ол февральдың он үшінен он төртіне қараған түні
əбден дымы құрып амалсыздан бірнеше сағат дем алуға мəжбүр
болды. Оның орнына — штурвалға Том барып тұрды.
Аспанды қалың бұлт құрсаған. Түннің қараңғылығы сонша,
палубадан қарағанда жоғарғы желкен көрінбейді. Актеон мен Геркулес
тұмсықтағы вахтада тұр.
Кормодағы нактоуздың
48
болымсыз жарығы штурвал дөңгелегінің
теміріне түсіп көмескі жылтыраған болады. Жоғарыда, мачта басында
белгі фонарьлары жанып тұр, кеменің палубасын бүтіндей қараңғылық
басқан.
Ұзақ уақыт вахтада тұрып қажыған Том, түнгі сағат үштің
шамасында тік тұрған күйі қалғып кетті. Ол бірер көлеңкенің палубада
жылжып бара жатқанын байқамай қалды.
Бұл Негоро еді.
Кеме аспазы компасқа білінбей келіп, бір ауыр затты нактоуз
астына қоя салды.
Ол нактоуздың жарығы түскен компас бетіне бірнеше минут қарап
тұрды да, дыбыс шығармай тайып тұрды.
Мұны Том да, вахтада тұрған басқа матростар да көрмей қалған.
Егер, Негороның нактоуз астына қойып кеткен ауыр затын,
ертеңгісін Томды ауыстырған Диктің өзі көрсе де, ойланбай-ақ алып
тастар еді, өйткені Негороның компас астына қойып кеткен ауыр заты
— бір жалпақ темір болатын.
Темір, компастың магнитті тілін өзіне қарай тартады.
Компас тілі магнитті полюсті, яғни солтүстікті көрсетудің орнына,
төрт румбаға
49
барып тоқтап, енді солтүстік-шығысты көрсетті.
Көп кешікпей Том да оянды. Ояна салып компасқа қарады...— Оған
«Пилигрим» бұрынғы бағытынан ауған сияқтанды.
Том кемені шығысқа қарай бағыттау үшін штурвал дөңгелегін
айналдыра берді.
Бірақ компас тілінің де бұрылғанын вахта рульшісі байқамаған еді.
Кеме тұмсығы тіп-тіке оңтүстік-шығысқа қарай бұрылды.
Сөйтіп, «Пилигрим» алғашқы бағытынан 45° бұрылып, бұрынғы
шапшаңдығымен алға қарай жүйтки берді.
Достарыңызбен бөлісу: |