К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі



бет7/11
Дата18.11.2019
өлшемі328,47 Kb.
#51985
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану
қыстағы құмырсқалар
Махамбет поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі
Әдебиеттегі дәстүр жайындағы сөз бүкіл көркем әдебиеттің тарихы

туралы сөз. Дәстүрге дегенде өнердің бастау бұлағының кейінгі толқынға шығармашылық жүйелі әсерін, қалыптасқан жалғасын, үндестігін, өрісін, өміршеңдігін айтамыз. Бірақ бұл жалаң еліктеу, өзінен бұрынғылардың айтып кеткенін қайталап, сол ізбен жүру емес, жаңа жол салу, барды дамыту, жоқты табу.

Академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев «Дәстүр мен жаңашылдық» атты жинақтағы мақаласында «Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында – философиялық проблема, - деп жазады. – Себебі бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ. Онсыз өмір жоқ. Неге десеңіз, ештеңеден ештеңе шықпайтыны яғни «нөлден» ештеңе өнбейтіні, екінші сөзбен айтқанда, жоқтан бар болмайтыны белгілі. Оның үстіне дүниеде не бар, соның бәрі дамып, өзгеріп отырады, жаңғарып, жаңарып отырады. Мұның да өзінің тиісті заңдылығы бар. Ол бұрынғы мен бүгінгінің, көне мен жаңаның аралығындағы табиғи жалғастық құбылыстарының заңдылығы, философия тілімен айтсақ, дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың қарастыратын заңдылығы» /66/.

Дәстүр мен жаңашылдық - даму заңдылығы. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі дастандардан бастап, хандық дәуірдегі Бұқар жырау, Асан Қайға, Ақтамберді, Доспамбеттермен ұласып, олардан кейінгі жазба ағартушылық әдебитетінің негізін қалаушылар Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтардан да әсері асып, олардан кейінгі талай ақындарға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан жолы бары анық.

Махамбет Өтемісов те өзінен бұрынғылардың өлең-жырларынан сусындап, үлгі-өнеге, дәріс алғаны ақиқат. Ол өзінен бұрынғы дәстүрге сүйене отырып, жаңа түр тауып, соны ізге түсті. Халық ауыз әдебиетінен сусындап, халықтың құнарлы тілін бойына сіңірген, жыршы-жыраулар мұрасын жаттап өскен Махамбет жырлары сондықтан да мазмұнды, өткір, айшықты, құнарлы. Махамбет мазмұнға сай ойын еркін, толық бере алатындай түр де таба білді.

Елдікті, ерлікті, бірлікті жырлау, оны уағыздау, мақтан ету – әдебиетте сонау ықылым заманнан бар дәстүр. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазуларға үңілсек:

Он жасында інім Күлтегін ер атағын алды...

Он алты жасқа келгенде

Ағам қағанның ел-жұртын молайтты...

Жиырма бір жасқа келгенде

Чача сенуымен айқастық...

Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде

Қырғызға қарсы аттандық ... /67/

деген жолдарды көреміз. Жырдың авторы Иоллық тегін Күлтегіннің ерлік істерін термелей айтып, оның Қырғыздарды жеңгенін, одан кейін түргештерді де бағындырғанын мадақ етеді.

Бұл жолдардан терме үлгісін көруге болады. Сондай-ақ жыр авторының Күлтегіннің жасын шамалай отырып айтуы жырға екпін беріп, әсерлендіріп, күш-қуатын арттырып тұрғанын да аңғару қиын емес.

Осы дәстүрді, осы үлгіні одан кейінгі батырлар жырларынан да байқаймыз:

Алты жасқа келгенде

Арыстан туған Қобылан

Қазнадан қамқа киеді.

Өзімнің еншім болсын деп,

Тобылғы меңді торы атты

Енші қылып мінеді.

Қобыландының тілегін

Бүкіл қыпшақ тіледі... /68/.

«Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Ер Қосай», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Қарабек батыр», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Шынтасұлы Төрехан», «Арқалық батыр» т.б. батырлар жырларында, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет т.б. жыраулар жырларында да бұл дәстүр бәсеңдемейді. «Мысалы, XV-XVIII ғасырларда қазақ қоғамы мен тарихы үшін елді қорғау, жауға тойтарыс беру аса маңызды саналады. Бұл кезде қазақ фольклорының барлық жанрынан батырлар жыры маңызды болды, оның тәрбиелік, идеологиялық қызметі артты» /69/.

Доспамбет жырау:

Екі арыстап жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес, -

деп ел үшін мерт болу мәрттік, батырлықты білдіретінін, ол өкінішсіз өлім екенін айтса, Ақтамберді жырау:

Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет, -

дейді.

Нақыл сөздерді халық санасына сіңіре түсу үшін жинақтап, топтап, басын қосып, түйдектетіп беру ақын-жыраулар поэзиясында ертеден бар дәстүр. «XI ғасырда М.Қашғари сөздігіне кірген дидактикалық мазмұндағы терме-толғау өлеңдерді жазба әдебиеті еркін, жалпылық сипатта дамымаған түркі халықтары кейінгі дәуірлерде дәстүрлі түрде жалғастырып әкетті» /70/, - дейді Қ.Өмірәлиев. Демек, нақыл сөздерді тізбектеп айту сонау XI ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр.

Доспамбет жыраудың өлең жолдарындағы «Оқ қылқандай шаншылса», «Қан жусандай егілсе», «Аққан судай төгілсе» деген қимылды әрекетті білдіретін тегеурінді теңеулер де жырдың сәнін, әрін келтіріп, мәнін үстей түссе, Ақтамберді өсиеті бүгінгі күнде де бата орнына жүретін ақыл, нақыл, асыл сөз.

Тәтіқара ақын:

Қамыстың басы майда, түбі сайда.

Жәнібек Шақшақұлы болат найза,

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда, -

деп батырлар – Дулаттан шыққан Бөкей мен Сағырды, Қыпшақтағы Деріпсалы мен Маңдайды, Уақтағы Сары мен Баянды мадақ етеді. «Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт, найзасының ұшына жау мінгізген Еменәлі Керейде ер Жабайды айт» деп түйіндейді.

Бірінен-бірі көркем, ағын судай ағылған бейнелі, образды жолдар. Тәтіқара ақынның «Найзасының ұшына жау мінгізген» деген жолы қандай керемет! Найзасымен жау түйреген десе жай сөз болар еді. «Найзасының ұшына жау мінгізген» деп қалай әдемі, образды айтқан!

Ауыз әдебиетінің көне нұсқаларының бірі төрт түлік жайлы өлеңде:

Түйе берсең, үйе бер,

Жатқан жері даладай,

Азу тісі қаладай

Екі өркеші баладай...

Құйрығы ұзын қамшыдай

Шудасы бар жамшыдай /71/, -

деген шумақтар бар. Бұл «Алпамыс» батыр жырындағы:

Кеуделері кепедей,

Мұрындағы төбедей,

Күрек тісі кетпендей

Кеңірдегі

Жүһиттің көріндей... /72/

деген жолдарымен үндес.

Үмбетей жырау жоғарыдағы ауыз әдебиеті нұсқасы жолдарын қайталап, жаңғыртып, дамыта түсіп:

Жатқан жері даладай,

Екі өркеші баладай,

Азу тісі қаладай,

Жабуы жамшыдай,

Құйрығы қамшыдай,

Бура сойған не сұмдық!-

Тоқымы кеппей топтанып.

Ел тонауға аттанып,

Жылқышысын дойырлап,

Жылқыларын сойылдап,

Көрші жұртты шулатып,

Жаудай шапқан не сұмдық!-

дейді.

Жырау елді бірлікке, ынтымақтастыққа шақыра отырып, керемет поэзия туғызған.

Бірінші шумақ кіл теңеуден тұрса (әсіресе, «Азу тісі қаладай» - бір-бір тісі бір-бір үйдей ғой сонда! Асырып айту – гротеск. Бірақ нанымды. Қуатты.), екінші шумақтағы «Тоқымы кеппей топтанып» дыбыс үндестігіне құрылған әрі образды - ат үстінен түспейтіндерін айтып отыр. Мағынасы айқын, суретті, әсерлі, әсем жолдар. Берер тәлім-тәрбиесі де зор.

Жасынан ақын-жыраулардың жырларын жаттап, тақпақтап айтып өскен Махамбет олардан үлгі-өнеге алған. «Махамбет поэзиясының, ақынның асыл сөзінің жарқ-жұрқ еткен бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Арнау сөз, ханға қасқайып мін, сын айту, жауынгерлік рух, батырлар бейнесі» /73/. Сөйтіп, өзінен бұрынғы өткен ақындар дәстүрін жалғастырып, оны дамыта түскен:

Атақты ермен бірге өлсе,

Жігіттің болмас арманы, -

десе, жоғарыда мысалға келтірген Доспамбет жыраудың «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес» деген жолдарының жаңғырығы байқалып тұрған жоқ па? Бұл – еліктеу емес, мақсат, ой дәстүр бірлігі, ерлікті дәріптеуден шыққан үндестік.

Қасарысқан жауына

Қанды көбік жұтқызбай

Халыққа тентек атанбай,

Үйде жатқан жігітке

Төбеден тегін аатақ болар ма?!

Тағы да ел қорғауға, ерлікке шақырып, батырлық төбеден түспейтінін айтады. «Жауды аяған жаралы» дегенді мегзейді.

Асылдан болат ұл туса

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер,

Жауырынынан өтін алса да

Жамандарға жалынбас!

Ер жігіттің қасиеті бұл! Асылдан асыл туатыны да рас. Әр жолда жалын, жігер бар, намысты қайрау бар. Автор жай ғана «өтін алса» демейді, «жауырынынан өтін алса да» деп жазаны күшейте, ауырлата түседі. Осы сөзі арқылы жігітке шыдам, қажыр, жасымау жарасты екенін, жамандарға жалынбау керектігін асқақтата жеткізеді.

Еділ-Жайық бойында Махамбетке дейін де қарапайым еңбекші халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ызасы мен кегін, күрсінісі мен қынжылысын көрсететін, езілген елдің еңсесін, ердің рухын көтеретін, болашаққа деген сенімін нығайта түсетін жырлар туындатқан Сыпыра жырау, Қазтуған, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз сияқты ақын-жыраулар болған. Махамбет солардың үздік-үздік ойларын жинақтап, жетілдіре, намыс пен жігерді жанитын образды білді. Сөздің ең бір асылын, жайдың оғындай өткірін, інжу-маржанын теріп жазды. Қолымыздағы сол жырлардың бізге жеткен жұқанасы ғана. Сонда да солғын тартпай, шарпысқан сезім отын өшірмей, оқырманын ерлікке, өрлікке жетелейді. Ол өшпес от – бабалар рухы.

Әрине, дәстүрмен ғана шектеліп қалуға болмайды, онда әдебиет дамымайды, классикалық үлгілерге табан тірей отырып, жаңашылдыққа бет бұру, жаңа ізденістер жасау қажет. Махамбет аты аталған ақын-жыраулардың философиялық ой-түйіндерін олардың заңды жалғасындай өлеңдеріне өзек етіп, қамшыдай өріп, кесек сөйлеп, кесіп айтып, соларша сөз саптады, соларша ой өрбітті. Сөйтсе де өзіндік түйін жасап, өзінше толғады. Ақын поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі, міне, осында жатыр.

Енді бірсыпыра салыстырулар жасасақ.

Шалкиіз (1465-1560):

Жауынды күні көп жүрме,

Жар жағасы тайғақ-ты.

Жаманға жақыным деп сөз айтпа,

Күндердің күні болғанда

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!

Асау тулап жықпасқа

Артқы айылдың беркі игі

Жағаға дұшпан қолы тимеске

Артыңда туысқаныңның көбі игі.

Күндердің күні болғанда

Қырға шықпас жаманның

Барынан да жоғы игі! /53, 42-43 б./.

Бұқар жырау (1668-1781):

Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер,

Жатқа тізгін бермеңіз

Жаламенен бас кетер.

Жаманмен жолдас болсаңыз,

Көрінгенге күлкі етер,

Жақсымен жолдас болсаңыз

Айырылмасқа серт етер.

Ит жүгіртіпқұс алсаң,

Киген тоның түлкі етер /74/.

Шалкиіз өлеңіндегі ойларды қайталап, өзінше түрлендіріп жырлаған.

«Шалгез жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалгез жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.

Жекелеген көшпелі сөздер мен жолдардың ауыз әдебиеті мен ақпа-төкпе ақын-жыраулар мұрасында жиі ұшырасып отыруы дағдылы жәйт. Бұл қазақтың ауызекі тараған төл поэзиясы ғана емес, жалпы түркі тілдес халықтар әдебиетіне де тән сипат» /75/.

Доспамбет жырау (XVI ғасыр):

Айналайын, Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда,

Еңсесі биік боз орда

Еңеке кірер күн қайда,

Қара бұлан терісін

Етік қылар күн қайда,

Күдеріден бау тағып

Кіреуке киер күн қайда,

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда.

Толғамалы ақ балта

Толғап ұстар күн қайда,

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шаншар күн қайда,

Садақ толған сайгез оқ,

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп

Соқып тартар күн қайда!

Кет-Бұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда...

десе, Махамбет осы жолдарды өз дәуіріндегі қажеттілікке – күрес мұратына орай тегіс қайталай келіп, әрі қарай былайша жалғастырады:

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның

Ризалықпен жайласып,

Қолын алар күн қайда?..

Орама мылтық тарс ұрып,

Жауға аттанар күн қайда?

Алаштағы жақсыдан батасын алып, дәм татып,

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып,

Жау тоқтатар күн қайда?

Доспамбет жыраудың «Күдеріден бау тағып, кіреуке киер күн қайда, күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда» деген жолдары Бұқар жырауда да, Ақтамберді жырауда да кездеседі.

«Жырау (Доспамбет – К.М.) жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді» /76/. Мұндай бірін-бірі қайталаулар бұрынғы ақын-жыраулар жырларында жиі ұшырасады. Олар бір-бірін қайталау арқылы бір-бірін толықтырып, бұрынғы ақынның өлеңдерін кейінгі ақын болашаққа ұластырып отырған. Бұл да бір өзіндік ақындық дәстүрге айналған. Махамбет жырларында алдындағы жыраулар толғауларындағы кейбір шумақтарының қайталану себебін осы тұрғыдан түсінсек абзал.

«Жалған дүние» Доспамбет жырауда да (өлеңнің «Қоғалы көлдер, құм, сулар» деген бір жолы – К.М.), Шалкиізде де (өлең бастан-аяқ түгелімен беріліп жүр – К.М.), Махамбетте де кездеседі.

«Жалған дүние»(«Қоғалы көлдер, құм, сулар») Арыстанғали Берқалыұылының «Ақын»(Қазан, 1912, 10-15 б.) жинағында Шалкиіз шығармалары санатында беріледі. Ташкент қаласында жарық көрген «Исатай-Махамбет»(1925) жинағынан бері аз-кем өзгеріспен Махамбет өлеңі ретінде жарияланып келеді. Халықты ханға қарсы күреске үндеген мақсат-мүддесіне сәйкес келген жауынгер жыраулардың жалында сөздерін Махамбет сол кез жағдайына орай өзгертіп те, өзгертпей де айбынды қару-жарақтай қолданып, ардақ тұтып айта жүруі мүмкін» /54, 132-133 б./.

Қазтуған жырау өлеңіндегі:

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,-

деген суретті, теңеуге толы жолдарға Махамбеттің:

Шортаны қара бақадай,

Бақасы сары атандай,

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей, -

деп келетін өлеңі ұқсас, әуендес келсе, «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» дегенді XVII ғасыр өкілі Есім ханның жорық жырауы Марғасқа да 1627 жылы Тұрсын ханның бүлігін басу кезінде оған ашық, батыл айтқан.

Әдебиетші ғалым С.Дәуітов Ақтамберді Сарыұлы мен Махамбет Өтемісұлының бірқатар өлеңдерінің мазмұндас, ұқсастығын мысалдар келтіре отырып, дәлелдеп көрсетіп: «Қазақ даласының шалғай шеттерінде ғұмыр кешкен екі ақын поэзиясының біршама ұқсастық, үндестіктері, олар өмір сүрген ортаның әлеуметтік теңсіздігінен, билер мен сұлтандардың халыққа жасаған озбырлығына наразылықтың нәтижесінен, бақытты өмірді аңсағандықтарынан туса керек» /77/,- дейді.

Мұндай үндестіктер жазба ақындар өлеңдерінде де кездеседі. Өйткені, айтпақ ой бір, тақырып ортақ.

Сырттай қарағанда, қайталау сияқты көрінген бұл – дәстүр, шынына келгенде, ауыз әдебиетіне де, жыраулар поэзиясына да тән құбылыс екенін айта кетуіміз керек. Қазақтың ертегілері де ежелден, ауыздан ауызға, бір ізділікпен басталмай ма. Ерте, ерте, ертеде ... Ешкі жүні бөртеде ... деп. Қисса, дастандарда да мұндай құбылыстар көптеп кездеседі. Батырдың атын суреттеу, оған тіл бітіру, т.б.

Махамбет те өзіне дейінгі ақын-жыраулардың барлық қазынасынан сусындап өскен. Мұндай ақындар жазба әдебиеті өкілдеріндей жол санап, ұйқас түгендеп отырмайды. Жазуға күй таңдап, қағазын жайып, қаламын ұштап отырмайды. Жазбайды, қаламын сиясауытқа батырмайды. Ауыз әдебиетінің өкілдері, көбіне, қолына жауынгер қару ұстаған, ту байлаған батыр-ақындары өздерінің айбынды сөздерін жорықта, аттың үстінде шығарған. Олар – халық трибуны болғандықтан, ауызға келіп қалған ішкі ойларын лапылдата сыртқа шығарғанда, сол құйылған қалпында төгіп-төгіп тастап отырған. Оның әуелден шешендігі, қол бастаған дара көсемдігі, ерлік рухы баптаныпкезек күтіп тұруды қаламайтындықтан, тар жер, тайғақ кешуде туған жырлар түйдек-түйдегімен келіп жатқанда, ол жалынды әрі ерлік, елдік сөздері өзінен өзі өлең болып, сомдалып шығып жататын болған. Ол айтып салып, сөзімен елін ерлікке, намысқа ұмтылдырар күш таба білген. Сонда оған өзінің де жай дарын ғана емес, өмір өткелінен өткені, шыңыраудан сөз тартқан ділмарлығы қуат, дәт беріп отырған.

Махамбет те осындай ақын, әрі жырау. Өзіне дейінгілердің асыл да қуатты сөздерін ретімен, сәті, кезеңі келгенде төгіп-төгіп жіберіп, оған өзінің де ақындығын қосқан, «халық әдебиетінің барлық табыстарын толық меңгеріп, кемшілігін қайталамай, өз бетін, өз стилін айқындап, әдебиетте көрнекті үлгі қалдырған ақын...» /78/. Оның ақындығы бұрынғы өткен замана жыршыларынан артық болмаса, еш кем емес. Олардың жыраулық дәстүрін толық игергені айқын көрініп-ақ тұрады. Сөз тапқанға қолқа жоқ:

«Шортаны қара бақандай» болғанда, бақасы сары атандай! Өр сөз! Ақын айтқан соң, нанасың. Нандырып айтып тұр. Ақын рухына сай! Ірі сөз! Туған жерді сүйген жүрек сөзі осындай-ақ болсын!

Осындай дәстүр бертінгі ақын Нұрқан Ахметбековте де кездеседі:

Сужарғанның қамысын

Сүйкеніп сиыр жықпаған /79/, -

дейді Нұрқан «Торғайдан сәлем» деп аталатын толғауында. Жай бір адам

айтса, нанымсыз, Нұрқан айтқан соң нанымды. Өр ақынның өр сөздері нандырып тұр.

Мұның бәрі Махамбеттің өзіне дейінгі поэтикалық дәстүрді сақтай отырып, оны әрі қарай өзінше, жаңа леппен жалғастырушы екендігін аңғартады.

Ақын-жыраулар халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ақыл-кеңес айтып отырған. Сондықтан да бұл замана жыршыларының шығармаларында типологиялық ұқсастық жиі ұшырасады. Жыраулар поэзиясындағы мұндай үндестік Махамбет толғауларында да бар. Мәселен, Шалкиіз:

Атаның ұлы ерлерге

Малыңды бер де басың қос,

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердің күні болғанда

Басың жауда қалар ма! /53, 46 б./

десе, Махамбет:

Ата ұлының баласы –

Асыл ерге малың бер,

Малың бер де басың қос –

Басыңа тарлық түскенде,

Ардақтаған әділ жанын аяр ма?! /37, 35 б./

деп бірлік түбі берекеге, туысқандыққа жетелейтінін уағыздап, тебірене жырлайды. «Өйткені, кез-келген көркем сөз иесі қандай мөлшерде болса да өзі өмірге келген әдеби дәстүрдің әсері мен ықпалында болмақ. Ал, сыртқы пішіні ұқсаған жерде ішкі мазмұннан ұқсастықтар ізделінетіні қашаннан дағды да бар жай. Осы жағынан келгенде Махамбет ақын жыры өжеттілігімен, өрлігімен «қолың жетпес биікпін» деп өзі айтқандай, бұрынғы – соңғы қазақ әдебиетінің барша өкілдерінен оқшауланып, тым биік көрінеді. Бұл тұрғыда ол – асқақтықтың эталоны» /80/.

Жалпы жаңашылдық бұрынғы қалыптасқан дәстүрді игеру арқылы жүзеге асады. Яғни, жаңашылдық дәстүрдің перзенті іспетті.

«Махамбеттің сөз образдары өзіне шейінгі халық әдебиетінің, батырлар жырының үлгісінде болып келсе де, өзіне тән бір ерекшелігі: әрбір образы әрі үздік, көркем әрі терең мазмұнды, логикасы күшті, көп сөздері афоризмге негізделген» /50, 366 б./.
Қылыш – жанның дәрмені,

Өлім – хақтың пәрмені.

немесе:

Өте шыққан қызыл гүл,

Бұл дүниенің жалғаны

немесе:

Еменнің түбі – сары бал,

Еріскен көңіл – бәрі бал –

мақал-мәтел сияқты, бір оқығанда көңілге ұялап, жатталып қалатын жолдар.

Махамбеттің «Шерниязға айтқан жұмбағындағы»«Хат жаздым, қалам тартып қыл әзір деп, Тар жерде сөйле дедің, бол әзір деп», - деуіне қарағанда, ол жазып та шығарғанға ұқсайды. Махамбеттің мұсылманша сауаты өте жоғары болғаны белгілі жайт.

Ақын-жыраулар ежелден-ақ халық қамын ойлап, қысылтаяң шақтарда ел еңсесін көтеріп, бірлікті, татулықты, ерлікті, елдікті уағыздап келген. Олардың көбісі өз заманындағы хан, сұлтандардың ақылманы, биі, жорық жыршылары еді.

Мәселен, Асан Қайға атанып, аты аңызға айналған Хасан Сәбитұлы (1361-1370) Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы, биі болғаны бұл күнде баршаға мәлім. Ол «Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады» /81/.

Ол бірде:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қыста қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске,-

деп ақыл берсе, енді бірде:

... Ай, Жәнібек, ойлайсың,

Қилы, қилы заман болмай ма,

Суда жүзген ақ шортан

Қарағай басын шолмай ма,

Мұны неге білмейсің?! –

деп ханға хан екенсің деп құлдық ұрып, бас имей, тайсалмай тікеқарап шындықты бетке айтқан. Өзі адал, тура жолдағы адам ғана шындықты бүкпесіз айта алады. Ақын жыры – халықтың үні, арман-мақсаты ... «Қандай да болмасын көркем шығарманың қадыр-қасиеті, өнегесі, өміршеңдігі жапы елге ортақ, ешқашан мәнін жоймайтын армандар мен мұраттарды көркем, әрі шыншыл көрсете алғандығымен белгіленбек» /82/.

Қазтуған жырау (XV ғасыр) Еділдің Ақтұба, Боза салаларын жайлаған түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы батыры, ерлікті жырлаған, өрлікті мадақтаған жорық жырауы болса, Доспамбет те талай ұрысқа қатысып, ерлік көрсеткен батыр, әрі жорық жыршысы. Оған:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып,

Дұспан аттым, өкінбен,

Тоғынды сарты нар жегіп

Көш түзедім, өкінбен,

Ту құйрығы бір тұтам

Тұлпар міндім, өкінбен,

Туған айдай нұрланып

Дулыға кидім, өкінбен, -

деген өз жыры да куә.

Шалкиіз де әрі батыр, әрі ақылман жырау:

Дулығамның төбесі

Туған айдай болмаса,

Батыршылық сүрмен-ді, -

деген жолдары оның жауынгерлігінен хабар берсе, «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтғаны» деп аталатын ұзық жыры оның ноғайлы әміршісі Темір бидің ақылшысы болғанын аңғартады:

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисығыңды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!

Жиембет жырау да (XVI ғасыр), Марғасқа жырау да Еңсегей бойлы Ер Есімнің жорық жыраулары.

Өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың осындай ерлік дәстүрін, шешендік, көсемдік сөздерін, жырларының кестесін Махамбет өз бойына сіңіріп, оны әрі қарай дамыта жалғастыра білді.

Исатай ханға қарсы тұрып, қол жинай бастаған алғашқы сәттерден-ақ Махамбет оның жан досына айналды, көтерілістің ұраншысы, басшы көсемдерінің бірі болды. Бұған Махамбеттің жастық шағы өткен-өскен жері Еділ, Жайық арасындағы батырлар мен ақын, жыраулардың іс-қимылдары да әсер еткені сөзсііз. Патшаның отаршылдық саясатына қарсы тұрып, ұлт-азаттық көтерілісін бсқарған Сырым Датов, осы өңірде ел бірлігінің ұраншысы болған Сыпыра жырау; Асан Қайға, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбеттер ой толғап, сөз саптаған жер екені жыраулар тарихынан, олардың халықтық поэзиясынан бізге белгілі. Ауыз әдебиетіндегі«Қырымның қырық батыры», «Ер тарғын», «Қамбар батыр» дастандары туған мекен. Рухани қазынамызға айналған бұл дастандардағы батырларбір рудың емес, бүкіл елдің қамы, жердің тұтастығы үшін атқа қонған, аты аңызға айналған ерлер бейнесі. Махамбеттің жас кезінен жұрт данасы – жыраулар мектебінен сусындауы, ерлікке толы батырлар жырын, дастандарын жаттап өсуі, оның озық ойлы, жігерлі азамат болып қалыптасуының бірден-бір себебі екені талас тудырмаса керек. Сондықтан да Исатай елдің қамын ойлап атқа қонғанда, Махамбет қалайша оның жалауын көтеріп, ұраншысына айналмайды?! Оның да көксегені, бар арман-мақсаты отаршылдықтан – бодандық бұғауынан шығу болатын.

Желп-желп еткен ала ту

Жиырып алар күн қайда?

Орама мылтық тарс ұрып,

Жауға ататын күн қайда?

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Арғымақтан туған асылды

Баптап мінер күн қайда?

Алаштағы жақсыдан

Батасын алып, дәм татып,

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып,

Жалаулы найза қолға алып,

Жау тоқтатар күн қайда?

(«Желп-желп еткен ала ту», 1838)

деп, ол осы күнді аңсай күткен. «Исатай басшы, мен қосшы» деп, соңына ерсе, екеуінің мақсат-мүдделерінің бірлігі еді. Екеуі де халық қамы үшін күресті. Екеуі де жігерлі, қайратты, асқан батыр, нартәуекелмен бел буған мұқалмас асылдар болатын.

Махамбет жырларының сонылығының өзі сол кезеңнің нақтылы тарихи, әлеуметтік бет-бедерін бере білуінде, мақсат-мүддесі халық арманымен үндесіп жатуында деп білеміз. Оның өлеңдеріндегі публицистикалық екпін, күш-қуат та даралығын айқындай түседі. Ішкі толқу, тебіреніс, сағыныш құрыштай өлең болып құйылып, сенің де жан сезіміңмен астатып кетеді, толқытады, тебірентеді, мұңайтады, енді бірде бойына күш-қуат беріп, жігеріңді жаниды. Өйткені «Өлең – өмірдің перзенті. Өлеңді өмір тудырады» /83/. Махамбет өлеңдері де сол өзі өмір сүрген кезеңнің – дауылды дәуірдің баласы. Баланың негізге тартпай қоймайтыны сияқты отты кезеңнің перзенті де лапылдап жанып, оқ болып атылып тұруы заңды құбылыс!

Патша отаршылдары қол астындағы бұратана халықты бір-біріне айдап салып, қыспақта ұстаудың небір айла-шарғыларын ойлап тапты. Ел билігі сұлтан правительдер мен жаңадан сайланған билер мен старшындар қолына көшіп, олар халықты сүліктей сорды. Жерінен айырып, шөміштен қысты. Бұл – бүкіл саяси-әлеуметтік мәселелердің басты буынына айналды.

Махамбет поэзиясында эпос, драма мен лирика бірін-бірі толықтырып, кейде бір-бірімен астасып, кірігіп, бір мақсатқа – қоғамдық қатынастарды түп-тамырымен өзгертуге, сол жолда жан аямай күресуге қызмет етеді. Сондықтан да ол қызыл сөзге бой ұрып, жалаң, жайдақ сөйлемейді. Айтар ойын нақ, асқақ рухпен, драмалық поэтикамен, өзі өмір сүрген кезеңнің күрделі де күрмеулі саяси-әлеуметтік мәселелерін алға қоя отырып, идеялық-көркем мазмұнмен береді. «Махамбет поэзиясында ғана көрініс берген ел билеудің жаңа жүйесі тудырған сұлтан правительдер мен билердің, старшындардың бұрын-соңды болмаған образдарының жаңа галлереясы жасалып, олар халықтық тұрғыдан шыншылдықпен сыналуы – сол тұстағы қазақ әдебиеті тарихына енген соны құбылыс екендігі, Махамбет поэзиясының жауынгерлік рухы мен ақын поэзиясының басты сарынына айналуы да мен мұндалап айғақтап тұр» /84/.

Дегенмен де Махамбет поэзиясының құдіретті болу себебін жеке басынан, төңірегінен, өзі өмір сүрген дәуірден ғана емес, одан әріден іздеген абзал.

Мұхтар Әуезов: «... өнер атаулының барлығында қай елде, қай түрде туса да сол өз ортасының шартынан, өз топырағының қалпынан туады. Сол ортаның тонын киіп, соның іші-бауырынан шыққан суреті сияқты болып туады.

Өнерден ғылымның айырылатын жері де осы. Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл анасының ұрпағы ғана болып туа алады. Солай болып туа алса ғана өніп, дәурен сүреді. Елінің тонын киіп, елінің өз иісімен шықпаса өнер ерте күннен өрістен айырылып, тығырыққа қамалып, өлімге қарай бас иді деу керек. Сондықтан қай ел болса да өз өнері әлсіз, көріксіз болса да өзгенікінен артық көреді, өзгенің алтынына өзінің қара темірін айырбастамайды» /85/, - дейді.

М.Өтемісов поэзиясын қарастырғанда, зерттегенде оның ұлттық, халықтық тегін сырттан емес, өзіміздің төл ауыз әдебиетімізден, халықтың бай поэзиясынан іздеуіміз де сондықтан. Тақырға шөп шықпайтыны сияқты, негізсіз ештеңе жоқ. Кім-кім де негізге тартып туады. Оның өскен ортасын айтпасақ та тіпті өз әкесі Өтеміс те өткір тілді, өжет ақын адам екен. Өтемістің өз дәуірінде Айшуақ, Жантөре, Бөкей хандардың беделді билерінің бірі әрі Беріш ауылының старшыны болғаны да оның тектілігін дәлелдей түспей ме?!

«Адамның ішкі ажары сыртына теппей қоймайды» /86/, - дейді әдебиетші ғалым Шерияздан Елеукенов. Махамбет әрі шешен, әрі ақын, әрі көсем, ел қамқоры арлы азамат, батыр, достыққа берік, туысқанға жанашыр, жерім деп еңіреген ардагер ... Сондықтан да оның ішкі ойының көрінісі – өлеңі қалай жасық, қалай ойсыз, қалай жігерсіз, қалай отсыз, қалай мән-мағынасыз болады?!

Махамбет дана ақын, философ ақын. Даналық – адамның ойлау қабілеті мен әрекетінің үздік нәтижесі. Оның даналығы тек өлеңдерінен ғана емес, өмірінен де, іс-әрекетінен де байқалады. Ол Мақсат-мүддесіне жетпесе де:

Айтса-дағы айныман

Көлденеңнің сөзіне.

Әшкере болған ісім бар

Жайылған жұрттың көбіне, -

деп өзі айтқандай, алған бағытынан табан тайдырмады, биік зерде, зор парасаттыңбиік тұғырында қалды. Өйткені оның ойлағаны қара басының қамы емес, халықтың қамы, елінің болашағы:

Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген

Таудағы тарлан шұбар біз едік.

Исатайдың барында

Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедік, -

деуі сондықтан. «Қара қазан, сары бала» өз баласы емес, «халық баласы», халық қамы, ел мұңы ұғымында қолданылып отырғаны айрықша түсінікті керек етпейді /12, 54 б./.

Құнарлы тіл, дыбыс үндестігі, тың да дәл теңеулер нөсерлі жырға одан сайын қуат беріп, әрі көріктендіріп тұр. Бұл толғау жайында Әбділдә Тәжібаев: «Бұл – ақын мен батырдың, дана мен көсемнің біріккен шоғынан шығатын дана сөз.

Осы сияқты ірі толғау туатындар Махамбетке дейін де, Махамбеттен кейін де аз болмаған. Соның бәріне біздің бай әдебиетіміз куәлік етеді» /87/, - дейді.

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған?

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?

Таңдап мінген тұлпарлар

Иесін қайда жауға салмаған?

Құландар ішпес бұршақ қақ

Кімдерге шербет болмаған?

Садағына сары шіркей ұялап,

Жау іздеген ерлердің

Қайда басы қалмаған? –

Ішелік те желік.

Мінелік те түселік,

Ойналық та күлелік,-

Ойласаңдар, жігіттер,

Мынау жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған?!

Алғашқы төрт жолда табиғат көркі, оның адамға қатысы, одан кейінгі екі жолда адамның сұлулығы, одан кейінгі жолдарда малдың қасиеті айтылса, одан соң жаугершілік заманда, қиын-қыстау күндерде құлан екеш құланның өзі ішпейтін қақ суы бал татитыны сөз болады. Жай, қалай болса, солай айтылмайды, әдемі әдіптеліп, айшықталып айтылады. Әрі шешен («... шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады») /4, 405 б./, әрі ақын тіл («Ақын тілі айрықша өң беріліп айтылған сөз») /4, 348 б./, «Садағына сары шіркей ұялаған жау іздеген ерлер» қалай керемет образды! Бейнелі сурет! Жай оғындай сөздер жайбарақат қалдырмайды, ойға батырып, қиял тербейді, іште бір жарылыс тудырады. Сезіміңді сергітіп, бойыңа күш-қуат беріп, серпілтеді, өмірге құштарлығыңды арттырады. Өмірге енді ғана келгендей болып, өткен-кеткен көз алдыңда көлбеп, «қайран, дүние-ай!» дегеніңді білмей қаласың!

Ақын термелеп, сұрақ қоя отырып өмірдің жалғандығын, оның «басына жібек байлаған» арулардан да, «жау іздеген ерлерден де» қалғандығын үстемей айтады. Сөйтіп философиялық түйін жасайды. Өлең жолдары бірін-бірі демеп, бірін-бірі дамытып, шиыршық атып тұр. «Пікіріңді сөйлегенде, алдыңғы сөзіңнен артқы сөзіңнің қуаты асып тұрса, дамыту болады» /4, 369 б./.

Бұл өлең туралы академик З.Қабдолов: «Аспан астында, жер үстінде өмір бар да өнер бар,- деп жазады. – Өмір өнерге көшкенде ғана өмір, әйтпесе ол – бүгін бар, ертен жоқ уақытша пенде секілді өткінші. Заман да солай. Ал өнер – мәңгілік!

«Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған?!

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған?!

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?!» -

дейді Махамбет. Пайғамбардың сөзі! Сондықтан да Махамбет құдай берген талантының арқасында аз ғұмырында өз басынан кешкен өмірді өнерге көшірген де, өлеңге айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа, тірілердің бәріне – бәрімізге түгел жататын кеткен» /18/.

Қ.Өмірәлиев Махамбет поэзиясы көтерілістің негізінде, соның тікелей әсерімен туғанын, көтеріліс қауым топтарына саяси шешім беріп, оларды жікке бөлгенін айта келіп: «Көтерілістің осы даналығы махамбеттің даналығы болып поэзияға түсті. Ол көтерілістің тілін сөйледі, көтерілістің көзімен қарады» /70, 11 б./, - дейді.

Кейбіреулер өлең жолдарын қалай болса солай сындырып, шашып тастауды өздерінше жаңалық деп ойлайды. Жаңалық өлеңнің сыртқы формасында емес, ішкі мазмұнында болғаны абзал.

Жаңашылдық Махамбет өлеңдерінің тек сыртқы формасында ғана емес, негізінен ішкі мазмұнында, мән-мағынасында жатыр. Оның өлеңдерінен ұлттық нақыш, мінез, көрік, өзгеше ерекшелік табамыз. Махамбет өлеңдерінің эмоциялы да образды болуының негізгі себебі де осында. «Өнердің ұлттық түрі дегеніміз не өзі? Бұл, ең алдымен, - ана тілі деген сөз, - деп жазады А.Фадеев. – Ғасырлар бойы халықтың ауыз әдебиетінен нәр алып келген өзгеше бір рух және сөйлеу жүйесі деген сөз. Әсіресе, поэзияның әрін кіргізетін ұлттық классикалық әдебиет дәстүрі деген сөз. Ең ақырында әрбір ұлттық өнердің қайталанбас әрі мен нәрін кіргізіп тұратын психологиялық, эмоциональдық ерекшелік, ұлттық мінез ерекшелігі деген сөз» /88/.

Махамбет те сол ауыз әдебиетінің, соның ішінде қазақ поэзиясының үлгілерін, көркемдік ерекшеліктерін, нақышын, бояуын, дәстүрге дағдыға айналған әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, өзінше реңк береді, көкжиегін кеңейтіп, тың тақырыптар тауып, мүлде жаңа салыстырулар, кейіптеу, теңеулер, бейнелеу үлгілерін жасайды.

Шалкиіз жырау:

Мұз үстіне от жаққан,

Бұзмай бұлан пісірген,

Мен иемдің бөрлі ала тасы едім,

Иә, ием, сенің сырың мен білем,

Менің ием би Темірдің әрі өзім

Жау көрген күн жүрегінің басы едім,

Көз үстінде қасы едім! /53, 45 б./ -

десе, Махамбет әр сөзге ерекше екпін, күш-қуат беріп, Шалкиіз ойын түрлендіре, тіпті басқаша мән-мағына беріп өзінше жырлайды. Ұйқас та, ырғақ та мүлде бөлек.

Дәстүрге, дағдыға айналған сабақтастық деген осы. Көркемдік әдіс-тәсіл дауылды күндерді суреттеуде ерекше сипат алған. Шалкиіздің «Бұзбай құлан пісіруі» мен «мұз үстіне от жағуына», «қу найзаға сүйрену, жалғыз жүріп ат бағу, қабағына мұз қатыру» қосылған кезде толғау мүлде басқаша сипат алып, жаңа дүние болып шыққан.

Бұзбай құлан пісірмей,

Мұз үстіне от жақпай,

Қу найзаға сүйеніп,

Құр далада зар қақпай,

Жалғыз жүріп ат бақпай,

Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай,

Қапыда қалған қасқамын.

(«Қақақулап шақырмай»)

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай,

Әр түйірі ат болмай,

Атыңды байлап келгенде,

Қатын-бала жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?!

(«Ереуіл атқа ер салмай»)
Жоғарыдағы жырдың жалғасындай, немесе бастауындай. Ақын тілдің майын тамыза отырып ердің ісі қандай болуы керектігін дәл жеткізеді.

Ат туар ма шұбардай,

Ер туар ма бұлардай,

Дулығалы бас кесіп,

Дұшпанының қанына

Ақ алмасын суармай?!

(«Исатай деген ағам бар»)

«Дулығалы бас», әрине, қарапайым адамның басы емес, батырдың, бақайшағына дейін қаруланған хан сарбаздарының патша әскері жауынгерлерінің басы. Оны кесу оңай емес. Ақын жазаны да, ерлікті де, ердің парызын да күшейте түсіп «Ер туар ма бұлардай, дұшпанының қанына ақ алмасын суармай?!» дейді. Жазаның ердің мойнына артылған жүктің ауырлай түсуі, біріншіден, ерен батырлықты айқындаса, екіншіден, жазаны, ерлікті, ер парызын күшейте түсу өлең құнын да көтеріп, күш-жігер беріп тұр. «Жауды аяған - жаралы». Мұны Махамбет жақсы біледі. Сондықтан да батырларды жаумен бітіспес, аяусыз күреске шақырады.

Ертеден келе жатқан ақындық дәстүрлердің бірі – термелеп айту.

«Терме (яки түрлі өлеңдер). «Терме» деп ат қойылуының мәнісі. Бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нәрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нәрсені сөз қылғанда әрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып, оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты. Терме айтушылары түрлі нәрсені сөз қылып, бірақ ешқайсысына айналмастан, кідірместен ілгері қарай сырғи береді /24, 245 б./.

Асан Қайғы:

Бұл заманда не ғаріп –

Ақ қалалы боз ғаріп.

Жақсыларға айтпаған

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса

Қариялар болар тез ғаріп.

Қадірін жеңге білмесе,

Бой жеткен қыз ғаріп.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп ... /53, 25 б./.

Доспамбет жырау:

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Қоныстар қонған өкінбес.

Арыстандай екі бұлтын алшайтып

Арғымақ мінген өкінбес.

Кілең бұздай кілшейтіп

Көбелер киген өкінбес.

Жұпарын қардай боратып

Арулар құшқан өкінбес ... /53, 31 б./.

Шалкиіз жырау:

Аспанды бұлт құрсайды –

Күн жауарға ұқсайды.

Көлдерде қулар шулайды –

Көкшіліден ол айуан

Соққы жегенге ұқсайды ... /53, 37 б./.

Ақтамберді жырау:

Еділ, Жайық екі өзен

Талсыз болар деймісің.

Көкшетаудың көп көлі

Елсіз болар деймісің.

Ботакөзді бойжеткен

Жарсыз болар деймісің ... /53, 67 б./.
Бұқар жырау:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Бір шұғыл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске... /53, 82 б./.

Өзінен бұрынғы ақындардың бұл дәстүрін Махамбет:

Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда,

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса?

Алаштың байлығынан не пайда,

Құланнан басқа ел таппай,

Қонарына жер таппай,

Маңқиған сары даладан

Екіндіде құлаған

Тарығып келген ерлерге

Қайыры оның болмаса?

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда,

Қолына найза алмаса,

Атаның жолын қумаса?! –

деп термелеп айту дәстүрін әрі қарай жалғастырады. Бұл ақыл-насихат, өсиет жырларда бір ойдан соң бір ой кезектесіп, бірін-бірі дамытып, негізгі айтар түйінді, идеяны күшейтіп тұр. Мұнда термеге тән ақыл, нақыл сөздердің жиі ұшырайтынын аңғару қиын емес.

«Терме көбінше жеке-жеке нақыл сөздерден құралады. Бір нәрсені, бір ойды айту үшін ұқсас нәрселерді, алуан түрлі жайларды қатарластырып, тізіп келтіреді. Мұнда бір ойды дамытып әкетуден гөрі оны өрнектеп, еселеп айтатын шешендік, тапқырлық, нақыл сөзге жүйріктік басым» /89/.

Енді Махамбеттің «Арғымақ ердің баласы» атты өлеңін оқып көрейік:

Арғымақтың баласы

Аз оттар да көп жусар –

Талаудан татқан дәмі бар.

Азамат ердің баласы

Аз ұйқтар да көп жортар –

Дұшпанға кеткен кегі мен

Барымтаға түскен малы бар.

Ақынның негізгі айтайын дегені батырлық, ерлік, елдік жайы. Соны барынша пәрменді етіп, экспрессивтік-эмоционалдық әсерін күшейту үшін әуелі «арғымақтың баласының» қадыр-қасиетін айтып алады. Содан кейін барып негізгі түйінге көшеді. Бірінші толғам екінші ойға қуат беріп, мағынасын ашып, айқындай түскен. Өлең әрі айшықты, әрі терең ойлы.

Іште жиналған ашу-ыза, өкініш, нала-мұң, сағыныш та, шаттық та қатты тебіреніс үстінде, толқу үстінде шығады. Бұл адамның не аспандап, асқақтаған, қияға құлаш сермеген, не құлдырап төмендеген, құлазығын сәті. Мұндай сәтте ауыздан шыққан лебіз күнделікті айтып жүрген жай сөз емес, шабытты, шамырқанған, қанаттанған адамның жан-дүниесін жарып шыққан өзгеше бір құдіретті сөз. Ақ алмастай жарқылдаған, ұшқыр жебедей зулаған, нысанасына дөп тиер жалынды, дауылды сөз. Қылыштан да өткір сол бір ақтарылған ойдан сөз иесінің жан-дүниесін танып – білеміз.

Осы бір шамырқану, шабыттану, түйдек-түйдек ой айтып, ірі-ірі сөйлеу, бірде буыршындай бұрқанып, бірде ауыздығымен арпалысқан тұлпардай ағылу – Махамбетке біткен басты қасиеттердің бірі. Жорық жыршысына жасық сөйлеу, жалтару – өліммен тең. Дауылды, жалынды өлең ғана ел рухын көтере алады:

Мен ақ сұңқар құстың сойы едім,

Шамырқансам тағы кетермін,

Кетпей де нешік етермін?

Бұл барғаннан барармын,

Қиядан орын алармын,

Өтініп алып от жақпан,

Дұшпанға құлаш ұрармын... –

десе, оның жігерлілігі, асқақтығы, төмендемейтіндігі, дұшпанына бас имейтіндігі атой салып тұрған жоқ па?! Ақынның өзін ақ сұңқар құсқа балай (Ауыстыру - метафора) айтуы толғау тілін құнарландырып, ажарлап, қуаттандыра түскен. Әбділдә Тәжібаев ақынның тілімен айтсақ, «... бұл – жай ғана сөз емес, сол кескілескен шақтағы адамның төгілген қаны, жалындай жарқылдаған жаны» /51, 150 б./.

«Нұралыдан қалған көп тентек Бүлдірмегей еді елімді, Лашын құс, бүркіт шайқаған көлдейін»(Арқаның қызыл изені) десе, оның ел бірлігін аңсайтынын аңғару қиын емес. «Халық қозғалса, Тұра алмайды хан тағында-ай!» - десе, халыққа арқа сүйегені. «Қарындастың қамы үшін, Қатын менен бала үшін»(«Орай да борай қар жауса») десе, арман-мақсаты, Толғамалы найзамен толықсып жауға шапқанда, Бір озғанмын жұртымнан»(«Мен едім») десе, батырлығы, «Мен бір шарға ұстаған қара балта едім – Шабуын таппай кетілдім, Қайраса – тағы жетілдім»«Сүйегім тұтам қалғанша, Тартынбай сөйлер асылмын», «Құйқылжыған құла жирен ат мінген»(«Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзі») десе, мұқалмас жігерлілігі, қайтпас қайсарлығы, асылдығы, мінезінің өрлігі, бірбеткейлігін аңғарып, тіпті, астына мінген атының түр-түсі қандай екенінен де, оның жүйріктігінен де хабардар боласыз.

Батырлардың мінген атының түр-түсін, қасиетін айту да жыраулар поэзиясында ежелден бар дәстүр. Мәселен «Қобыланды батыр» жырында:

Кәмшәт бөркі басында

Тобылғы торы ат астында, -

делінсе, «Алпамыс батырда»:

Шабылып Шұбар терледі,

Терлеген сайын өрледі,-

деген жолдар бар.

Қобыландының Тайбурылын, Ер Тарғынның Тарланын, Қамбардың Қарақасқасын кім білмейді?!

«Айтса-дағы айныман Көлденеңнің сөзіне» деген жолдарынан сертке беріктігі қылаң берсе, «Біз Өтемістен он едік» деуінен оның он ағайынды екендігін білеміз. «Санаулы сәнді орданың бірі едік» деуі оның сіңірі шыққан кедей болмағандығынан хабардар етеді. «Палуан жолбарыс секілді Алысқанды алып ұрған білегім» - әлеуеттілігін, «Еңселігім екі елі, Егіз қоян шекелі, Жаралған теке мүшелі, Жауырыны жазық, мойны ұзын, оқ тартарға қолы ұзын» - дене бітімін көрсетеді.
7. Махамбет поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық көрінісі

Жоспар:


1. Әдеби даму және әдебитеттегі дәстүр мен жаңашылдық.

2. М. Өтемісұлы өлеңдеріндегі жыраулық дәстүр мен жаңашылдық көрінісі.

Бақылау сұрақтары:

1. Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық даму заңдылығы.

2. Махамбет поэзиясындағы арнау сөз, жауынгерлік рух, батырлар бейнесі.

Өзіндік тапсырмалар:

1. Шалкиіз, Бұқар жырау, Доспамбет жыраулар поэзияларын салыстыра отырып талдау.

2. «Махамбеттің Шерниязға айтқан жұмбағы», «Арғымақ ердің баласы» өлеңдеріне әдеби теориялық талдау жасау.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет