Ежелгі түрік руна алфавитімен бәдізделген Есік Алтын Адамы жанынан табылған күміс тостағандағы жазу мәтінінде (біздің жыл санауымызға дейінгі 5-6 ғасыр), Орхон, Енисей, Талас өзендері бойындағы тас бітіктерде сақталған журналистикаға тән белгілер бар. Сол себепті осы сәтті біз журналистиканың бастау көзіне яғни ең алғашқы кезеңіне жатқызамыз.
Келесі кезең 1870-1905 жылдар аралығын қамтитын қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы. Бұл кезеңде қазақ даласында «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» және «Торғай» газеті пайда болды. Әрине бұл басылымдар әуел баста қазақ халқының мұң-мұқтажын, жоқ жітігін түгендеп айта алмады. Себебі алғашқы қазақ басылымдары патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасына кеңінен таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылды. Десек те Қазақстанда ана тілінде газет шығуы халықтың санасын оятып, оқуға, білімге деген құштарлығын оятты. Соның арқасында қазақ баспасөзі бір орында тұрып қалмай одан әрмен қарай дамыды.