Канцер, обыр, карцинома, мұның қайсысы рак?
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
Патологиялық анатомия модулінің жетекшісі,
м.ғ.к., профессор
Ж.Б.Ахметов
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
Тілдік даярлық орталығының директоры
Н.Ә.Төлеева
Адамзат жер бетіне келгелі халықаралық дәнекердің бірі аударма тәрізді. Бір елден екінші елге ой-сана ауысуға да осы аударма себепкер болады. Аударма – біздің ұлттық мәдениетіміздің үлкен арнасы, тіл тазалығы мен әдеби тіліміздің дамуына себепші болып келе жатқан қозғаушы күш.
Зиялы қауым өкілдері сонау Абай заманында-ақ аударманың атқарар қызметін жақсы пайымдаған. Пушкин, Лерментов, Крыловтар ХІХ ғасырдың өзінде-ақ сахара көшпенділерімен бауыр басып кеткен. Қазіргі қазақ оқырманы тек орыс әдебиетінің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін өз тілінде оқиды.
Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіреді және ол, әсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады.
Аударма – сөз өнерінде өзіндік орны бар үлкен бір сала. Аударманың сөз дамытудағы мәні де айрықша зор. Өйткені аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері сусындай алады. Осыған сәйкес, классик суреткер М.Әуезов бір сөзінде: «Аударма бір жағынан шеберліктің де мектебі. Аудару үстінде жазушы автордың шығармашылық сырына қанады, оның көргенін көріп, білгенін біледі, сол арқылы өзінің ой өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді. Бұл жағдай шын талант иесінің бойынан шығармашылық қайнардың жаңа көздерін ашуға себепші болады» [1, 46 б.] - деп аударманың маңызын тереңнен толғай отырып шығармашылық ықпалдастық мәселесінің қайнар көздері қайда жатқанын, бұл орайдағы аударманың ролі мен мәні жөнінде тұжырымды ойын білдірген. Осы тұрғыдан келгенде жалпы, шығармашылық әсер, ықпал ету – шығармашылық тұрғыдан үйренуге жетелейді.
Қазақ аударматануында «адекватты» ұғымы «дәлме-дәл», «балама» деген атаулармен де қолданылады. Біздіңше дәлме-дәл атауымен келісуге болады. Ал, эквиваленттілікті балама ұғымымен қалдыру қажет. Баламадан гөрі, дәлме-дәл аударманы кең мағына да қолданғанымыз дұрыс. Себебі, көркем аудармаға баға берген кезде, оған жалпылама түрде, «аударма – балама тәсілімен жасалынған». «Балама – бұл ең қиын түр» деп атау қалыптасып келеді. Қандай аударма жасасақ та, барлық сөздің баламасын қолдануға тырысатынымыз рас. Алайда әрбір сөздің баламасын табу оңай емес екені белгілі. Қарастыратынымыз да сөздің баламасы нақты берілген бе, жоқ па? деген мәселе. Егер аудармашы сөздің баламасынан ауытқыса, онда түпнұсқа мәтінінің ойы өзгеретіні сөзсіз. Сондықтан, түпнұсқа мәтініндегі әрбір сөздің баламасын тауып, бір-біріне сәйкес қиыстырылған аударманы адекватты, сондай-ақ, түпнұсқа мәтініндегі ойдан алшақтамай, яғни дәлме-дәл жасалған аударма деп атап, оны аударманың ең қиын түрі дегеніміз дұрыс.
Қазіргі таңда аударма араласпайтын, аударма қатыспайтын ғылыми-техникалық прогрестің саласы кемде-кем. Ал тілдегі көптеген терминдердің туындауы, терминологиялық лексика халық тілінің негізінде жасалады. Терминдердің өзіндік жасалу жолдары, қалыптасу тарихы, термин жасамға қойылатын талаптар бар. Термин жасам жүйесі ғылым мен техниканың, білім, ғылым және медицина салаларының түрлі даму сатыларынан өтіп, күрделі кезеңдерді өткерді. Сан салада жасалып, қолданысқа еніп жатқан терминдік лексика, бүгінде, өкінішке орай көбінесе игерусіз, назардан тыс қалып, өз бетінше өмір сүреді. Осындай терминдер медицина саласында өте жиі кездеседі. Мәселен, қатерлі ісіктерді әр кезеңде әртүрлі атап келген. Ең алғашқы атауы канкро – (канцеро-; латынша сancer, саnceri немесе canceri) ол қатерлі ісіктердің сыртқы көрінісіне (шаянға ұқсатып) қарап берілген атау болатын. Осы атаудан канцероген, канцерогенез терминдері туындаған.
Карцин - (карцино-; грекше karkinos немесе karkinoma (карцинома)- жара, оның ішінде іріп- шіріп жатқан жараға байланысты айтылған). Бертін келе карцинома деп эпителиден өсетін қатерлі ісіктерді ғана атаған.
Ресей тарихында қатерлі ісіктерді рак деп атау қалыптасқан. Бұл атаудың шығу тарихы канцердің екінші атауы «шаянмен» байланысты.
С.И. Ожегов (1987) сөздігінде рак атауының екі мағынасын береді.
1. Рак-су шаян; 2. Рак-қатерлі ісіктің бір түрі. Мысалы: асқазан рагы. Сонымен «рак» термині КСРО кезеңінен бастап кең қолданып келе жатқан термин. Бірақ Ресей ғалымдарының арасында да осы терминге қарсылық көрсетілуде. М.А.Пальцев, Н.Н.Аничковтің «Патологическая анатомия » оқулығында (2000 ж.) бірінші рет рак атауы тырнақша ішінде («рак») берілген болатын және оның себебі де көрсетілген.
Ғалымдардың ойынша «канцер» термині жалпы қатерлі ісіктерді білдіреді, ал «карцинома» бұл эпителийден өсетін қатерлі ісік соған қарамастан екі термин де орысшаға «рак» деп аударылған, бұл дұрыс емес.
А.И.Струков, В.В.Серовтың «Патологическая анатомия» оқулығының 6- басылымында да (2013 ж.) рак термині тырнақшаға алынған («рак»).
«Энциклопедический словарь медицинских терминов» (2001 ж.) сөздігінде «сarcinoma», «сancer» синоним сөздер деп қате көрсетілген.
Қысқасы Ресей ғалымдары да, оның ішінде жоғарыда көрсетілген патологиялық анатомия ғылымының көрнекті қайраткерлері (академиктер) де «рак» сөзінің терминдік мағынасына сенімсіздік білдіруде, себебі қатерлі ісік «шаян» емес қой.
Енді Қазақстандық ғалымдарға келетін болсақ көпшілік сол «рак» терминін әлі де кең қолдануда. Сонымен қатар қатерлі ісіктерге берілген қазақи атауларда бар.Мысалы : «бейдауа» (Қ. Бектаев, 2001 ж.), «обыр» (Т.Момынов, А.Рақышев, 2003ж., М.Ахметов, 2005 ж.). «Бейдауа» атауы қазақта тек ісікке ғана байланысты айтылған, емі жоқ аурудың бәрі қазақ үшін – бейдауа. «Обыр» сөзі қазақи ұғымда мешкейлікті білдіреді және «обыр» атауының қатерлі ісікті көрсететін ешбір мағынасы көрініп тұрған жоқ. Қ.Бектаев сөздігінде «обыр» деген сөз атымен жоқ, тек «обырлық» сөзі ғана көрсетілген.
Жалпы халық солай атайды деп барлық қатерлі ісіктерді «рак» атау дұрыс емес. Ол атауды халыққа тықпалып жүрген өзіміз, Ресейде қалай аталса Қазақстанда да солай аталуы керек деп жүрген өзіміздің ғалымдар. Енді тығырықтан шығудың қандай жолы бар.
2012 жылы Прага қаласында Еуропа елдерінің патология бойынша үлкен Конгресі өткізілді (24th European Congress of Patholody). Профессор Ж.Б.Ахметов осы Конгреске қатықан болатын. Аталған ғылыми жиынға тек Еуропа патологтары ғана емес бүкіл Дүниежүзінің патологоанатомдары: Жапония, Қытай, Индия ғалымдарынан бастап, сонау Америка, Бразилия ғалымдары да белсене қатысты. Конгрестің негізгі тақырыбы: «Онкология» мәселелері болатын. Конгресте шығып сөйлеген ғалымдардың бәрі де, соның ішінде Ресей ғалымдары да эпителийдің қатерлі ісігін «сarcinoma» (карцинома) деп атайтындығы айқын болды. Енді біз де осы халықаралық терминді «рак» орнына қолдансақ дұрыс болар еді.
Көңілге қаяу түсірер тағы бір мәселе, қатерлі ісіктер жөнінде сөз болғанда олардың екі түрі болатындығы назар тыс қалады. Ол жөнінде онколог ғалымдар сөз қозғамайды, ал термин жасаушы мамандардың аталған сала бойынша хабары болмауы да мүмкін. Біз талқылап жүрген «рак» тек эпителийден өсетін қатерлі ісік, жалпы қатерлі ісіктердің 85-86 пайызын құрайды. Қалған 14-15 пайыз қатерлі ісіктер мезенхима тіндерінен, орталық жүйке жүйесінде өседі – бұлар «рак» емес «саркома» деп аталады. Саркома (халық үшін айтып қояйын) рактан да қатерлі, сондықтан тек «рактың» айналасында ғана сөз болмау керек. Енді қазақ ғалымдары ұсынып жүрген «обыр», «бейдауа» атаулары қайсы қатерлі ісікті көрсетеді: карциноманы ма, саркоманы ма? Халықты шатастыру оңай бірақ оның көзін ашу үшін алдымен ғалымдардың өзі мәселені түбегейлі шешіп алуы қажет.
Қорытындылай айтқанда біріншіден, Ресей ғалымдары бұл атауды қашан жояды деп күтпестен «рак» атауын Қазақстан ғылым саласынан шеттету керек. Екіншіден, «рак» атауының орнына бүкіл әлем ғалымдары қолданып жүрген «карцинома» терминін қабылдау керек.
Үшіншіден – қатерлі ісіктердің бәрін «рак» деп атамастан, екі түрі бар екен: «карцинома» - бұл эпителийдің қатерлі ісігі, «саркома» - эпителий емес тілдерді қатерлі ісігі екенін көрсету қажет.
Қоғамның дамуына байланысты әр ғылым саласындағы терминдердің саны көбейіп, қолдану аясы кеңейе түсті. Сондықтан да белгілі бір түсінікті дәл белгілеп, сөз мәнін нақтылы көрсететін терминдерді әзірлеу аса маңызды үрдіске айналды. Термин жасау аса жауапты әрі күрделі мәселе.
Пайдаланылған әдебиеттер
М.Әуезов, Шығармалар жинағы, Алматы,
Энциклопедический словарь медицинских терминов М: Медицина, 2001
Ожегов С.И. Словарь русского языка М., 1987-750стр
Ахметов М. Медицина терминдерінің сөздігі. Орысша- қазақша. Алматы: «Сөздік- Словарь», 2005-640 бет
Қалдыбаев Б. Үлкен қазақша- орысша сөздік. Алматы: « Алтын Қазына» 2001.-704 бет.
Момынов Т., Рақышев А. Орысша- қазақша медициналық сөздік. Алматы,2003
Пальцев М.А., Аничков Н.Н. Патологическая анатомия М.: Медицина, 2000, том1,стр.263
Струков А.И., Серов В.В Патологическая анатомия М., «ГЭОТАР- Медиа», 2013
Virchows Archive. Volume 461. Supplement 1. Septemter 2012
Достарыңызбен бөлісу: |