Гуманистік қозғалысқа дем беруші ақын Данте Алигьери (1265-1320 жж.) – өз шығармаларында схоластиканың догмаларын теріске шығармай-ақ, Құдай мен адам қатынасын жаңадан ой елегінен өткізуге талпынады. Оның пайымдауынша, құдайлық пен адамдық бірлікте өмір сүреді, Құдайды адамның шығармашылық мүмкіндіктеріне қарсы қоюға болмайды. Адамның өмір сүруі бір жағынан Құдаймен, екіншіден табиғатпен қамтамасыз етіледі.
Гуманистік қозғалыстың негізін қалаушы ойшыл ақын Франческо Петрарка (1304-1374 жж.) «өмір өнерін» жете зерттеуді өзінің басты мақсаты деп есептейді. Оның ойынша, адамның діни догматтар белгілегендей тек о дүниеде ғана емес, осы жердегі өмірінде де бақытты болуға құқы бар. Петрарка шығармаларында Қайта өрлеу заманы философиясына тән көрінісін табатын адамның жеке, даралығын дәріптеу орын алған.
Осыған жақын рухтағы идеяларды Петрарканың ізбасарлары, соның ішінде Италия гуманисі Джованни Бокаччо (1313-1375 жж.) да айтады.
Бұл уақыт философиясының өзіндік ерекшелігі антиклерикалдық, яғни дінге қарсы сипаты. Гуманистер жаратылыстану ғылымдарының ешқандай практикалық құндылықтарын көре алмады, табиғат философиясы олардың қызығушылық шеңберіне кірмеді. Ойшылдар барлық мүмкіндіктерін әлеуметтік және моральдық мәселелерді шешуге жұмылдырды.
XV ғасыр ортасында Қайта өрлеу философиясы антика дәуірі ойшылдарының философиясының шеңберін кеңейтті.
Қайта өрлеу философиясы материалистік үрдістерге және жаратылыстану ғылымдары туралы білімге бай араб философиясының идеяларымен де сусындады.
Қайта өрлеу философиясы секуляризацияға (латынша saecularis – бұқара, қауым; секуляризация – қоғамдық өмір салаларының, жеке адамның дін ықпалынан арылуы деген сөз), яғни діни сананың философиялық санаға әсерінің шектелуіне алып келді.
Қайта өрлеу философиясы – табиғатты адам өмірімен, тәнімен ұқсастыруы керек деп есептеді. Бұл натурфилософиялық (латынша natura – табиғат; натурфилософия – табиғат философиясы, табиғаттың тұтастай танылымы деген сөз) идеялардың пайда болуына алып келді.
Италия философиясының тағы бір ерекшелігі – мистикалық түрде берілген, көрсетілетін әлемге деген пантеистік көзқарас. Ол Николай Кузанский, Флоренциядағы Платон академиясының мүшелері: Марсилио Фичино мен Пико делла Мирандола, Пьетро Помпонаци тәрізді ойшылдар ілімдерінен көрінісін тапты.