Тапсырма мазмұнының сипаттамасы: Ежелгі дүние әдебиеті: көне түркі әдебиеті мен орта ғасырдағы түркі халықтарына ортақ әдеби жазба ескерткіштерінің тарихы мен түрлерін меңгеруі;
Ауыз әдебиеті: қазақ ауыз әдебиетінің басты жанрларының (тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, эпостық жырлар, лиро-эпостық жырлар, айтыс) негізгі белгілерін, түрлерін саралай білуі;
ХV-ХVІІІ ғ. әдебиет: жыраулық өнер және жыраулар поэзиясының даму кезеңдерін, жыраулар тұлғасы мен шығармашылығын, тіл көркемдігі мен жанрлық сипатын меңгеруі;
ХІХ ғ. І жартысындағы әдебиет: әр түрлі әдеби ағымдардың пайда болуына байланысты тектері мен жанрларына сәйкес талдауды, ХІХ ғ. І жартысындағы әдебиет өкілдерінің шығармашылығының көркемдік ерекшелігін, идеялық-тақырыптық мәнін айқындауы;
ХІХ ғ. ІІ жартысындағы әдебиет: демократтық, ағартушылық бағыттағы әдебиет, жаңа әдеби ағымдар мен бағыттар, әнші - сазгер ақындар поэзиясының шығармашылық ерекшеліктерін білуі;
ХХ ғ. басындағы әдебиет: даму сипаты, мазмұн, түр, тақырып пен идея жағынан жаңа сатыға көтерілуі, әдеби жанрдың дамуы және көрнекті өкілдерінің шығармашылығын меңгеруі;
Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдардағы әдебиет: Ұлы Отан соғысы кезіндегі және одан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінде соғыс, отаншылдық тақырыптың қалыптасуы; жанрлардың дамуы және көрнекті өкілдерін білуі;
Қазіргі әдебиет: қазіргі кезең әдебиетінің бағыттарын, үлгілерін, жекелеген үздік туындыларын оқып, жанрлық ерекшелігін зерделей білуі;
Әдебиет теориясы: көркем шығармаға қатысты тақырып, идея, сюжет, композиция, көркем бейне, типтік образ, әдеби мінез, көркем бейнелеу құралдары секілді әдеби-теориялық ұғымдарды білуі, олардың көркем туындыдағы қызметін танып, талдай алуы керек.
Тапсырма формасы: Бір тестіде 40 сұрақ. Тест тапсырмалары 5 жауаптың ішінде бір дұрыс жауабы бар 20 тапсырмадан және бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар 20 тапсырмадан тұрады. Таңдалған жауапты жауап парағында берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет. Тестінің толық орындалу уақыты – 80 минут.
Жеке тапсырмалар мен жалпы жұмысты бағалау: Тестіленуші бір дұрыс жауапты тест тапсырмасын дұрыс орындаса 1 балл, дұрыс орындалмаған тапсырмаға – 0 балл алады.
Тестіленуші бір немесе бірнеше дұрыс жауапты тест тапсырмасын дұрыс орындаса 2 балл, бір қате үшін – 1 балл, екі және одан да көп қате үшін – 0 балл алады.
Тест толығымен дұрыс орындалған уақытта 60 балл алады.