1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар Осы Заңда мынадай негiзгi терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау - кемтар балаларға тұрмыс-тiршiлiгiндегi шектелудi жою және оның орнын толтыру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ететiн және оларға басқа азаматтармен бiрдей қоғам өмiрiне қатысу мүмкiндiктерiн жасауға бағытталған арнаулы әлеуметтiк, медициналық және бiлiм беру қызметтерiн көрсететiн бiлiм беру, халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметi;
2) кемтар бала (балалар) - белгiленген тәртiппен расталған, туа бiткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулардан немесе жарақаттардың салдарынан тiршiлiк етуi шектелген, дене және (немесе) психикалық кемiстiгi бар он сегiз жасқа дейiнгi бала (балалар);
3) "қатер" тобындағы бала (балалар) - ерте қолға алынбағандықтан, әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсетiлмегендiктен, дене және (немесе) психикалық дамуында кенжелеп қалу ықтималдығы жоғары болатын үш жасқа дейiнгi бала (балалар);
4) дене кемiстiгi - ағзасы (ағзалары) дамуының және (немесе) жұмыс iстеуiнiң ұзақ уақыт бойы әлеуметтiк, медициналық және педагогикалық түзеу арқылы қолдауды қажет ететіндей созылмалы бұзылуы;
5) психикалық кемiстiк - адам психикасы дамуының және (немесе) жұмыс iстеуiнiң уақытша немесе тұрақты кемiстiгi, соның iшiнде: сенсорлық бұзылыстардың салдары; сөйлеу бұзылыстары; эмоциялық-еркi жағынан бұзылыстары; ми зақымдануының салдары; ақыл-ой дамуының бұзылыстары, соның iшiнде ақыл-ой жағынан кенжелеп қалу; психикалық дамуының тежелуi және осыған байланысты оқып-үйренудегі өзiндік қиындықтар;
6) күрделi кемiстiк - психикалық және дене кемiстiгiнiң кез келген ұштасуы;
7) ауыр кемiстiк - мемлекеттiк (оның iшiнде арнаулы) бiлiм беру стандарттарына сәйкес бiлiм беру қолжетiмдi болмайтын және оқыту мүмкiндiктерi өзiне-өзi қызмет көрсету дағдыларын, қоршаған дүние туралы қарапайым бiлiмдердi және қарапайым еңбек дағдыларын, немесе аясы тар кәсiби даярлықты меңгерумен шектелетiн дәрежедегi психикалық және (немесе) дене кемiстiгi;
8) ерте қолға алу (ерте қолдау) - психикалық-дене бұзылыстары скринингiн, медициналық психологиялық-педагогикалық диагностиканы, емдеудi, дамыта оқытуды қамтитын, сәби жастағы (үш жасқа дейiнгi) балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау;
9) әлеуметтiк бейiмдеу - нысаналы әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау процесiнде кемтар балалардың қоғамда қабылданған құндылықтарды, мiнез-құлық ережелерi мен нормаларын игеруi мен қабылдауы және еңбекке даярлануы жолымен әлеуметтiк орта жағдайларына белсендi түрде икемделуi;
10) әлеуметтiк жұмыс - жекелеген адамдарға, отбасыларына олардың толық мәнді әлеуметтiк жұмыс істеуіне кедергі келтiретiн бұзылған немесе жойылған функцияларының орнын толтыра отырып әлеуметтiк құқықтары мен кепiлдiктерiн iске асыруда көмек көрсету жөнiндегi қызмет;
11) скрининг - "қатер" тобындағы балаларды анықтау мақсатымен жаппай стандартталған тексеру;
12) медициналық және психологиялық-педагогикалық диагностика - әр түрлi кемiстiктердi анықтау мен емдеудiң, оқыту мен тәрбиелеудiң сайма-сай жағдайларын белгiлеу үшiн балалардың психикалық-дене дамуын кешендi салааралық бағалау;
13) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған немесе семiп қалған функцияларын емдеуге, қалпына келтiруге бағытталған медициналық iс-шаралар кешенi;
14) арнаулы бiлiм беру бағдарламалары - кемтар балаларды оқытуға арналған бағдарламалар;
15) арнаулы бiлiм беру - кемтар балаларға арнайы жағдайлар жасай отырып бiлiм беру;
16) арнаулы бiлiм беру жағдайлары - техникалық және өзге де көмекшi құралдарды, сондай-ақ медициналық, әлеуметтiк және кемтар балалардың бiлiм беру бағдарламаларын игеруi онсыз мүмкiн болмайтын өзге де қызметтердi қоса алғанда, арнаулы бiлiм алу үшiн жасалатын жағдайлар;
17) арнаулы бiлiм беру ұйымдары - кемтар балалардың диагностикасы және консультациялар алуы, оларды оқыту мен тәрбиелеу үшiн құрылған ұйымдар: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi, балалар бақшалары, мектептер жанындағы логопедтiк пункттер және басқа да ұйымдар;
18) арнаулы түзеу ұйымдары - дамуында кемтар болып қалған:
есту қабiлетi бұзылған (естiмейтiн, нашар еститiн, кейiннен саңырау болып қалған);
көру қабiлетi бұзылған (көзi көрмейтiн, нашар көретiн, кейiннен соқыр болып қалған);
жүрiп-тұру мүшелерiнiң функциялары бұзылған;
сөйлеу қабiлетi бұзылған;
ақыл-ойы кенжелеп қалған;
психикалық дамуы тежелген;
эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылған;
күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалған балаларға арналған ұйымдар;
19) психологиялық тексеру - кемтар балалардың психикалық жағдайының ерекшелiктерi мен психикалық дамуындағы әлеуеттiк мүмкіндіктерін анықтау;
20) әлеуметтiк тексеру - тиiстi жастағы балаларға арналған жас нормативтерiн ескере отырып, дене кiрiптарлығына, жинақылығы, әдеттегi қызметпен айналысу қабiлетi, экономикалық дербестiгi мен қоғамға кiрiгу қабiлетi шектелуiне байланысты болуы мүмкiн әлеуметтiк кемiстiктер дәрежесiн анықтау;
21) медициналық тексеру - балалардың тiршiлiк-әрекетiнiң шектелуiне себеп болатын жекелеген ағза немесе организм функциясының (функцияларының) бұзылу (болмау) түрiн, ауырлығын анықтау;
22) педагогикалық тексеру - тиiстi жастағы балаларға арналған жас нормативтерiн ескере отырып, балалардың ақыл-ой жағынан даму ерекшелiктерiн және олардың ойын ойнауға, бiлiм алу мен қарым-қатынас жасауға әлеуеттiк мүмкiндiктерiн анықтау;
23) кәсiби диагностика - бойындағы психикалық және (немесе) дене кемiстiгiн ескере отырып балалардың еңбек қызметiнiң немесе кәсiптiң дағдыларын меңгеру мен орындауға әлеуеттiк мүмкiндiктерiн анықтау;
24) кемтар баланы оңалтудың жеке бағдарламасы - баланың соматикалық жай-күйi деңгейiнiң болжамын, психикалық-дене төзiмдiлiгiн, отбасының әлеуметтiк мәртебесi мен әлеуметтiк инфрақұрылым мүмкiндiктерiн ескере отырып, оның қажеттiлiктерiнiң құрылымына, ден қоятын мәселелерiнiң шеңберiне, құштарлықтарының деңгейiне сәйкес баланың тұрмыстық, қоғамдық, кәсiби қызметке қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтiк iс-шаралар тiзбесi;
25) уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - азаматтардың денсаулығын сақтау, бiлiм беру, халықты әлеуметтiк қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар.